Бабы келіскен бағы жанады Избранное

Среда, 09 Октябрь 2019 03:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 528 раз

Шымкентте үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізетін «Азаматтық орталық» ашу жоспарға енді. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және азаматтық институттарды дамыту басты назарда. Бұл туралы Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Бектаева брифинг

Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Шымкент ақпарат орталығы», «Дін мәселелерін зерттеу орталығы», «Ақпараттық коммуникациялық орталық» және «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жұмыстарын үйлестіріп отыр.

Басқарманың бастамасымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау барысында қала тұрғындарымен 125 кездесу өтті. Оған 20 мыңға жуық адам қатысты. Басқарма идеологиялық жұмыстардың басым бағыттары ретінде Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді айқындап алып отыр. Әсіресе, азаматтық қоғам институттарымен байланысты нығайту, қоғаммен кері байланысты орнықтыруға басымдық берілген.

– Естеріңізде болса, жақында ғана қала әкімі азаматтық сектор белсенділерімен кездесті.

Е.Айтаханов ашық форматта өткен басқосуда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады. Сол жиналыста айтылған нақты проблемалық мәселелер бойынша іс жоспары түзілді. Оның бірі – үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасауды жандандыру. Осы мақсатта Шымкентте «Азаматтық орталық» ашу жоспарланды, – деді Ж.Бектаева.

Жанар Әлібекқызының айтуынша, биыл үкіметтік емес ұйымдармен 57 іс-шара өткізілсе, қазіргі уақытта 5 бірлескен жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Сондай-ақ, азаматтық сектор өкілдерімен «Әрекет» жобасы аясында семинар ұйымдастырылды.

Шымкентте 400-ден астам үкіметтік ұйым тіркелгенімен оның белсенді жұмыс істейтіні 90-нан сәл-ақ асады. Басқарма осы 90-нан астам қоғамдық ұйыммен және қалада жұмыс істеп отырған 6 саяси партия филиалдарымен 8 бағыт бойынша тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 172 мың адамның қатысуымен 300-ден астам іс-шара өтті.

Сондай-ақ, «Туған жер» жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен 6 жобаны іске асыруға мұрындық болды. Мемлекеттік рәміздерін қолдану, насихаттау және стандартқа сәйкестігіне мониторинг жүргізу барысында да басқарма тиісті жұмыстарды атқаруда.

– Әлеуметтік зерттеулерге тоқталсақ, бүгінде біздің басқарма 5 тақырыпта барлығы 3600 респондентті қамтыған зерттеу жүргізді. Әлеуметтанушылар қоғам тұрақтылығына ықпал етуші факторлар ретінде азық-түлік өнімдері мен тауарлар құнының өсуін, көпбалалы аналардың мәселесі және оларға әлеуметтік көмектің тағайындалуын, сыбайлас жемқорлық мәселесін және тұрғын үйге байланысты шиеленістерді атап отыр. Талдау қорытындысы салалық атқарушы мемлекеттік органдарға жіберілді, – деді Жанар Әлібекқызы.

Ж.Бектаева брифинг барысында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында 135 діни бірлестік және филиалдарымен ықпалдастық жолға қойылғанын айтты. Басқарманың ықпалымен 104 мешіт келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ал діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның 4 негізгі міндеттері аясында жүзеге асырылуда.

Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы идеологиялық жұмысты жандандыру мақсатында қаланың басты көшелеріне қазақтың ойшылдары айтқан ұлағатты сөздерін дәріптеп, 70-ке тарта билборд орнатты. Алаш ардақтылары С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың 125 жылдығына орай биыл республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған.

Ж.Бектаеваның айтуынша, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және азаматтық институттарды дамыту барысында жыл соңына дейін түрлі форумдар, конференциялар және семинар-тренингтер өткізу жоспарланған.

«Рухани жаңғыру» қалалық кеңсесіне арнайы ғимарат бөлу назарға алынып, осы бағдарлама аясында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы жанданбақ. Мегаполистің көрікті жерлерін елге танытып жүрген фототілшілер үшін «Объектив – 2019» байқауы және танымдық экскурциялар, фотокөрмелер ұйымдастырылмақ.

Қаладағы 155 БАҚ қызметіне мониторинг жасайтын басқарма «Ontustik» телеарнасында «Сындарлы қоғамдық диалог» телебағдарламасын тұрақты шығаруды қолға алып отыр. Сондай-ақ, басқарма басшысы БАҚ өкілдері арасында «Рухани жаңғырудағы БАҚ-тың маңызы», «Үздік номинациялар – 2019» шығармашылық байқаулары мен спартакиада өткізілетінін мәлімдеді.

– Биыл Арыс оқиғасынан кейін БАҚ өкілдері 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнін атап өтпеді. Дегенмен, бұл сала қызметкерлерінің еңбегі елеулі. Халықтың мұңын мұңдап, қиын күндерде қолдау білдірген БАҚ өкілдері қандай құрметке де лайық. Сондықтан, шығармашылық байқаулар мен салауатты өмір салтын дәріптейтін спорттық жарыстар ұйымдастыруды қолға алдық, – деді Жанар Бектаева.

Айта кетейік, ішкі саясат және дін істері басқармасының қолдауымен жыл соңына дейін өтетін айтулы іс-шаралар жоспарында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы ұйымдастыратын «Шырқа, Шымкент» композиторлар арасындағы ән байқауы да бар. Байқаулар туралы толық мәліметтер басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жариялануда. Ал қала әкімдігінің «Shymkent.gov.kz» ресми сайтында әкімнің «Виртуалды қабылдау» блогы іске қосылды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.