Импорттық тауарлар қауiптi ме?

Пятница, 07 Ноябрь 2014 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5475 раз

Ел аумағына импортталатын тауарлардың жартысына жуығы қауіпті. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай деп дабыл қақты.

6546471– Кеден одағының техникалық регламенті туралы заң күшіне енген бір жылдың ішінде Қазақстанға келген сәйкестігі туралы сертификаттары жоқ тауарлар 46 пайызды құрап отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің елімізге келіп жатқан импорт тауарларының жартысы қауіпті деген сөз. Өйткені, ондай тауарды ешкім растамайды да, оған ешкім кепілдік бермейді де. Тіпті олардың қауіпсіздік нормасына жауап беретінін де ешкім дәлелдей алмайды. Ең ақыры ондай тауарларды рыноктан алып тастау да қиын шаруа болып отыр әрі бұған ешкім де жауапты болмайды, – дейді Азат Перуашев.
Қазақстан нарығының қауіпсіздігі қаперге алынбай импорттық тауарларға шектеу қою қиын. Халық тұтынатын өнімдерді техникалық реттеу мемлекеттік органдар тарапынан нақты қадағалануы тиіс. Бүгінде Ресей өз нарығына кіретін тауарларға бақылауды күшейтіп, өз рыногын қорғаштап отыр. Мұндай талап бізге де қажет. Тіпті техникалық регламентті бұзғандарға қылмыстық жаза қолдану да артық етпейді. Азат Перуашовтың айтпағы - осы.
– Мұндай тауарды әкелу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатындай ету қажет. Сонан соң айыппұл көлемін арттыру керек. Сондай-ақ, сәйкестікті растайтын басшылардың жеке жауапкершілігін енгізіп, жалған қорытынды берген сарапшыларды қылмыстық жауапқа тарту тетігін қарастырған жөн, – деді депутат.
Тұтынушы өнімдерін техникалық реттеу мәселелері талқыланған осы жиында тағы бір мәселенің басы қылтиды. Елімізге әкелінетін импорттық тауарлардың басым бөлігі санитарлық талапқа сай емес. Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Әлиакпар Матишев: «Биыл санитарлық-эпидемологиялық мониторинг барысында комитет зертханалары 80 мыңнан астам өнімдерді зерттеуден өткізсе, соның 2,5 пайызы немесе 2 мыңнан астамы талаптарға сай келмейтін болып шықты», – дейді.
Оның айтуынша, талапқа сай келмейтін тауарлардың басым үлесі - импорттық тауарлар. Мәселен, зертханалық талдаулар барысында сиыр бүйрегінен жасалды делінген паштеттен шошқа еті табылған. Ал сүт өнімдері мен ірімшіктердің майлылығы, ақуыздар массасы құрамына сай болмай шыққан. Сараптамалық жұмыстар нәтижесінде бас санитар-дәрігердің қаулысымен Ресейден әкелінетін құс еттерін, Австралиядан әкелінетін мұздатылған сиыр етін, Ресей мен Беларусь елдерінен және үшінші елдерден әкелінетін алкогольдік ішімдік өнімдерін, Украина мен Ресей ірімшіктерін, Латвия майшабақтары және Қытай ойыншықтарын әкелуге, сатуға тыйым салынған.
Ал, Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев «қауіпсіздік пен сапа талаптарына сай келмейтін 366 млн. теңгенің тауары сатылымнан алынды» деген дерек келтірді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында 830 тексерулер жасалса, соның жартысынан астамында заңбұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар заңбұзушылықтарға қатысты 67 млн. теңгеге айыппұл салынып, 366 млн. теңгенің тауарлары сатылымнан алыныпты.

К. ЕРАЛЫ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.