Бағдарлама тиімділігі – ашықтық және жеделділік
Қазір ақпараттық-коммуникациялық технологиялар өмірімізге дендеп енді. Әрине, ақпарат тасқыны заманында игіліктерді пайдалануымыз керек. Елде жаппай интернетке қолжетімділікті арттыру, ақпараттарды жинау, сақтау, деректер базасы қорын қалыптастыру – уақыт талабы. Ресми статистика бойынша, бүгінде елімізде халықтың 76,2 пайызы интернетпен қамтылған. Алда бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға назар аударылып отыр. Бұл орайда Үкімет дайындаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына көптеген міндеттер жүктелді.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында негізгі басым бағыттарды айқындап берген еді. «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек, – деген еді Елбасы жолдауында.
Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу. Алдағы уақытта 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, әлеуметтік салаларда қолданылып жатқан цифрлық қызмет көрсету кезең-кезеңімен дамытыла бермек.
Таяуда Астанада өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте Үкімет дайындаған бағдарлама талқыға салынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламаны Үкіметке кері қайтарып, әлі де жетілдіруге нақты тапсырмалар берген болатын.
Республикалық кеңесте ҚР Президенті елімізде сандық технологиялар халықтың тұрмысын көтеру үшін қажет екеніне де назара аударды. «Біз – мұнай, газ, металл және т.б. шикізат көздеріне бай мемлекетпіз. Бірақ соның арқасында күн көрмеуіміз керек. Енді, міне, үшінші жаңғыру аяқталуға жақын. Оның негізі – цифрландыру. Біз көріп отырғандай, цифрландыру еліміздің, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмысын көтеру үшін қажет», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Елбасы ІТ-саласында шетелдегі отандық кадрлардың мүмкіндігін пайдалануға шақырды.
Кеңесте сөз сөйлеген сарапшылардың пікірі қандай? Таяу Шығыс аймағында технологиялар және цифрландыруды дамыту жөніндегі BCG сарапшылық практика басшысы Александр Тюрпицтің айтуынша, Қазақстан цифрлық даму жөніндегі әлемдік рейтингте 50-ші орында тұр. Бүгінде әлемдегі мәліметтердің 99 пайызы цифрлық жүйеге көшірілді. Бүкіл әлемде 35 млрд құрылғы күн сайын мәліметтерді шығарып, олармен алмасады. Бұл бүкіл әлемдегі халық санынан 5 есе көп. Сарапшы осылай дейді.
Төрт басым бағыт
Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі төрт басымдығы бар. Әрқайсысының көтерер жүгі ауыр. Мәселен, «Цифрлық Жібек жолы» бағыты – ауылдық елді мекендерде интернетке кірудің кең жолақты желісін енгізу арқылы жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды құру, телерадио хабарлар тарату желісін жетілдіру, телекоммуникациялық хабты дамытуға мән беріледі. «Белсенді мемлекетке өту» бағыты – электрондық және мобильдік Үкіметті әрі қарай дамыту арқылы цифрлық үкіметті құруды көздейді.
«Креативті қоғам» – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандардың біліктілігін жоғарылату, креативті ойлауды және осы арқылы адами капиталды дамытуды міндеттеп отыр.
Сонымен қатар, төртінші «Экономика саласындағы цифрлық түрлендірулер» бағыты – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында цифрлық технологияларды енгізу арқылы цифрлық индустрияны дамыту, еліміздің көліктік-логистикалық жүйесін автоматтандыру, электрондық сауданы дамыту, денсаулық сақтау қызметін жетілдіру, т.б., міндеттері тұр.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Бірінші кезең 2016-2019, екінші кезең 2020-2025 жыл аралығына жоспарланған.
Цифрландырудың қазіргі экономиканың түрлі салаларын дамытуда қосып жатқан үлесі мол. Мобильдік билеттер, онлайн сауда, орталықтандырылған қашықтан басқару, науқастың электрондық тарихы және дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеу сынды игіліктері бар.
Ең маңыздысы – жаңа технологияларға негізделген цифрландыру арқылы ашықтық және жеделділік қалыптасады.
Әлемдік рейтингтегі әлеуетіміз
Елдегі ақпараттық қоғамның ахуалы қандай? Осыған жауап іздеп көрсек. «Зерде Холдингі» АҚ ұсынған статистикада еліміздегі 6-74 жас аралығындағы халықтың интернетті қолдану үлесі былай жіктеліпті: 2010 жылы бұл көрсеткіш 31,6 пайыз болса, 2017 жылы 76,8 пайызға жеткен. Ал компьютерлік сауаттылық бойынша да көрсеткіш осы шамалас. 6-74 жас аралығындағы халықтың үлесі 2010 жылы 43,7 пайыз болса, 2016 жылы 76,2 пайызға ұлғайған.
Эфирлік сандық телерадио өнімдермен қамтылу да ұлғайып келеді. Бұл бағытта ел халқының 77,5 пайызы сандық технологиялық эфирмен қамтылған.
2017 жылғы 10 шілдеде жарияланған Тафтс Университетінің Флетчер атындағы Мектеп жүргізген «Digital Planet 2017» зерттеуіне көз салайықшы.
«Күн сайын барлық әлем бойынша миллиардтаған адамдар идеялармен алмасу, бір-бірімен саудаласу және өзіңнің отбасымен, достарымен және әріптестерімен байланыста болу үшін интернетті пайдаланады. Google іздеу жүйесі жылына 1.2 триллионнан астам сұратуды өңдейді, Facebook шамамен 2 миллиард белсенді қолданушыларына ие», делінген әлгі жарияланымда.
БҰҰ зерттеулеріне сәйкес, 2016 жылы электрондық үкіметтің тиімділігін бағалау бойынша Қазақстан әлемде 33 орынға жайғасыпты.
Уақытты үнемдеуге мүмкіндік
Рас, қазір компьютерді пайдаланбайтын адам жоқ. Жаңа технологияның жетістігі барлық жұмысымызды оңтайландырып, жұмысты дұрыс үйлестіріп отыр емес пе?! «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» кезең.
Компьютердің адам өміріндегі маңызы өте жоғары: қоғамның барлық саласына қажеттігін, әрі оның пайдаларын айтып тауыса алмайсыз. Игілігі көп-ақ. Мәселен, интернет арқылы жылдам байланысу, ақпараттарды тез өңдеу, әртүрлі есептеулер жүргізу, құжаттарды безендіру мүмкіндіктеріне кең жол ашық, ең бастысы уақыт үнемделеді. Жүздеген адамның жұмысын 1 компьютер атқарып отыр.
Қазір елде цифрлық технологияларды енгізу қолға алынып жатқан бірқатар салаларды айта кетсек. Мәселен, ауылшаруашылық саласында көптеген жобалар бар. Келешекте ауылшаруашылық министрлігінде ақпараттық жүйелер, есепті енгізуді және ветеринария саласында мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, асыл тұқымды жануарлардың есебі, селекциялық жұмыстар, астықты сату және оның есебі, жер және жер қорларының есебі, т.б., жұмыстардың электрондық картасын дайындауға мән беріледі. Осы салада ақпараттық технологиялар жасаумен айналысатын маман Талғат Тілес бізге бұл картаның ерекшеліктерін түсіндіріп берді. Егіс даласының электрондық картасының (өнімділік, топырақ картасы) артықшылықтары орасан. Бұл жағдайда егіс даласының жағдайын талдау, агроөнеркәсіптік жұмыстарды зерделеуге мүмкіндік зор.
Мұның бәрі де жұмысты жеделдету, автоматтандыру, бағдарламалар мен жобалардың барысын, жұмыстың ауқымын бір жерден бақылауға мүмкіндік әрі фермерлердің шығындарын азайтып, өнімділікті жоғарылатуға септігін тигізеді.
БАҚ саласында да оң бетбұрыс бар
Жыл басында ел газеті «Егемен Қазақстан»-ның басшылығы цифрлық технологияны енгізу бойынша тамаша бастаманы қолға алды. Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің мәлімдегеніндей, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірлері түгенделіп, оның беттері түгелдей цифрлы нұсқаға көшірілмек. Жоба аясында газеттің 1919 жылы 17 желтоқсанда алғаш «Ұшқын» деген атаумен шыққан кезінен бастап, «Егемен Қазақстанға» дейінгі цифрлы мұрағаты жинақталмақ. Біріншіден, бұл газет нұсқаларын сақтауға, оны қорғауға мүмкіншілік берсе, екінші жағынан тарихи кезеңдер бойынша да ізденушілерге тиімді.
IT технологиялардың дамуымен қатар, елдегі барлық газеттер электронды форматқа көшіп жатқаны мәлім. Веб-сайттардың да қатары артқан. Уақыт сәтімен олардың әлеуеті әлі де арта бермек. Осы орайда облыста ресми тіркелген электронды БАҚ-тың санын келтірсек. ОҚО-да жалпы бүгінде 13 телеаарна, 4 радио, 20-ға жуық ақпараттық портал жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая беретіні белгілі.
Әрине, адамзат баласы үшін уақыттың құндылығы жоғары. Қазіргі жаңа технологиялар, инновациялар барлық сала қызметкерлерінің жұмысын оңтайландырып, уақытты үнемдеуге барынша үлес қосуда. Қорыта айтқанда, цифрландыру – бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жарқын болашағы.
Бағдарламаның орындалуы бағамдалды
Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсе» ғимаратында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастырумен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында қоғамдық тыңдау өтті.
Жиынға партияның Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық филиалдары мен Шымкент қалалық әкімдігінің тиісті сала қызметкерлері қатысты. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы талқыға түскен жиында «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Садықов аталған жұмыстарға өз бағасын берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарлама бойынша алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, – деді ол.
Бағдарламаның жүзеге асуын қадағалау, бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуы жөнінде қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Г. Әшірбаева да өз ойын ортаға салды.
– 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Біз биыл аталған бағдарламаның көмегімен тұрғын үй алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз бөлінеді деп жоспарладық, – деді Г. Әшірбаева.
«Қазақстанның Тұрғын үй Құрылыс Жинақ банкі» ОҚОФ аталған бағдарлама аясында 2031 жылға дейін ,яғни 2017-2021 жылдар аралығында 10 соттық 664 000 жер телімін беруді жоспарлаған. «Қазақстандық ипотекалық компания» мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 35 000 жалдамалы баспана, 280 000 несиелік үй алса, тағы 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека бойынша беріледі.
ҚТҮЖБ ОҚОФ Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Н. Сұлтановтың айтуынша, банк бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізуде.
Бүгінде барлық әкімдер республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен инженерлік инфрақұрылым жүргізуге өтінімдерін ұсынды. Сонымен қатар, бірыңғай сәулет стилінде дербес тұрғын үйдің пилоттық жобасының құрылысына жер телімін дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарлама сондай-ақ жеке үй салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыруға бағдарланған. Ол үшін қолжетімді кредиттік ресурстар енгізу болжанып отыр – мемлекет екінші деңгейлі банктердің жаңа тұрғын үй салуға беретін несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 11 млрд теңге қарастырылған. Олар 157 млрд теңге сомаға үй салушылардың банктік несиелерін субсидиялауға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, бұл қосымша шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олардың жартысы ҚТҮҚЖБ салымшыларына ұсынылатынын атап өтті.
«Нұрлы жол» бағдарламасының қаржысын толық игеруді тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржының толық игерілуі бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Елбасы жұмыс бабындағы кеңес өткізіп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты бірқатар орынды сын-ескертпелер айтқан болатын. Оның барлығы біздің жұмысымызда ескеріліп, Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалуы қажет. Осыған байланысты сіздердің назарларыңызды бірқатар маңызды жайттарға аударғым келеді, – деді Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде. – Біріншіден, кеңес барысында Елбасы жеті айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында бөлінген қаржының тек 40 пайызы игерілгеніне назар аударды. Бұл өз кезегінде бағдарламалар әкімшілері қаржының басым бөлігін екінші жартыжылдықта игеру тәжірибесін жалғастырып отырғанын білдіреді. Жауапты меморгандар мен әкімдіктер осы мәселені тұрақты қадағалауда ұстауы тиіс, – деп тапсырды Б. Сағынтаев.
Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігіне білім беру нысандарының құрылысы барысын бақылау жүктелді.
«Ұлттық экономика министрлігі ай сайынғы негізде нысандардың уақытылы пайдалануға берілу үдерісіне мониторинг жүргізіп, Үкіметке мәліметтерді енгізуі тиіс. Ерлан Кенжеғалиұлы (Білім және ғылым министрі), қыркүйектің басында мектептердің құрылысы бойынша қарастыратын боламыз. Атап айтқанда, 1 қыркүйекке дейін қосымша 48 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді Үкімет басшысы.
Мемлекеттік бағдарламалар дамуға серпін береді
Биыл Шымкент қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6 мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы бойынша баяндама жасаған қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Абай Тұрханов мәлім етті.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда қала аумағында 7 мектеп және 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге бағытталған. Салынып жатқан 6 мектеп ғимараты биыл жыл соңына дейін, ал 558 пәтерлі 11 тұрғын үй ғимараты алдағы қыркүйек айына дейін пайдалануға тапсырылмақ.
Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов бағдарлама аясында қала аумағында салынып жатқан кәріз жүйелерінің бүгінгі ахуалын мәлім етті. Атап айтқанда, бұл бағытта несиелі қайтарма негізінде 4 жоба қарастырылған. Яғни, «Самал», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс» және «Қайтпас-1» шағынаудандарындағы 19 көшеге кәріз жүйелері салынып, нәтижесінде, 15 695 абонент қажеттілікпен қамтылмақ.
Тиісінше, қала аумағын кәріз жүйесімен қамту жұмыстары 42-ден 49,1 пайызға ұлғаймақ.
– Аталмыш бағдарламаның тиімділігі жөнінде жергілікті БАҚ арқылы тұрғындарға нақты түсінік берілуі тиіс, – деді Ғ. Рахматоллаұлы.
– Жыл өткен сайын бағдарлама шеңберінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы жанданып, бағытталған қаражат пен жұмыс ауқымы айтарлықтай арта түсуде. Әсіресе, «Шымкент сити» және «Әкімшілік-іскерлік орталығында» заманауи талапқа сай бой көтерген нысандар қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, қаланың сәулеттік кескін-келбетін мегаполис атына сай етуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Күн тәртібінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды шараларға арнайы талдау жасалды. Атап айтқанда, бұл салаға 371 тұрғын үйдің құрылысы үшін республикалық бюджеттен 7,8 миллиард теңге бағытталған. Оның 85-і биыл пайдалануға беріледі.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
Қазіргі таңда қала аумағында 7 мектеп және 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Салынып жатқан 6 мектеп ғимараты биыл жыл соңына дейін, ал 558 пәтерлі 11 тұрғын үй ғимараты алдағы қыркүйек айына дейін пайдалануға тапсырылмақ
Бағдарламалардың орындалуы талқыланды
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде облыстың 2016 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларының орындалу барысы қаралды.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р. Мулкеманов есепті мерзім ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 574,2 млрд теңгені құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 319,6 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 125,3 млрд теңгеге жеткенін баяндады. Десе де, басқарма басшысының айтуынша, өңірге инвестиция тартуда нәтиже төмен. Яғни, 9 айда негізгі қорға 240,8 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2015 жылдың тиісті кезеңіне 82,4% құрады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов биылғы жылға жоспарланған 14 нысанның 7-нде құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сай жүріп жатқанын жеткізсе, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым бөлінген қаржының 96 пайызға игеріліп, жұмыстар жыл соңына дейін толық орындалатынын баяндады.
Селекторлық отырыста «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының орындалу барысы бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева жыл басынан бері 54570 адамға бағдарлама қатысушысы ретінде қолдау көрсетілгенін хабарлады. Оның ішінде, 19965 адам өздігінше жұмыспен қамтылып, жылдық жоспардың 113 пайызын құраған.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.
Мал бордақылауға – 2,4 млрд теңге несие
Облыста «Береке» бағдарламасы бойынша жеке шаруашылықтарға 1 мың шағын мал бордақылау алаңын қаржыландыру жоспарланған. Осы мақсатта 913 шаруаға 2,4 млрд. теңге несие берілді. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Шағын несие негізінен 5-20 ірі қара мал басын бордақылайтын жеке шаруа қожалықтарға беріліп отыр. Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» жалпы көлемі 9,2 млрд теңгеге 3,7 мың жобаны қаржыландырған.
Несие қаражаты негізінен ірі қара, жылқы және құсты бордақылау мен ауылшаруашылық өнім алу үшін сатып алу, сондай-ақ, мал азық сатып алуға мақсатында жұмсалуы тиіс.
Несиенің максималды сомасы – 3 миллион теңгеге дейін, қарызды мерзімнен бұрын өтеген қатысушылар үшін – 5 миллион теңгеге дейін. Қарыздың берілу мерзімі – 4 жыл.
«Береке» бағдарламасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан әзірленген еді. Республика бойынша 2016 жылы 55 мыңға жуық мал басына арналған 7 мыңнан астам шағын мал бордақылау алаңы қаржыландырылады деп күтілуде.