Қай үйдің ауласы ұқыпты?

Пятница, 15 Август 2014 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5089 раз

     Шымкенттің  келбеті тек сәнді  де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан шаһардың ажары оның тазалығына да байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған  қаласына деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын  қажет етеді. Қала күніне орай Шымкент қаласы әкімдігінің және ОҚО «Альянс қауымдастығының» ұйымдастыруымен жарияланған  «Таза ниетпен, таза қалаға» байқауына қатысуға ниет білдірушілер көп. Әсіресе Әл-Фараби, Абай, Еңбекші  аудандарының тұрғындары ұйымшылдықпен атсалысуда. Біз тазалықты жаны сүйетін, өз ауласын әсем гүлдермен көркейтіп, мұнтаздай  таза ұстауға тырысқан тұрғындардың аулаларын аралап көрдік. Байқауға  Әл-Фараби ауданынан  қатысуға 54 аула, 11 көшеден өтініш түскен.

Ауданға қарасты Ә. Молдағұлова көшесіндегі №10 үйдің ауласы алыстан-ақ көз тартады. Айнала мұнтаздай таза. Сырттан келген кісі ауланың иесі бар екенін бірден сезеді. Біз көрікті ауланы көріп, шексіз риза болдық. Құлпырған гүлдер, жасыл желекке көмкерілген көгал...Көргенде қайран қаласыз! Балаларға арналған шағын алаңқай да бар. Жаңа спорт алаңшасы да салыныпты. №10 үйдің тұрғыны Диля Фазылова ауланы жеті жылдан бері күтіп келеді. Жасы келіп қалса да еңбекпен айналысудан қол үзбеген. Әрине, 43 гүл түрін, ағаш көшеттерін баптап қарау оңай емес. Ал Диля үшін бұл таптырмас демалыс.
-Ағаш отырғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдыруды, жалпы тазалықты әркім өз отбасынан, табалдырығынан бастаса ғой. Қаладағы үйлердiң алды, аулалар мұнтаздай жарқырап жатса, келуші қонақтардың шаһарға деген құрметі артар еді,-дейді көше тұрғындары. Мұнан соң Түркістан көшесіндегі №3 үйге бет алдық.  Үй ауласы тап-тұнақтай жинақылығымен көзге бірден байқалды. Көкпен таласқан аққайыңдарды көргенде тіптен таңырқадық. «Шіркін, қаланың елеусіз жатқан үй аулалары да осындай таза болса» деп қиялға ерік бердік. Үй төрайымы Зүбайра Түргенбаева осындай тазалыққа ұқыпты көршілері Ольга Александровна мен Райса Николоевнаға ризашылығын білдірді.
-Олар ауламыздың таза болуы үшін күресіп келеді. Балалар алаңқайының бұзылмай, ұқыпты тұрғаны осы кісілердің арқасы,-дейді Зүбайра. Үлгілі аула қыш кірпішпен қоршалған. Сондықтан аулаға көліктер кіргізілмейді.
 Мұнан соң Еңбекші ауданына Теріскей мөлтекауданындағы №50 үйге  ат басын бұрдық. Еңбекші ауданы әкімі аппаратының бас маманы Пернебек Айтжанның айтуынша байқауға қатысуға аудан бойынша 60 өтініш келіп түскен. Аулаға енгеннен ертегілер әлеміне енгендей әсер алдық. Үй төрайымы Ғалия Артықова он саусағынан өнер тамған шебер болып шықты. Ол өзі тұратын ауланы ертегідей сәндеп қойыпты. Автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерін кәдеге жаратып, әртүрлі сырлы бояумен бояған. Сусындардың ыдыстарынан гүлдер, ағаш түбірлерінен ойыншықтар жасапты. Шаһарымыздағы шуақты аула осындай көркемдігімен ерекше баурап алды. Ғалияның тапқырлығына көршілері дән риза. Бұл ауланы өзге тұрғындар «ертегі аула» деп атайды екен. Үй төрайымының еңбегіне тәнті болған жұрт аула көркіне қатты қызығады. Ал Ғалия апай тазалық пен әдемілікті және еңбекқорлықты «нағыз адамға» тән мінез деп түсінеді. Үй төрайымының туған қалаға сүйіспеншілігі, өз ауласына жанашырлығы үлкен-кішіге үлгі тұтарлық өнеге деп білеміз.
Т. Рысқұлов көшесіндегі №7 үйдің ауласы да көпшілікті тазалығымен назар аудартады. Зейнеткер Мария Истекова есік алдындағы гүлдері мен көшеттерін  суарып жүр. Жердің нашарлығына қарамастан Мария апай аулаға күтім жасағаннан жалыққан емес.
- Біз осы жерге келгенде бұл жер мынандай көрікті болмаған. Шөп басып кеткен еді. Осы жерге гүл отырғыздық. Балаларымыз бен көршілерімізге үлгі болсын деп ағаш ектік. Сондай-ақ ауламыздың көрікті болуына Валия Падакованың еңбегі зор. Өзінің қолынан келмейтіні жоқ,-дейді Мария апай.
Қалада өз аулаларына көңіл бөліп, балалар алаңқайларын шашау шығармай күтіп ұстайтын  тұрғындар да жоқ емес. Әсіресе  Абай ауданы бойынша Гагарин көшесінің №18, 20, 24 үй тұрғындары тазалыққа келгенде өте ұқыпты. №20 үйдің төрайымы Жайдаркүл Жанұзақова көршілерінің белсенді әрі ұйымшыл екенін мақтанышпен атап өтті. Аяқ жолдар жөнделіп, жарықтандырылып, қоқыс контейнерлер қойылған.
Аулаларда бей-берекет қойылған көліктер де көрінбейді. 10 жылдан бері үй төрайымы болып келген Жайдаркүлдің тұрғындарға өкпесі жоқ.
Келесі бет алысымыз 3 шағынауданның  №6 үй ауласы болды. Таза аулада үлкен кісілер серуендеп, балалар ойнап жүр. Үй төрайымы Майсара Моминова бізбен тазалықтың сыры жайында ой бөлісті. Бұл ауланың тұрғындары бір үйдің балаларындай тату болып шықты. Тұрғындар «Алыстағы ағаныннан жаныңдағы көршің артық» деген аталы сөзді қағидаға айналдырыпты. Олар бір-бірінің сөзін жерге тастамайды. Анау неге жасамайды демейді. Қолы бос адам ауланы тазалап, ретке келтіріп жүреді. Үй төрайымының әңгімесінен тұрғындардың ауызбірлігін арттырып, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жан екенін ұқтық. Үй тұрғындары үшін ауланың көркейіп, жасыл желекке бөленуі ортақ қуаныш. Алайда үлгілі аулаларды аралап жүріп, қоқыс толы үй аулаларын да байқадық. Әлі де көпшіліктің тек үйінің тазалығымен шектелетініні біліп, қынжылдық. Жол жөнекей бара жатып, көлігінен қоқыс лақтырған жүргізушілерді де аңдадық. Десе де «Таза ниетпен, таза қалаға» байқауына қатысушы ынталы азаматтардың көптігіне ішіміз жылыды. Біз аулаларды аралап, тұрғындардың жақсы қырынан көрінуге тырысқанын байқап риза болдық. Олардың ауланың көркі мен сәні үшін күш-жігерін салып, жұмыс жасап жатқандары аңғарылып тұрды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.