- Еламан спорт кешені тек спортпен айналысуға ғана емес, сонымен бірге, балалар мен жастарды рухани тәрбиелеуге де ықпал ететін орталық болады деп сенемін. Мұнда түрлі спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар, сондай-ақ, кәсіби деңгейдегі жаттығулар өткізуге де барлық жағдай жасалған. Осы кешенде өсіп келе жатқан жас спортшыларымыздың арасынан болашақ чемпиондар шығады деп сенеміз.
Біз қала тұрғындарын денсаулыққа мән беріп, белсенді өмір сүруге шақырамыз. Болашақта осындай спорт кешендері көбірек ашылып, салауатты өмір салты Шымкент жастарының айнымас құндылығына айналады деген үміттеміз, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Жаңа кешенде заманауи жабдықтармен қамтылған бірнеше спорт залы бар, олардың әрқайсысы нақты спорт түрлеріне арналған. Атап айтсақ, баскетбол, волейбол, футбол және басқа да ойындармен айналысуға болады. Сонымен қатар, күштік дайындық, жаттығу залы және жүзуге қатысамын дегендерге бассейн де бар.
Еламан спорт кешенінің есігі ауыл балаларына, спортпен айналысқысы келетін барлық тұрғындарға ашық. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер үшін бұл кешенде жаттығу жасау – спорттық дағдыларды дамытуға, өз қабілеттерін шыңдау және кәсіби деңгейге жетуге тамаша мүмкіндік.
Айта кетейік, спорттық нысанды ауылдың белсенді тұрғыны, кәсіпкер Саидалимхан Шарипов өз қаражатына салған. Сонымен қатар, кешеннің ашылуына ауыл ақсақалдары мен спорт ардагерлері қатысып, болашақ чемпиондарға сәттілік тілеп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ