Қараусыз ит, қаңғыбас мысық адамға ғана емес, қоғамға да қауіпті Избранное

Пятница, 17 Январь 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 235 раз

Қазақ итті жеті қазынаның біріне балаған. Әу бастан оның адал дос, сенімді серік екені мәлім. Жыл санауына енгізіп, ертегілерге қосуы да бекер емес. Тұрмыста да рөлі зор жануар. Мал, үй күзеттіреді. Аң аулауға пайдаланады. Десе де, олар қараусыз күйге түссе, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайға жететінін ұмытпайық. Олай дейтініміз, қазір иесіз төртаяқтылардың мәселесі алаңдатарлық жағдайға жетті.

Borli-it-aulau

– Бір топ иттің көпқабатты үйлердің маңында жүргеніне бірнеше ай болды. Балаларым үшін уайымдаймын. Ит аулаушыларға бірнеше рет хабарластым. Араға апта салып келді әйтеуір. 3 иттің көзін жойды. Ал, қаңғыбас хайуандар көпқабатты үйлердің маңын басып кеткен, - дейді №3 шағынауданының тұрғыны Ақжібек Бегім.

Көпбалалы ананың жанайқайы орынды. Қаңғыбас ит – жұқпалы ауру тасымалдаушы. Құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасайды. Соңғы уақытта жабайы иттерді қаланың кез келген бұрышынан көруге болады. Көз үйренгендіктен бе, бейқамбыз. Оқыс оқиға болса ғана қимылдаймыз. Шабуыл жасаса ғана бас көтереміз. Олардың қауіпті екеніне мән бермейтініміздің белгісі осы.

Төртаяқтыдан зардап көп

Екі апта бұрын Шымкентте оқыс оқиға болды. Таңертеңгі сағат 8.00-дер шамасында Меруерт Жанұзақова (есімі өзгертілді) баласымен бірге қоқыс төгуге шығады. Әрі қарай Ақжолын балабақшаға апармақ. Аналы-балалы екеу қоқыс тастайтын орынға келгенде үй жануарын көреді. Мән бермеген әйел бес жастағы баласын қалдырып, қолындағы дорбасын алып, қоқыс жәшігіне беттейді.

Сол кезде төбедей болған ірі ит балаға тап береді. Меруерттің зәресі зәр түбіне жетеді. Бірақ есін тез жияды. Жан-дәрмен баласына араша түседі. 5 жасар балақайға тайыншадай иттің төнгенін елестетіңіз. Анасы болмаса, тірідей жейтіндей екен. Сөйтіп, ана мен бала тентіреген төртаяқтыдан зардап шегіп, дене жарақатын алады. Қазір науқастар ауруханада ем қабылдап жатыр.

Иттің иесі болса, ветеринарды шақыртып, тексертуіне болады. Ал көшедегі үйсіз-күйсіз хайуанды кім біліпті? Аш па, қараусыз ба? Зерделеген жан жоқ. Әсіресе, «Жабық базарда» ит алушылар мен сатушылардың қарасы азаймай тұр. Бәс тігіп, төбеттерді төбелестіреді. Мақтауын келтіріп, алушыларға сатады. Жуырда осы базардан Жомарт Әубәкіров (есімі өзгертілді) ит сатып алыпты. 3-4 айлық күшікті үйіне әкеліп, жуындырады. Тамақ береді. Бір апта өтпей, үй жануары өліп қалыпты. Содан сәл бұрын асыраушысын тістеп алған. Жәбірленуші қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.

Қош. Ит асырамасын деген заң жоқ. Бірақ оны сатудың да, серуендетудің де тәртібі мен ережелері бар. Қыдыртқанда тұмылдырығы болуы шарт. Итті күндізгі уақытта бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Жылына бір рет құтырма ауруына қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі шарт. Бірақ осы айтылғандардың көбі жасалмайды. Тексерту, үй ауласында бос жібермеу былай тұрсын, иелері есігінің алдындағы төбеттің қайда жүргеніне мән бермейтін кездері де кездеседі.

Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының айтуынша, қаңғыбас тұрмақ, қолындағы итіне қарамайтындар көп. Жартылай қараусыз жануар кісілердің қолынан тамақтанады. Қадағаламаса асырап несі бар дейсің. Бір жыл бұрын қалалық мәслихат шешімімен үй жануарларын ұстау бойынша қаулы шықты. Онда айыппұл салу мәселесі де қаралған. Қалада ит қыдыртатын арнайы орындар болуы тиіс. Ал иттің аты ит. Жүрген жерін ластап бүлдіреді. Тіпті, алаңшалардағы жалаған жерінен, аунаған шөптерден вирус жұғуы мүмкін.

Құтырудың емі жоқ

Құтыру ауруы негізінен иттердің сілекейі арқылы тарайды. Бұл ауру екі жылға дейін ағзада сақталады. Сондықтан ондай ауруға шалдыққан-шалдықпағанын адамдар бірден біле алмайды. Тек вакцинамен ғана сақтануға болады.

№2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Мұхан Утекеевтің айтуынша, ит қапқан жағдайда шұғыл ауруханаға келу керек. Ал үй жағдайында ем жасау адам өміріне қауіпті.
Ауруханада науқастарға екпе 5 рет салынады. Вакцина 1, 3, 7, 14, 28 күн аралығында жасалады.

Жалпы, үйсіз-күйсіз салпаңқұлақтар көбіне асыраушысы болмағаннан немесе адасып кеткеннен пайда болады. Ал қараусыз хайуанның әр жерді паналап, қоқыспен күнелтетіні белгілі. Бүгінде жабайы жануарлармен күресу әлемдік мәселеге айналған. Дамыған елдерде қаңғыбас иттермен күресудың өзіндік ережесі, қолданылатын шарасы да бар. АҚШ-та итті қадағалау қағидасы тұрғындардың бәріне ортақ. Оларда қаңғып жүргендерін мамандар ұстап алып, тексереді. Ауруы болса емдейді. Сөйтіп жануарларға арналған үйлерге тапсырылады.

Сол жерде қожайындары іздестіріліп, қолдарына табысталады. Ал, Германияда «Жануарлар құқығы туралы» арнайы заң қабылданған. Егелігіндегі ит, мысыққа жауапкершілікпен қарамаған қожайындар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейді.

Міне, өзге мемлекеттерде үйсіз-күйсіз салпаңқұлақтармен күрес осылай жүріп жатыр. Ал біздің елде төртаяқтылармен жүргізілетін жұмысқа көңіл толмайды. Деректерге қарасақ, Шымкентте өткен жылы 26606 ит, 3284 бас мысық атылған. Қаңғыбас иттерді жоюға 2018 жылы жергілікті бюджеттен 92 миллион теңге бөлінсе, 2019 жылы 122 280 миллион теңге жұмсалған. Ал биыл 40 мың қаңғыбас ит пен мысықты ұстауға 130 800 миллион теңге бөлініп отыр. Статистика жақсы. Бірақ зардап шеккен тұрғындар азаяр емес.

Мәліметтерге көз жүгіртсек, қала мен оның маңындағы аудандарда 2019 жылы 3541 адамды ит қапқан. 560 адамды мысық тістеген. 2018 жылы 3911 адам иесіз иттен жараланса, 585 адамды мысық тырнаған. Ең қорқыныштысы, жыл басынан 5 ит құтырумен ауырған. №2 қалалық аурухананың рабиология бөліміндегі қызметкерлер күніне 10-15 адамның тентіреген төртаяқтыдан зардап шегетінін алға тартады. Қарапайым қисынға салсақ, 100 күнде 1500 адамның саны шығады. Бір жылда 365 күнді есептесек...

– Қала үлкен. Көшедегі бұралқылардың бәрі иесіз емес. Арасында қолға ұстағандары да бар. 10 бригада жабайы ит-мысық аулаумен айналысады. Олар үйлердің маңын қараусыз қаңғыған бұралқылардан тазартып, жоюда. Ұсталғандары 3 күн арнайы орындарда ұсталады. Қожайыны іздеп келмесе, дәрілік жолмен көзі жойылады. 2 жыл бұрын мәселе көтердік. Иесі бар ит иелеріне тәртіпті күшейту керек. Бүгінге дейін төбеті үшін айыппұл төлеген тұрғынды көрмедім, - дейді Шымкент қаласы «Ветеринарлық қызмет» МКК директоры Сырым Әбдіхалықов.

«Бұралқы иттерді аулап, жойып жатқан мамандарды көрмейміз. Неге көшелерде қаңғыбас иттер босып жүреді» деген қала тұрғындарының ветеринарлық қызметке өкпесі қара қазандай. Ал №2 бригаданың қызметкері Мұхтар Толағанов жыл бойы тынымсыз жұмыс істейтінін айтады.

– Біздің байқағанымыз, қолға ұсталған иттер көп. Олар күшіктегесін кісі талаудан тайынбайды. Қожайынына байлап қоюды ескертеміз. Бірақ олардың кейбірі қолына иті тиген соң, қайтадан босатып жібереді. Егер тұрғындар ит-мысығына жанашырлық танытса, тәртіп реттелетін еді. Ал мысық аулау қиындау. Көпқабатты үйлердің жертөлелерінде емін-еркін жүреді. Тұрғындар үйлердің ашық-тесік орындарын бітеуі қажет. Әйтпесе, көзін жоя алмаймыз, - дейді ол.

Сала мамандарының айтуынша, кейбір қалалықтар «Тып-тыныш жүрген итте нелерің бар» деп ит аулаушылардың жұмыстарына кедергі келтіретін көрінеді. Ал онымен айналысатын мамандар көшеде бос жүрген салпаңқұлақтың иесі бар-жоғын қайдан біледі? Өкініштісі, жеті қазынаға кіретін ит қазір адамға дос болмай тұр.

Осы ретте Абай хакімнің «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақылы ойға оралады. Ит-мысықтан зардап шеккен адамдардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. Мыңдаған бұралқы ит, мысықтың көзі жойылды деген жалаң цифр, санмен ғана сөйлейтін статистикаға сүйеніп, мәселені тек сонымен түйіндеудің жөні жоқ сияқты. Жабайы хайуандармен күресті заңмен мықтап шегелеп, нақты шарамен қолға алу керек. Себебі оның артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр...

Қараусыз ит, қаңғыбас мысық көрсеңіз, 45 05 05, 8 702 007 80 89, 8 701 231 14 95 нөмірлеріне хабарласыңыз.

Последнее изменение Пятница, 17 Январь 2020 04:33
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.