Кемелдің кемелдігін танытқан кеш

Среда, 09 Октябрь 2019 03:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3721 раз

Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Мырзагелді Кемелдің музей-кабинеті ашылды.

 DSC9187

Күлия Айдарбекова басшылық ететін кітапханада жергілікті қаламгерлерге арналған бұрыш пен мүйістер, кабинеттер баршылық. Бірақ, бұл бұрыштың ашылуы М.Кемелге де, қала берді бүкіл оқырман қауымға да тосын сый болды. Игі шара автордың 70 жылдық мерейтойына тарту ретінде өзгеше әсер қалдырды. «Әлемнің 20 мемлекетінде болдым, бірақ мынадай құрметті көрмедім», – деп ағамыз арнайы кабинетінің ашылу салтанатында толқынысын жасыра алмады.

Салтанатты рәсім ғалымның еркін форматтағы шығармашылық сұхбат-кешіне ұласты. Жақсылар мен жайсаңдар жиналған кездесуде алдымен жазушы-драматург Еркінбек Тұрысов інісіне ақ жарма пейілін білдірді. «Саналы ғұмырының 40 жылдан астамын туған еліне қызмет етуге арнады. Мемлекеттік қызмет атқара жүріп ғылыми еңбек жазып, әдебиетке де сүбелі үлес қосты. Соңғы 20 жылдың бедерінде десте-десте шығармалар жазды. Тек әдебиет емес, экономика саласында да қоғам үшін ұшан-теңіз еңбек етіп жүр», – деді Е.Тұрысов.

Қабырғалы қаламгер, ақын Нармахан Бегалиевтің әріптесі хақында «Жастайынан құл байлығы – күл байлығы, ой байлығы – шын байлық екенін ұғынып өскен жігіт. Ол сөйлемдерді суша сіміретіндердің емес, сөйлемдерді сүйекке сіңіретіндердің қатарынан.

Қазақта даналық кітабын ұсынған жазушылар санаулы-ақ. Мұзафар Әлімбаевтың «Маржан сөзі», Әдіһам Шілтерхановтың «Аталы сөздері», Бейсенбай Кенжебаевтың ұйқасқан ойлары, Төрегелді Байтасовтың «Ұйқы ашқан ойлары», міне, осылардан кейін қазақ оқырманына «Ақыл қалта» деген еңбекті тарту етті. Бұлардың арасынан маған Мырзагелдінің «Ақыл қалтасы» жақын» деген пікірі әсерлі естілді.

– Мырзагелді ағаның шеберлігінің бірі әлем ойшылдарының асыл қазынасын әдеби көркем тілмен өрнек сала аударғандығында. Ол – ғасырлар арасын жалғастырушы. Бүгінгі заманауи жас ақын-жазушылардың сөзі мен өткен дәуірде өмір сүрген ойшылдардың сөзінің арасына алтын көпір сала білген қабілетін өте қадірлеймін. Бұл кісінің қасында отырып үлкен бір академиядан өткендей әсер аласың, – деді мерейтой иесінің айрықша қасиеттеріне тоқталған драматург Сая Қасымбек.

Иә, Мырзагелді Кемел қазаққа құнды кітап «Ақыл қалта», «Бес бәйітті» жазды. Руханият саласында 10 кітап шығарған, олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерге қоса, қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэльолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптары оқырман қауымнан жоғары бағасын алған. 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Соңғы жылдары Мырзагелді аға қатты науқастанып қалғанына қарамастан бір жылдың көлемінде ақын апайы Фариза Оңғарсынова туралы «Мейірім» атты кітабын, «Жетілудің 7 жолы», «Өмірге көзқарас», «Жазбаша тренинг», т.б. еңбектерді жазып бітіріпті. Ол кісі сонымен бірге әлеуметтік желінің белсендісі. Қазіргі қоғамның келбетін көрсететін көптеген ойларын желіге де жиі жариялап тұрады. Сұхбат-кешінде Мырзаға сол көкейтесті ойларының бір парасымен бөлісті.

 DSC9317

– Еліміз халқының санының аздығы, жартысы ғана қазақ болғаны, сол жарты қазақтың жартысының қазақша білмейтіндігі – қасірет. Қазіргі кейбір жастардың қамсыздығы, ойсыздығы – қасірет. Мәселен, мемлекеттен көмек ретінде берілген 21 500 теңгені алып, гәп өткізіп, гөй-гөйлегенге мәз. Ал үкімет кейіннен сол ақшаны қысқартып, көпбалалыларға тағайындаса, жата қап патшаны жамандаймыз. Керек болса даттаймыз.

Ал өзіміз не істеп жатырмыз? Неге біз өкіметке қол жая береміз? Негізі біздің биліктің 21 500 теңгені барлығына бірдей бергені асығыстық болды. Осыдан бес жыл бұрын 78 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алса, қазір оны 2 млн 750 мың адам алады екен.

Оның 750 мыңы шын мұқтаж болса, қалған 2 миллионы «анау алып жатқанда мен неге қаламын» деп қара басының қамы үшін қара аспанды төндіріп, мемлекетке қол жаюға құмарлар. Шын мәнінде біз өзіміздің кемшіліктерімізді білуіміз керек. Кедейлігіміздің басты себебі – мәдениетіміздің төмендігі, менталитет, ұсақтық, ескіге құмарлық. Қазақты құтқаратын – қазақтың өзі, – деді М.Кемел.

Расында, Күлия Айдарбекова басшылық ететін кітапхана ұжымының қаламының қадірі артқан Кемелдей қаламгерге ертеңді күтпей-ақ бүгін құрмет көрсетіп жатқаны, бұрыш табылмаған жерден бұрыш тапқаны көңіл сүйіндіреді. «Бұл құрметтеріңді мен аванс ретінде қабылдаймын, алдағы өмірімде де елге қызмет ете түсуге сөз беремін», – деді автордың өзі ағынан жарылып.

Ағамыз үшінші мегаполиске қоныс аударудың сәті түспей жүргенін де айтып қалды. Күлия Смайылханқызы айтпақшы, «енді осындай музей-кабинеті ашылған соң Мырзағамыз Шымқалаға көшіп келетін шығар, сөйтіп, осындағы оқырмандарына жаңа тың туындылар ұсынатын күн де жақындар деген үміттеміз».

Последнее изменение Среда, 09 Октябрь 2019 03:54
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.