Алғыс айту – бауырмашылдықтың бастауы, достықтың дәнекері Избранное

Пятница, 28 Февраль 2020 03:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 139 раз

Шұғылалы көктемнің алғашқы жылы лебімен елімізде Алғыс айту күні мерекесі жалпыхалықтық сипатта аталып өтіледі. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен дүниеге келген бұл мереке тұңғыш рет 2016 жылы өткізілді.

313131

Ортақ тарихымыздың символына айналған Алғыс айту күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні болып айшықталды.
Киелі қазақ жері миллиондаған тағдырларды тоғыстырды, пана болды. Бауырмашыл қазақ халқы тоталитарлық саясаттың салқынын сезген талай жанға қайырымдылығы мен кеңпейілдігін, даналығы мен қонақжайлығын көрсетті.

Қазақ халқы паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай ұлттың өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты. Азаматтардың ұлты мен тегіне қарамай өзара араласуы, бейбіт күн кешуі, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы үшін қазақстандық этнос өкілдері қазақ халқына деген ыстық ілтипаты ретінде алғыстарын білдіреді.

Мереке аясындағы іс-шаралар патриотизм, абырой, әділдік, құрмет, ізгілік, бауырмашылдық сынды асыл қасиеттерді дәріптейді. Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, мұғалімдерімізге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз.

Мызғымас достықтың іргесін бекемдеуге қызмет ететін Алғыс айту мерекесінің 1 наурызда белгіленуінің астарында үлкен мән бар. Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі 1995 жылдың 1 наурызында қаланды. Қыс қаһары қайтып, тіршілік атаулыға жан бітіретін жылымық кезеңнің орнығуымен астасып жатқан бұл мереке адамдар арасында да өзара сыйластық орнықтыруға септеседі. Адамдар арасындағы жылы шырай алдымен сәлемдесуден басталса, сенім мен бауырмашылдық – рахмет айтудан басталады.

Қазақта «Алғыс алған арымас», «Алғыс – ел сыйы», «Алғыс арқалаған азбайды», «Ұзақ жасаймын десең – алғыс ал», «Алғысқа жеткен - елеулі», «Көп алғысы - көгертер» дейтін даналық сөздер жетерлік. Жақсылықтың қайтарымы ретінде де, жақсы ниеттің бастаушысы ретінде де алғыс адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жетілдіреді, береке-бірлігін арттырады.

Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы, бүгінде миллионнан астам тұрғынды бауырына басқан Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясы қанаты астында 17 этномәдени бірлестік қызмет етеді.

Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарын орнықтыру арқылы қазақстандық қоғамның мәдени әралуандығын қамтамасыз ету, этнос өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыру, этносаралық келісімнің қазақстандық моделін ілгерілету бағытында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан былтырғы жылдың жүзінде барлығы 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.

Былтырғы Алғыс айту мерекесі қарсаңында мерекелік апталық бастау алып, мерекелік әрбір күн – қайырымдылық, тазалық, көршіге ізет, ұстазға құрмет, тарихқа тағзым, ықылас, ұрпақтар сабақтастығы және Алғыс айту күндері болып белгіленді. Апта бойы қаланың барлық аудандарында өткен іс-шараларға барлығы 200 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Көршіге ізет күні аясында өзбек этносының өкілдері Тоғыс, Маятас, Бадам, Қарабастау, Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе тұрғын алаптарының ардагерлері мен белсенділері арнайы шақырып, құрмет көрсетті.

Қалалық ассамлеяның бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралар жоспары «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасымен толықты. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқан бұл жоба қазақ халқының мәдениеті мен руханиятын, дәстүрі мен ұлттық танымын халық арасында кеңінен танытуды көздейді.

Ассамблеяға жүктелген негізгі міндеттердің бірі – халық арасында мақсатты кездесулер өткізіп, мемлекеттік саясат пен қабылданған саяси шешімдерді түсіндіру және ілгерілету. Бұл бағытта қалалық ассамблея жанынан ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, оның мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын шағынаудандар мен тұрғыналаптарда 47 кездесу өткізді. Топ мүшелері Абай, Қаратау, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары мен Абай ауданына қарасты Қатын көпір, Қызылжар, Тельман, Самал-3, Сайрам шағынаудандары тұрғындарымен кездесулер өткізіп, аумақтардағы өзекті мәселелерді саралады.

Биылғы жылы қалалық ассамблеяның ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері қаланың шет аумақтарында орналасқан 20-дан астам шағынаудандары мен тұрғын алаптарында кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауды, оларды шешу бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар беруді қолға алды.
Аналар кеңестерінің отырыстарында өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өзекті мәселелер, неке бұзу үдерістерінің санын азайту, жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, туыстық неке фактілерін болдырмау мәселелері талқыланып, 100-ден астам кездесу ұйымдастырылды.

Қоғамда қайырымдылықты үйлестіру мәселесі де ассамблея атқаратын жұмыстардың бірі. Бұл бағытта қайырымдылық іс-шаралары күнтізбесіне сәйкес «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік», «Жылу», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» қайырымдылық акциялары өткізілді. Көрсетілген көмектің көлемі 17,5 млн теңгені құрады. «Мектепке жол» республикалық акциясы шеңберінде Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктерімен «Жылу» қайырымдылық акциясы өткізіліп, тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 140 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары берілді.

Арыстағы оқиғаға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырмасымен Шымкент қалалық және Түркістан облыстық ассамблеяларының бірлескен штабы құрылды. Қалалық және облыстық ассамблея мүшелері қаладағы эвакуациялық бекеттерге азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек жеткізіп, зардап шеккен азаматтарға ыстық тамақ ұйымдастырды, үйлерді қалпына келтіруге құрылыс материалдарын жеткізді. Бұл жұмыстарға еліміздің өзге өңірлеріндегі ассамблея мүшелері де үлес қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан арыстықтарға көрсетілген көмектің жалпы құны 100 млн теңгеден асты.

Медиация институтын дамыту ісі де ассамблеяға жүктелген маңызды жұмыс бағыттарының бірі. Қала аумағында 4 кәсіби, 51 кәсіби емес медиатор (қоғамдық медиатор) тіркеуге алынған. Дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуде медиацияны дамытуға жауапты қалалық 6 құрылыммен (қалалық ҚХА, қалалық сот, қалалық әділет департаменті, қалалық «Кәсіподақтар орталығы», қалалық адвокаттар алқасы, қалалық нотариалдық палата) әріптестік меморандум түзілді.
Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты Шымқала тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, кемелденуіне еңбегін сарқа жұмсап, ел алғысына кенеле беретініне сенімдемін.

М.ҚАЛМҰРАТОВ,
Шымкент қалалық
Қазақстан халқы Ассамблеясы
төрағасының орынбасары,
хатшылық меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.