Ұлық мереке қарсаңында пайдалануға берілген Бозарық шағын ауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Бүгінде 304 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілді. Қазіргі таңда азаматтармен сатып алу сату келісім шарты жасалуда. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өткізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталуда. Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарлануда.
Сондай ақ, қала әкімі Шымкенттегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім ордасында болды. Нұршуақ шағынауданында орналасқан мектеп ең заманауи стандарттарға сай жабдықталған және оқушыларына жайлы және қауіпсіз білім беруді ұсынады.
– Бұл мектеп ең алдымен сіздердің қаржыларыңызға салынды. Мемлекет қаражаты - бұл сіздің қаражатыңыз, яғни ол сіздің ақшаңызға салынып жатыр деген сөз. Осы мәселені балаларыңызға жеткізіңіз. Олар өздері үшін жасалып жатқан құнды дүниелерге қамқорлық жасап үйренуі керек, – деді Ғ.Сыздықбеков мектептің ашылуына келген тұрғындармен кездесуінде.
Ә.АЙТӨРЕ