АУЫЗАШАРДА ҮЙГЕ ЖЕТКІЗУ ҚЫЗМЕТІН ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ Избранное

Среда, 22 Апрель 2020 02:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2165 раз

Ораза дұғалары 5684

Ал, пітір садақаны онлайн беруге болады

Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Azattyq Rýhy порталының «Азат алаң» бағдарламасына сұхбат берді. Наурызбай қажы Тағанұлы сұхбатында карантин кезінде пітір садақаны қалай төлеуге болатынына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бас мүфти, сонымен қатар, биылғы Рамазан айында кейбір діни жоралғылардың орындалмайтынын, яғни тарауық намазы әдеттегідей жамағатпен оқылмайтынын, көпшілік үшін аузашар берілмейтінін түсіндіріп өтті.

— Ислам діні адамның амандығын, азаматтардың денсаулығын қорғауды бәрінен маңызды деп санайды. Сондықтан, өкінішке қарай, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Рамазан айындағы құлшылық амалдарын орындауда бірқатар шектеулер енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Мәселен, биыл пітір садақасы тек онлайн түрде төленеді. Ол үшін біз Каспи банкпен келісім-шарт жасадық. Рамазан басталған күні осы банктің мобилді қосымшасында арнайы баған пайда болады. Сол қызметті пайдалана отырып әрбір азамат өзі тұратын өңірдің орталық мешіті ашқан есепшотқа пітір садақасын аударады. Биыл пітір садақаның мөлшері – отбасының әрбір мүшесіне 370 теңге, – деді Бас мүфти.
Оның айтуынша, ынсап мөлшерінде дүниесі бар, яғни қазіргі өлшеммен алғанда күнделікті қажеттілігінен артылған 127 мың теңгесі бар адамға отбасының әрбір мүшесіне арнап пітір садақа беру – уәжіп амал.
— Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың «Кімде кім Рамазан айында ораза тұтқан адамды ауыз ашар кезінде тамақтандырса, оның бұған дейінгі күнәлары кешіріліп, өзі жұмаққа кіргізіледі» дейтін хадисі бар. Сонда сахабалары «Уа, Расулалла, біздің оған шамамыз келмесе ше» деп сұрағанда Алла елшісі «Ауыз ашқан адамға бір құрма, бір жұтым сүт немесе су берген адамға да сол сауап жазылады» деген. Яғни, басты мақсат — ауыз бекіткен адамды тамақтандыру, ол үшін бір жерге жиналып, бірге отыру немесе мол дастархан жаю міндетті емес. Қазіргі жағдайға байланысты үйде ауызашар өткізуге болмайды. Сондай-ақ, жылдағыдай мейрамханалар мен дәмханаларда, мешіттердің жанында ауызашар ұйымдастыруға тыйым салынып отыр. Есесіне, қазір қоғамдық тамақтандыру орындары үйге дейін жеткізу қызметін көрсетуде, – деді Бас мүфти.
Оның айтуынша, Сіз таныстарыңызға ауызашар беріп, сауапқа кенелгіңіз келсе, оларға телефон арқылы «Мен осы күні Сізге ауызашар беремін. Тағамдар Сіздің үйіңізге жеткізіліп беріледі. Басқа тағам әзірлемеңіз» деп алдын ала ескертесіз. Содан кейін мейрамханаға телефон арқылы хабарласып, өзіңіз әзірлеген тізімдегі адамдардың мекенжайын, жеткізіп беру уақытын және тағам түрлерін айтасыз да онлайн төлем жасайсыз. Осылайша өзіңіз үйден шықпайсыз, бірақ одан Алланың Сізге беретін сауабы ешқандай кемімейді.

 

628b8173-9426-42f0-bd0c-88f16d60b9d3


— Қазір мұқтаж жандар өте көп. Күнделікті табысын күн сайын жұмыс істеп тауып жүрген отбасылар қаншама болатын. Енді төтенше жағдайға байланысты сол отбасылардың барлығы табысынан айырылып қалды. Мемлекеттің беретін жәрдемақысы ол отбасының күнкөрісіне толық жете бермейтіні де шындық. Сондықтан мешіттерге телефон арқылы хабарлассаңыз Сізге осындай азаматтардың мәліметтерін береді. Ауызашар берейін деген ниетпен сол отбасыларға қаржылай немесе азық-түлік түрінде көмектессеңіз де болады, — деді
Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфтидің айтуынша, ең бастысы Алла разылығы үшін қайырымдылық жасайын деген ниеттің болуы. Сіз ол қайырымдылықты қандай жолмен және қандай формада жасасаңыз да Алла барлығын көріп, біліп тұр. Періштелер бұл жақсылығыңызды амал дәптеріңізге жазып қояды.
Сонымен қатар Бас мүфти тілшінің «Тарауих намазын онлайн түрде оқуға болмас па еді» деген сауалына орай «шариғатта оған рұқсат жоқ» екенін айтты.