Тағдыры тартыспен тұсалған таутұлға Избранное

Среда, 23 Октябрь 2019 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2464 раз

«Түркі тілдес, түгел бол!» - деп ұрандатқан да Тұрар. Патшалық Ресейдің отарындағы бүкіл түркі тектес халықтардың ортақ республикасын құру үшін көзсіздікке барып күрескен қайраткер де Тұрар... Түркиядағы ұлт-азаттық күресінің көшбасшысы Ататүріктің күрескерлігін бағалап: «Мұстафа Кемал бүкіл отар елдердің, бүкіл шығыс халықтарының алдында ұлы және жасампаз төңкерісшіл жетекші. Оны аса құрметтеймін. Бір өкініштісі – мен ондай ұлы тұлғамен байланыста бола алмадым және кездесе алмадым. Бұл менің тұрғымнан үлкен олқылық болып табылады» деп жазып, бармағын тістеп, өзіне сыншыл көзбен қарай білген де Тұрар...

562

 

Шынында да ол өзі бел буып қызмет еткен Кеңестік компартия билігіндегілердің құйтырқы саясаты мен шовинистік тұсауынан құтыла алмай, шідерді үзуге шамасы жетiңкіремей, тағдыры тартыспен өткен тау тұлғалы ұлт қайраткерінің бірі.
Ең мазасыз ХХ ғасырдың 16-30 жылдары қазақ халқынын азаттық жолында күрескен зиялы азаматтардың қатарында болған Тұрар бала жастан патша үкіметінің әділетсіздігін көріп өсті, ішіне ыза түйіп ержетті.
Әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы ноқтаға басы сыймаған ер-тін. Ол ақ патшаның сойылын соққандарға, кедей-кепшікке тізесін батырғандарға қарсы шығып, жеке басының намысын таптатпаған қайсар мінез адам еді. Кәнігі аңшы, құралайды көзге атқан мерген, көкпаршы, тақымы мығым шабандоз. Алла берген осындай қасиеттерімен басынан сөз асыра қоймайтын oл жергілікті билеушілердің озбырлығына шыдамай, өзінің кіндік қаны тамған Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Түлкібас өңірі) Жетісудың Талғарына қоныс аударады. Тұрар осы жерде ресми құжат бойынша 1894 жылы 26 желтоқсанда дүниеге келеді. Кейінгі шындық дерекке сүйенсек, көрнекті мемлекет қайраткерінің қызы Сәуленің айтуынша тауқыметті көп көріп, ерте есейген Тұрар күнкөрістік жағдайға байланысты екі жылға жасын ұлғайтып жаздырған көрінеді.
Тұрартанушылардың жазуына қарағанда Рысқұл жаңа қонысында да көптеген әділетсіздікке душар болып, тепкі жеген сияқты. Ел қамы емес, өз қамын ойлаған кейбір би-болыстардың арам пиғылды қақпанын қауып, кек қуып, адам өлтіріп түрмеге түседі. Сол зауалды шақта әйелі қайтыс болып, 11 жастағы Тұрар мен қызы Түйметай жетім қалады. Оның үстіне «Қанға - қан, жанға - жан» деп кектенген болыс туысқандары тұрымтайдай баланы өлтірмек пиғыл танытады. Ұрпағы қандықолдардың кұрбандығына айналып кетпес үшін Рысқұл өзімен қамауда бірге жатқан революционер
Александр Бронниковтың көмегімен түрме бастығына арызданып жүріп, жас Тұрарды қасына алдырды. Қызы Түйметайды Түлкібас жақтағы ағайындары келіп алып кетеді.

563


Жазықсыз балаға ептеп жаны ашыған түрме басты Приходько оған алдымен аула сыпыртады да кейін көңіл жабырқау жасөспірімді бала-шағасының көшірі етіп пайдаланады. Түсінгенге мұның өзі «Адамнан кайтпаса Құдайдан қайтатын» жақсылық-тын. Қаршадайынан тағдырдың илеуін көрген Тұрар түрме бастығының ұлы мен қызын күндіз күймемен гимназияға тасып, кешке әкесінің қасына, абақтыға барып ұйықтайды. Осы кезде Бронников баланың қайсар мінезін, алғырлығын байқап, орысша сауат ашқызып, жазу-сызуды үйретеді.
Сот үкімімен Сахалинге 10 жылға жер аударылған Рысқұл жолда айдауылдардан қашып құтылады. Осылай өкіметтен бой тасалап, Жамбыл облысындағы Талас өңірін тұрақ еткен нағашыларының ауылында жүріп 1907 жылы қайтыс болады. Тұрар қарындасы Түйметай екеуі өгей шешесі Ізбәйшаның қолында қалады. Қиыншылық пен тағдыр талқысының дәмін осылайша бала кезінен татып өскен тұйғын мінез Тұрардың бойында әлеуметтік әділетсіздікпен бірге ұлттық езгіге қарсы күрес рухы да ерте қозданып жанды.
Келешек ұлт қайраткері бастауыш білімді Меркідегі орыс-түзем мектебінде алады. Содан кейін 1910 жылы Пішпектегі дәрежелі ауылшаруашылык мектебіне қабылданып, кәсіптік оқу орнын төрт жылдан соң бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Дарынды жасқа Самара қаласындағы орта дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне түсуге арнайы жолдама да беріледі. Бірақ оқу орнының директоры қазақ ұланына шетқақпай жасап, «Көшпендінің ұрпағына жер өңдеуге маманданудың қажеті қанша?» деп жолатпай қояды.
Білімге құштар Тұрар мұндай аяқтан шалып, шалғайынан тартушылардың әрекетіне мойымайды. Енді Ташкендегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады. Мұнда да аса қабілетті бозбаланы ұнатыңқырамай, түрлі сылтаулармен емтиханға жібермейді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жан Мәскеудегі оқу министрлігіне шағымданып жүріп, арнайы рұқсатпен сынақ тапсырып, студент атанады. Оқи жүріп, күнкөрістің қамымен Ташкенттің іргесіндегі Красноводск (қазіргі Сарыағаш ауданы Қызылсарқырама елді мекені) тәжірибе алаңында бағбандық жұмысты қосымша істейді.
Тұрардың ағартушылық жолға түссем деген ойын 1916 жылғы қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілісі өзгертіп жіберді. Патша шенеуніктері мен жергілікті бишiкештерді ұнатпайтын Рысқұлдың ұлы оқуын тастап Меркедегі ағайын-жұраттарының арасына кетеді. Толқу үстіндегі сайын даланың халқы өмірден көргені көп жас жігіт Тұрарға келіп ақыл сұрайды. Шындығында патша өкіметі қазақтан әскерге адам алғанда оларды жауынгер етіп дайындау үшін емес, орыс солдаттарына шайқас кезінде қажетті окоптарын қаздыртып, олардың және офицерлердің уақытша баспанасы мен азық-түлігін дайындатып, не керек, қара жұмыстың бәрін соларға істетіп, құлдық сипаттағы қызмет етуге пайдаланғысы келген-ді. Қолдарына қару беріп, атуға үйретуге, соғыс ісі жаттығуларына тартуға «бұратана» халықтан қатты қауіптенді. «Соғыс өнерін үйреніп алса, ертең өзімізге қарсы шабуы мүмкін» деп қорықты. Ал қарусыз қара жұмыстағылар жау келе қалғанда бостан босқа қырылып кететіні айдан анық болатын. Сондықтан мұны түсінген Тұрардың: «...Мен олардың жақсылап ұйымдасуы керектігін айтып кеңес бердім. Көбінесе патшаның чиновниктеріне шабуыл жасау керектігін, сөйтіп, қазақтан майданның қара жұмысына адам алуды тоқтаттыру керектігін айттым. ...Учаске приставы менің үйімде жасырын мәжілістер болып жүретіндігін сезіп қойыпты», – деп жазғаны бар екен.
Осының бәрін ескеріп, ой зердесінен өткізген ол 1916 жылдың 25 маусымындағы патша жарлығына қарсы қарулы қақтығыстар болып жатқанда Ақкөз батыр Қосанұлы бастаған көтерісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтейді. Бұқара халықтың босқа қырылуына жол бергісі келмейді. Қозғалысқа қатысқандардың арасында жастар ұйымын құрып, саяси қарсылықты күшейтеді. Осылай Тұрар Әулиеатадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға алынып, абақтыға жабылады. Бірақ түрмеден шыққаннан кейін де өзінін идеялық ұстанымынан айнымайды.
Қазақ даласындағы дүрбелең 1917 жылы ақпанда Ресейдегі буржуазиялық төңкеріске ұласып, патша үкіметі құлатылды. Орыс патшалығы мен оның отарындағы елдерде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері және басқа да азатшыл қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. Тап сол мазасыз шақта Рысқұлов та белсенділік танытты. Ол ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі ұйымды қазақ жастарының революциялық одағы етіп қайта түзетіп құрды. Сол кезде Қазақстан аумағында бұл ұйымнан басқа Орынборда, Ақмолада, Петропавлда, Түркістан станциясында, Верныйда жастар одағы әрекет ете бастаған-ды. Дегенмен бұл ұйымдар көбінше тек қана ағартушылық істермен шұғылданып, жұртты ілім-білімге үндеумен шектелді. Ақпан көтерілісіне байланысты нақты бағдарламалары болмады. Тұрардың басқаруындағы ұйымда қазақтан басқа қырғыз, орыс тағы өзге ұлттардың өкілдері біріккен болатын. Бұлардың алдыңғы қатарында ауыл мұғалімдері жүрді. Олар жергілікті большевиктер мен әскери горнизондармен байланыс жасай отырып, өзінің жұмысын негізінен қазақ шаруаларының арасында қызу жүргізді.
Дүрбелеңі өршіген сол жылдың жазында Ташкент қаласында қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылды. Әрине, кеңес жетекшілерінің бірі тағы да Тұрар-тын. Тап осы шақта майдандағы тыл жұмыстарынан оралған жұмысшылардың 16 адамнан тұратын ұйымдастыру бюросы құрылған-ды. Бюро бүкіл Түркістан өлкесіндегі қоғамдық саяси қозғалыстағы өз рөлін анықтауға ұмтылды. Сөйтіп 30 тамызда шаруа және қазақ депутаттары кеңесі бірігіп ортақ атқару комитетін ұйымдастырды. Біріккен атқару комитетіне Мәскеудің ықпалымен 6 адам орыстан, 6-уы қазақтан сайланды. Бұл комитеттің құрамында да жастығына қарамай Рысқұловтың беделі тым жоғары-тын.
Ұйымдастырушылық қабілетімен біртіндеп дараланған Тұрарды партияның большевиктік серкелері 1917-1918 жылдары Әулиеата уездік Совдепi атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Осы бір реңі сұрқай кезеңде қазақ даласына аранын ашып ашаршылық та жетті. Жас басшы халықты аштықтан аман алып қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті тұрғындарды көптеп тартуға барынша күш салады. Тұрардың тікелей басшылығымен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылады. Сонымен қатар қазақ кедейлерін көктемгі егіске қажетті тұқыммен, құрал-сайманмен қамтамасыз ету сияқты істер де ұмыт қалған жоқ.
Он сегізінші жылдың қарашасындағы Түркістан автономиялық республикасы Кеңестерінің ҮІ съезінде Тұрар Орталық Атқару Комитетінің құрамына сайланып, аппаратқа қызметке шақырылады. Көп ұзамай Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Жігерлі жігіт аштықпен және жұқпалы дерттермен күресті ұйымдастырып, күн-түн ат үстінен түспеді. Оған қоса республикалық аштықпен күресу жөніндегі Төтенше Орталық Комиссиясының қызметін қоса жүргізді.
Түркістан Республикасы Кеңесінің 1919 жылғы наурыздағы төтенше ҮІІ съезінде Рысқұловтың мемлекеттік істе таланттылық байқатқаны бағаланып, Орталық Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына сайланды. Содан көп уақыт өтпей, 1920 жылғы 21 қаңтарда Түрккомиссияның қолдауымен Комитет төрағалығының лауазымы оған сеніп тапсырылды. Ол бұл кезде тарихи құжат бойынша 26-да, шын жасы небәрі 24-те еді.
Республика билігінің тізгінін ұстаған Рысқұлов батыл түрде өзінің «Кеңестік Түрік Республикасын құру» жөніндегі түпкі идеясын ұсынды. Осы тұста жарық көріп жатқан қазақ басылымдарының бәріне дерлік мақалалар жазып, «Ақ жол» газетінің жарыққа шығуына ықпал жасады.
Оның біраз қазақ зиялыларымен бірігіп ұсынған идеясына себеп болған жәйттер: жергілікті тұрғындар арасындағы отаршыл теңсіздіктің сақталуы, мемлекеттік билік орындарына мұсылман ұлт өкілдерін тартуға шек кою, коммунистердің Түркістан автономиясы республикасын отар елге айналдырып, Шығыс хандықтары арасында антиимпериалистік қозғалысты өрістетуге әрекет етуі-тұғын.
Түркістан Компартиясы жанындағы Мұсылмандар бюросының төрағасы әрі республиканың бірінші басшысы ретінде Тұрар аумақтық тұтастықты сақтап қалу мәселесін бірнеше рет көтеріп, онда өмір сүретіндер біртұтас халық екенін, тек тағдырдың тәлкегімен бөлшектеліп кеткенін дәлелдеуден танбайды. «Түркістанның жарасы - отарлық мәселе, яғни жергілікті қанаушыларды келімсек орыс қанаушыларымен теңестіру» деген ұлт қайраткері сөзі сол кезде-ақ Мәскеудегілерді ойлантып тастаған. Туыстас түркі тілдес халықтарды бөліп-жармай кеңестік егеменді Республикаға біріктіру ғана сан жағынан әлдеқайда басым славян тектес жұрттың, әсіресе орыстардың ықпалына түсіп кетуден сақтайтынын түркішіл коммунист батыл қолдады. Егер сондай жағдайлар жасалса рухани дүниемізді, тілімізді, дінімізді, дәстүр-салтымызды сақтап қана қоймай жан-жақты байыта түсуге мүмкіндік беретінін Тұрар сонау аумалы-төкпелі шақта-ақ сезе білген-тін. Осы мақсатта жиырмасыншы жылғы сәуір айында В.И.Лениннің атына Түркістан Республикасының арнайы делегациясының баяндамасы табыс етіледі. Ол құжатқа Р.Рысқұлов, Н.Ходжаев, Т.Бек-Иванов және басқа азиялық коммунист басшылар қол қойған болатын. Баяндама хатта отар елдің болмысын суреттей келіп, орыс төңкерісінің кезек күттірмейтін проблемалары ретінде демократиялық мүдделер тұрғандығы ашық, ешқандай бүкпесіз білдірілді. Сондай-ақ бұл құжатта Ферғананы қанға бояған дашнактардың (дінді насихаттайтын қарулы армян ұйымы) ісі басмашылық қозғалысты тудырып отырғаны, Жетісу мен Сырдария облысында қара шекпенділердің (казактар) қазақ халқына жасап отырған зәбірі, олардың жаппай қаруланып билікті қолға алғандығы айтылған. Соған орай Түркістанда жергілікті халықтан тұратын қарулы күш құрмай, көпшілік өз мүддесін қорғайтын билік орнатпай, бұл революция езілген елге нақты ізгілік әкелмейтіні түсіндірілді. Сөйтіп, Рысқұлов бастаған зиялылар отаршыл жүйеден әлі азаттық алмаған түркі тілдес халыққа большевиктік ресми биліктің қылбұрау салып, төңкерісті күшпен тездетуіне қарсылық білдірді.
Тұрардың өз алдына «Кеңестік Түрік Республикасын кұру» идеясы Орталықтың басшыларына жақпады. Бұдан іш тартып қалған Ленин мен Сталин тыжырынып, Ташкентке Михаил Фрунзені арнайы жіберіп, Рысқұловтың ұсынысын қалай да теріске шығаруды қадап тапсырды. Солай болды да. Түрккомиссия отырысы қайта өткізіліп, Орталықтың зорлауы арқылы Түркістандағы мемлекеттік құрылыс бұрынғысынша автономиялық Республика ретінде РКФСР-дің құрамында қалдырылды. Ресейлік большевиктердің шовинистік пиғылы осыдан-ақ аңғарылып қалған-ды.
Фрунзе Азияға осы сапарында Ленинге баянхат жазып, Тұрар Рысқұловты мұсылман коммунистерінің ең талантты да беделді өкілі екенін, егер оны Компартияның басқару ісіне оңтайлы тарта білсе, ол өзінің мемлекеттік басқару дарынымен жас Кеңес үкіметіне зор пайда келтіретінін, бірақ «пантүрікшілдігін» баса айтады.

(Жалғасы келесі санда)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.