Тағдыры тартыспен тұсалған таутұлға Избранное

Пятница, 25 Октябрь 2019 05:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3783 раз

Басы №84 нөмірде

«Түркістан автономиясы» бірінші басшысының мұндай ұлтжандылығы Орталықтың шамына бұрынғыдан бетер тие түсті. Дегенмен оның принципшілдігі мен табандылығын, жоғары ұйымдастырушылық қасиетін, білімі мен социалистік құрылысқа адалдығын ескеріп, ендігі жерде оны елінен шеттетуге шешім қабылдайды. Алдымен ұлты мен нәсіліне қарамай коммунистерді біріктіру мақсатымен Мұсбюроны жойып жіберді.

600

 

Содан кейін құйтырқы ішкі оймен Тұрарды Мәскеуге Ұлт істер жөніндегі халық комиссариатына қызметке тартады. Комиссариатты ол кезде И.В.Сталин басқаратын. «Пантүрікшіл» деген айдары бар Рысқұлов алғашқы кезде аталған комиссариаттың Әзірбайжандағы уәкілі міндетін атқарды. Ол сол елдегі саяси өмірге етене араласып, ұйымдық, шаруашылық, мәдени сипаттағы істерді жүзеге асыруда жергілікті үкімет мүшелеріне ақыл-кеңес айтып, оларды қолдап отырды.
Тұрарды 1921 жылдың күзінде Мәскеуге қайта шақырып алып, Ұлт істер жөніндегі Халық комиссариатының екінші орынбасары етіп тағайындайды. Оған саяси және мәдени ағартушылық жұмыстарын жүргізу міндеттелді. Сөйтіп РКФСР аумағындағы университеттер мен жоғары оқу орындары жүйесіне тікелей басшылық жасады. Алайда оның комиссариаттағы қызметі аса ауыр психологиялық жағдайда өтіп жатты. Өйткені, ол қазақ зиялыларына тағылған «ұлтшыл» және өз идеясы бойынша «пантүрікшіл» деген айыптаулардан құтыла алмады. Саяси сенімсіз ретінде Сталин тарапынан үнемі қысымға ұшырап отырды. Дегенмен соған қарамай, мемлекет ісіне белсене араласа жүріп, бай саяси тәжірибелер жинақтап, аса танымал қайраткер дәрежесіне көтеріле білді. Жасыратыны жоқ, Кеңес үкіметінің басшылары дарынды Тұрарды ұйымдастыру және басқару ісіне өте жақсы пайдаланды және кейбір идеяларынан бас тартқызды. Социалистік мемлекеттердің қатарын көбейту және Коминтерннің беделін жоғарылату мақсатында 1924-1925 жылдары оны Монғолия Халық-революциялық партиясына көмек беруге жібереді. Тынымсыз қайраткер елді демократияландыру жолындағы реформаларды жүзеге асыруға қатысты. Монғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысып, қолұшын берді. Оның ұсынысы бойынша мемлекет астанасы - Урга қаласы Улан-Батор («Қызыл батыр») деп аталды.
Тұрар Рысқұловтың ең соңғы жоғары қызметі Ресей Федарациясы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынын орынбасарлығы болды. Ол кезде жасы енді отызға келген ол 1926 жылдың мамырынан бастап, айтылған жоғары лауазымды қызметте 11 жыл бойы тер төкті. Оның осы негізгі қызметін мүлтіксіз атқарып, басқа да көптеген мемлекеттік комиссиялардың төрағалығын қоса жүргізіп, елге сіңірген еңбегі зор. Мәселен, Түрксіб теміржолын салуға басшылық еткен үкімет комиссиясының төрағасы кезіндегі жұмысы ұшан-теңіз екеніне ешкім дау айтпас. 1926 жылдың 6 қарашасында өткен мемлекет жоспарлау комитетінің президиум мәжілісінде Тұрар Рысқұлов Түркістан мен Сібірді теміржол арқылы байланыстырудың аса маңызды шаруа екенін баса айтып, соған орай өз ұсыныстарын баяндайды. Ондағы мақсат – Орта Азия мен Жетісуды Сібірдің мол нанымен қамтамасыз ету, сондай-ақ Азияда мақта алқаптар кеңейтіп, одан алынған өнімді орталыққа жеткізудің қолайлы жақтарын іске асыру еді. Мұның Қытай және Батыс Моңғолия елдерімен сауда қатынастарын жасауға септігі тиетіні де белгілі-тін. Сөйтіп, арадан 20 күн өткенде үкіметтік шешім де қабылданды. Теміржол құрылысы екі бағытта - Солтүстік Семейден және Оңтүстік Бішкектен басталатын болды. Құрылысқа тікелей басшылық жасайтын комитет төрағасы болып тағайындалған Тұрар бұл аса жауапты іске басқа мамандармен қатар қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевты шақырды. Бас инженердің міндетін соған жүктеді.
Компартияның сойылын соға отырып, Мәскеуде жүрсе де Рысқұлов Қазақстанды индустрияландыру ісіне өзіндік үлес қосқанын соңғы деректер айқындап берді. Ол Түркістан-Сібір теміржолын салуға белсене араласып қана қоймай, сонымен қатар, Қарағанды көмір бассейнін, Балқаш мыс қорыту және Семей консерві комбинаттарын салу ісіне жан-жақты көмек көрсетіп, қамқорлық жасапты. Кейбір деректерде Шымкент қорғасын зауытының іргетасын қалауға да Тұрар ықпал еткені айтылып жүр.
Алатаудың баурайында туған таутұлғаның «ұлтшыл», «пантүрікшіл» деген айдарына «Рысқұловшылдықтың» қосылуы Қазақстанның басшылығына 1925-1933 жылдары
Ф.Голощекиннің келуіне байланысты тұғын. Оның алғашқы басшылық жылдарында Тұрар Моңғолиядан елге оралып, аздаған уақыт Қазақстан Компартиясының аппаратында жауапты қызмет атқара жүріп, республикалық «Еңбекші қазақ» газетінде (бүгінгі «Егемен
Қазақстан») редакторлық еткені бар. Сол кездегі екеуінің арасындағы ұлттық мүддедегі тартыс тым ушығып кеткен-ді. Қазақты емін-еркін билеп-төстеген «қужақ» басшы қазақ зиялыларының арасынан шыққан кайраткер тұлғаларды бір-біріне айдап салудың тәсілдерін қолданып-ақ бақты. «Мендешовшылдық», «Сәдуақасовшылдық», «Қожановшылдық», «Рысқұловшылдық» шоғын үрлеп, Сталинге баянхатты бұрқыратты. Ал «жезмұрт» көсем олардың әрқайсысын партия алдында ақталуға мәжбүр етті. Оның төңірегінде жүрген шовинистік пиғылдағы басшылар ұлт қайраткерлерін тұқыртып ұстау үшін біріне бірін айдап салуды өршіте түсті. Түркі дүниесіндегі ұлттық коммунизм ағымының белді мүшесі Мирсаид Сұлтанғалиев пен Тұрардың арасына от тастады. Ал қалың бұқара арасында мұндай «халық жауы» саясаты асқынғаны сондай, туыс бауырын, ағайын жақынын сыртынан көрсетіп, жазықсыз әшкереледі. Әкесін оққа байлап берген «Батыр бала
Болатбектер» пайда болды.
Тұрар Рысқұлов Мәскеуде әжептеуір жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте отырғандықтан, Голощекиннің «Кіші Қазан» саясатының дұрыс еместігін Сталинге түсіндіруге тырысып-ақ баққан көрінеді. Бірақ ішіне тоң қатқан Кеңестер Одағының басшысы жіби қоймаған секілді. Үш бірдей хатқа мардымды жауап ала алмай, керісінше өзіне деген шовинистік көзқарасты өршітіп алса керек. Мемлекет және қоғам кайраткері деңейіне көтерілген тұлға өз сенімінен бәрібір айрылмайды. Ол өзінің ұлттық мақсатына «коммунистік партияның формасы арқылы жетемін» деген ойынан қайта қоймады.
Бөкейханов, Байтұрсынов, Шоқай, Рысқұлов, Қожанов, Сәдуақасов, Меңдешов, Сейфуллин сынды дара тұлғалардың қазақ тәуелсіздігі жөніндегі ойлары әртүрлі болғанымен, түпкі максат-мұраттары тікелей ұштасып жатқанын бүгінгі ұрпақ түсінуі тиіс. Бірақ олардың күрес жолдары әрқилы болғаны да рас. Олардың идеялық ұстанымын зерделеп көрсек, мәселен,
Мұстафа Шоқай ұлттық тұрғыдағы Түркістан Республикасын коммунистік партияның араласуынсыз құрмақ болды. Ол сол идеясы үшін Ленин мен Сталиннің қас жауына айналған Троцкиймен алғашында пікірлес болып, кейін оның шовинистік пиғылын сезіп, біржола онымен атқұйрығын кесісті. Кейінірек гитлершіл фашистердің «әлемді жауламақ» ниетін пайдаланбақ мақсатта «Түркістан легионын» құру кезінде тағы да шовинистік пиғылдың құрбанына айналды. Сондай ұлтшыл ұлы тұлға көзқарасы басқа болса да Рысқұлов туралы «...коммунистік бетперденің ар жағынан түркістандық рухы көрініп тұрады» деп өте жоғары бағалағанын естен шығармауымыз керек.
Ал Тұрар, Сұлтанбек, Сейітқалилар коммунистердің өкілі тұрғысынан өз ойларын социалистік кеңістік шеңберінде жүзеге асыруға әрекет етті. Алашшылар мен басқа да ұлттық мүддені көздеген қазақ зиялыларының арасында соңғы топ біраз жетістіктерге жеткен секілді. Олар өздерінің өмірін тұзаққа байлап берсе де Кеңес дәуірінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуына орасан зор күш жұмсады және мақсаттарына жетті. Алып держава күйреген кезде жеке мемлекет болуымыздың арғы төркіні Компартияға қызмет ете жүріп ұлтына бүйрегі бұрған көрнекті мемлекет қайраткерлерінің күрескерлігі нәтижесінің жемісі деп түсінгеніміз абзал. Сондай қиын кезеңде большевиктік, пролетарлық көзқарастағы билік өкілдерінің арасында қазақ қайраткерлері болмаса, жағдай мүлдем басқа арнаға бұрылып кетуі де мүмкін еді. Сондықтан Тұрар, Сұлтанбек бастаған коммунистер билікке қажет деп тапты. Егер біз орыс төңкерісшілерінің шовинистік пиғылымен «автономиялық республика» болып қалғанымызда қазіргі халқының саны бізден көп ұлттардың кейпін киіп, бостан болуымыз екіталай еді.
Тарихи деректерге жүгінсек, Тұрардың ұлт алдындағ үлкен еңбегі халықты ашаршылықтан сақтап қалуға белсене араласқаны екенін сеземіз. Қазаққа қарсы геноцидтік ұстанымдағы
Сталинге қаймықпай хат жазып, халыққа қолдан қиянат жасалып жатқанын ашық айта білді.
Қазақ зиялыларына Рысқұлдың ұлы қолдан келген көмегін аямағаны ақиқат. Көпке мәлім, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовқа қатысты жағдайды алайық. Алашордашылардың қатарында болдың деген кінә тағылып, түрмеге жабылған Мұхаң абақтыдан құтылған соң жадап-жүдеп Мәскеуге барғанда Тұрарға жолығады. Биік лауазымды қызметтегі Рысқұлов оны қайнағасы Бекей Байғанаевпен, өзінің көмекшісі Петр Левковичпен таныстырып, жазушыға қамқорлық жасауды тапсырады. Олар Мұхтарға үстіне киетін бірсыпыра киім әперіп, Мәскеуден Алматыға дейін жететін қаражат береді. Қоштасарда ұлы жазушы Тұрарға: «Сіз туралы көркем шығарма жазармын» деген көрінеді. Қазіргі оқырман «Қараш-қараш оқиғасын» біледі. Романға бергісіз повесте бала Тұрардың тартқан тауқыметі мен оның әкесі Рысқұлдың тағдыр талқысы жөнінде айтылатыны да белгілі. Өзінің бажасы Жаһанша Досмұхамедұлы мен оның отбасына көрсеткен көмектері жөніндегі деректер өз алдына бөлек әңгіме. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Соның бірі – қазақ баспасөзін дамытуға қосқан үлесі.
Тұрарға Ататүріктің ұлт-азаттық көтерілісіне бүйрегі бұрғаны үшін айыптаулар тағылып, «Түркия үшін шпиондық жасады» деп кінә тағылғаны бар. Сонда ол мемлекеттік алқалы жиында отырып: «...Біздің айтайын дегеніміз – ендігі жерде империалистік Түркия жоқ. Шығыстың орасан зор халқын соңынан ертетін жаңа Түркия бар. Біздің қолымызда Кавказда, Азияда, Түркістанда бұқараны кеңес құрылысына тартуда орасан зор маңызы болған Кемалдық қозғалыстың тәжірибесі бар. Бұған көз жұмып қарауға болмайды әрі пантүрікшілдікті ескі көзқарас тұрғысынан қарастырудың қажеті жоқ» дегені – әркімнің бойына бере бермейтін батылдық мінез. Оның үстіне бұл сөз – ол өмірден өткеннен кейінгі 76 жылдан соңғы айтыла бастаған бүгінгі күннің әңгімесі. Көрегендігі бар екен де!
Тұрар Рысқұлов өткен ХХ мазасыз ғасырдың өр тұлғалы ұлт қайраткері екеніне дауласудың қажеті жоқ. Қилы кезеңнің қыраны қиядан ерте кұлағанымен тарих биігінде өз серіктерімен, қайталанбас тұлғалармен қатар тұратыны анық. Тұра да береді.

Шойбек ОРЫНБАЙ,
жазушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.