Ардагерлерге – құрмет Избранное

Пятница, 21 Февраль 2020 03:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3448 раз

Ардагерлерге ізет – тарихқа құрмет. «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының басшылығы осынау ұстаныммен кәсіпорында еңбек ететін ардагерлер-жауынгерлерге құрмет көрсетіп келеді.

ШНОС

1989 жылдың 15 ақпаны күні Ауғанстан жерінен бұрынғы Кеңес одағының соңғы әскери қызметкері шыққан болатын. Осылайша ондаған жылға созылып, 15 мың жауынгер мен офицердің өмірін қиған қарулы қақтығыс аяқталды.

– «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күніне орай жыл сайын ардагер-жауынгерлерді құттықтау шараларын жыл сайын өткізіп келеді. Кәсіпорын басшылығы тарапынан ұжымдық шартқа сәйкес әр ардагер-жауынгерлерге даталы күнге орай 35 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы мен 3 күн демалыс беріледі. Сондай-ақ, ардагерлерге зауыт есебінен шипажайларға тегін жолдамалар беріп тұрамыз, - дейді «ПКОП» ЖШС мемлекетттік орган және қоғаммен байланыс қызметінің бастығы Сұлтан Абдіқадыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытында бүгінгі таңда ауған соғысының 13 ардагері еңбек етіп келеді. Кәсіпорындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыбек Қалдыкөзовтың айтуынша, 80-жылдардың соңында зауытта Ауғанстан және басқа да жергілікті соғысқа қатысқан 40 ардагер жұмыс істеген. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын азайып келеді.

– Бірқатар қаруластарымыз келмес сапарға аттанып кетті, енді бірі ауыр науқастанған. Осы орайда біздің ерлігімізді ұмытпай, жыл сайын дастархан жайып, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын компания басшылығына алғыс айтамыз. Ал қаруластарыма зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін, - дейді Бақтыбек Әбдіманапұлы.

Айта кетейік, мұнай өңдеу зауытында осынау даталы күн 20 жылдан бері атап өтіліп келеді. Жыл сайын кәсіпорын басшылығы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай мерекелік дастархан жайып, ардагер-қызметкерлерге сыйақы береді. Ал бұл күнде жігіт ағасы жасына жеткен жауынгерлер қаза тапқан қаруластарын еске алып, Абай саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қояды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.