«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер»

Понедельник, 25 Август 2014 04:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4422 раз

Қазақ қашанда қазыналы қартын сыйлаған халық. Қай дәуірде болмасын «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп үлкендеріне құрмет көрсетіп, көне көздерін ардақ тұтқан. Шымкентте ұйымдастырылып жатқан «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» іс-шарасы ұрпақтар арасындағы сол сабақтастықты нығайтып, игі дәстүрді жалғастыруға бағытталған.

«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» шарасының басты мақсаты – туған елі үшін қандай да болсын қиындықты қасқайып тұрып қарсы алған, халқымыздың кешегі зиялы азаматтарына құрмет көрсету, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысып, Ұлы Жеңісті жақындатқан есіл ерлердің қайсарлығына тағзым ету.
Осы бағытта қазіргі таңда Шымкент шаһарына қарасты аудандарда жоғарыдағы атаумен мерекелік іс-шаралар өтті. Бұл шараға Еңбекші аудандық Ардагерлер кеңесі де еркше үлес қосты. Нәтижесінде аудандық сайыста қариялар арасында дәстүрлі ән айтатындар мен домбыраның күйін келтіретін күйшілер, жырдан шашу шашатын ақындар мен он саусағынан өнері тамған қолөнер шеберлері өз туындыларын жұртшылыққа паш етті.
– Ұлы Жеңістің келер жылғы 70 жылдығын жоғары деңгейде атап өту үшін қазіргі таңда түрлі іс-шаралар өтуде. Осыған орай Еңбекші ауданында да мерекелік шара ұйымдастырылды. Енді қалалық байқауға қызу дайындық жүргізіп жатырмыз, – дейді Еңбекші аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұпарбай Әсілұлы.
Бүгінгі таңда Еңбекші ауданында 22 400 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 70 – Ұлы Отан соғысының ардагері, 3200 – тыл ардагерлері, 8 – ҰОС ардагерлерінің жесірлері, 7 – ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер бар. Аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, бүгінде аудандық әкімдік пен Ардагерлер кеңесінің көмегімен әлеуметтік карта жасалынуда.  Бұл жұмыстар шеңберінде елге еңбегі сіңген ардагерлердің тұрғылықты мекен-жайы анықталып, әлеуметтік жағдайы, атқарған қызметі назарға алынады. Тиісінше келесі жылдың мамыр айында оларға арнайы марапаттар мен көмектер ұсынылмақ.
Айта кетейік, ауданда өткен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» шарасы қалалық деңгейдегі байқауға жалғасатын болады.

С. ТАСТАНБЕК.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.