МҮГЕДЕКТІКТІ ҚАЙТА КУӘЛАНДЫРУ МЕРЗІМІ АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ҰЗАРТЫЛАДЫ Избранное

Пятница, 10 Апрель 2020 04:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2056 раз

Шымкент қаласында енгізілген карантинге байланысты көптеген мекемелер қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшкені белгілі. Осындай мекеменің бірі – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті. Біз департамент басшысының орынбасары Төрехан Даутовтан төтенше жағдайда қашықтан жұмыс істеу тәртібі мен мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі туралы айтып беруін сұраған едік.

— Соңғы айлардағы төтенше жағдай мен карантиннің кесірінен тұрғындар үйлерінде оқшауланған. Барлық мекеме қашықтан жұмыс істеуге көшті. Қазір мемлекеттік қызметтердің біразын электронды үкімет порталы арқылы алуға болады. Ол үшін жеке тұлғаның электронды-цифрлық қолтаңбасы қажет. Біздің департамент те қашықтан жұмыс істеуге көшті. Оның ішінде мүгедектікті куәландыру және еңбек қабілетінен айрылу дәрежесін анықтау қызметін алу барысында өтініш беруші медициналық-сараптама бөліміне бармай, үйде отырып, электрондық портал арқылы өтініш жібере алады. Жолданған өтініштер қаралып, қызметтер сырттай көрсетіліп, жауап электрондық порталдағы жеке кабинетіңізге жолданады. Сондай-ақ, мүгедектікті қайта куәландыру мерзімі де автоматты түрде созылатынын ескертеміз, — деді Төрехан Бекболатұлы.
Оның айтуынша, мүгедектікті қайта куәландыратын мерзім төтенше жағдай жарияланардан 1 ай бұрын немесе төтенше жағдай кезінде келген болса, қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай аяқталғанша автоматты түрде ұзартылады. Демек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қайта куәландыру мерзімі аяқталғанына қарамастан өздеріне тиесілі жәрдемақысын ала алады.
Департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары электрондық өтінішті қалай жолдау керектігін де түсіндірді. «Өтініш беруші мүгедектікті куәландыру үшін (егер алғаш рет комиссия қызметіне жүгініп отырса) толтырылған №088 үлгісіндегі жолдама мен өтінішін сканерлеп немесе фотоға түсіріп алып, соны egov порталындағы «электрондық өтініштер» бөліміне енгізуі қажет. Сосын электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қол қойып, тізімнен департаментті таңдап, соған жібереді. Осы жерде мұқият болыңыз, өтінішіңіз басқа өңірге кетіп қалып жүрмесін. Кейін өтінішіңізге сырттай шешім қабылданып, қайтадан сізге egov порталы арқылы жауап беріледі. Сосын еGov порталына кіріп, жеке кабинетіңізді қарасаңыз болғаны, — деді Т.Даутов.
Жауапты басшысының айтуынша, соңғы уақытта тұрғындардың зейнетақы мөлшеріне қатысты көп хабарласатынын жеткізді.
— Еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 10 пайызға индексацияланатынын айтты. Осыны халық қазіргі зейнетақылары 10 пайызға өседі екен деп түсініп жатыр. Осыны сұрап көп адам хабарласып жатыр.
«2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты биыл 1 сәуірден бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсетін болады. Нақты айтсақ, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 2019 жылдың желтоқсан айындағыға қарағанда 10 пайызға көбейеді. Жыл басында 5 пайыз өскенін ескерсек, сәуір айынан бастап тағы 10 пайызға көбейеді. Атап айтсақ, зейнетақы 5 пайызға, жәрдемақы мен базалық зейнетақы айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасының өзгеруіне байланысты өсетінін ескерткім келеді. Қайта есептеулердің барлығы автоматты түрде есептелді. Қазіргі таңда қала бойынша сәуір айындағы зейнетақы беріліп болды. Ал, өсім 1 сәуірден бастап қарастырылған. Бұл мамырдағы зейнетақымен қосып берілетін болады, — деді Төрехан
Бекболатұлы.
Айта кетейік, Қазақстанда 700 мың адам мүгедектігіне байланысты мемлекеттік жәрдемақы алады.

 

А. САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.