«Наурызда ұлттық құндылықтарымыз кеңiнен насихатталуы тиiс»
Пятница, 20 Март 2015 08:29Мекемтас Мырзахметов, абайтанушы,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
Мереке концерт көрiп, шапан киюмен ғана шектелмеуi керек
– Мекемтас аға, халқымыз үшін Наурыз мерекесінің мән-маңызы қандай болған? Алдымен осы туралы толығырақ айтып өтіңізші.
– Қазақта, жалпы түркілерде мереке аз болған. «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген тәмсіл дәлел бұған. Ұлтымыз үшін мерекенің ұлысы – әз Наурыз. Бұл есте жоқ ескі заманнан келе жатқан мерекеміз, исі түркіге ортақ. Бұл мейрамның маңызы мен мәні бөлек. Мәселен, түгел жұртты жинап, тайқазаннан ас беру – бұл елдіктің белгісі. Мұнда халық өзара қауқылдасып, ақ дастархан басында бас қосады. Бұл араластықты, тұтастықты, татулықты ту етпек үшін, елдің іргесін бүтіндеп, алысты жақындатып, жақынды біріктіріп отыру үшін керек. Қазақтың пейілі дархан, көңілі ақ. Ол осындай жөн-жоралғы арқылы жұққан. Тіпті, бұрынғы заманда, Наурыз кезінде түмендеп халық жиналатын көрінеді. Ол түмен бір рудан, бір өлкеден емес, Алты алаштан ат арытып келгендер болатын. Төрт тарапқа сауын айтып, елдің ұйытқысына айналдыра білгендігі осыдан-ақ көрінеді. Сондай-ақ, мереке кезінде түрлі ырым-жоралғылар, танымдық тағылымдар көрініс табады. Әсіресе, ойын-сауық, балуан күрес, ат шабыс, көкпар тартыс секілді мерекелік көңіл күй тұтас даланы кернеген. Ал, ең бастысы, мұндай мерекеде буын сабақтастығы жалғасып, рухани байланыс нығаяды. Қарттар кейінгіге көрген-білгенін, түйгені мен естігенін, әулет, ел тарихынан сыр шертеді.
– Ал, бүгінгі мерекелер ше? Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде тойлап жүрміз бе?
– Наурыз мерекесінің тағдыры қиын болған. Себебі, Кеңес өкіметі бұл мерекені ислам дінінің қалдығы, діни мереке деп 1926 жылы тыйым салды. Осылайша 1989 жылға дейін Наурыз мерекесі мемлекеттік деңгейде тойланбай келді. Бірақ, соған қарамастан дүрілдетіп, думандатып ойламасақ та, ауыл-ауылдарда наурызкөже әзірлеп, жасырын атап өтіп жүрдік. Арада қаншама жыл өткенде Наурыздың халқымен қайта қауышуына Өзбекәлі Жәнібеков сынды ақжүрек азамат табандылық танытып, үлкен көмегін тигізді. Бұл игі іске қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов та ерекше қолдау көрсетті. Наурыз елімізде осылай орныққан еді. Рас, қазір мерекенің мәні де, мазмұны да өзгерді. Өкінішке қарай, біз мереке десе, арзан концерт, жеңіл той деп қана ұғатын болдық. Мұнда рухтың бостандығы, дәстүрдің жаңғыруы емес, керісінше ресми сипаттағы жиындар мен құттықтауларға баса мән беріледі. Біз үшін тамырымызға үңілу, тарихымызға зер салу басты назарда болған жөн. Байқауымша, біздегі мерекелер бірізді ғана. Әншілерден сұхбат, олардың қайда тұрғанын, не істегенін, немен айналысатынын көрсету, азды-көпті мерекелік қойылымдар ғана беріледі. Ал, тарихи жадты олар оята ала ма, әлде керісінше, жастардың рухани сұранысын өшіріп алмай ма? Осыны ойлану керек. Наурыз әлі де өзінің жолын таба алмай жатыр. Бабаларымыз бұған қандай әдістермен өтті? Біз соны толық білмейміз. Себебі, біздің тарихи жадымыздан өшіп кетті. Біз Наурызды бұдан да гөрі жандандыруымыз керек.
– Сонда Наурызды есте қаларлықтай етіп өткізу үшін не істеу керек?
– Наурызды керемет етіп тойлау үшін, біріншіден, терең зерттеуіміз керек. Тарих өлі күйінде қалмауы тиіс. Оны бүгінгі ұрпаққа мән-маңызы аз бағдарламалармен, қалың кітаптағы жазбалармен түсіндіре алмайсың. Ол үшін осындай мерекелік шаралардың мазмұнын жетілдіріп, әсерлі де тағылымды бағдарламалар ұйымдастыра білуіміз керек. Сонда халықтың сынған сағын, төменшіктеген рухын көтерер едік. Қысқасы, қазақтың қазақ екендігін көрсететін бірден-бір мереке осы Наурыз болуға тиіс. Білсеңіздер, Наурыз – концерт көріп, киіз үй тігіп, шапан киюмен ғана шектелмеуі керек. Қазақтың қандай жақсы дәстүрлері бар, соның бәрін осы мейрамда жақсылап көрсете білгеніміз абзал. Бұл мерекеде ұлттық аспаптардың үні әрбір қазақтың құлағында жаңғыруы тиіс. Наурыз дегеніміздің өзі жаңа күн деген ұғымды білдіреді. Наурыз – достықтың, береке мен бірліктің мерекесі. Егер, біреуге өкпелесеңіз, біреуге ренішіңіз болса, осы мерекеде кешіріп, араздықты ұмыту керек. Осының бәрі шын ниетпен жасалса, ғанибет қой. Қазір Наурыз мейрамы Оңтүстікте жыл сайын мазмұндалып, халық санасына сіңісіп келеді. Мысалы, бізде Наурызды тоғыз күн тойлау дәстүрі қалыптасып жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Осы үрдіс үзілмей, ұлттық мерекеміздің нағыз қайнарына айналуы тиіс.
«Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылады
– Елдік мәселелерді сөз етіп отырсыз ғой, ендігі ретте еліміздегі ұлттық идеология туралы ойыңызды білгіміз келеді. Қалай ойлайсыз, бізде ұлттық идея қалыптасты ма?
– Жоқ деп айта алмаймыз. Ұлттық идея бар. Бізде идеология жағы кемшін түсіп жатыр. Мысалы, Араб елдерінің барлығы Ислам әлемін қолдайды. Біз оны үлгі етіп ала алмаймыз. Себебі, біз зайырлы мемлекетпіз. Біз алдымен, халқымызды әбден тануымыз керек. Қазақ бұрын қандай халық еді? Тамырымыз қайда? Қазақтың қиналмаған, қыспаққа түспеген кезі жоқ. Халқымыз өз тарихында әбден сүйретпеге түсіп, жаны зорға қалды. Енді тіріліп келе жатқан халықпыз. Олай болса, елді даңғыл жолға бастау үшін мықты идеология қажет. Қазір пиғылы бөтен, сырттан келіп жатқан қаншама теріс діни ағымдар бар. Олардың көксегені – елдің арасына іріткі салу, біртұтастығымызға сына қағу. Бүгінде біздің білім беру жүйеміз, әсіресе қоғамдық ғылымдар әлі күнге еуропалық көзқарастағы бағытпен жүріп келеді. Сол қалыптан шыға алмай жатырмыз. Еуропаның азып-тозған педагогикасы бізге үлгі бола алмайды. Біз Тәуелсіз елміз, сондықтан өзіміздің салт-санамызға негізделген ұлттық білім беру жүйесін қалыптастырып, жаңа модельде білім беруіміз керек, яғни педагогикамызды ұлттық шығыстық қалыпқа бағыттау қажет.
– Тағы бір салмақты сауал туындайды, бүгінгідей жаһандану заманында ұлттық сипатын жоғалтпау үшін жанталасып жатқан елдер көп. Осы орайда біз қазақы қалпымызды қалай сақтап қаламыз?
– Бұл шынында, ауыр сұрақ. Өзгенің ықпалынан бізді құтқаратын – тек қана ата-бабамыздың жолы. Қазір біз жиі айтатын Еуропа иман дегенді білмейді. Әрине, олардың жаңа технологиясын алу керек, әдіс-тәсілін меңгеру керек. Дегенмен Еуропа ғылымды имансыздық жолға бастады. Ғылым халыққа, адамзатқа қызмет етіп, игілігін беру керек. Олар атом бомбасын жасайды, лазерьмен жоятын түрлі биологиялық, химиялық қарулар ойлап шығаруда. Қазір жер бетін тып-типыл етіп, тіпті 15 рет жоқ қып жіберетін қарулар бар. Не деген қанағатсыздық?! Бұл – имансыздықтың көрінісі. Негізінде, Еуропа қатыгезденіп, құруға бет алып бара жатыр. Мағжан Жұмабаевтың өткен ғасырда жазған: «Күнбатысты қараңғылық қаптаған, Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған. Бiлген емес иман деген не нәрсе, “Қарын” деген сөздi ғана жаттаған», – деген өлеңі бүгінде де аса маңызын жоғалта қойған жоқ. Біз, шын мәнінде, қазақы қалпымызды сақтап қаламыз десек, ескі шапанымызды шешіп, ұлттық шапанымызды киюіміз керек.
– Жұртшылық сізді ең алдымен белгілі абайтанушы ретінде таниды. Сіз қазіргі таңда Абайдың «Толық адам ілімін» зерттеп жүрсіз. Осы еңбегіңіз туралы тарқатып айтып берсеңіз.
– Абайдың «Толық адам ілімі» – адамның ішкі рухани әлемін тазартатын бірегей ілім. Бұл ілімнің тамыры Әл-Фарабидің парасатты адам, Жүсіп Баласағұнидің жауанмәрттілік (зомарт-жомарт) ілімі, Яссауидің хал ілімінде жатыр. Абай адам жанының, рухының кеселді, зиянды жағынан оқырманын аулақ ұстап, рухани жағынан іштей түлеп жетілу, кемелдену жолына үндеген ойшыл. Хакім Абайдың 7-қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», – деп ой толғауының төркіні қайда жатқанын аңғартады. Абайдың дүниенің көрінбеген сыры деп отырғаны – адамның рухани әлемі. Менің мақсатым, Абай ілімін терең зерттеп, жүйелеп, ғылыми негізге салып жас ұрпақ қолына жеткізу. Бұл салада оқулықтар мен бірнеше ғылыми еңбектерім жарыққа шықты. Қазір «Абайтану» ілімі еліміздің 8 жоғары оқу орнында оқытылуда.
– Алдағы уақытта Астанада «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылмақ екен. Ол орталық немен айналысады?
– Қашанда елді көгертетін руханият саласы. Жалпы, біз Абайды темірқазық етіп алмайынша өспейміз. Қазақ кері кетсе, Абайдың сөзін білмегендіктен кері кетеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген сөзінде үлкен мән бар. Абайдың ілімі – бұл тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының моральдық кодексінің негізіне айналуы тиіс. Осы идеямызды өрістету бағытында елордада 5 қабатты арнайы орталық салынбақ. Қазір мемлекеттен тиісті қаражат бөлінді. Жыл соңына қарай пайдалануға беріліп қалуы мүмкін. Бұл әлемдік деңгейдегі үлкен орталық болмақ. Мұнда өмірін ғылымға арнаған қызметкерлер еңбек етіп, абайтанушылардың үлкен шоғырын қалыптастыратын болады. Ерекшелігі сол, жұмысқа қабылданатын мамандар арнайы конкурстан өтеді. Жалпы, Абайдың ашылмай қалған қырын осы орталықта толық зерттеуге зор мүмкіндік қарастырылмақ. Сонымен бірге, доктарантура, магистратура ашу жайы да жоспарда тұр. Алла ғұмыр берсе, осы орталықта білгенімізді ортаға салып, ғылыми жұмыстарымды жалғастырсам деп отырмын.
Трайбализмге ұласпағаны жөн
– Талай жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан елге белгілі ғалымсыз. Айтыңызшы, елімізде ғылымға деген көзқарас қалай? Көңіліңіз тола ма?
– Ғылым дамымаса ел ешқашан өркендемейді. Қазір, әрине, еңбектеніп, көз майын тауысып, жұмысын жасап жүрген ғалымдар баршылық. Әйтсе де, олардың жалақылары мардымсыз. Мәселен, біздің алып жүрген айлығымызды компьютерде жазу теретін хатшы қыздар да табады. Сондықтан да қазір жасы бар, жасамысы бар бәрі ғылымнан қашады. Есесіне, қазір жасанды академиктер, ғалымдар өте көп. Жасырып-жауып қайтеміз, мұны жұрттың бәрі біледі. Ақшаға сатып алу, жаздыру, сөйтіп, ғылыми атақ алу – таңғалатын жағдай емес. Бұл – ғылымға деген обалгершілік. Жасанды ғалымдар қоғамға не беріп жатыр? Міне, осы өкінішті жайт. Қазір Қазақстанда ғылымның дамуына бюджет қаражатының 0,6 пайызын бөледі. Тереңнен ойлап қарасақ, бұл өте төмен. Осыны 3 пайызға көтеруіміз керек. Мысалы, бұл көрсеткіш Ресейде 2 пайызға жетіп отыр.
– Өмір ағымына қарасақ, бүгінде «шала қазақ», «таза қазақ» деген ұғымдар пайда болды. Сіздіңше, бұл қазақтың біртұтастығына сына қағу емес пе?
– Бұл – патша өкіметінің орыстандыру саясатының жемісі. Мұны мен бөліп отырған жоқпын. Бұны саясат бөлді. Кезінде шоқындырудың кілті деп елімізде орыс мектептері ашылды. Кейін аралас мектеп болды. Аралас мектеп – бұл орыстандырудың түрі. Кемшілікке көзімді жұмып отыра беруге шыдамай, осы жөнінде мен «Су басынан тұнады» деген мақала жазғанмын. Онда ұлттық тәрбиені балабақшадан бастауымыз керектігін айтқанмын. Қазір, жаңылмасам, Қазақстанда 2097 аралас мектеп бар. Олар жылына 200-300 мың шала қазақты дайындап шығарады. Осыны реттеуде парасатты, жүйелі әрекет керек. Бұл мәселені бұрынғы және қазіргі Білім және ғылым министріне ауызша да айттым, жазбаша да жеткіздім. Нақты жауап ала алмадым. Біздің министрліктегілер батысқа барып, білім жүйесін әкеп ендіргісі келеді, ол бізде өнбейді. Жалпы, реформа деген ол үлкен нәрсе. Одан абайлау керек. Сол бастамаларды жалғап әкетпейді көбісі. Жаңа жүйе қалыптастырғысы келеді. Министрлік сынақ алаңы емес қой.
– Бүгінгі қазақ қоғамында ру, жүзге бөлініп, ата-бабасына арнап ас берушілер де кең етек алып барады. Бұған не дейсіз?
– Руды жағымсыз бейнеде қалыптасатырған тағы да сол отаршыл патша өкіметінің ‘’жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру’’ жолындағы саясаты еді. Мұнда империяның болыстық билік үшін талас-тартыста саналы түрде руды руға айдап салу саясатын ұстануы бізге үлкен зардабын тигізді. Бұл бүкіл қазақ елінің мінез-құлқының бұзылуына алып келді. Ұсақ рушылдықты, жалған намысты қоздырды. Менің айтарым, ру – бірлікке, ағайын-туыс ынтымағын нығайтуға қызмет етуі керек, оның трайбализмге ұласпағаны жөн. Мысалы дейік, бұрын ауылдағы бір отбасының асыраушысы қаза болса, оның бала-шағасына бәрі ұйымдаса көмектесіп, қиын жағдайда қалдырмаған. Сол секілді, қыз ұзатылып, ол адалдық сақтамаса, бүкіл ру ұятқа қалып, жерге қарайтын. Осы себепті қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, «қызға қырық үйден тыю», деп бүкіл руластар ру намысын көздің қарашығындай сақтауға атсалысатын. Арғы-бергі тарихымызда қазақ отбасында ажырасу деген болмайтын. Қыз ұзатып той жасалса немесе ас берілсе, бүкіл ағайын-туыс жиылып, бір кісідей қызмет ететін. Міне, рудың болмысын осы түсінікте қабылдап, ата-бабадан қалған үлгі-өнегесін қайта жаңғыртып, жетілдіріп тәлім-тәрбие ісіне пайдаланудың еш зияны жоқ.
Алаш ардақтылары мен кейiнгi буын арасындаµы алтын көпiр
– Сіз Халық хаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмір жолын зерттеп, бірнеше томдық жинағын жарыққа шығардыңыз. Сұрайын дегеніміз, ұлт батырының жұртқа беймәлім қандай қырын байқадыңыз?
– Баукеңнің барлық сыры да, қыры да жазған кітаптарында. Оның әрбір жазбасы ұлттық рухқа, отаншылдыққа тұнып тұр. Ол қазақтың ескі өмірін, тарихы мен мәдениетін жетік білетін. Қара сөздің қадірін білетін, қастерлейтін кісі еді. Елбасының Момышұлы туралы тамаша айтқан сөзі бар: «Жазушылардың ішінде өз халқын мұншалықты жақсы көрген жазушыны көрген жоқпын». Баукең, шын мәнінде – Алаш ардақтылары мен кейінгі буын арасындағы алтын көпір болды. Баукеңнің әкесі менің әкеммен дос болған екен. Мен әкемнен 3 жасымда жетім қалғам. Кейіннен Алматыға білім іздеп келген кезде, өзі қамқорлық танытып, қол ұшын созып тұрды. Кейіннен мен ол кісінің шаңырағында үш жыл тұрдым. Өмірін өнеге тұтып, 23 жылдай сыйлас іні болдым. Байқағаным, Баукеңде демалыс күн жоқтай көрінетін. Үйінен қонақ үзілмейтін еді. Небір қазақтың жақсы мен жайсаңдарымен осы асыл ағамның шаңырағында таныстым, талайымен пікірлестім. Мені солардың жанына әдейі шақырып отырғызып қоюшы еді. Қазір ойлап қарасам, «ұлағатты кісілердің әңгімесін тыңдасын» деген жанашырлық ниеті екен ғой.
– Кейбір деректерде Бауыржан Момышұлының Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевпен кездескені туралы айтылады. Осының анық-қанығын өзіңіз айтып берсеңіз...
– Баукең өмірінде өтірік сөйлемеген адам ғой. Демек, Мағжанмен кездескені шындық. Оны өз аузынан естігенмін. Бұл 1949 жылы Сібірде болған екен. Баукең іссапармен сол жаққа барғанда, жергілікті рота командирі осында айдауда жүрген қазақ ақыны барын айтып, кездестіреді. Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғасы итжеккенде ағаш кесуші боп жұмыс істеп жүріпті. Алғашқыда Мағжан оған ала көзбен қарап: «Менен аулақ жүр, күйем жұғады» депті. Сол сәтте батыр Баукең ақынның қазақша бір өлеңін, сосын «Пайғамбар» деген өлеңін орысша жатқа оқыған. Сонда барып Мағжанның көңілі жібіп: «Қолыңнан келсе құтқар» деген көрінеді. Баукең: «10 күннен соң қайтып келем, бір амалын табармын» деген. Бірақ, кейін Баукең келгенде, «ол өліп кетті» деген хабар алады. Ол кезде КГБ-ның қулығы сайтанды да алдайтын еді ғой. Кім біледі, Баукеңе көрсетпеудің амалын жасаған шығар. Кейіннен осы жүздесудің әсерінен бе, әйтеуір, Баукең Мағжанның өлеңдеріне ерекше ықыласы ауып, оның бірнеше өлеңдерін аударғаны бар.
– Мекемтас аға, Қазақ елінің болашағын қалай елестетесіз?
– Қазақстан енді қалыптасып келе жатқан жас мемлекет. Солай бола тұра, алдына қойған мақсатына жету жолында сеніммен алға басып келеді. Меніңше, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін дәл қазіргі кезеңде бізге ар-ұяты қалғымаған, елшіл, қолы таза басшылар ауадай қажет. Себебі, көп істің тетігі, жұмыстың жандануы ел басқарған азаматтарға тікелей байланысты. Мені қуантатыны, қазір тәуелсіз елде жаңаша сараптама жасайтын, түйсігі азат жастар өсіп келеді. Өмір бір орында тұрмайды ғой, ертеңгі мемлекеттің болашағы солардың қолына өтеді. Туған елдің тарихын, дәстүрін терең білетін сондай азаматтар болғанда Қазақ елінің жолы даңғыл болады.
– Салиқалы әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК
Жастар белсендiлiк танытты
Пятница, 20 Март 2015 06:3316 наурыз – «Жайнау күні» Шымкентте кеңінен атап өтілді. Бұл күні қаладағы орталық көшелер безендіріліп, мерекелік күйге бөленді. Оқу орындары мен мәдени ошақтарда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
«Жайнау күнінде» Шымкентте белсенді жастардың қатысуымен қоғамдық көліктерге 1200 мерекелік стикерлер жабыстырылып, қала көшелеріне 20 баннер мен 400 жалаушалар ілінді. Сонымен қатар, қала тұрғындарына Наурыз мерекесінің нышаны бейнеленген 1000-нан аса парақшалар таратылды.
Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімі “Шымкент жастары” КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шараға қаладағы орта және арнаулы білім беретін мектептерден 30-ға жуық белсенді жастар қатысты. Атап өтерлігі, бұл бастама өңірдің барлық аудан қалаларында да жалғасын тапты.
“Сенiң дауысың – сенiң болашағың”
Пятница, 20 Март 2015 06:16Шымкентте ҚР Президенттік кезектен тыс сайлауының маңыздылығына қолдау білдіру, жастардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында бейнеконференция өтті.
Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен онлайн конференцияға облыстағы жоғары, орта арнаулы оқу орындарының жастар комитеттерінің төрағалары, белсенді студенттер, жас спортшылар, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Жалпыреспубликалық “Сенің дауысың – сенің болашағың” атты телекөпір акциясы барысында шараға қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Бейнеконференцияда барлық облыс орталықтарынан тікелей байланысқа шыққан жастар өкілдері сайлауға белсене қатысатындықтарын жеткізді. Сайлауға қатысты пікір білдіргендердің қатарында бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып та болды.
– Жастар әрдайым елдің болашағы. Біздерге Отанымыз үлкен сенім артады. Олар ел өміріндегі маңызды шаралардан тыс қалмағаны жөн деп санаймын. Мен осы орайда барша жастарды алдағы президенттік сайлауда белсенді қатысуға шақырамын, – деді ол.
Сондай-ақ, осы жиында “Сенің дауысың – сенің болашағың” деген тақырыпта ең үздік постерді анықтайтын байқаудың басталғаны айтылды. Аталған конкурс жөнінде сөз сөйлеген жас блогер Нұржан Жақсылық жастардың осы байқауға қатысып, өздерінің азаматтық үлесін қосуға шақырды. Айта кетейік, байқауда іріктеуден өткен әрбір постер www.el.kz сайтында жарияланып, жеңімпаз дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады.
Баспаналы болу - бір бақыт
Пятница, 13 Март 2015 04:20сәуір айында Шымкентте 15 тұрғын үйдің
құрылысы аяқталады
«Үй болмай, күй болмайды» деген бұрынғылар. Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Дегенмен, еліміздегі баспанаға деген мұқтаждықты төмендету мәселесі Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында жан-жақты айтылған болатын. Сол Жолдауында Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесі бойынша тиісті мекемелерге жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді.
Осы мақсатта елімізде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша тұрғын үй сату шарттарымен толықтырылып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Аталған бағдарламаның үшінші бағыты – «Қазақстан ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының тұрғын үйлерін сату.
Бүгінде «Қазақстан ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы Шымкентте 15 тұрғын үй (1080 пәтер, 56 000 ш.м.) құрылысын жүргізуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары
Бахадыр Нарымбетов мәлімдеді.
Әкім орынбасарының айтуынша, Шымкентте бой көтеріп жатқан 15 тұрғын үйдің құрылысы 2015 жылдың сәуір айында аяқталады. Нәтижесінде 1080 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 бөлмелі – 270 пәтер (көлемі – 31-32 ш.м.), 2 бөлмелі – 540 пәтер (көлемі – 50-51 ш.м.), 3 бөлмелі – 270 пәтер (көлемі – 68-69 ш.м.) бар.
– Қазіргі таңда Шымкентте бағдарлама шеңберінде берілетін жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл үйлердің 1 ш.м. жалдау құны шамамен 800-900 теңге болған жағдайда ай сайын 1 бөлмелі пәтерге – 25 000 теңге, 2 бөлмелі пәтерге – 43 500 теңге, 3 бөлмелі пәтерге – 59 000 теңге төленуі керек. Жалпы, бүгінгі таңда Шымкентте 14 800 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жаңа бағдарлама баспана кезегінде тұрғандарға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз, – деді
Б. Нарымбетов.
Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаеваның айтуына қарағанда, бағдарлама талаптарына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан кезекке тұрған төмендегі санаттарға жататын азаматтар ғана қатыса алады. Олар: көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар; мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; оралмандар; мемлекеттік, әскери, арнаулы мемлекеттік орган, бюджеттік ұйым қызметкерлері.
Мемлекеттік бағдарлама аясындағы жалдамалы пәтерлерге құжаттарды қабылдау халыққа қызмет көрсету орталықтары және азаматтардың ыңғайлылығы үшін «е.акимат»-портал арқылы (өтініш берушінің электрондық сандық қолтаңбасын пайдаланумен) іске асырылмақ.
Аталған бағыттың қатысушыларын қалыптастыру мынадай кіші топтар мен критерийлер бойынша жүргізіледі:
1 кіші топ – ЖАО-да осы санатта кезекте тұрғандар, кемінде үш жыл некеде тұрған, балалары бар және ерлі-зайыптылардың екеуі де 35 жасқа толмаған (Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтке), сондай-ақ, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір/тұл ата-ананың бірі ғана баласын тәрбиелеп отырған толық емес отбасы;
2 кіші топ – 1-кіші топқа кірмейтін, көрсетілген санаттағы ЖАО-да кезекте тұрғандар.
Тағы бір атап өтерлік жайт, заңға сәйкес, өтініш берушілерге (үміткерлерге) қойылатын негізгі талаптар мынадай:
– тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрушы мәртебесін дәлелдеу;
– өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің Шымкент қаласында мекенжай бойынша тұрақты тіркеуде бар болуы;
– бағдарламаға қатысушыда және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде (ерлі-зайыпты, кәмелетке толмаған балалары), сондай-ақ өтініште көрсетілген және отбасы құрамына енгізілген басқа отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйінің болмауы және Қазақстан Республикасының аумағында соңғы бес жылдың iшiнде қасақана нашарлатуы салдарынан мұқтажға айналу фактісінің болмауы;
– тұрғын үйді сатып алудың шарттары бойынша төлем қабілеттілігін растау.
Жалға беру шарттарына келсек, сатып алу құқығымен жалдау мерзімі – 20 жылға дейін, табыс жеткіліксіз болған жекелеген жағдайда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жалдау шартының мерзімі 30 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Қатысушылар арасындағы іріктеу тұрғын үй комиссиясымен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебі тізіміне және сол кезекке тұрған күніне сәйкес жүргізіледі. Оған қоса, қабылданған құжаттар негізінде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіндегі азаматтар тізіміне түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Егер де кезекте тұрушымен ҚР бойынша тұрғын үй сатып алғаны анықталатын болса немесе тұрғын үйді иеліктен шығару фактісі болса, не болмаса өтініш берген кезде санаты болмаған жағдайда, онда азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылады.
Айта кетейік, жалға беру төлемі және олардың есеп айырысу сомасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «Қазақстандық ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» АҚ өкілдігіне хабарласу қажет. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Шымкент қаласының Тұрғын үй секторының қызметкерлерімен азаматтар қосымша құжаттарды ұсыну үшін шақырылуы мүмкін.
«Шаңырақ, кереге, уық бiр болмаса, Туырлықты көрiнген түредi ғой»
Пятница, 13 Март 2015 04:05Шымкентте студенттер арасында ақындар айтысы өтті
Шымкенттегі іргелі білім ордаларының бірі – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай ОҚМПИ және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті арасында командалық жекпе-жек ақындар айтысы өтті. Облысымызда тұңғыш рет өткізілген ақындар додасына ОҚМПИ басшылығы ұйытқы болды.
Сөз бәйгесіне екі жоғары оқу орнының үкілеген 8 ақыны қатысты. Айтыстың басты мақсаты – Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы үшін күрескен жауынгер бабаларымыздың ерлігін сөз ете отырып, жастардың ұлттық өнерімізге деген қызығушылығын арттыру, патриоттық рухын ояту, бірлік пен ынтымақты сақтауға тәрбиелеу.
Ақындар айтысына белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт төрағалық етті. Сондай-ақ, әділ қазылар құрамында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы А. Балажан, танымал айтыскер ақын Б. Шойбеков, «Қазақ әдебиеті» және «Жас Алаш»газеттерініңОҚО-дағы меншікті тілшісі Ғ. Елшібай, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры У. Қыдыр болды.
Айтыста жас ақындар Қазақ елінің қазіргі таңдағы қол жеткізген табыстарымен қатар, бүгінгі қоғамда кездесетін жат көріністерді де өз жырларына арқау етті. Қажымұқан Абзалов (ОҚМУ) пен Серік Жұмаділ (ОҚМПИ), Дәурен Ақсақалов (ОҚМПИ) пен Мұқағали Кенжетайұлы (ОҚМУ) арасындағы сөз сайысы көрермен күткен керемет өткір әзілдермен өрбіді. Сөз орайы келгенде «Толпа» боп атысқаннан, топ-топ боп айтысқанға не жетеді?» деп кейбір оқу ордаларындағы келеңсіз оқиғалар туралы орынды пікір білдірген Қ. Абзалов елдік мүдде тұрғысында да байыпты, салиқалы ой айтты. «Неге бізде кәріс пен түріктердің, Сериалы тарайды жылдам лезде? Мысалы Сүлейман мен Жумонгтар, Оп-оңай елестейді жұмған көзге. Әлде олар кеп кірпішін қаласып па ед, Бабалар хандығыңды құрған кезде? Корейлердің сериалын неғыламыз, Керейлер, Жәнібектер тұрған кезде?!» – дегенде, қара сөздің Қажымұқанына тыңдарман қауым зор ризашылықпен қол соқты.
Сөз додасында Нұрғали Әнапия (ОҚМУ) мен Аян Ниязбек (ОҚМПИ) жұбы да айтысты ерекше қыздыра түсті. Жас дарындар тақырып төңірегінде ұтқыр ойлары мен ұтымды пікірлерін ортаға салып, бір-бірін қалжыңмен қағытып, көрерменннің ыстық ықыласына ие болды. Бұл орайда екі ақын да бабалардың ерлік жолын дәріптеп, еліміздің әлемге үлгі болып отырған бүгінгі ынтымақ-бірлігін ерекше атап өтті. Осы айтыста жас та болса жасындай жарқылдап, балталаса бұзылмайтын сәтті тіркестерімен есте қалған Аян: «Ұлы Отан соғысы мен ашаршылық, Нәубет боп қазағыма қабат келген. Аша тұяқ қалмасын дегеннен соң, Алдындағы бар малын санап берген. Осының барлығына Желтоқсанда, Біздің Қайрат, Ләззаттар жауап берген. Біз осы азат елдің ұрпағымыз, Тәңірім таудай қылып талап берген. Хандығы қазағымның мәңгі болсын, Керей мен Жәнібек қалап берген», деп көпшіліктің рухын көтерді. Ал, оның қарсыласы, шаппа-шап айтыстың шебері Нұрғали болса: «130 ұлт ақ боз үйдің уықтары, Шаңырақты айнала тіреді ғой. Ал, енді сол шаңырақ өз қазағым, Киіз үйдің негізгі тірегі ғой. Шаңырақ, кереге, уық бір болмаса, Туырлықты көрінген түреді ғой» деп, салмақты жырымен жиналғандарға терең ой тастады.
Сонымен қатар, осы аламанға өз құрамаларын бастап шыққан республикаға белгілі айтыскер ақындар Біржан Байтуов (ОҚМПИ) пен Карима Оралова (ОҚМУ) да көпшілікті тапқыр теңеулерімен, жарасымды әзілдерімен ерекше сүйсінтті. Әсіресе, тақырыпқа байланысты екі ақын да жүректен қозғап, бойды шымырлатар отты сөздерімен пайымды пікір айта білді. Қашанда ұлт мүддесін жонып айтып жүрген қазақ айтысының белді өкілі, бүгінде ОҚМПИ-де еңбек ететін Біржан Байтуов:
– Сирияда күн сайын соғыс болып,
Нәубет деген төніп тұр бұл арабқа.
Украина ортадан қақ жарылып,
Тыныштығы кетіп тұр мына жақта.
Басшысын тақтан қуып оңған елді,
Өз басым көрген жоқпын бұл алапта, – деді. Ал, талай жыр додаларында жүлдегер атанған Алаштың аяулы ақыны Кәрима Оралова:
– Хандығы қазақ болар ма ед,
Керей мен Жәнібек болмаса,
Қасымнан қалған қасқа жол,
Есімнен қалған ескі жол,
Абылай ханы бұл күннің,
Нұрсұлтан салған нұрлы жол.
Халыққа үндеу жолдаса,
Бірауыздан жұмылып,
Ел де енді қолдаса.
Алтын ғасыр дейміз біз,
Жаңарып жатқан ел іші.
Қазақстанның бұл күнде
Әлеммен боп тұр тең ісі.
Жеріміздегі ырыс-құт,
Еліміздегі тыныштық, – дей келе, халықты ынтымаққа, бірлікке шақырды.
Қысқасы, үш сағатқа жалғасқан ақындар айтысы жырға шөлдеген жұртшылықтың шөлін басып, жанын жадыратты. Айтыс соңында жыр додасына төрағалық еткен жазушы-журналист Мархабат Байғұт ақындар айтысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және мұндай игілікті шараны алдағы уақытта да жиі-жиі өткізіп тұру керектігін айтты.
– Қос оқу ордасы да небір мықты кадрларды даярлап шығарған. Меніңше, бұл айтыс екі ұжым арасындағы достық пен татулықты тереңдете түсті деп ойлаймын. Әрине, Кәрима мен Біржан кәнігі шеберлер. Ал, Қажымұқанның айтыстағы тәжірибесі толысып келе жатқанын көрдік. Ол ұстасып, тістесіп айтысты. Серік те тақырыпты жақсы аша білді. Мұқағали да талантты екен. Дәурен нағыз айтыс ақыны екенін көрсетті. Дегенмен, бұл айтыста бәрімізге керемет көңіл күй сыйлаған Аян мен Нұрғалидың айтысы болды. Олардың сөз қағыстыруына қарап, қазақ айтысының болашағы зор екенін көруге болады. Екеуі де әріден ойып айтады, сөзді де тауып айтады. Жалпы, екі қарашаңырақ тең түсті. Ұпай санын алып қарағанда ОҚМПИ алға шықты, – деді М. Байғұт.
Әділқазылар алқасының ұйғарымы бойынша 243 ұпай жинаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының командасы жеңімпаз болып танылып, ақындарға ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев ауыспалы кубокті табыс етті. Айтыстың соңында барша ақындарға арнайы сертификаттар беріліп, бағалы сыйлықтар тарту етілді.
“Ордабасы” чемпиондыққа таласады
Вторник, 03 Март 2015 04:42«Ордабасы» футбол командасы биылғы ұлттық біріншілікте чемпиондыққа таласады. Бұл туралы команданың бас бапкері Виктор Кумыков жанкүйерлермен кездесуі кезінде айтты.
Шымкенттегі «Мега» ойын-сауық орталығында «Ордабасы» командасының жаңа құрамын таныстыру рәсімі өтті. Команда басшылығы жанкүйерлермен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биылғы маусымда «Ордабасы» сапында біраз өзгерістар орын алған. Команда 11 жаңа ойыншымен толығып, құрамын күшейтті. Олардың қатарында А.Симчевич, К. Петров, С.Малый, А.Гейнрих т.б. тәжірибелі футболшылар бар. Сондай-ақ, Бразилияда футболдың қыр-сырын үйреніп келген алматылық Рауан Сариев енді шымкенттік команданың намысын қорғамақ.
– Жаңа маусымға тыңғылықты дайындық жүргіздік. Түркияда оқу-жаттығу жиындарында болдық. Енді еліміздің премьер-лигасы мен Еуропа лигасы ойындарында өз мүмкіндігімізді паш етіп, жоғары жетістікке жетуді мақсат етіп отырмыз. Жанкүйерлер, сіздер бізді қолдаңыздар. Сіздердің үміттеріңізді ақтаймыз, – деді команданың бас бапкері В. Кумыков.
Еске сала кетейік, шымкенттік клуб өткен аптада «Мақтаарал» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:0 есебімен басымдық танытты. Енді «Ордабасы» командасы наурыздың 7-сі күні премьер-лиганың 1 тур ойындары аясында Шымкентте Павлодардың «Ертісін» қабылдайды.
Спорт жанашырын еске алды
Вторник, 03 Март 2015 03:51Шымкентте бильярдтан ҚР Құрметті спорт қайраткері, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Оразалиевті еске алуға арналған 6-шы дәстүрлі қалалық турнир өтті. Спорттық шара «Айжарық» бильярд клубы мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Облыстық мәслихаттың депутаты болған белгілі меценат, марқұм Мұхтар Оразалиевтің есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Ол көзі тірісінде спорттық жарыстар мен өнер ұжымдарына демеушілік танытып, жас таланттардың елге танылуына үлкен септігін тигізген болатын.
Спорт жанашырының өнегелі өмірін ұлықтаған турнирге жалпы 30-ға жуық ойыншы қатысып, жарыстың көрігін қыздырды. Олардың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, спорт ардагерлері болды. Сонымен қатар, спорттық сайысқа Мұхтар Оразалиевтің замандас достары мен ізбасар інілері қатысты. Жарыс барысында қатысушылар екі топқа бөлініп сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров турнирдің мәні мен маңызына тоқталып, сайыстың өміршең болатындығына сенім білдірді. Бұдан кейін сөз алған Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Полат Қырықбаев жиналған қауым алдында М. Оразалиевтің ел алдындағы ерен еңбегін өз әңгімесіне арқау етті.
Турнир қорытындысы бойынша облыстық мәслихат депутаты Мадияр Оразалиев бәрінен озық шығып, жеңімпаз атанды. Әке жолын қуып, салауатты өмір салтын берік ұстанған Мадияр Мұхтарұлы өз кезегінде турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Жарыстағы жүлделі екінші орын Алматы экономика және статистика академиясы ОҚО филиалының директоры Нұрлан Айтымбетовке бұйырды. Ал, қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов пен қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұқарбаев үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, бірнеше номинациялар бойынша жарысқа қатысушыларға жүлделер тапсырылды.
Турнир соңында барлық жүлдегерлерге арнайы грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Өндiрiс.кз» – жаңа қызмет түрi
Пятница, 27 Февраль 2015 04:38Осы аптада Шымкентте жергілікті тауарларды қолдау мақсатында облыстық тауар өндірушілердің форумы өтті. Форум барысында кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері өнім сапасын арттыру мен оны өткізудегі мәселелерді талқылады.
Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде 120-дан астам жергілікті кәсіпорын өз тауарларын ұсынды. Оның ішінде Шымкентте шығарылған азық-түлік тауарлары, киім-кешек, құрылыс заттары бар. Сондай-ақ аталған, көрмеге табиғи газбен және қатты, сұйық отынмен жұмыс істейтін жылыту қазандықтары да таныстырылды.
Көрме барысында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілдерінің қолдауымен жаңа жарнамалық қызмет түрінің тұсауы кесілді. Енді жаңадан құрылған «Өндіріс.кз» порталы арқылы жергілікті бизнес өкілдері өз тауарлары мен қызмет түрлерін тегін жарнамалай алады. Өңірдің бүкіл тауар өндірушілері осы порталға енгізілген. «Отандық бизнеске жол ашу үшін алдымен отандық тауарға деген жергілікті тұтынушының көзқарасын қалыптастырып алу қажет. Осы арқылы отандық өнімдердің үлес салмағын арттыра аламыз», – дейді кәсіпкерлер.
Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған форумда ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер арасында бірнеше меморандум қабылданды.