ЕТІКШІНІ БАЛҒА МЕН БІЗІ АСЫРАЙДЫ

Среда, 18 Ноябрь 2020 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2051 раз

 DSC2435

немесе оны Санкт-Петербургтен арнайы іздеп келетіндер бар

Етікшіге адам еріккенінен бармайды ғой. Мен де сөйттім. Әжептеуір теңгеге алған етігім таза былғарыдан болғанымен, ішіндегі қаптама астарлы матасы синтетика аралас болып шықты. Аяққа ауа өткізбейді, қысады. Киіп көріп алғанмын. Шап-шақ секілді еді... Ойыма етікші Әлішер ағай орала кетті. Өз ісінің нағыз шебері. Ол кісіні танығалы 15 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында алдына қанша рет барғанымды санап бере алмаспын. Өзімнің де, бала-шағаның да аяқкиімін жөндетуге тек осы шеберге ғана келемін.

...Аяқкиім шеберіне келген бейтаныс бойжеткен етігі балтырын қысатынын айтып, оны етікшіге ұсынып жатты.
–Тастап кетіңіз, тапсырыс көбейіп тұр...
–Тастай алмаймын, кешке пойызға мінуім керек. Бұл жаққа апайымдікіне қонаққа келгенмін. Мен Питерде тұрамын ғой.
–Қай жақта?
Әлішер ағай екеуміздің даусымыз қосарлана шықты.
–Санкт-Петербургте. Шымкентте тұратын анамды былтыр қолыма көшіріп алдым. Сол кісі қоймады. «Ақыры Шымкентке бара жатырсың, Әлішер деген шебер бар. Мына етікті соған апар, сол ғана көңілдегідей жөндеп береді» деп.
–Питерлеріңізде етікші жоқ па?
Бейтаныс бойжеткенге әлі де тандана қарап тұрмын.
–Бар ғой, апардым бірнешеуіне. Бәрі де «одан да жаңасын сатып ала салыңыз» дейді. Етігім онша ескі емес, тек қонышының тарлығы болмаса...
Әлішер ағай өзге тапсырыстарын тастай сала, алыстан келген қонақ қыздың өтінішін орындауға кірісіп кетті.
Етікші Әлішер Хаджиметов Шымкентте туып-өскен. Қаладағы Ұлықбек атындағы мектепті бітірген. Әскерге барғанша дүкенде сатушының көмекшісі болып еңбек етіпті. Сосын, армияға кеткен. Отан алдындағы борышын өтеп оралғанда «Заря» аяқкиім фабрикасына жұмысшы қабылдап жатқанын естиді. Бұл кез фабриканың аты дүрілдеп тұрған шақ. Аяқкиім өндірісіндегі нағыз шеберлердің мектебінен өткен Әлішер аға ерлер аяқкиімін тігу цехында алдымен үйренуші болып жүріп, ақырында осы цехтың белді қызметшісіне айналады. Тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық тоқырау тұсында «Заря» фабрикасы да жабылған еді. Әлішер сынды талай шебер өз күнін өзі көруге ұмтылған кезең. Кәсібін ауыстырып, басқа саладан нәпақа тауып кеткендер де аз емес. Бірақ, Әлішер Октамұлы аяқкиім тігуден ажырағысы келмеді. Нәсібін осы кәсіптен айыруды мақсат тұтқан ол бастапқыда өзгелердің иелігіндегі шеберханада жұмыс істеп жүрді. Уақыт өте келе шын шебердің ісіне тәнті болған клиенттер көбейді. Шеберханаға кіргендердің бәрі аяқкиімін тек Әлішерге сеніп тапсырып жүрді. Ойлана келе ол өз алдына шеберхана ашуды жөн көрді. Үйреншікті клиенттері жетерлік. Тек ерінбесе болғаны.
...Әлішер ағайдың шеберханасының табалдырығын аттай сала «Ой, Әлішер батыр, қалайсың?! Құда-жекжатыма асыққандай асығып жеттім ғой, саған ауылдан» деп даудырай сөйлеген қария етікшінің қолын қыса амандасып жатты.
–Мынаны "адам" етіп жөндеп берші...
Қария пакеттен тозып кеткен бәтеңкені шығарды. Тозғаны аздай бәтеңкенің бес батпан қатып қалған лайынан тұмсығы да көрінбейді.
–"Адам" ете алмаймын, бірақ киюге жарамды етіп берейін.
–Өй, сенің қолыңа тисе, «тіріліп» шығатынын білем ғой тамтығы қалмаған аяқкиімнің де...
–Ауылыңызға су келді ме? Әлішер ағай қарияға қулана езу тартты. Әзілінің астарын ұғып тұрмын. Ал қария сол самбырлаған қалпы:
–Келді ғой. Колхоздың суын ұмыттық. Колонканы таудың суына жалғады. Су өшпейді қазір, – деп қолын сермеп қойды.
–Еее, таудың суы мұздай болады ғой. Сол себептен екен дә мына бәтеңкенің лайын жуа алмай жүргеніңіз...
Мысқылын сыпайы әзілмен жеткізген етікшінің сөзінің астарын енді түсінген қария қарқылдап күліп жіберді.
–Балалар малға киеді. Сүйретіп әкеп тастай салады сосын... – деп ақталып қояды.
«Мал қораға киіп жүрген, әбден «сілесі қатқан» бәтеңкені қалай жөндемекші?» деп ойлап қоям. Тар туфлиімді кеңейтіп беруді өтініп келген кезім ғой. Әлішер ағай оның қалыпта бір-екі күн тұратынын айтқан соң кетіп қалғанмын. Алып кететін күні шеберханасына кіре сала өз туфлиімді сұраудан бұрын, «өткендегі атаның лай бәтеңкесін жөндедіңіз бе?» дедім.
–Иә, міне, келіп әкетуі керек еді, – деп қасында тұрған бәтеңкені көрсеткенде таң қалдым. Бес батпан лайдан тазарғаны былай тұрсын, өткендегі мыжырайған бәтеңкені басқа аяқкиімге ауыстырып қойғандай.
Таңданысымды байқады білем, Әлішер шебер «Ееее, ең бастысы ерінбеу керек қой. Ерінбесең бәрін де жасауға болады» деді. Рас-ау, ерінсе етікші болар ма?
Көзіме бір топылай оттай басылды. Менің әріптесімнің аяқкиіміне қатты ұқсайды екен. Өткенде ғана, «кеңейіп кетті, жүрсем салпылдап аяғымнан түсіп қала жаздайды» деп көрсеткені бар еді туфлиін. Дегенмен, мынаның алқымының бауы бар екен. Әлгіні айналдыра қарап, әріптес құрбымның туфлиіне қатты ұқсайтынын айтқаным сол, Әлішер ағай «сол, сонікі» деді жымиып. Қалайша? Оның мынадай ілмек бауы жоқ еді ғой?! «Аяғына салпылдап кең болғасын осылай ілмек бау жасап бердім. Енді түспейді». Міне,
нағыз өз кәсібінің шебері. Жоқтан бар жасап отыр.
Дәл осы кәсібімен Әлішер аға отбасын асырап келеді. Үш ұл, екі қызды үйлі баранды етіп, немере сүйіп, ата атанған.
–Менің күйеуімді бүкіл Шымкент таниды десем болады, – дейді келіншегі Мұхаддас апай мақтанышпен. – Себебі Әлішер әка ешкімге «мынауың жөндеуге келмейді» деп айтпайды ғой. Түкке алғысыз аяқкиімнің өзін кәдеге жаратып жасап береді.
Онысы рас. Шеберханасында неше түрлі аяқкиім бар. Жылдап жатқандары қаншама.
–Жөндеп қойсаңыз, неге әкетпейді?
–Ұмытып та кеткен шығар. Жарай ма, жарамай ма, көрерсің... деп екіұдай оймен әкеп тастағандары да бар арасында. Жөндеп қойғанымнан хабарсыз шығар. Бір күні іздеп кеп қала ма деп, жинап қоямын. Бір жыл емес, екі үш жылдан соң есіне түсіп, «туфлиімді тастап кеткен едім ғой» деп кеп тұратындар да бар, - дейді Әлішер ағай сабырлы қалпынан танбай.
Ол өзі туралы айтуға өте сараң адам. Суыртпақтап жүріп әзер сыр алғандайсың.
–Аяқкиіміне қарап иесін тануға болатын шығар, я? – деймін өте сабырлы етікшіні әңгімеге тартып.
–Мүмкін... Ұқыпты кисе бір аяқкиімді ұзақ киюге болады ғой. Көбісі аяқкиімге қытайдың жақпа майын сүйкейді. Қандай аяқкиім кремі болса да оны әбден теріге сіңдіріп щеткалау керек. Бір жағып жылтырата салған болмайды, жағылған кремді сіңдіріп әбден ысқыласа аяқкиім тозбайды. Әйтпесе, үсті үстіне жағылған май тоң болып, етіктің бетінде белдеу-белдеу сызық түсіп, сол аралықтан қиылып кетуі де ғажап емес.
Шын шеберден алар кеңес аз емес. «Көйлек-көншегіңізге қалай күтім жасасаңыз, аяқкиімді де солай жуып, сүртіп, кептіріп, майлап күтім жасап жүрген абзал» дейді етікші ағай.
Өз кәсібін жан тәнімен сүйетін етікші Әлішер Хаджиметовтың шеберлігіне тәнті болғандар оның Қырғы базарға қарсы беттегі шеберханасын жарты қаланы айналса да, іздеп тауып келеді. Бәлкім, «Етікшіні балға мен бізі асырайды» дегеніміз осы шығар...