Шымкенттегі Әл Фараби ауданының іскер қыз-келіншектерінің алғашқы форумы өтті.

Аудан әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы құрамындағы іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған іс-шараға аудан әкімі Бауыржан Қалжанов, «Нұр Отан» партиясының Қаратау аудандық филиалының төрағасы Нұржан Ешенқұлов, қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Сұлтанова, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі Махаббат Қабираева, қалалық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова және өзге де іскер азаматшалар мен оқу орындарының жетекшілері, мұғалімдер қатысты.

biznes phorum

Қажыр-қайрат әйелге де жарасады

Әйелдердің қоғамдағы орны бұған дейін де сан мәрте айтылған, айтыла да бермек. Дегенмен, қазіргі заманда осы пікір басқаша айтылып жүр. Яғни, әйел – ана, әйел – жар, әйел – келін деген ұғымға енді әйел әрі кәсіпкер де бола алады дейді форумға жиналғандар. Мысалы, алғаш болып сөз алған депутат Төреайым Сұлтанова қыз-келіншектердің қазіргі таңда кәсіпке араласа бастауы таңғаларлық жайт емес екенін айтады. Фармацевтика ғылымдарының кандидаты тоқырау заманын да еске алып өтті. Нарық экономикасы енді ене бастаған шақта қолына дорбасын ұстап базарға аттанған әйелдер қазір ірі кәсіпкерлерге айналды дейді халық қалаулысы.

- Әрине, осылай екен деп нәзік жандылар өздерінің әйел болмысын жоғалтып алмады. Керісінше, ұлы мен қызына сабағын оқытып, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуімен қатар ерінің жағдайын жасап, қонағын күтуге де үлгеруде. «Қыздың жолы – жіңішке» деген атам қазақ әрқашан әйелді сыйлай білген. Ал біз, қыз-келіншектер, осы құрметтің астарындағы асқан жауапкершілікті сезінуіміз тиіс. Бастысы, ең бірінші орынға отбасын қоя отырып кәсіпкерлікті де қатар алып жүруіміз керек, - дейді Төрайым Жолдыбайқызы.

biznes phorum-2

Банктерден қолдау қомақты

Қазіргі таңда шағын бизнестің өзі қоғаммен астасып жатыр. Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де дамиды дейді жиналғандар. Оның үстіне қазір Елбасының өзі бас болып кәсіпкерлерге көңіл бөлуде. Ендеше, неге кәсіппен айналыспасқа? Шағын істен бастап үлкен корпорацияларды басқарып отырған қыз-келіншектер бар. Солардың барлығын басын бір жерге қосып, тәжірибе алмасу өте маңызды. Бұл жолғы форумды ұйымдастырушылардың да көздегені осы болатын. Сондықтан жиынға үй шаруасындағы ханымдардан бастап мұғалімдер мен мемлекеттік қызметтегі және компания басқарып жүрген азаматшалар шақырылған. Танымал бизнес-вумендер өз ісін ашқысы келетін әпке-сіңлілерімен тәжірибе бөлісті.

Қазіргі таңда кәсіпкерлерге жағдай жасалуда деп атап өттік. Оның ішінде мемлекеттік қолдаумен қатар түрлі қаржы ұйымдарының бағдарламалары да бар. Солардың бірі – Европалық қайта құру және даму банкі. Бұл халықаралық дәрежедегі қаржы институты негізінен ірі жобалармен жұмыс істейді.

- Мысалы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі мен Solar күн электр станциялары желісі. Бұған қоса шағын және орта бизнеспен жұмыс жасау бағытындағы бағдарламалары да бар. Оның ішінде дәл осы қыз-келіншектерге арнайы ұсыныстарымыз бар, - дейді Европалық қайта құру және даму банкінің өкілі Махаббат Қабираева.

biznes phorum-3

Өздеріне неліктен әйелдерге несие бермейсіздер деген сауалдың көп қойылатынын еске алған банк өкілі қыз-келіншектердің де ұмыт қалып жүрмегенін айтты. Бұл тұста айта кету керек, ер-азаматтар көбіне ірі жобаларды бастаса, қыз-келіншектер сұлулық салоны, тігін цехы деген секілді шағын іспен айналысуды жөн көреді екен. Осы ретте банк өкілі қызықты мәліметпен бөлісе кетті. Халықаралық қаржы ұйымы өздері несие бөлген жобаларды 1 жылдан кейін бақылау жасайды екен. Сараптама нәтижесі әйел кәсіпкерлердің бастаған жобалары көбіне сәтті аяқталып жатқанын көрсетеді. Дегенмен, соған қарамастан әйел адамдарға несие беруде аз көңіл бөлініп келеді. «Енді біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қыз-келіншектерге арнайы бағдарлама жасап отырмыз»,- дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі.

 

«Тәлімгер» болам десеңіз...

Тағы бір айта кетерлігі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қыз-келіншектерге несие беріп қана қоймай, түрлі қолдаулар да ұйымдастыруда. Соның бірі - «Тәлімгер» бағдарламасы. Оған сәйкес ірі кәсіпкер әйелдің жанына іс-тәжірибеден өту үшін өз ісін енді бастағалы отырған қыз-келіншекті қосады. Мерзімі 1 жылдық бағдарлама бойынша Қазақстанда қазіргі таңда 28 жұп бірге жұмыс істеуде.

biznes phorum-4

– Мысалы, Алматыдағы ірі «Қағанат» дәмханалар желісінің құрылтайшысы түркістандық кәсіпкер келіншекті жанына тәлімгерлікке алған. Тәлімгер өзінің шәкіртіне кәсіптегі бар білгені мен түйгенін, тәжірибесін үйретіп, бөлісіп отырады. Күнделікті кездесіп немесе интернет арқылы байланысады. Бір айта кетергілі, «Тәлімгер» бағдарламасына қатысу тегін. Оған өз ісін енді бастаған қыз-келіншектермен қатар тәжірибелі бизнес-ханымдар өз білгенін үйретуші ментор ретінде қатыса алады, – дейді Махаббат Қабираева.

 

Түйін сөз

Форум барысында басқа да спикерлер сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті, ұсыныстарын жеткізді. Бұған қоса Әл-Фараби аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы әрі «Айсәуле – табиғи-отандық косметика» компаниясының бас директоры Сәуле Мұсаева бастаған кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қыз-келіншектер жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан ойыншықтар мен әшекей бұйымдарды, тұрмыстық химия заттарын тамашалады. Ал жиын соңында Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов пен Шымкент қалалық іске әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 06 Декабрь 2017 06:41

Жас кәсіпкерлерге несие береді

Оңтүстікте жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беретін «Жас кәсіпкер» жобасының таныстырылымы өтті. Жаңа жобаны «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы бірлесе қолға алып отыр.

– Аталған жобаның мақсаты – жастардың бизнес бастамаларын қолдап, жұмыссыздықты азайту, – дейді «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Әбілдинов.

Байқауға облыстағы кез келген бизнес жобасы бар 18 бен 29 жас аралығында азаматтар қатыса алады. Өтінімдер «Ырыс» микроқаржы ұйымында сарапталып, облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралған комиссияның қарауына тапсырылады.
Конкурс 2017 жылдың желтоқсан айында өткізіледі. Жобада іріктелген 50 жобаны «Ырыс» микроқаржы ұйымы қаржыландырады. Сосын жас кәсіпкерлерге 7 пайызбен 2 миллион теңгеге дейін несие беріледі, қаржыландыру мерзімі 60 айға дейін созылады.

Опубликовано в Қоғам

Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» ЖШС директоры:


Мұрат Тағаев – Оңтүстікте күркетауық өндірісін алғаш қолға алған кәсіпкер. Іскер азамат құс етін өндіретін фабриканың жобасын бірінші болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырады, ал 2010 жылы сол жаңа жобаның іске асуын Президент тікелей телекөпір арқылы тамашалаған.

DSC 0110-2

2011 жылы Мемлекет басшысы өңірге сапарында аяққа тік тұрған өндіріс орнына арнайы келген болатын. Мұрат Құлмырзаұлы өндіріс саласын дамытуда Елбасымен жиі пікірлесіп тұратынын айтады. Ол өзінің тұңғыш Президент жайлы жылы лебізін былай жеткізді. 

– Елбасымен 2000 жылы «Қайнар құс» фабрикасында қызмет етіп жүргенде жүздестім. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі түрлі сала өкілдерін қоғамдық қабылдауына шақыртып, сұхбаттасып, елдің жағдайымен танысатын. Әлі есімде, сол жылдың 27 шілдесінде Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өңірдің дамып-өркендеуіне қажетті кейбір жағдайларды жеткізуді шегелеп, сәт-сапар тілеп шығарап салды.

Елбасымен кездесуде үлкен қобалжудың болғаны рас. Кіргенде ол кісі орнынан тұрып амандасып, жұмыс үстелінде емес, емін-еркін жағдайда сөйлескенінен қарапайымдылығын байқадым. «Ал, Мұрат, әңгімеңді бастай бер, ауылда жағдай қалай?» деп есіміммен атап сөйлесуінің өзі қобалжуымды сейілтіп, бойымда сенімділік орнатты. Ауылдың жағдайын айтып бір сағаттай әңгімелесіппіз. Ол кісі мұқият тыңдап, барлығын қойын дәптеріне түртіп отырды. Бұл жылдары елдің басында қиын-қыстау кезеңдер, «бізді үкімет асырайды» деген ойлардан арылмаған уақыт. Мұны естіген соң маған айтқаны: «Мұрат, келешекте олар да қатарға ілігеді» деді. Міне, содан бері 17 жылды артқа тастадық. Осы жылдар аралығында кәсіп істеп, елдің жағдайының жақсаруына үлес қосқан жандар саны артуда. Елбасының болашақты жақсылыққа жоруының өзі үлкен көрегенділік. Қоштасқанда «Елге сәлем айт» деді.

Бұдан кейін Елбасымен араға тоғыз жыл салып қайта қауыштық. Өңірге жасаған кезекті сапарында күркетауық өндірісін дамыту жобасымен таныстыру болғанында ол кісінің есте сақтау қабілетінің жоғары екеніне тәнті болдым. Қаншама жылдан кейін, соншама адамның арасынан мені танып, «Мұрат, енді айта бер» деген сәті еш есімнен кетпейді. Сол кезде өндірісті өркендетуді шыңына жеткізуді өзіме міндет санадым. 

DSC 0110

Айта кететіні, осы жүздесуде күркетауық өсіру және оның етін терең өңдеу кәсібін қолға алатын жобаны таныстырып, қажетті заманауи технологиялардың таңдау үлгісін баяндағанда барлығын мұқият тыңдай келе Н. Әбішұлы: «компост бола ма?» деген сауал тастады. Бұл құс саңғырығынан органикалық тыңайтқыш өндіруге бола ма дегені еді. «Фабриканы дамытудың бірінші кезеңінде етті терең өңдеуге басымдылық танытамыз, ал өндірісті дамытудың келесі кезеңінде бұл мәселені жүзеге асырамыз» деген жауабымды айттым. Қазіргі таңда құс саңғырығынан ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш дайындау ісін қолға алдық. 

Бұл тұста айтайын дегенім, Елбасының кәсіпкерлікті дамытуда бағыт-бағдар беріп, ой тастай білетіндігі және әр сала маманымен кездескенде елдің қай бағытта дамып жатқандығынан хабардар екендігі, ақпаратты толық меңгергендігі, әр саланың жетістігі мен әлемдік технологиялардың дамуындағы жаңалықтарды қалт жібермейтіндігіне куә болдым. 

2011 жылы Н. Назарбаев фабрика жұмысымен танысып, жастармен, жұмысшылармен кездесті. Бүгінде жылына 10 мың тонна күркетауық етін өндіреміз, оның 40%-ы экспортқа шығады. Тауық етінің 70-80-ге тарта түрі бар. 400-ден аса жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған, ең көп салық төлеуші мекеме атандық. Ең үлкен бағалау – өткен жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы берілді. 

Н. Әбішұлымен бір жүздесуімізде «Күркетауық етін өздерің жей бермей, Астанаға да жіберіп отырыңдар» деп әзілдегені бар. Бұл отандық өнімді тұтынушылар еліміздің түкпір-түкпірінде көбейіпкеледі деген сөз еді. Осы мақсатта биыл «ЭКСПО - 2017» көрмесінде үш айда 500 тонна күркетауық етін жөнелттік. 

Елбасы өндірістің даму жайын жиі сұрайды. Бір ғана «Ордабасы құс» фабрикасының жағдайы емес, индустрияландыру жобасы аясында бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіріп келе жатқан өндірістің барлығының жағдайынан хабардар болып, қамқорлығына, қадағалауына алады. 

Шындығын айтсақ, Елбасының елдің дамуында жасап жатқан еңбегі өлшеусіз. Қазақстанның экономикалық дамуы, бүгінге күнге жеткен жетістігі, еліміздегі ынтымақ пен берекені көшбасшының сарабдал саясатымен тікелей байланыстырамын.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 03 Ноябрь 2017 08:05

Кәсіби психологтар жеткілікті ме?

Бүгінде «психологтың қабылдауына жазылдым» деген хабарды әрбіріміз үрейлене қабылдайтынымыз анық. Алайда, мұның еш әбестігі жоқ екенін айтады психолог-мамандар. «Психолог – адамның жан-дүниесіндегі ауыртпалықтан арылып, сезімдерін басқаруға көмектеседі, ал мінез-құлықтың ауытқуын емдейтін маманды «психиатр» деп атайды. Осы екеуінің айырмашылығын білген абзал», – дейді тәжірибелі психолог, коуч-тренер Айсұлу Бөрібаева.

3 1

Психолог – адам жанының айнасы

Біз шынында психологтың көмегіне санасында ауытқу байқалған адамдар ғана жүгінеді деп ойлаймыз.

– Психологиялық көмек – жан-дүниесі құбылып, өз сезімдері мен эмоциясын басқара алмай, кейде айтар ойын ішіне бүгіп, құсаланып жүргендерге қажет-ақ. Психолог және психотерапевт мамандары – дені сау адамдармен жұмыс істейді. Бұл тұрғыда менің психолог ретіндегі көмегіме мектеп жасындағы балалар мен отбасылық өмірдің қиындықтарын жеңе алмай жүрген жастар жүгінеді. Түптеп келгенде олардың жан-дүниесінде болып жатқан сезімдеріне ешкім мән бермегендіктен, жақын адамдарының назарын аудару мақсатын көздейді. Бірақ, сол назарын аударуға тырысып жасаған әрекеттері кейде сәтсіз аяқталып жатады, – дейді А. Бөрібаева.

Өңіріміздің психологтары «орта буын өкілдері жұмыстан босамайтын қоғамның жастары гаджетті дос тұтып үлгерген бүгінгі таңда психолог маманына деген қажеттілік күн санап артуда» деп дабыл қағады.
Балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Біразы күн ұзақ сабақ оқыса, көпшілігі теледидар мен компьютердің алдынан тапжылмайтыны бізге мәлім.

 

Мектеп оқушыларына маман көмегі қажет пе?

Қала аумағындағы білім беру мекемелерінде психологиялық қызмет көрсету ҚР Конституциясы, ҚР «Білім туралы» Заңы және «Бала құқықтары туралы конвенциясы» мен ОҚО әкімдігінің 2015 жылғы 20 сәуірдегі № 111 қаулысымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметінің жұмыс істеу қағидалары» шеңберінде жүзеге асырылуда.

Бөлім басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, бүгінгі таңда қалалық білім бөліміне қарасты 132 мектептің барлығы психолог маманмен қамтылған. 

30-013

– Қазіргі таңда, жалпы 240 жоғары білімді педагог-психолог жұмыс істейді. Оның 132-сі күндізгі бөлімді бітірген, 108-і сырттай оқыған. 28-і жоғары санатты педагог-психолог болса, 35-і бірінші, 87-сі екінші санатты. Әзірге санатсыз тағы 90 психолог-маман сапалық құрамын жоғарылату бағытында жұмыс істеуде, – дейді Жанат Арысбекқызы.

Мектеп психологтары негізгі 5 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, психологиялық диагностика, психологиялық ағарту (профилактика), психотүзету (психокоррекция) және дамыту, психологиялық кеңес (консультация) жүргізу, кәсіби кеңес (консультация) жүргізу, сондай-ақ, әлеуметтік-диспетчерлік бағыттар.

Ж.Тәжиева Қоғамдық қеңесте қалалық білім бөлімінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған болатын. Мәліметтерге сүйенсек, қалада 2017 жылдың 6 айында 18 суицид оқиғасы тіркелген. Оның 6-ы қала мектептерінің оқушылары. Өзіне қол жұмсамақ болған 18-дің 13-ін ажалдан арашалап қалғанымен, 5 суицид аяқталған. Аяныштысы сол, оның 4-і мектеп оқушысы, 1-і колледж студенті.

Сараптау нәтижесінде, оқиғалар отбасылық жағдайға байланысты орын алғаны анықталған.

Суицид, ерте жүктілік, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, тәртібі өзгерген балалардың ата-аналарымен жұмыс жүргізу мақсатында қалалық және мектепішілік жоспарлар жасалған. Сондай-ақ, тоқсан сайын мектептің 3-11 сынып аралығында оқитын оқушыларына психодиагностикалық зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша қобалжу деңгейі мен жүйкелік-психикалық тұрақтылық көрсеткіші назарға алынады. Қобалжу деңгейі жоғары балалармен арнайы топтық және жеке түзету-дамыту жұмыстарын психолог-педагог мамандар жүргізуде.

 

Үнемі тәжірибе арттыруға тура келеді

Білім бөлімі берген мәліметке сәйкес, жұмыс барысында мамандар балаларды салауатты өмір салтын қалыптастыруға үгіттейді. Негативті жағдайлармен түрлі тәуелділіктен арылуына көмектесуде. 

– «Педагог-психолог» мамандығы бойынша біліктілік алған мамандар жұмыс барысында кездескен қиындықты игеру мақсатында тұрақты түрде білімін жетілдіріп отырады. «Өмірдің қиын жағдайларына шыдамдылықты насихаттау», «Қиын жасөспірімдер және олармен жұмыс істеудің ерекшелігі», «Ата-ана махаббаты және ата-ана мінез-құлық стильдері», әлеуметтік педагогқа арналған «Ерекше назардағы оқушылармен және отбасымен жұмыс», «Қыз – ұлт мақтанышы және көркі», «ҰБТ-ға дайындық барысында психологиялық қолдау көрсету» тақырыптарындағы оқу-семинарларға тұрақты түрде қатысып, оқушылар арасында тренинг ұйымдастырып тұрады. Жалпы, балалардың мінез-құлқын дұрыс қалыптастырып, әр қадамын ақылмен басуға үйретуде, ой-өрісін дамытуда кәсіби психологтардың берері мол. Әйткенмен, біздің өңірде бұл мамандарды дайындайтын оқу орны жоқ, – дейді Ж. Тәжиева.

23201739 1333002436822969 967319008 n

Ал тәжірибелі психолог, коуч-тренер Айсұлу Бөрібаева бұл салада көп ізденгенін айтады.

– Бізде психологтар емес, бұл маманды даярлайтын оқу орны болмай тұр. Педагог-психолог мамандығым теориямен шектеле берген соң бұл саланың қыр-сырын толық меңгергім келді. Тәжірибелі психология және психотерапия Еуразиялық институтында тәжірибе алдым. Бұдан кейін де адамның жан-дүниесі мен тәнін психологиялық тұрғыда зерделеп тағы 2-3 жыл психологияның қыр-сырын меңгердім. Жалпы, психолог деген – арт-терапия, құм-терапия, би-терапия, саз-терапия, гештальд-терапия болып түр-түрге бөлініп кете беретін өте терең мамандық. Бұрын психологтың атын естісе шошитын, қазір маман кеңесіне жүгінетіндердің саны артты. Олар жасөспірімдер, жас отбасылар, кәсібін немесе бір арманын жүзеге асыру жолында тәуекелге бел буа алмай жүрген жандар. Дегенмен, халық саны миллионға жақындаған қаламызда психолог мамандар саусақпен санарлық. Өйткені, бұл салада кадр даярлайтын бір де бір оқу орны жоқ. Мамандық алу үшін көп ізденіп, тіпті, шетелде оқып келуге тура келеді. Кәсіби психологтарды өзімізде дайындауды оқу орындары қолға алса жақсы болар еді, – дейді өзекті мәселені алға тартқан Айсұлу Бөрібаева.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 27 Октябрь 2017 04:29

Жалпыға ортақ еңбек қоғамы

Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған, бес институционалдық реформаларды іске асыру үшін 100 нақты қадамды анықтап берген, жалпыұлттық  жоспарды  жүзеге асыру барысы толықтай жүргізіліп келеді.

 

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының көтерілуі басым бағыттардың бірі болып табылады. Жоба «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға және мемлекеттік саясатты индустрияландыру қажеттіліктеріне жауап беретін, жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтар қоғамындағы әйгілілікті және беделдерін арттыруға бағытталды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық бағдарламасының мақаласында  Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын жариялады және оны республиканың әлеуметтік жаңғыртылу саясатының негізі деп атады. Елдің әлеуметтік жаңғыртылуының мәні біреудің асырауында болушылықтан белсенді өмірлік орнына жетуге – азаматтардың санасын түбегейлі өзгерту тұспалданады.  

«Бүкіләлем бұл тұтуыну идеологиясы құртатын болып табылатынына, барлық әлем ерекше шеленіске көздерін жеткізді. Ол әлемнің дамыған елдерінде бұқаралық әлеуметтік біреудің асырауында болуды тудырды және дағдарыстың ең басты себебінің бірі болып табылады. Бұндай жалған идея тек қана бүкіләлемде емес сонымен қатар дамыған елдерде де іске асырыла алмайтын, құрылымдық баламаны тауып алуға болады. Бұндай балама Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеясы болып табылады», - деді мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев.

Оның пікірінше, шетелдік тәжірибе осы үдеріс азаматтардың күшеюін қолдайтынын, олардың шығармашылықты шамаларына шатынын көрсетеді.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің мақаласында - адамдардың өз құқықтары мен еркіндіктерін белсенді қорғауға деген ұмтылысын көбейтеді, қоғамды өздігінен ұйымдастыру деңгейін арттыратынына тоқталып кетті.

Ол сондай – ақ қоғамда мемлекеттің шексіз емес екенін, ол азаматтардың жағдайының жақсаруына ықпал ететін серіктес деп түсіну керек екенін айтты.

Сондықтан да Президенттің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеясын құру туралы  идеясы өзінің мазмұны мен мағыналық жағынан ұлттық трендті көрсетеді. Бұл әр қазақстан халқы үшін де, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар үшін де әрекетке өзгеше жетекшілік ету.

Осы стратегиялық құжаттағы да мемлекет басшысының біздің елді дамыту бағытын дұрыс алып келе жатқанын көрсетеді. Бұл құжат маңызды және өзекті салаларды – еңбекті, білімді, жастардың әлеуметтік бағыттарын, денсаулықты, үй мәселелерін қозғайды.

Сондықтан елімізде жаңа мектептер,  ауруханалар, мәдени орталықтар салынып жатыр, бұған мемлекеттік кешенді бағдарламалар бағытталды. Әлемдік экономикадағы белгісіздікке қарамастан, оның ішінде сыртқы нарық, Қазақстан оң өзгеріске қол жеткізіп келеді.

 

С.ҚОЗИЕВ,
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық әділет басқармасының 
бас маманы «Қазақстан заңгерлерінің одағы» РҚБ-нің мүшесі 

Опубликовано в Әлеумет
Четверг, 10 Август 2017 18:00

«Өрлеумен» өз кәсібіңді баста!

«Кәсібі бардың нәсібі бар» дейді қазақ. Ол рас. Істің көзін тауып, тындырымды тірлік еткеннің қашанда тұрмысы түзу, еңбегі берекелі. Бүгінгі біз қозғалалы отырған мәселе, Елбасы міндеттеген басым бағыттың бірі – өңірдегі «Өрлеу» жобасының жүзеге асуы, оның көкжиегін кеңейту. Таяуда Оңтүстікке жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Өрлеу» жобасының іске асырылу барысымен танысқан болатын. Осы сапарында министр аталған жоба негізінде жұмыстарды оң бағалай келе, әлі де болса аз қамтылған отбасыларды жобаға көптеп жұмылдыру керектігін айтқан-ды.

 

27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған

Көпшілікке мәлім, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына көмек көрсету үшін ел Үкіметі шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» жобасын іске қосты. Жоба 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап пилоттық режимде барлық өңірлерге енгізілді. Жобаның басты мақсаты – кедейлік шегінен төмен табысы бар отбасылардың нақты табысын арттыру, оларды өзін-өзі қамту деңгейіне шығаруға ықпал ететін әлеуметтік оңалту еді. 

«Өрлеу» – шын мәнінде игілігі мол жоба. Бүгінде елімізде бұл жоба аясында кәсібін бастағандар жетерлік. Осы ретте «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін биыл өңірімізде 7,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа 126 мың адамға шартты ақшалай көмек көрсетіліп, 27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде облыстың барлық аудан, қалаларында 1630 отбасыға 445 млн теңгеге шартты ақшалай көмек беріліп, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің 95,2 пайызы жұмыспен қамтылған. 

Бұл жобаға аз қамтылған отбасы қатыса алады. Бірақ ол отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөріс деңгейінен 60 пайыз төмен болуы керек. Отбасы мүшесі еңбекке жарамды болуы міндетті. Сондай-ақ жоба ұсынатын әлеуметтік келісімшартты орындауға келісім берген жағдайда қатысады. Ал уақытша еңбекке жарамсыз азаматтар, баласы 7 жасқа толмаған аналар қатыстырылмайды. Өйткені, ол бала күтіміндегі ана болып есептеледі, бірақ баласы 3 жастан асқан және балабақшаға баратын болса, қатыса береді.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметті нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің бас маманы Сандуғаш Тоқмурзинаның айтуынша, жобаға қатысушылардың көбі шалғай елдімекен тұрғындары болғандықтан, олар сұрақ туындаған сайын орталыққа келуге мүмкіндігі бола бермейді немесе қала тұрғындары жұмыстан шыға алмайды. Сол себепті жобаға қатысушы келісімшартқа отырған сәттен бастап жобаға қатысу мерзімі аяқталғанға дейін отбасыға көмекші, кеңесші тағайындалады. Қатысушы онымен кез келген уақытта хабарласып, қалаған сұрақтарына жауап ала алады.

 

Жобаға қалай қатыса алады?

Аталған жобаға қатысуға ниетті азамат өзінің тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беруі қажет. Мұнда өтініш берудің және отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы сауалнама үлгілерін тегін алады. Қолыңызға қажетті құжаттардың тізімін ұсынады. Өтініш қабылданған соң, орталықтан құрылған арнайы комиссия өтініш беруші отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексереді. Отбасында зейнетақы алатын қария немесе жалғызбасты ана алимент алған жағдайда, сондай-ақ өзге де әлеуметтік көмек не жәрдемақы кіріс болса, барлығы есептелінеді, кейін комиссия шешім шығарады.

Шартты ақшалай көмек (ШАК) – жобаға қатысушылардың жұмыспен қамтылып, жұмысын жүргізіп кеткенше ынталандыратын ақшалай жәрдем. ШАК мөлшерi отбасының жан басына шаққандағы табысы мен күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызы айырмашылығына тең. Жоғарыда айтып кеткендей, бұл көмекке келісімшартты орындауға келіскендер екі түрде қол жеткізеді. Біріншісі, отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысқа орналасу керек. Мұндай жағдайда ШАК ай сайын төленеді.

Екіншісі, жұмысқа орналаспай, берілген қаржылай көмекке өзінің жеке кәсібін дөңгелету. Қажетті құрылғылар сатып алады. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығына жарата алады. Бұл кезде шартты көмек 3 айда бір рет, қайтарымсыз беріледі. ШАК-ты бұрын алынған қарыздар мен несиені төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға тыйым салынады. Жобаға қатысушы азамат орталықтың ұсынған жұмысынан шығып кетсе немесе өз кәсібін ашпай, қаржыны басқа мақсатта қаржыны жұмсаса, келісімшарт бұзылады және төленген ақшаны қайтаруға міндеттеледі. Келісімшарт 6 айға түзіледі.

 

Еңбек еткеннің еңсесі биік

«Өрлеу» бағдарламасы бойынша жаңадан өз ісін ашып, жұмыс бастағанның бірі шымкенттік Айнұр Жаманқұлова бағдарлама арқылы 462 мың теңге көлемінде қаражат алған. Ол ақшаға тігін машинасын алып, кәсібін бастап кеткен. 

– Тігін машинасын алған соң алдымен туыстарыма төсек жабдықтары мен киімдер тіге бастадым. Кейіннен тапсырыстар түсе бастады. Бес балам бар. Олардың күтімі бар, сондықтан маған үйде отырып жұмыс істеу қажеттілігі туды. Қазір отбасыма жетерлік табыс табудамын. Болашақта қасыма көмекшілер алып, ісімді өркендетсем деймін, – дейді Айнұр Жаманқұлова.

Министр Т. Дүйсенова жуырдағы Оңтүстікке келген сапарында шымкенттік тігіншінің жұмысымен танысып, өнімдерінің сапасына жоғары баға берген болатын. Көпбалалы анаға болашақта кәсібін өркендетуге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалғанын да айтты. «Сізге болашақта қасыңызда жұмысшылар алғыңыз келсе жергілікті Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, өтініш жасайсыз. Ондағылар тиісті құжаттар толтырып болған соң, «Жастар практикасымен» сізге жұмысшылар жібере алады. Оларға 6 ай көлемінде айлық мемлекет тарапынан төленеді. Алты айдан кейін «әлі де оларға айлық төлеуге шамамыз келмейді, әлеуметтік жұмысшылар керек» десеңіз 35 пайыз жалақысын мемлекет төлейді, қалғанын өзіңіз бересіз. Сонда бір жарым жыл бойы осындай жеңілдіктер ала аласыз», – деді министр.

 

Нағыз көмекке зәру азаматтарға берілуі тиіс

Осы аптада облыс әкімі Ж. Түймебаевтың төрағалығымен «Өрлеу» жобасына қатысты келелі жиын өтті. Онда бағдарлама аясында мемлекет тарапынан жасалып отырған әлеуметтік көмектер талқыға салынды. Осы жиында өңір басшысы «Өрлеу» жобасын халыққа кеңінен түсіндіру керектігін де баса айтты. 

– Аталған пилоттық жобаның іске асуына аудан, қала әкімдері мен тиісті бөлім басшылары жұмыла кірісуі тиіс. Ең бастысы, шарты ақшалай көмектер шынайы нағыз көмекке зәру азаматтарға берілгені жөн, – деді Ж. Түймебаев.

Айта кетерлік жайт, жоба негізінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі үш түрлі әлеуметтік төлемдер орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілмек. Қиын жағдайға тап болған және объективті себептерге (жасы, денсаулық жағдайы, мүгедектік және өзге әлеуметтік осалдық) байланысты азаматтарға шартсыз көмек ұсынылмақ. Бір сөзбен айтқанда, күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен тұратын аз қамтамасыз етілген азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда шартты ақшалай көмек көрсетілетін болады.

Жауапты сала мамандарының мәлімдеуінше, облыста шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық берілуде. Шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту мен жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға жұмсалатын болады. «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 454 адам жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, өз ісін ашқан. 

– 2015 жылы «Өрлеу» жобасы біздің облыста пилоттық жоба ретінде 4 аймақта яғни Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби аудандарында ендіріліп, 139 отбасыға 23 млн теңгеге шартты ақшалай көмек көрсетілді. Отбасы мүшелерінің еңбекке жарамды 167 адамы жұмыспен қамтылды. 2016 жылы «Өрлеу» жобасы облыстың барлық аудан, қалаларында ендіріліп, 1630 отбасыға 445 млн теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалды, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.

«Өрлеу» жобасын іске асыру нәтижесінде жыл сайын өсіп тұратын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алушылардың саны 7,8 пайызға төмендеп, 59 мың отбасыны құраған. Бүгінде шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 3,3 есеге артып отыр.

Биыл өңірімізде «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін 7,3 млрд теңге бөлінді.

Опубликовано в Әлеумет

Шымкент қаласы Тәуке хан көшесіндегі №233 мекенжайда орналасқан «Барно» квасын білмейтіндер кемде-кем шығар, сірә. Онда қашан барсаңыз да адам қарасы үзілмейді. Ал кешкісін ұзын сонар кезек көше бойына шығып жатады. Тіпті, кейбіреулер осынау сусынды ішу үшін өзге өңірлерден арнайы келеді екен. Тіл үйірер квасты өз көзімізбен көріп, дәмін татып қайттық.

DSC 0494

Біз келгенде күн тас төбеден ауып, екінтіге таяп қалған еді. «Барноның» дәмін тату үшін біршама уақыт кезек күттік. Қарапайым ғана бастырмада орналасса да қызметшілерге де, келушілерге де ыңғайсыздық тудырмайды. Сатушылар шөлдеп, қаталаған адамдарға 3-4 жерден тәтті сусынды ерекше әдіспен құйып беріп жатыр. Біздің алдымызда тұрған жас жігіт бір бокалын ішіп жатып, өзімен бірге алып кетуге 10 литрге тапсырыс берді. Бізге өзін Сұлтан Махамбетов деп таныстырған азаматтың бұл сусынға деген әуестігіне таң қалып, квасты мұнша көп мөлшерде алуының мәнісін сұрадық.

– Квас пепси-кола емес. Шөліңді тез қандырады. Таза табиғи өнім. Пайдасы да бар. Жаз мезгілінде отбасыма жиі алып барамын. Жұмыстағы әріптестерім де осы жаққа келеді. Қалада басқа жерде бар ма, жоқ па білмедім. Дәл мұндай жоқ шығар. Өзім осы жерге келіп жүргеніме 3 жылдан асты. «Барно» өз дәмін жоғалтқан емес, – дейді қала тұрғыны Сұлтан Махамбетов. 

Біздің де кезегіміз келді. Тапсырысымыз дайын болғанша, сатушы қызбен сұхбаттасып үлгердік. Айтуынша, «Барно» квасының үш түрі бар. Тәтті, орташа, қышқыл. Бағалары да қолжетімді. Кіші ыдысы (0,3) 70, орташасы (0,5) 100, үлкені (1,5) 250 теңге. Басқа квастардан айырмашылығы консервантсыз екен. Құрамында қатқан нан (сухарики), ашытқы, қайнаған су, қант және табиғи газдалуы үшін аздаған жүзім бар. 

DSC 0512

– Бұл квастың дайындалу технологиясын әпкем Барно 1998 жылы ойлап тапқан. Алғашында тек өздері үшін қолданып жүрді. Кейіннен басқаларға да ұнай бастаған соң, көп мөлшерде шығарды. 2002 жылдан бастап тап осы жерден өз атымен сатыла бастады. Табиғи және денсаулыққа да пайдасы болғандықтан қазірге дейін келушілері кеміген емес. Әсіресе, жаз мезгілінде сұраныс көп, – дейді Барноның сіңлісі Юлдуз Ахмедова. 

Сусынымызды асықпай ішіп, шөлімізді басып алдық. Самсасы да келген бойда сатылып жатыр. Бағасы 150 теңге. Ғимараттың жоғары жағына Шымкент қаласы әкімдігінен көшпелі саудамен айналысуға алған рұқсат қағазы, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы және тағы басқа құжаттар ілініп тұр. Суды бұлақ басынан ішкен секілді, «Барно» квасын да бастапқы сатылатын жеріне келіп, дәмін таттық. Айта кетейік, квас орталығы апта бойы таңғы 9:00-ден, түнгі 00:00-ге дейін үзіліссіз істейді.

 

Біле жүріңіз!

Мыңдаған жылдар бұрын ойлап шығарылған бұл сусын ас қорыту жүйесін реттеп, зиян және ауру туғызатын микробтардың пайда болмауын қадағалайды, зат алмасуды, жүрек-қантамырлары жүйесінің жұмысын жақсартады, тәбетті ашады. Құрамындағы пайдалы микроағзалардың мөлшері жағынан квас айраннан қалыспайды. Ол да ас қорытуды, зат алмасуды жақсартады және иммунитетті күшейтетін қасиетке ие.

Опубликовано в Әлеумет

«Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы және Әл-Фараби аудандық филиалының ұйымдастыруымен «ONTUSTIK» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жас кәсіпкерлерге арналған шеберлік-сыныбы өтті.

kasipkerler

Іс-шара барысында «Asyl Arman» Корпорациясының Бас директоры Алма Архабаева партиямен бірлесіп кәсіпкерлерге, әсіресе жас кәсіпкерлерге көптеген көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. 

– «Нұр Отан» партиясымен орнаған ынтымақтастық арқылы біз Іскер әйелдер кеңесінің арнайы дәрісханасын ашып, осында түрлі семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізіп келеміз. Біздің мақсатымыз – әр адамның арманының орындалуына көмектесу! Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау – тұрақты азаматтық қоғамның борышы болуы тиіс. Ол үшін ең бастысы – өз күш-жігерімізді біріктіріп жас кәсіпкерлерге дұрыс бағыт беру керек деп санаймын, – деді ол. 

«ONTUSTIK» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы консалтингтік бөлімінің басшысы Назира Кунтуова Елбасы елімізде орта және шағын бизнесті дамытуға ерекше назар аударатынын алға тартты. 

– Өңірімізде әйел азаматшалар кәсіпкерлікпен белсенді айналысып жүр. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 2017 жылы 472 жоба қабылданды, оның ішінде 119 іскер-әйелдер жобалары бар. Облыс бойынша 3567 кәсіпкерлерге түрлі кеңестер берілген, соның ішінде 957 әйел. Қала бойынша 755 кәсіпкерлер кеңес алған, оның ішінде 250 – әйел адам. Кәсіпкерлерлік негіздері бойынша 1726 адамға кеңес берілген болса, соның ішінде 23 әйел адам. Тақырыптық треннингтен облыс бойынша 88 адам өтсе, оның ішінде қала бойынша 60 адам өтті, – деп өз сөзін түйіндеді.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 09 Июнь 2017 05:54

«Менің екінші отбасым»

немесе еңбек елеусіз қалмайды

2photo

Шымкенттегі «Алькамед» ЖШС-нің 50-ге жуық қызметкері ұйымшыл отбасы сияқты. Интернационал әрі жоғары білікті ұжым мүшелері бір-бірін ерекше құрметтейді. Сондай-ақ өздері еңбек ететін, 2016 жылдың ұлттық бизнес-рейтингі бойынша даму қарқыны жағынан Қазақстан кәсіпорындары арасында «Сала үздігі» атанған компанияны мақтан тұтады. Ал «Алькамед» компаниясының құрылғанына небәрі төрт жыл болды.

– Бүгінде компания медициналық құрал-жабдықтар мен шығыс материалдарын, дәрілік өнімдер, емдеу мекемелеріне арнап жиһаздар шығарады. Ресей, Беларусь, Оңтүстік Корея және Қазақстандағы медициналық жабдық өндірушілер – біздің серіктестеріміз. Шымкент қаласы мен облыс бойынша «Алькамед» дәріханалар желісі құрылды. Екі жыл бұрын компания жиһаз шығаратын цех құрды. Бізде денсаулық сақтау, білім мекемелеріне қажетті дүниелер шығарылады. Компанияның еншілес ұйымдары бар. Негізі оны құрған бас директоры Қанат Сарбасов компанияны холдинг пен корпорацияға айналдыруды жоспарлап отыр. Ұлттық медициналық жабдық өндіруші мәртебесін алуды да ойлайды. 

Компания құрылған кезде бұл туралы ешкім білген де жоқ. «Біз шағын ұсыныстарды жүзеге асырудан бастадық. Баға саясатындағы тартымдылық пен шапшаңдыққа көңіл бөлдік. Өзім басшы ретінде адамдармен жұмыс істей алатын, оларды іскер серіктеске айналдыра білетін жоғары кәсіби білікті топ-менеджерлерге басымдық бердім», – дейді Қанат Жолбарысұлы. Ол бір орыннан жылжымау – жеңіліс деп есептейді. Ал кімнің қолында ақпарат бар, сол әлемді билейді. «Сондықтан біздің мамандар жаңа өндірушілер, тасымалдаушылар, мүмкіндігі жоғары серіктестер, саладағы барлық инновация туралы біліп отыру үшін үнемі әлем ахуалын назарда ұстайды, - деп тәжірибесімен бөлісті ол.

 IMG 7593

Тәуекел. Тәртіп. Табыс.

– Бүгінде «гугл» не «яндексте біздің компания медициналық жабдықтармен айналысушы фирмалар арасында көп ізделгендердің көшін бастап тұр. Сайтымызға жүгінушілер де көп. Біз ұдайы Алматы, Астана, Дубайда өткен көрмелерге қатысып тұрамыз. Сол жерде жаңа технологиялар туралы білеміз, жаңа тасымалдаушылар, сатып алушылар іздейміз. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру маңызды. Оларды біз алыс-жақын шетелдерге жіберіп, оқытып жүрміз. Біраз танылған соң енді басқа да бағыттарда жұмыс істей аламыз. Нысандарды жиһаз, жабдықтармен қамтамасыз етуші ретінде біздің ЖШС-ні жиі таңдайтыны қуантады. Бұл баға саясатындағы оң қадамымыз болса керек. Бізбен бір мәрте байланыс құрған компаниялар кейін тұрақты тұтынушымызға айналады. Ал біздің үздіктер қатарынан көрінуімізге бірден-бір себеп – заңды міндеттемелерді толық әрі уақытылы орындауымызда».

Кадр бәрін шешеді. Әрине, әрбір қызметкердің өзіне жүктелген функционалды міндеттемесі бар. Дегенмен, егер жақсы жоба және тығыз уақыт берілсе, оны біз асар әдісімен ауызбірлікпен атқарамыз. Менің қарамағымдағы қызметкерлердің ұйымшыл болуының себебі – мен олардың әрқайсысын құрметтеймін, бес саусағымдай білемін. Бәріміздің илеп жүргеніміз – бір терінің пұшпағы. Уақытымыздың көп бөлігін бірге өткіземіз. Сондықтан ұжым – үлкен отбасы. Біз мерекені бірге атап өтеміз, бір-бірімізді ерекше ықыласпен туған күнімізбен құттықтаймыз. Басына іс түскен әріптес болса, міндетті түрде көмек беріледі. Адам үйінде, жеке өмірінде ештеңеге алаңдамаса, ісі алға басады емес пе?! Біздің қызметкерлер асханадан компания есебінен, тегін тамақтанады. Оларға іссапар шығыны, іскерлік келісімдерді ұялы телефон арқылы жүргізгенінің ақысы төленеді. Ал жақсы жұмыс істегендерге үстеме ақы беріледі. Жалақы да жоғары.

 

Арқалағаны алғыс

«Жаңадан кәсіп бастаушыларға айтарым, егер табысты компания құрғың келсе, мамандарға бар жағдайды жасау керек. Сол кезде олар бар ынтасымен жұмыс істейді. Айтпақшы, банк займына қатысты кеңес: сіздің бизнес-жоспарыңызда қандай қаржы қажет делінсе, дәл сол мөлшерде алыңыз. Өйткені ақша тез жұмсалады. Ал оның орнын толтыру оңай емес. Тек дұрыс экономикалық есептеулер ғана шығыннан құтылып, табысты болуға жол ашады. Сондықтан бизнесте ақшадан бұрын адами капитал маңызды. «Жетістікке жету үшін адам мақсатына қарай күмәнсіз әрі тоқтаусыз қадам баса беруі тиіс», – дейді Қ.Сарбасов.

– Ал егер күмән туған болса, онда кіріспей қоя тұр. Мемлекет басшысы көп ұзамай шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болатынын атап өтті. Осы орайда Оңтүстік кәсіпкерлері мемлекет, әкімдік және мемлекеттік органдардың қолдауын көріп келеді. Бүгінде біздің мекеме алдына айқын мақсат қойып отыр. Біз өзіміз үшін ғана емес, барлық отандасымыздың игілігі жолында жұмыс істеудеміз. Өйткені медициналық жабдықтар, дәрілік өнімдер адам өмірін құтқарады. Осындай игі іске атсалысып жүргенімізге қуаныштымыз». 

«Алькамед» компаниясының қызметкерлері істеріне адал. Шымкенттіктерге, жалпы қазақстандықтарға арналған еңбекті бағалайды, бір-бірін сыйлап, құрметтейді. Осыған қарап халық бірлігі мемлекет деңгейінде ғана емес, тұрмыстық деңгейде де көрініс табатынын, ол біздің күнделікті өмірімізді айшықтайтынын ұғамыз.

Опубликовано в Қоғам

Мал бағу – ата кәсіп. Жыл өткен сайын атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Солардың қатарында шымкенттік Махмуд Мильдоходжаев та бар. Істің көзін тапқан кәсіпкер қазір шаруасын дөңгелентіп отыр.

DSC 7934

Махмут ағай өз кәсібін бірнеше жыл бұрын асыл тұқымды қой өсіруден бастады. Кейін «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген несие алып, өрісін ірі қарамен толықтырды. Бүгінде отбасымен мал шаруашылығына білек сыбана кіріскен Махмуд Сайдғанұлының қорасында 60-тан астам ірі қара бар. Жуырда олардың қатары 6 асыл тұқымды сиырмен толықты. Бұл – сүтті, етті бағыттағы тұқым. Сауын сиырының орташа салмағы – 550-650 келіні құрайды. Бордақылауға тәуір, тез көтеріледі. Күніне 1 келі салмақ қоса алады. Таза ет шығымы – 60-65 пайыз. Жылына әр сиыр 3 тоннадан астам сүт беруге қауқарлы. Бүгінде Махмуд ағай күні-түні ірі қара шаруашылығын ірілендіру жолында тер төгуде. Ал сауын сиырларынан күніне 150 литр сүт алады. 4 балабақшаны сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. 

Шаруа қожалығын құруда зейнеткерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жасаған жұмысы кәдеге асты. Сол саладағы қызметте бойына дарыған тәртіп пен ұқыптылық шаруа жайын айтарлықтай ширатты. 

DSC 7966

– Қазір әлемде аграрлық салаға сұраныс артты. Сондықтан да Елбасы ауылшаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Оңтүстік ауылшаруашылығын өркендетуге өте қолайлы өңір. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға мүмкіндік көп. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерекше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті. Жасыратыны жоқ, арамызда ата кәсіпті ұмыт қалдырып бара жатқандар кездеседі. Тіпті мал бағуды намыс көретіндер де кездесетінін қайтерсіз?! Біле білгенге мал ұстау береке. Мемлекеттің демеуі шаруамның дамуына жол ашты. Соның негізінде жұмыс көзін таптым. Қазір жемісін көріп отырмын. Мыңғыртып мал айдамасаң да, өз үйіңді етпен, сүтпен қамтыған дұрыс, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде Махмуд ағай малды жәй бағып отырған жоқ. Жоспарлы түрде еңбек етуде. Ал тұқымы асылды баптау тіпті қиын. Алайда Мильдоходжаевтардың отбасы еңбектен қашпайды. Асыл тұқымды малға мемлекеттен субсидия қарастырылған. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – асыл тұқымды сиырдың санын арттыру. Бұл үшін қажетті құжаттар дайындалуда. Сондықтан алдымен жемшөп қорын жасақтап алуды ойластыруда.

DSC 8013

– Мал басын көбейтуден бөлек, оның тиісті күтімін жасауды қаперден шығармау керек. Біздің кейбір шаруашылық басшылары бұл мәселеге селқос қарайды. Малды күту талаптарына баса мән бермейді. Бұл көзқарастан арылу қажет. Мәселен, мен биыл малды көбейтуді қолға алып отырмын. Тиісінше, қорасын ыңғайлап, жем-шөп қорын молынан жабдықтауға тиіспін, – дейді М. Мильдоходжаев. 

Махмуд ағай бейнеттен зейнет көріп отырған азамат. Алдағы уақытта тағы да несие алып, кәсібін ұлғайтуды жоспарлап қойыпты. Шаруа қожалығында сүттен бөлек, қаймақ, құрт, ірімшік өнімдері дайындалады. 

– Еңбек етемін деген адамға қашан да жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болады. Біз малға күнделікті клиникалық тексеру жүргізіп тұрамыз. Күніне азанда, кешке сауын сиырды назардан бір өткізіп, жайылымы мен жемін қадағалаймын. Айқын мақсат қойсаң, мол табысқа кенелесің. Енді сүт өнімдерін шығаратын цех ашып, азаматтарды жұмыспен қамту ойда бар, – дейді кәсіпкер. 

«Мал баққанға бітеді» деген қазақ. Кәсіпкердің жоспары – ауқымды, межесі – биік. 

Махмуд ағай асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығын өркендету арқылы өзіне де, қоғамға да пайдалы тірлік тындырып жүр.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 1 из 6