×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қоғамдық көлiктер қайда асығады? Избранное

Пятница, 07 Ноябрь 2014 03:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6700 раз

Соңғы жылдары қоғамдық көлік мәдениетке, жолаушылар тасымалдау қызметіне қатысты жиі сын айтылып жүр. Жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы, қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын апатты жағдайлардың жиілеп кетуі осы сөзімізге дәлел.
Облыстық Ішкі істер департаментінің мамандары бұл ретте қала тұрғындары тарапынан қоғамдық көлік қызметіндегі тәртіпсіздікке қатысты сенім телефоны арқылы және хат түрінде толассыз шағым түсіп жататынын айтуда. Бұл бағытта, яғни жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көлік қызметі сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан іс аз емес. Дегенмен...

Биыл 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді

DSC 0730Өткен аптада орын алған оқиға да көп жайтты аңғартады. Шымкентте қоғамдық көліктердің қатысуымен жантүршігерлік оқиға орын алды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан №19 бағыттағы автобус жоғарғы "Отырар" аялдамасында тұрған екі бірдей автобусқа соғылып, салдарынан бір бойжеткен оқиға орнында қайтыс болды. Ауыр жарақат алған және бір қыз жедел ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жұлынына зақым келген. Аяқ қозғалысының қимылы да қиындаған. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі осы оқиғаға кінәлі деп табылған қоғамдық көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп отыр.

- Шын мәнінде, өзара «жарыс көрігін қыздырған» қоғамдық көлік қызметі көбіне жол-көлік оқиғасының тіркелуіне себеп болып жатады, - дейді облыстық Ішкі істер департаменті анықтау басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Панзабеков. - Нақты статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, қалада жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 24 көлік апаты тіркелген. Оның 19-ы тікелей осы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен орын алған. Нәтижесінде, 4 адам қаза тауып, 45 адам жарақат алып отыр.

Муниципалды автопарк қызметi: кiмдерге тиiмдi?

Бүгінде Шымкент қаласы аумағында 33 қоғамдық көлік компаниясы жолаушыларға 86 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. Орта есеппен алғанда, күнделікті 1000 автобус өз ауысымында қаланың әр қиырын шарлай жүріп, жолаушы тасымалдайды. Жер аумағы ұлғайған алып шаһардағы жолаушы тасымалдайтын көліктерді бақылауда ұстаудың қиынға соғатынын жасырмаған құзырлы мамандар кезіккен қиындықтарға қарамастан, жағдайдың жыл өткен сайын реттеліп келе жатқанын айтады.
- Қоғамдық көлік қызметін тиімді үйлестіру мақсатында қала әкімдігі тарапынан экологиялық тұрғыдан тиімді, «ЕУРО-2» стандартына сай келетiн муниципалды автопарк ашу жоспарланған болатын, - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев. – Бұл үшін тіпті, «Достық» мөлтекауданынан арнайы жер телімі белгіленіп, инвесторлармен екіжақты келісімдер жасала бастаған да еді. Тек, бәсекелестікті қорғау агенттігінің өңіраралық инспекциясы мамандары мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсылығын білдіруде. Олардың пікірінше, орталықтандырылған автопарк қызметі қаладағы қоғамдық көлік компанияларының жұмысын едәуір шектеп, өзара бәсекелестік ортаны бәсеңдетуі бек мүмкін көрінеді.
Айта кетейік, іске қосылған мұндай муниципалды автопарктер бүгінде Алматы және Өскемен қалаларында жүйелі қызмет атқарып келеді екен. Ендігі жерде, құзырлы орын қызметкерлері жұмысы жолға қойылған қалалардың бүгінгі ахуалын зерделей отырып, өз ұсыныс-жобасын бәсекелестікті қорғау агенттігіне қайта ұсынбақ ниетте. Орталықтандырылған осындай жүйе арқылы мамандар қоғамдық көліктердің жұмысын ширатуға, атап айтқанда, автобустардың тұрақты түрде жаңартылуын, сонымен қатар, белгіленген уақыт қашықтығын сақтауын және олардың экологиялық тұрғыдан тиімді биоотынмен қамтылуын ұдайы бақылауға алуға болатынын айтады. Қалай болғанда да, Шымкентте муниципалды автопарк ашу мәселесі – тек, алдағы күндердің еншісінде қалып тұр.

«GPS» бақылау құрылғысы орнатылады

Қала әкімінің тікелей тапсырмасымен, қаңтар айының алғашқы жұлдызынан бастап, қоғамдық көліктердің арнайы «GPS» бақылау құрылғысымен қамтылуы міндеттеліп отыр. Осы құрылғының көмегімен, бағыттағы әрбір көліктің қай тұста кетіп бара жатқанын, арақашықтықты қаншалықты сақтауын және олардың жүріс жылдамдығын толықтай монитор арқылы бақылауға болады. Яғни, осы монитор арқылы жүргізушінің қитұрқы әрекеттері байқалған жағдайда, ескерту шаралары қолданылмақ.
- Күні бүгінге дейін белгілі бір жазаға тартылған қоғамдық көлік жүргізушісі айыптаудан бас тартып, өзге компанияларға қызметін ауыстырып жатушы еді, - дейді Жарқын Мұстафинұлы. – Ендігі жерде, қалалық Ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен бірлесе отырып, айыпталған азаматтарды көлік жүргізу құқығынан айыруға, сондай-ақ, ешбір компанияға қызметін ауыстыруына жол бермеуге уағдаласып отырмыз. Айта кетейік, межелі жұмыстар бойынша қазірдің өзінде 750 қоғамдық көлікке «GPS» бақылау құрылғысы орнатылыпты. Жыл соңына дейін автобустардың барлығы бірдей осы құрылғымен қамтылмақ. Және бұл үшін қажетті қаражат жүргізушілердің өз есебінен жүргізілуде.

Экологиялық ахуал – басты назарда

Жыл басынан бері қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған рейдтік шаралар барысында экологиялық ахуалы сын көтермейтін 57 қоғамдық көлік анықталған. Оларға қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 2 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынып, 900 мың теңге көлемінде қаржы өндіріліп алынды. Осы көрсеткіштерді есепке ала отырып, сала мамандары көлік компанияларына автобустарды жүйелі түрде жаңартып отыруды ұсынуда. Және өзара келісімге келген компаниялармен екіжақты шарт уақыты біршама ұзартылмақ. Ал, күткен межеден көріне алмаған көлік компаниялары қызметін тоқтатар болса, одан келер еш қиындық жоқ. Себебі, бұл іске құлшына кірісуге ниет танытқан өзге де инвесторлар газбен жүретін су жаңа 200 автобусты бағытқа қоюға дайын. Демек, «жаңаруға» зор ықылас таныта қоймаған компания басшылары үшін қазірден бастап ойланбасқа амал жоқ.

«Тоқылдақтардың» жұмысына тоқтау бар

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жаңа жылдан күтер тағы бір «ережесі» - ұйымдастыру бекеттерінің, сонымен қатар, «тоқылдақтардың», яғни, секундомерлердің өз қызметін тоқтатуы болмақ. Ұйымдастыру бекеттеріне қажеттіліктің болмауы – мониторлық басқарумен тікелей байланысты екені мәлім. Ал, «секундомерлер» қызметі көбіне қоғамдық көлік жүргізушілерінің қозғалысына едәуір кері әсерін тигізіп отырғаны байқалады. Сонымен қатар, олар өз табысынан салық төлемейді. Сол себептен де, тиісті сала мамандары мен полиция қызметкерлері бірлесе отырып, олардың қызметіне шектеу қоймақ ниетте.
- Бағыттағы әрбір көлік өз жүрісінен жаңылмауы тиіс. Ал, «секундомерлерден» мәлімет алған жүргізушілер көбіне не алдындағы бәсекелесін басып озуға тырысады, не болмаса, аялдамада уақыт ұтуға бейілділік танытып жатады. Осының салдарынан, аялдамаларда кептеліс туындап, келесі бір автобустар жолдың екінші сызығынан тоқтауға мәжбүрлік танытып жататын. Енді бұл мәселеге нақты тоқтау салынатын болады, - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев.