– Бауыржан Ілімшаұлы, жыл басынан бері Қоғамдық кеңесте қандай мәселелер көтерілді?
– Қоғамдық кеңес өз құзыреті аясында қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама, мемлекеттік мекемелердің есебін тыңдау және қоғамдық мониторингті жүзеге асырады. Өткен есептік кезеңде осы бағыттарда Қоғамдық кеңес отырыстарында қаламыздағы көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелер көтеріліп, оң шешімдерін тапты. Қоғамдық кеңес жанынан тұрақты 5 комиссия құрылған: Бюджет және экономиканың дамуы, инвестиция, азаматтық қоғам институттарымен байланыс, әлеуметтік саланың дамуы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салалардың дамуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау, заңдылық, құқық тәртібі және жергілікті өзін-өзі басқару, сондай-ақ, жастар саясаты жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істейді.
Жалпы айтқанда, әлеуметтік салада және қоғамдағы өзекті мәселелер, азаматтардың жеке өтініштері, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, тағы басқа мәселелер жан-жақты талқыланды. Тиісті құзырлы органдарға, министрліктерге ұсыныс жолданды. Енді бірқатар жұмыстардың барысын атап кетсек. Қазіргі уақытта әлеуметтік салада өте өзекті мәселелер бар. Балалар арасындағы суицид жағдайлары көбейіп тұр. Кеңес отырысында Ө.Шыныбекұлы осы мәселені көтеріп, комиссия отырысында жеке қарауды ұсынды. Одан бөлек ескі қалашықта қаланы бақылайтын мұнара (смотровая площадка) тұрғызып, телескоптар қою, цитадель ішінен оқушылар үшін Астрономия үйірмесін ашуды ұсынды. Қала әкімі бұл ұсынысқа қолдау білдіріп отыр. Мектепте тамақтандыру жүйесі, сабақ беру тәртібі бойынша да мониторинг топтары тексеріп, ұсыныстарды беріп жатырмыз.
Қоғамдық кеңес мүшесі Б.Исабек Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне қала әкімінің оқу грантын бөлу бойынша ұсыныс айтып, қала әкімінің атына хат жолданған болатын. Нәтижесінде, университетке биыл оқу гранты бөлінді.
Инфрақұрылым мәселесіне келейік. Шымкент қаласының жылу беру маусымына дайындық жұмыстары, инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы, жалпы инфрақұрылымның өзекті мәселелері әрдайым Қоғамдық кеңесте талқыланып жатыр. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, аудан әкімдіктерінің, «3-Энергоорталық» АҚ-ның, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның басшылары шақырылып, сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Бюджет қаражаты тиімді жұмсалып жатыр ма? Жалпы, энергетика, инфрақұрылымды дамыту саласында мәселе көп. Тұрғындар жарық өшіп қалады деп жиі шағымданады. Өйткені, бізде желілер тозған. Трансформаторлар ескі. Соған біз хаттамалық ұсыныстар бердік.
Сондай-ақ, қала тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер де Қоғамдық кеңес арқылы шешімін тапты. Мәселен, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың жай-күйі кеңес мүшелерінің үнемі назарында. Кеңес отырысында бірнеше рет өзекті мәселелер талқыға түсті. Соңғы отырыста да қарадық. Дендросаябақ – қаламыздың мақтанышы. Халықтың баратын жері. Қоғамдық кеңес осы дендрологиялық саябақтың суғару жүйелері, ағаштардың қурауы, тағы басқа жағдайларды бірнеше рет күн тәртібіне қойды. Айтып қана қоймай, тиісті ұсынысты басқармаға, одан кейін қала әкімдігіне жолдадық. Мәселен, қазіргі таңда саябаққа бюджеттен көп ақша бөлінбейді. Ал, келушілерден кіріске түсетін ақша өте аз. Ол қаражат күтіп-ұстауға да жетпейді екен. Мекеме басшысы орақ, балта, балға алуға да шамалары жетпей тұрғанын біздің отырыста айтты. Осыған қолдау көрсетсеңіздер деп Қоғамдық кеңеске ұсыныспен шыққан болатын. Бұл – үлкен мәселе. Осылайша кіру бағасын 100 теңгеге көтерсек деген ұсыныс шешімін тауып отыр. Қоғамдық кеңес мүшелері қолдап, қала әкіміне ұсыныс берілді. Бір автотұраққа барсаң, 20 минут тұрғаныңа 200 теңге төлейсің. Ал, дендросаябақтың көгеріп, жандануына тұрғындардың өздері де үлес қосса жақсы емес пе?! Ендігі ретте жан-жағынан кіретін төрт қақпа жасалып, оған турникет қойылады. Қолма-қол төлем жүйесі алынып тасталады. Сөйтіп, түскен ақшадан өздерінің шығындарын жауып, дамытуға әрекет жасар еді. Жақын арада осы жүйе іске асырылады. Одан әрі де жетілдіріле береді ғой. Мәселен, көпбалалы аналарға жеңілдік жасауға болады. Соны айттық.
Қоғамдық кеңес мүшесі А.Ахметов Шымкенттегі ескі балалар теміржолын қайта жаңғырту туралы ұсыныс беріп, бірнеше рет қоғамдық кеңесте көтерілген болатын. Нәтижесінде, теміржол рельстері алынып, оның орнына заманауи талапқа сай веложол, жаяу жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылды. Қала әкімі Қоғамдық кеңес мүшелерімен алғашқы кездесуінде осы ұсынысты қолдады. Осылайша қала әкімінің қолдауымен бұрынғы ескі балалар теміржолы мәселесі шешіліп, қайта жаңғырды. Міне, бұл жерде де Қоғамдық кеңестің үлесі бар. Бұл көптен бері айтылып жүрген, күрделі мәселе тұғын.
Шаһарда өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар мәселелер бар. Мәселен, «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпкерлер электр энергиясының қымбаттауы, инфрақұрылым мәселесі бойынша қоғамдық кеңеске өтініш жазды. Өтініштер кеңес отырысында қаралып, бағаны тұрақтандыру бойынша қала әкімінің атына ұсыныс хат жолданды. Нәтижесінде баға тұрақталды. Одан кейін кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірге индустриалды аймаққа барып, сол жерде жиналыс өткіздік. Кәсіпкерлердің барлық мәселелерін айтты. Соның бірі – инфрақұрылымның тартылмауы. Біз осы мәселелерді көтердік. Бұл ретте әріптесіміз Н.Қобыланова белсенділік танытты.
Ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеуді субсидиялау, инвестициялық, ауылшаруашылық жерлерді субсидиялау бойынша да кеңес мүшесі Т.Нишанбаевтың ұсыныс баяндамасы тыңдалып, кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан мақұлданды. Шымкент қаласы мәслихатының төрағасына, тиісті басқармаларға жолданды.
Сонымен қатар, құрылыс саласында үйлердің сапасына қатысты мониторинг топ құрдық. Тұран, Шымсити шағынауданындағы үйлердің жағдайын зерделеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтадың кіріп шығуына қандай жағдай жасалғанын тексердік.
Тарифтік мәселелер, салық жүйесін реттеу бойынша ұсыныстарымыз бүгінде қаралу үстінде. Тарифтің қымбаттауы бойынша Р.Әшетаев Энергетика министрлігіне хат жазды. Министрлерден жауап алды. Содан біз отырыста талқылап, тарифті жасақтау саясаты түсіндірілді. Біздің онлайн отырысқа төрт министрлік өкілдері қатысты. Сөйтіп, Шымкентте тарифті өсірмеуге қол жеткіздік. Салықтық жүйені реттеу бойынша Үкімет басшысына да хат жаздық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау, заңдылық, құқық тәртібі жөніндегі комиссияның төрағасы Жанысбек Өтеген ағамыз жүйелі, жоспарлы жұмыстар атқаруда. Әрдайым тұрақты комиссияның отырысын өткізіп, қаншама өзекті мәселелерді көтеріп жүр. Қаржының тиісті мақсатта жұмсалуы, жалпы заңдылықты қадағалауда ол кісінің еңбегін атап өткен жөн.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жыл басынан бері екі рет Қоғамдық кеңес отырысына қатысып, кеңес мүшелерімен кездесу өткізді. Қала әкімі әрдайым ашық екенін, Кеңес отырысына келіп отыратынын айтты. Сол кездесуде берілген ұсыныстар қазір шешімін тауып жатыр. Мәселен, бүгінде Цитадельдің жұмысын жандандыру назарда тұр. Сол жерде сауда-саттық, ойын кешендері іске қосылса, жұмысы жандана түсер еді. Ол жер қаланың ең биік нүктесі. Сол себепті, де аумаққа обсерватория қойып, бүкіл қаланы тамашалайтын алаң ашуды ұсындық. Астрономия пәні класын ашу ұсынысын қала әкімі қабылдап алды. Қазір бұл да шешілу жолындағы ұсыныстардың бірі.
Жалпы, қаланың бюджетін, өзекті мәселелерді қоғамдық кеңестің талқылауынан өткеннен кейін ғана мәслихат сессиясы бекітеді. Қоғамдық кеңесте талқыланып, оң қорытындысын алғаннан кейін ғана сессияда нақтыланады.
– Қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыруда қандай мәселелер бар?
– Қалада Қоғамдық кеңес туралы түрлі пікірлер бар. 2015 жылы Қоғамдық кеңес туралы заң қабылданды. Кеңестің құрамын жасақтау тәртібі де өзгеру үстінде. Алдымен Қоғамдық қеңестің жаңа құрамы бекітілетіні жөнінде әлеуметтік желілерде хабарланады. 100-200 адам құжат тапсырады. Кәдімгі толыққанды конкурс жүреді. Конкурста әр адамға баға қойылады, іріктеледі. Әрбіріне жеке-жеке сұрақ қойылады. Соның ішінен 40-50 адам іріктеліп алынады да, ең ұпайы жоғарыларының ішінде 29-ы Қоғамдық кеңес мүшелігіне бекітіледі. Одан қалған 10-15-і резерте тұрады. Кеңес мүшесінің жұмысына, денсаулығына, тәртібіне байланысты өзгерістер болса, азаматтар сол резервтен алынады. Егер резерв таусылған жағдайда Қоғамдық кеңестің өзі комиссия құрып, қайтадан іріктеу жасайды. Үшінші шақырылымнан кейін Қоғамдық кеңеске қызығушылық артып отыр. Кеңес құрамы жалпы үш жылға бекітіледі. Әр жылдық жоспары жасалады. Сол жоспарда қандай мәселелер бар, бәрі жазылады. Одан бөлек, жұмыс барысындағы өзекті мәселелер де қамтылып отырады. Оны комиссияда талқылаймыз. Егер талқыланған сұрақ күрделі болса, оны төралқа бекітеді де, қоғамдық кеңестің күн тәртібіне қосымша шығарылады. Қалада әр түрлі ұсыныстар болады ғой. Кезектен тыс өткізуге де біздің құзырымыз бар. Қоғамдық кеңестің жұмысын жетілдіру бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныстар берілді. Заңға өзгеріс енгізу туралы біздің ұсыныстарымыз қаралуда.
– Олар қандай ұсыныстар?
– Мәселен, Қоғамдық кеңеске үміткерлерді алдын ала жасақтау, оларды оқыту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Алғаш жұмыс басталған кезде мүшелерді әр бағыт бойынша оқыту керек деп ұсыныс бердік. Бұл бүгінгі таңда орындалып отыр. Қоғамдық кеңестің бағыты бойынша айына бірнеше рет заңнамалар бойынша түсіндірме жұмыстары басталды. Одан кейін тағы бір мәселе – Қоғамдық кеңес үш жыл жұмыс істеп, одан кейін тарап кетеді. Хатшы қалғанымен, бізде архив сақталмайды. Жалпы, шешілген мәселелердің архиві болуы керек. Біз жұмыс тобын құруды, қоғамдық кеңестің кемінде 3 адамынан құралатын мамандар болу керек екенін, басқа өңірлердегі әріптестерімізбен тәжірибе ұсыныстарын да айттық.
Жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің жақсы жүйе екенін түсініп, бізге арнайы ғимараттан орын берді. Бізде айына бірнеше рет комиссияның, төралқаның отырысы болады. Сондықтан, біз арнайы ғимараттан есік ашып қойдық. Қандай сұрақтар болса, оны хатшы қабылдап алады. Тиісті комиссияға жібереміз. Басқарма өкілдерін сол жерге шақырып та мәселелерді талқылай береміз. Онда барлық құрал-жабдықтарымыз бар. Толыққанды жиналыс өткізуге жағдай жасалған.
Қоғамдық кеңес – билік пен халықтың арасында алтын көпір болып отыр. Қоғамдық кеңеске қоғамға жаны ашитын, қоғамдық негізде дербес, жеке мүддесін ойламайтын адамдар керек. Шымкент қаласының қоғамдық кеңесі барлық қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуда. Қала әкімінің халықпен кездесуіне барады. Қандай да бір үлкен мәселе көтеріліп жатса, ол жерден табыламыз. Кеңес мүшелерінің бес ауданда бес тобы бар. Олар сол аудандағы мәселелерден хабардар болып отырады. Халық соңғы кезде Қоғамдық кеңестің жұмысын түсінді. Бізге алғысын айтып келіп жатыр. Отырыстарымызға барлық БАҚ-ты шақырамыз. Есігіміз әрдайым ашық.
Кеңес құрамында абыз ақсақалдар бар. Халық қалаулысы болған Шалатай Мырзахметов ағамыздың әр айтқан сөзінде терең ой, тәрбие бар. Әбілқасым Досболов жастайынан кәсіп істеп, елдің жағдайын жақсартуда тер төккен азамат. Жастар құрамы осындай ағалардан үлгі алып отыр. Ойын тура айтатын, жалтақтамайтын азаматтар да жеткілікті. Жалпы айтқанда, бізде жүйелі жұмыстар бар. Жұмысты жандандыруда алға қойған мақсаттарымыз, жоспарларымыз көп-ақ.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМОВ