Жазғы лагерь: тегін жолдама, көңілді каникул

Среда, 17 Июль 2019 04:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9465 раз

Жаз – жарқын мезгіл. Балалардың демалып, денсаулығын нығайтатын, ата-анасына көмектесетін кезең. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы – ауылға ағылады, оқудан босаған оқушылардың кейбірі демалыс лагерьлеріне баруға таңдау жасайды. Олардың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз!», деп оқу жылы аяқталысымен жазғы тынығу лагерлеріне асыққан мектеп оқушыларының демалысы бесінші маусымға қадам басты.

666666

Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдеевтің айтуынша, ата-анасының қолдауымен 10 500 оқушы демалысқа аттанған, ал аз қамтылған отбасылардан 7241 бала тегін жолдама арқылы қала сыртындағы «Ақсу», «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» сынды демалыс орындарында демалады. Оның ішінде балалар үйінің 120-дан астам тәрбиеленушісі де бар.

Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «2016-2019 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» 2016 жылғы 11 мамырдағы №36 өкіміне сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылып, жүзеге асырылуда.

– Қалған балалар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттарын мектепке жолдайды. Білім беру мекемелеріне берілген жолдамалар ата-аналарға үлестіріледі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында берілген жолдамалардың сатылып кетпеуін қадағалап отырамыз, - деді Ә.Әдеев.

Ал құжаттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 сәуірдегі №198 бұйрығы негізінде «Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиенушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сай қабылданады.

Ондағы әр талап ескеріледі. Биылғы жолдама саны өткен жылмен салыстырғанда 41-ге көбейді. Ал 2017 жылы 5000 орын қарастырылған еді, - дейді сала маманы.

Мұнан бөлек, білім басқармасына қарасты санитарлық талапқа сәйкес келген 113 мектептің жанынан алаңшалар ашылып, жарты күнге созылатын бір айлық тегін үйірмелер ұйымдастырылған. Онда 131 мың оқушы қамтылып отыр. Мектеп алаңшаларында тыныққан оқушылар өз ата-анасының есебінен мектеп асханаларынан тамақтанады. Себебі, мемлекеттік бюджеттен қаражат тек аз қамтылған отбасылардың балаларына бөлінген.

Бұл үйірмелер 3 ауысым бойы маусым-шілде аралығында жалғасады. Оқушылардың басым көпшілігі бастауыш сыныбында білім алады. Ал жоғары сынып балаларын еңбекке баулу мақсатында №89, 90 мектептерде сенбіліктер мен қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылған.

896

Айта кетейік, «Ақсу» жазғы сауықтыру лагері 200 балаға шақталса, «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» лагерлерінде 250 балаға дейін орын бар. Демалушы оқушылар үшін лагердегі демалыс уақыты 10 күнді қамтиды.
Мұнда негізінен көп балалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардың балалары демалуда. Оқушылар 7 топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген әрі медициналық пункт те жұмыс істейді.

Басты назарда – балалардың қауіпсіздігі, осыған орай демалыс аймақтарында екі инспектор қамтылған. Ауысыммен жұмыс уақытын белгілеп алған тәртіп сақшылары күндіз-түні балалардың қауіпсіздігін бақылауда. Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.

Лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгерген. Көңілді демалыс балдырғандардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізу дәстүрге айналған.
Шынында, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықты әрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді.

Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарымен сағынысып қауышатыны да бар.
Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!