Тәрбиенiң көзi – Абайдың «Махшарында»

Четверг, 14 Август 2014 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5524 раз

Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген өлеңін көкірек көзімен оқымасаңыз көп нәрсені аңғара алмауыңыз хақ. Бұл өлеңінде адамзатты екі бөліп қарайды, бірі табиғат мүшесі, екіншісі ақыл-ойдың мекені адам. Екеуі бірге өмір сүргенімен бұл дүниеден мәңгілікке кетерде айырылысады. Табиғаттың мүшесі дене (тән) жерге, ақыл-ой (жан) көкте өз орындарын табады деп келеді де «Әддүния мәзрәгәтул - ахирет дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол» (38-қара сөз) деп, адам баласы пенде екенін ескеріп, «Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей» деген ұлы ақын:
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,
Иманын түгел деуге аузым бармас. – деп, екеуі бірге жүргенімен ақыретте «бірдей болмасы» адалдық пен арсыздықтың ара жігі ашылар түсті «...ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды...» (34-қара сөз) дейтін ақын адам баласын сенімі мен іс-әрекетінің тең болмайтындығын «...еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды» (34-қара-сөз) деген ақын, өлең жолдарында да, ғақлиясында да ой сабақтастығы «Екеуі тап бірдей орныға алмас» дегенмен бітеді. О дүниелік болғанның бәрі бірдей жәннәті емес екендігін жұмақ пен дозақтың арасы әрбір адамның тірілігінде істеген әрекетіне қарай бөліп екеуінің де «Иманын түгел деуге аузым бармас» деп, түйіндеп отыр.
Абай «ақирет» және «ахирет» деп қолданған арабтың әл-ахира (соңы, ақыры) сөздеріндегі фәни (әл-фана) біткен өмірден бақиға (әл-бака) яғни мәңгілік өмірге жол тартуын сүннеттер – «махшар» (топталу, жиылатын орын). Шиалар - «миъад» (қайта тірілу, қайтып баратын жер, арғы дүние) деп айтады. Қияметті күн ақырет сөздері махшар деп те айтылады, ол Алла алдында сұрақ етілетін күн деген түсінікке ие. Махшарда о дүниелік болғандардың қайта тіріліп, олардың күнәларын тексеретін орын екенін Абай 35-қара сөзінде: «Махшарға барғанда Құдай Тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді» – деп, тіршілікте жасаған жақсылығың мен жамандығың о дүниеде сұрауы бар екенін ұмытпауға шақырады.
Тіршілік, тірлік, өмір, ғұмыр сөздерінің қарама-қарсы мағыналарын, дүниенің таусылуы туралы діни түсінікпен береді. Әділдік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық сұрақ-жауап арқылы таразыға түсетін күн, күнәлардың өлшенуі, жұмаққа баратындарды бір бөлек, тозаққа баратындарды бір бөлек жинап жіберетін ақыреттегі майдан. Бұл өмірде «...екі нәрсе кез болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса,бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай...» (34-қара сөз) бір күндігін ғана ойға салатын, осы жарық дүниеде бар мүмкіндігін пайдаланып, өз пайдасы үшін ештеңеден тайынбай барынша сергелдең өмірдің жетегінде иманын ұмытып тән қалауымен жүргендер бүгінде аз емес. Мәңгілік өмір әлі алда екенін ұмытқандарға Құранның Хашыр сүресі 3-аяты: «...Олар үшін ақыретте тозақ азабы бар» – деп, ескерту жасайды.
Көпті көрген Абай «тәффаккару фиәли иллаһи» деген Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисін келтіре отырып, нақ осы тәсіл бойынша айналадағыларды түбінде ақыреттің бар екенін оңай түсіндірмек болып 38-қара сөзінде: «Адам баласынан махшарда сұрау алатын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар» дейді. Адам жүрегі неден жаралы болады, жүректегі «махаббат ғадауатпен» не үшін «майдандасады»? Жүректің жауы қиянат, ол мәңгі әділет үшін күресіп өтеді. Себебі, қай жерде әділет жоқ болса, сонда махаббат та жоқ. Ұлы Абайдың танымында әрбір пенде жарық дүниеде жүріп-ақ ақыретті көруге болады екен. Жаратушы Ыра пендесін «махаббатпен жаратыпты» енді оны «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» (Абай) сонда ғана саған ақырет жүрек көзімен көрінеді. «Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес» (34-қара сөз) – деп кесіп айтады «ақылға нұр беретін» құдіретті исламның иманынан іздер болсақ Алланың 8 сипаты тіршілік көзі екенін ұмытпаған әрбір жан махшардағы сынақтардан мүдірмей өтетініне куәлік береді.
Махшардағы ең ауыр сынақ «сырат көпірі» ол қазақтың ұғымында «қыл көпір» деген ұғыммен белгілі. Әрбір адамның бұл фәниде істеген қылмысы көп болса қыл көпірдің астында құрт-құмырсқадан бастап мыңдаған құбыжық саған қарай аузын ашып сенің түсуіңді күтіп тұрады. Құрани Кәрімде сырат көпірінің астында тамұқ оты күйдіріп кінәлілердің азап шегетіні айтылады. «...кімде-кім жамандық пен күнәға батса, міне солар тозақтықтар. Олар сол жерде мәңгі қалады» (Бақара сүресі, 81-аят).
Негізінде ақыретте уақыт, мезгіл деген нәрсе жоқ, сырат көпірінен өтерде әр мұсылманнан иман, намаз, ораза, қажылық, зекет, ғұсыл және құл ақысы деген 7 сұрақ сұралады. Бұларға жауап берген адам жұмаққа кіреді. Мұны Абай өз хәлінше «...күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (15-қара сөз) деп, есептің де нәтижесінің сапалылығына мән беруді қадағалайды. Біз жоғарыда айтқандай ақыреттегі сұрақ-жауаптан мүдірмей өтудің тура жолы деп о дүниеге дайындық «өзіңнен өзің есеп алудың» тәсілін ұсынады. Қазақтың айтатындай қамшының сабындай өте қысқа ғұмырды, бұл дүние опасыз, жалған, мұсылманда әлем ахиреттің көлеңкесі ғана жалған дүние «Бес күндік өмірің бар ма жоқ па? Біріңе бірің қонақ екенсің» (34-қара сөз) деп сыйластықтан артық ешнәрсе жоқтығына аса басымдық берген.

Сейдалы ОРАЗАЛИЕВ,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Абайтану ғылыми-оқу орталығының
доценті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.