ЖОЛДАУДЫ ОҚЫҒАНДАР ҚОЛДАУ ТАБАДЫ Избранное

Среда, 11 Сентябрь 2019 05:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 263 раз

«Халықтың құқықтық сауаты артқан сайын олар өзіне қажеттінің бәрін иемдене алады», –  деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде.

70338552 521633425270936 333004173261930496 n

Шымкент қаласының ақпараттық-насихаттық тобы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қолдау көрсету жұмыстарын Әл-Фараби ауданында жалғастырды.
Аудан тұрғындарымен өткен жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы төрағалық етті. Жолдаудың 5 бағытын айқындап, елді бір мақсатта жұмыс істеуге шақырған жиында М.Әуезов атындағы ОҚМУ Тәрбие және жастар саясаты департаментінің директоры С.Мәжінбеков сөз алды.

– Еуропаға еліктейміз. Ал Еуропада әр 100 адамның 84-і кітап оқиды. Алдыңғы қатарлы Ұлыбритания, Франция елдерінде 100-дің 98-і кітап тұрақты оқуды әдетке айналдырған. Ал біздің Қазақстандағы деректерге сүйенсек, 100 адамның 12-14-і ғана кітап оқиды екен. Сол сияқты, Еуропада әрбір 100 жастың 80-82-сі алған кәсіби білімін өз кәсібін ашуға, оны дамытуға жұмсайды.

Бұл көрсеткіш біздің жастардың арасында 100-ден 16-ны ғана құрап отыр. Қазір жастар мемлекет қолдауымен шағын бизнесті де аша алады, «Дипломмен ауылға» да бара алады, – деді Сәкен Аралбайұлы. Өз кезегінде Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев та нақты деректермен бөлісті.

– Шымкент қаласының 66 мыңнан астам тұрғыны микро және шағын бизнеспен айналысады. Олар өз кәсібін дөңгелетуден бөлек, тағы 165 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Осы азаматтар
Президент Жолдауын оқыса, «Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын.

Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек» дегенді біліп жүреді. Сонымен қатар, 2020 жылдың қаңтарынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салу туралы шешімі күшіне енеді, – деді мәслихат хатшысы.

Президент Жолдауындағы қоғамдық келісімді нығайту, білім сапасын жақсарту және азаматтық қоғамның рөлін күшейту туралы Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп директоры Анар Аманқұлова тарқатты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омаров тапсырмалардың жүйелі атқарылатынына сенім білдіріп, жиналған қауымға сәттілік тілеп, бата берді.

Ақсақалдың батасынан кейін Қайрат Ырзақұлұлы ізгі тәрбие мен дұрыс идеология ақ тілеуден бастау алатынын айтты.
Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов ақпараттық-насихаттық топқа алғыс айтып, Мемлекет басшысының және қала әкімінің тапсырмалары тиянақты орындалатынын жеткізді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.