Тарих бедеріндегі қадам

Среда, 17 Июль 2019 04:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 201 раз

Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев

1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Латын 1

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Сонымен қатар қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым, құмық, татар тілдеріне жақын. Қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады.

Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді.

Бүгінгі күнге дейін тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда ойларын да айтып бөлісті. Әрине, ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескеріліп, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жасалу жолдарына қатысты өрбісе және басқа жоғарыда аталған елдердің тәжірибесіне қарап салыстыра отырып жасалса, құба-құп болар еді. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда.

Сонымен қатар интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр.
Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады.

Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керегі одан да артық», деген болатын.

Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.

Жалпы, латынға көшу ойдан шығарылған жоқ.

Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе.

Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен-ді.

Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі болып отыр. Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері.

Бүгінде әлемнің 70 пайыз елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді. Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Латын әліпбиіне көшкенімізбен оны қолдану мерзімі ұзақ болмағаны тарихтан белгілі. Бұл – кешегі кеңестік идеологияның салдары еді. Түркітектес ұлттардың түбі бір түркі екенін, тамырын тереңге жайған түбегейлі тарихы мен мәдениеті бар елдер екенін ұмыттыру үшін жасалған сұрқия саясаттың айла-шарғысы болатын. Ал рухани жаңғыру дәуірінде құлдық санадан арылып, бұрынғы құндылықтарымызды қайта қалпына келтірудің қажетілігі өз-өзінен түсінікті жайт.

А.Оспанова,
Шымкент қалалық
тілдерді оқыту-әдістемелік
орталығының оқытушысы

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Танат Алибеков. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.