Абайлаңыз, АИТВ!

Среда, 03 Июль 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 972 раз

Шымкент қалалық ЖИТС (СПИД) орталығында таяуда қала тұрғындары үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Акцияда тұрғындар жедел тестілеуден өтіп, 15 минут ішінде өздерінің АИТВ (ВИЧ) статусын анықтауға мүмкіндік алды. Айта кетейік, анализ анонимді түрде қабылданды. Бұдан бөлек келушілерге инфекционист, психолог, дерматовенеролог-дәрігерлер тегін кеңес берді.

IMG 20190612 104915

Биыл ЖИТС-пен күрес орталығының қызметіне 30 жыл толып отыр. Орталықтың эпидемиолог-дәрігері Ербол Есіркеповтың айтуынша, Шымкент қаласында АИТВ індетін жұқтырған 1960 адам тіркеуге алынған, 2019 жылдың 5 айының өзінде 64 адамнан АИТВ инфекциясы табылып, есепке алыныпты. Олардың 64-і ер адам болса, 24-і әйел (5 жүкті әйел).

– АИТВ-ға шалдыққан науқастардың көрсеткіші бойынша Шымкент республикада 14-орында тұр. Дертке шалдыққандардың жас мөлшері 15-49 жас аралығын құрайды. Бүгінде созылмалы ауруды жұқтырудың 78,1 пайызы жыныстық қатынас арқылы болып отыр. Сондықтан аурудың жұғу жолдары мен алдын алу шаралары туралы тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейтіп отырмыз.

«Ашық есік» күнін адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда жиі ұйымдастырып, оның аясында АИТВ статусын анықтауда жедел тест тапсырылады. Анонимді тексеру кезінде қала тұрғындарынан АИТВ инфекциясы табылатын жағдайлар аз кездеспейді. Көп жағдайда адамдар инфекция жұқтырғанын кездейсоқ біліп жатады, - дейді дәрігер-эпидемиолог Е.Есіркепов.

– Осыдан 10-20 жыл бұрын АИТВ ғасыр дерті саналды. Қазіргі таңда аталған дерт созылмалы аурулар қатарына жатады, - дейді орталықтың инфекционист-дәрігері Меруерт Өмірзақова.
Маман дертке шалдыққан науқастың денсаулығын тікелей бақылауда ұстайтын дәрігер. Науқастың ағзасын дәріге үйрету, препарат қабылдаудың сызбасын жасау, жанама ауруларына ем-дом жүргізуге жауапты маманның айтар өз кеңесі бар.

– Бүгінгі препараттардың бұрынғыдай емес, жанама әсері аз. Дегенмен, әр тұрғын аурудың жұғу жолдарын біліп жүргені өте маңызды, - дейді инфекционист-маман.
Ал орталықтың психолог-дәрігері Рая Мамедованы кеселдің жұғу жолдары туралы ақпаратты тұрғындардың жеткіліксіз түрде білетіні алаңдатады.

– АИТВ жұғу жолы туралы ақпаратты мейлінше көбірек таратуға тырысамыз. Арнайы парақшалар таратылып, әсіресе жоғары, орта оқу орындарының студенттерімен жиі кездесулер ұйымдастырылады. Соңғы жылдары АИТВ инфекциясының бейтаныс адамдармен жыныстық қатынас кезінде жұғу фактісі басым.

Ал психологтардың ауру жұқтырған науқасқа диагнозы туралы жеткізуі – ең ауыр кезең. Кейбір науқастар дертті жұқтырғанын мойындамай, бір адаммен 5 жылға дейін жұмыс істеген уақыттар болды, - дейді психолог Р.Мамедова.
Айта кетейік, Шымкент қалалық ЖИТС күрес орталығында «Достық» кабинеті жұмыс істейді.

IMG 20190612 104831

Дерматовенеролог Гүлмарал Сейітқазықызына анонимді түрде күніне осал топ өкілдерінен кеңес алуға 4-тен 25 адамға дейін келеді екен. Бұл топқа инъекциялық есірткі тұтынушылар, жеңіл жүрістілер және өзара қатынасқа түсетіндер жатады.

– 2006 жылдары аталған кабинетке айына 10 адам ғана келетін. Бүгінде олардың қатары артып, әсіресе осал топ өкілдері арасында транссексуалдар көбейіп жатыр, - дейді Г.Сейітқазықызы.

Орталық мамандарының тағы бір мәліметі бойынша, мекемеде АИТВ инфекциясымен есепке алынған науқастардың ең жасы үлкені - 78 жастағы қария. Есепте тұрғандардың 60,9 пайызы жұмыссыз, 21,1 пайызының жұмысы болса, 4,7 пайызы жоғары оқу орындарының студенттері. Тағы 3,1 пайызын тергеу изоляторына қамауға алынғандар мен сотталғандар құрап отыр.

Жалпы, статистикаға сүйенсек, әлемде 42 миллионнан астам адам АИТВ-мен өмір сүреді. Бұл сан жылдан жылға көбеймесе, азаятын емес. Ал дәрігерлер АИТВ-ның берілуінің үш жолы: жыныстық жолмен, қанмен, анадан балаға немесе емізгенде жұғатынын айтып, тұрғындарды жиі құлақтандыруда.

...ЖИТС күрес орталығында өткен «Ашық есік» күніне келушілердің қарасы аз болмады, аз-кем уақыт ішінде 150-ден астам тұрғын жедел тест тапсырып, дәрігерлерден кеңес алуға кезекке тұрды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.