Батырдың ғибратқа толы ғұмыры Избранное

Понедельник, 25 Август 2014 04:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6521 раз

«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деп қазекең қалай дәл тауып айтқан. Артында өшпес із қалдырған, ғұмыры ғибратқа толы тұлғаларды осылай әспеттеп жатамыз. Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың бақиға аттанғанына да қырық күн сырғып өтіпті. Жақсының аты өлмек емес. Елі үшін от кешкен Тоғанбай қарт өмірден өткенмен, көңілден кетпесі анық.

93 жасқа қараған шағында дүниеден озған Тоғанбай Қауымбайұлын облыс басшылығы қаладағы «Даңқ» мемориалы кешенінде соңғы сапарға шығарып салды. Содан бері қырық күн өтіпті. Арамызда жүрген жалғыз Кеңес Одағының батыры да мәңгілікке көз жұмды. Артында ел білер ерен еңбегі қалды. Қадірлі қартты елі іздейді.
Биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында ғана Батырдың отбасына бас сұғып қайтқанбыз. Мерекемен құттықтай барып, 66 жыл бірге отандасқан қосағы Шәрбану апа екеуінің хал-жағдайын білу үшін. Өмірлік қосағы жылы шыраймен қарсы алған-тын. Батырды соғыс салған жараның табы қинайтыны қынжылтатын. Сөйте тұра, Батырдың айтқан тілегін құлаққа құйдық.  «Батырдың тілегі» деп шағын мақала жазғанымыз да күні кеше.
Тоғанбай Қауымбайұлы 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келген. Кіші лейтенант курсында, Алматы заң мектебі мен кеңестік партия мектебінде білім алды.1942 жылдың 1 қаңтарында майданға шақырылып, 65-Армияға қарасты 69-атқыштар дивизиясының №237 полкiнiң құрамына түскен жас жауынгер Смоленск майданында соғысқа кiрiседi. 1943 жылы Днепр өзенінен өтіп, жау бекінісіне бірінші болып атой салғаны жауынгерлердің бірі Тоғанбай батыр болатын.
Днепр үшін шайқаста Т.Қауымбаев бастаған барлаушылар жау әскеріне тойтарыс беріп, алдыңғы шепті қырағылықпен қорғады. Осы ерлігі үшін Т.Қауымбайұлына 1943 жылғы 30 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.  Батылдығы мен қайсарлығы үшін «Қызыл Жұлдыз», «I  дәрежелі Отан соғысы», «Ленин» ордендерімен және бірнеше медалдармен марапатталған.
Мінеки, қылшылдаған он сегіз жасында майданға аттанған бозбала жиырма екі жасында Кеңес Одағының батыры атанады. Қазақтан шыққан тұңғыш  генерал Сабыр Рақымовпен майдандас әрі оның адъютанты да болған. Жазушы Нығмет Төлендиев Тоғанбай Қауымбаев пен Сабыр Рақымов туралы «Екі жұлдыз» атты деректі шығарма да жазды.
«Мен ол кезде 109-гвардиялық дивизияның командирi полковник Г.М.Левиннiң адъютанты едiм, – деп бастады әңгiмесiн Тоғанбай ақсақал. – Ең алғаш Сабыр Рахымовпен жер кепедегi штабта жолықтым. Жиналыс аяқталған соң, генерал: “Сiз қала тұрыңыз, – дедi маған қарап. Iле-шала: – Кеңес Одағының батыры атағын қай ұрыста алдыңыз?”– деп сұрады. Днепр үшiн шайқаста алғанымды айттым. Осы кездесуден кейiн генерал Рахымов менi өзiне жақын тартып, жолыққан сайын жағдайымды сұрап тұрды»,- деп те «Жас Алаш» газетінде (7 мамыр, жұма 2010) бұл туралы кеңірек айтылады.
1946 жылдың жазында соғыстан абыроймен қайтқан
Т. Қауымбаев 1947 жылы Шәрбану апамен көңіл жарастырады. Өнегелі отбасы төрт перзент тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Үш қыз, бір ұлдан  он немере, жиырма шөбере сүйді.
85 жасқа келген тыл ардагері Шәрбану әжей әзірге тың. Қимыл-қозғалысы ширақ. Үш қызының амандығын тілейді. Үлкен қызы Алтын  мұғалім. Ортаншысы Қызжан дәрігер болса,  кішісі Құндыз қаржыгер.
«Атаң аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Дұрыс сөйлейтін немесе үндемейтін. Қолдан келген жақсылығын аямаушы еді. Меймандос әрі мейірімді. Өмір бойы біреуге жамандық жасаған емес»,- деп еске алады
Шәрбану әжей. «Атаңнан айырылғалы бері өмір  қызықсыздай»-деп кемсеңдеп қалды кешегі күні үйіне бас сұққанымызда.
ТМД аумағындағы көзі тірі жалғыз Кеңес Одағының батыры Ұлы жеңістің жетпіс жылдығын көрсе деген тілекте едік бәріміз. Әттең, Құдай ол кісіге де жетпіс жылдықты көруді жазбапты. Шәрбану әжей де осыған мұңаяды.
Кіші қызы Құндыз да бүгіндері асқар тауын сағынышпен еске алды. «Әкеміз жақсы тәрбие берді. Оқытты. Артық сөз сөйлемейтін. Тек жақсылыққа, ізгілікке үндейтін», - дейді ол.
Келесі жылы Ұлы Жеңіске жетпіс жыл толады. Осындай қуанышты күнді елді жаудан қорғаған батырларымыздың көре алмайтындығы қынжылтады, әрине.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Т. Қауымбаевтың қырық күндік асы 22 тамыз күні 13.00-де «Алтын сарай» мейрамханасында өткізіледі.

Тағабай ҚАСЫМ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.