Көктайғақтың кесірі...

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 386 раз

 DSC1210

Шымкентте жауған қардан кейін қала іші айнадай көктайғаққа айналды. Көпшілікті бірнеше күннен бері құбылмалы ауа райы әбігерге салды. Жылынған күннің қабағынан ақ ұлпа езіле еріп, артынша ызғар танытқан суықтан жол бойы қатқақ мұз құрсанып шыға келді. Сол сол екен, көпқабатты үйлердің аулалары мен жүргіншілер жолын сірескен көкмұз басты.

Көктайғақ салдарынан оқыстан құлап, жарақат алғандар азаймай тұр. Апта басынан бері тек бір ғана қалалық №1 клиникалық аурухананың жарақат бөліміне көмек сұрап келгендердің қатары жиілей түсуде. Соңғы үш күнде мұнда түрлі жарақатпен 52 адам түскен. Табиғи құбылыс салдарынан қалада көлік апаты да жиілеген. Медицина мамандары ауа райының қолайсыздығынан денсаулығына зақым келгендер саны әлі де көбеюі мүмкін екенін айтады.
–Аурухана, емханаларға медициналық көмекке жүгінушілердің көбінің аяқ, қол, иық, жамбас сүйектері сынған. Жағдайы ауыр 26 адамға ота жасалды. Мертіккендердің дені 40-70 жас аралығындағы кісілер, – дейді дәрігер-травматолог Мақсат Елікбаев.
Биыл Шымқалада жауын-шашын мөлшері қалыпты шамада болғанымен, өткен жылмен салыстырғанда көктайғақтан зардап шеккендер көп. Мұзға тайып құлағандардың 20 пайызының денсаулығы ауыр жағдайда.
Содан болар, шымкенттіктердің коммуналдық шаруашылық бөліміне айтатын шағымы көп. Қала көшелері қардан тазартылғанымен, жаяу жүргіншілер жолы назардан тыс қалған. Әлі де мұздан аршылмаған аяқ жолдар мен аялдамалар бар. Ал қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын алға тартады. Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дәурен Сыдықұлының айтуынша, Қонаев, Абай даңғылдары мен Байтұрсынов, Бәйтереков, Бейбітшілік, Қалдаяқов, Асқаров көшелері, яғни бас-аяғы 299 көше қардан тазартылған. 32 бағытқа 187 арнайы техника қолданылып, 600 жұмысшы тартылған. Автокөлік жолы мен аяқ жолдарға құм, орталық көшелерге тұз ерітінділері себілген.
Аталған басқарманың мәлімдеуінше, көпқабатты үйлердің ішкі аулалары мен аяқ жолдарында мұндай жұмысты жергілікті әкімдіктер жүзеге асырады. Ол үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінген. «Солай екен, қаладағы төрт ауданның әкімдіктері қайда қарап отыр? Тротуарлар қашан мұздан аршылады? » деген сауал туындайды.
Синоптиктер алдағы аптада да жауын-шашын мөлшері көп түсетінін хабарлады. Тағы да құбылмалы ауа райы сақталатынын ескертіп отыр. Ондай жағдайда қала көшелеріндегі мұз қабаты қайта қалыңдап, табан асты тайғақ айдынға айналатын сияқты. Жаңа жыл қарсаңында жазым болушылар қатары көбейіп жүрмесін. Жолды мұз, қардан аршитын тиісті сала басшыларының құлағына алтын сырға...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.