Жарыс жеңiмпазы – Жұманазар

Пятница, 08 Май 2015 05:10

Қазақ күресінен мамырдың 4-5 күндері Шардара қаласында облыс баспасөзінің қарашаңырағы – “Оңтүстік Қазақстан” газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі турнир өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына орай өткен сайыста 70-ке жуық балуан бақ сынады.


shardara«Оңтүстік Қазақстанның» дүбірлі додасы алғаш рет 1957 жылы ұйымдастырылған болатын. Маңызы зор мазмұнды спорттық жарыс биыл осымен 58-ші рет өтті. Облысымызда ғана емес, жалпы қазақ күресінен дәл осылай ұзақ жылдар бойы үзілмей келе жатқан дәстүрлі сайыс республикамызда жоқ десе де болады. Бұрын Шымкентте өтетін жарыс соңғы 5-6 жыл көлемінде аудандарда ұйымдастырыла бастады.

Биылғы Шардарадағы жарыста 60, 70, 80, 90 және +90 салмақ дәрежелерінде жүлделер сарапқа салынды. Дәстүрлі турнирге қазақ күресін әлемге танытып, талай додалардың көрігін қыздырып жүрген мықты балуандар жиналды. Сайыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бас редакторы Абай Балажан жарыстың маңыздылығына тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі.

Ең қызығы, 74 келіден жоғары спортшылар өнер көрсеткен «Түйе балуан» сайысы өте тартысты өтті. Оған талай додаға түскен тұлғасы таудай, тәжірибелі 40-қа жуық балуан қатысты. Нағыз мықтылар бақ сынаған бәсекеде “Қазақ-стан барысы – 2013” турнирінің қола жүлдегері, ордабасылық Жұманазар Ерсұлтанов (салмағы 158 келі) кіл мықтылардың сағын сындырып, турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Ол финалда жерлесі, талантты балуан Әділжан Ыстыбаевты (90 келі) ұтты. Жеңімпаз балуанға Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреев «Нексия» автокөлігінің кілтін тапсырды.

Сондай-ақ, әр салмақ дәрежесінде топ жарған балуандарға да бағалы сыйлықтар беріліп, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Елбасы туралы кiтаптармен танысты

Четверг, 30 Апрель 2015 06:07

Шымкенттегі облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Елін ертеңіне жетелеген Елбасы» атты Елбасы туралы кітап көрмесінің тұсаукесері өтті.

otyrar elbasyТұсаукесер шараға Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, ОҚО мемлекеттік мұрағатының директоры, ақын Қабылбек Төретай, сонымен қатар, жоғары оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
«Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаеваның айтуынша, іс-шараның мақсаты – оқырмандарды Елбасы туралы жазылған кітаптармен жете таныстыру арқылы адамгершілікке, мейірімділікке және отансүйгіштікке, елжанды болуға, патриотизмге тәрбиелеу.
Көрме барысында «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Сұлухан Байдуллаева көпшілікке библиографиялық шолуды таныстырды. Сондай-ақ, оқырмандар тарапынан әдеби композиция жасалып, «Елін сүйген Елбасы» атты слайд шоу көрсетілді.

Шымкент. Сайлау қорытындылары

Четверг, 30 Апрель 2015 04:37

Облыста сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігі 97,78 пайызды көрсетті

«Ең бірінші алғысым халқыма

«Ел барда, ер қор болмас, Ер барда, ел қор болмас» дейді қазақ даналығы. Айтпағымыз, биылғы 26 сәуір күнгі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына ел халқы жұдырықтай жұмыла қатысып, өз таңдауларын жасады.

DSC 0975Сайлау нәтижесінде президенттікке үміткер Н.Ә. Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетіп,  халықтың сенімі мен қолдауына ие болды. Осы тарихи күнге орай, Шымкенттегі «Наурыз» алаңында Жеңімпаздар форумы өтті. Жиынға 10 мыңнан астам оңтүстікқазақ-стандық қатысты.
Форум барысында көпшілік тікелей эфирден Елбасы
Н. Назарбаевтың қатысуымен елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен іс-шараны тамашалады. Онда Елбасы өзіне сенім артқан жақтастары мен халқына шексіз алғысын білдірді. «Ең бірінші алғысым – халқыма. Осы жылдардың барлығында қолдап, менің артымнан еріп, шылбыр мен тізгінді ұстатып, сеніп келе жатқан отандастарымның жаппай сенімін орындау қадірменді міндет. Халықтың таң атпастан, кезекке тұрып, бала-шағасымен келіп дауыс бергісі келген ынтасын мен көрдім. Ол зор сенім. Мұндай сенім әр мемлекетте бола бермейді. Осы арқылы Қазақстан өзінің бірлігін, болашаққа деген сенімін, Отанына деген сүйіспеншілігін, «Мәңгілік ел» құра алатын күш-қуатын көрсетті. Біз дүниежүзінің алдында тағы да бір өзіміздің демократиялық тұғырымызды, саяси мәдениетімізді көрсеттік», – деді ҚР Президенті
Н.Назарбаев.
«Наурыз» алаңындағы мерекелік шараға облыс басшылығы мен мемлекет, қоғам, өнер және спорт қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері, зиялы қауым, Президент сайлауындағы Елбасының сенімді өкілдері, облыс тұрғындары қатысты. Форумда сөз алған облыс әкімі
А.Мырзахметов жиналған тұрғындарды тарихи жеңіспен құттықтап, 1 миллион 260 мыңға жуық сайлаушылары бар Оңтүстік Қазақстандағы 1 миллион 230 мыңнан астам азаматтың саяси науқанға қатысқанына ерекше тоқталды.
‒ Бұл 97,78 пайызды құрап отыр. Оңтүстікқазақстандықтар тек қана өзінің сол сайлауға қатысуда белсенділігі емес, ең бастысы – атқарылып жатқан саясатқа, атқарылар саясатқа берілетін бағада өздерінің әділ екендігін көрсетті. Елбасының елдің алдына қойып отырған ұлы мақсаттары орындала берсін! Қазақстан халқымен бірге Оңтүстік Қазақстан тұрғындары да Ұлт көшбасшысының қойып отырған ұлы мақсаттарды орындауда аянбай еңбек ететініне біз сенімдіміз! Жеңісіміз де, жемісімізде көп болсын! ‒ деді А.Мырзахметов.

Оңтүстік халқы қашанда саяси науқандарда белсенділігік танытады. Биылғы, 26 сәуірдегі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында да бір кісідей атсалысты. Өңірдегі дауыс беруге құқылы оңтүстікқазақстандық азаматтардың 97,78 пайызы конституциялық құқықтарын іске асырып, өз таңдауларын жасады. 27 сәуірге қараған түні, яғни сағат 23:00-де  Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағына жастар мен зиялы қауым және қоғамдық ұйымдардың өкілдері 2000 мыңнан астам адам жиналып, сайлаудың алғашқы қорытындысын тыңдады.
10258768 1385956878398588 2767323021413042838 nСаябаққа жиналған жұртшылық үлкен экраннан ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінен сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы мәліметтерді асыға күтті. Бұл ретте тікелей желіде байланысқа шыққан Демократия институтының директоры Ю.Кучинская сайлау учаскелерінде жүргізілген экзит-полдың нәтижесі бойынша Н.Ә.Назарбаевқа сайлаушылардың 97,5 пайызы дауыс бергенін хабарлады.
 
Елдің ертеңін жарқын болашаққа жетелеген Ұлт көшбасшысы миллиондаған қазақстандықтар қолдаған Н.Назарбаевтың басым дауысқа ие болғанына көз жеткізді. Еңбек ұжымдарының төрағалары, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді жастар ел тарихындағы тағы бір маңызды шараға жауакершілікпен қарап, оған белсене атсалысқан оңтүстікқазақстандықтарды ортақ жеңіспен құттықтады. Жиналған қауымға облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Жастар патриоттық әндерге флеш-моб ұйымдастырды.
11188327 874389079276032 8369621531900005456 n– Сайлау барынша әділ өтті. Жұртшылық демократиялық қағидаттарға сәйкес, жүрек қалаулары бойынша өз таңдауларын жасады. Біз осы сайлау арқылы әлем алдында өзіміздің ұйымшыл екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік. Жалпы, Оңтүстік халқының Н. Назарбаевқа деген сенімі ерекше. Елбасы да сайлау алдындағы өңірлерге жасаған ең алғашқы сапарын Оңтүстіктен бастаған болатын, – деп өз пікірін білдірді осы жиынға қатысқан облыстың Құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлов.
  
Еске сала кетсек, Оңтүстікте дауыс беруге 1 миллион 255 мыңнан астам адам құқылы болса, облыста 1029 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Аймақтағы сайлау барысын бақылау үшін ТМД елдерімен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 22, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан 2 байқаушы келді. Шетелдік байқаушылар өз кезегінде өңірдегі саяси науқанның өтуі мен ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғандығын атап өтті.

Елбасының Жолдауларын және “Жұмыспен қамту-2020 жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шымкентте жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.


25gCiPeMАталған шара Шымкент қаласының әкімдігі, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге 183 кәсіпорын мен мекемелер қатысып, 1200-ден астам жұмыс орындарын ұсынды. Онда жұмыс берушілердің өздеріне қажетті мамандарды таңдауға, ал жұмыс іздеп келген азаматтарға мамандықтары бойынша жұмысқа тұруға мүмкіншіліктері мол.
Ағымдағы жылы Шымкент қаласының жұмыспен қамту органдары жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша ауқымды мәселелерді қолға алып отыр. Атап айтсақ, биыл бағдарлама аясында 9092 адамды тұрақты бос жұмыс орындарымен және 400 адамды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамту көзделген. Сонымен қатар, 3880 адамды мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар шеңберіндегі жобаларға жұмысқа орналастыруға мүмкіндік қарастырылған.
Биыл Жастар практикасына 533 жас түлекті, кәсіби оқытуға 100 және ақылы қоғамдық жұмыстарға 1500 азаматты жолдау, 479 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспарланған.

Жаңа пәтер – жайлы қоныс

Пятница, 24 Апрель 2015 05:08

Шымкентте 1080 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

DSC 0305Сәнді де сәулетті 15 көпқабатты тұрғын үй кешені Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталық аумағында орналасқан. Осы аптада «Бәйтерек» холдингі» және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында 26 оңтүстікқазақстандық азаматқа жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төрағасының орынбасары Алина Алдамберген, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ басқарма төрағасы Азамат Ибадуллаев және қала тұрғындары қатысты.
Жаңа пәтерге ие болған азаматтар ауданы 32-ден 69-ға дейінгі шаршы метрлі 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлердің кілтін алды. 20 жыл мерзімге сатып алу құқығымен жалға берілген баспаналардың ай сайынғы төлемі орта есеппен 1 бөлмелі пәтерге – 21 мың, 2 бөлмелі пәтерге – 35 мың, 3 бөлмелі пәтерге – 46 мың теңгені құрайды.
– Бұл тұрғын үйлер әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй Бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатыр. Бүгін мұнда жиырмадан астам отбасы қоныс тойын тойлауда. Жалпы, мамыр айының соңына дейін Шымкентте 1080 пәтерлі 15 көпқабатты тұрғын үй толықтай пайдалануға беріледі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов.
Берік Серікұлының айтуынша, мұндағы ел игілігіне тапсырылатын пәтерлердің 50 пайызы жас мөлшері 35 жасқа дейінгі жас отбасылар арасында бөлінген. Қалған бөлігі бюджеттік ұйымдардың еңбеккерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларды асыраушы отбасыларға, ата-ана қамқорынсыз қалған жетім балаларға, толық емес отбасыларға және оралмандар мен әскери қызметшілерге беріледі.

Текеметтi төрге шығарған Құттыбек

Пятница, 10 Апрель 2015 05:42

Жұртшылықтың жүрегінен ойып тұрып орын алу өнер адамының бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақыт. Сол бақыттың құсын басына қондырып, өнер өлкесінде үздік үлгісімен дараланған азаматтардың бірі – шымкенттік белгілі суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Құттыбек Жақыпов. Ол – кәсіпқой қолданбалы қолөнер шебері, кілемді өрнектеп, киізге ою басқан, қазақи дәстүрлі өнерге жаңаша леп әкелген азамат.

IMG 2826Кілем тоқу, киіз басу – мұның барлығы ертеден келе жатқан қазақтың төл өнері. Ұлтымыздың салт-дәстүрінен сыр шертетін бейнелер суреттелген ою-өрнек бұл қазақтың гобелен өнері. Бұл кәсіп аса ұқыптылықты, ыждаһаттылықты талап етеді. Себебі, өрнектелген әрбір туындыда астарлы ой, пәлсапалық мағына тізбектелген моншақтай бір-бірімен үндесіп жатуы тиіс. Осынау мехнаты мол жұмысқа өмірін арнаған Құттыбек Тыныбекұлының әрбір туындысында көшпенді қазақ өмірінің тұрмыс салты жаңғырып, Сақ дәуірінен бастап қазіргі түркі халықтарына дейінгі орнаменттер үйлесім тапқан.
– Дәстүрді, тарихты ешқашан аяқ асты етпеу керек. Қолөнер дегеніміз, бұл ата-бабадан мұра болып келе жатқан шоқтығы биік өнер. Бұл туындылардан қазақ халқының жүріп өткен жолын аңғаруға болады, – дейді суретші бізбен әңгімесінде.
Шымкенттегі жаңадан ашылған облыстық бейнелеу мұражайында жуырда Құттыбек Жақыповтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Жаңғырық» атты шығармашылық көрмесі өтті. Өнерсүйер қауымға ерекше сюжетті текемет, тоқыма, гобелендік шығармаларын таныстырған шебердің көрмесіне халық өте көп жиналды. Әсіресе, суретшінің «Жекпе-жек», «Сүйінші», «Құйын», «Шағылыс», «Тұңғиық» атты гобелендері келушілердің сүйсінісін тудырды.
IMG 2826-2– Көрмеге ең таңдаулы 40-тан аса еңбегімді қойдым. Бұл шығармашылық көрмеме 3 жылдай уақытымды жұмсадым. Қазақтың тоқымасы, киізі, кілемі, текеметі, қазіргі тілмен айтқанда, гобелені – ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұра. Бұл қазіргі таңда ұмыт болып бара жатыр. Міне, соны қазіргі ұрпаққа көрсетіп, төрге іліп, биікке көтеру қажет, − дейді Қ. Жақыпов.
Құттыбек Тыныбекұлының өмір жолын қысқаша баяндасақ, ол шығармашылық жұмыспен 1981 жылдан бастап айналысып келеді. Ол жастық шағында белгілі қылқалам шебері, қазақтың ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, туған ағасы Құрасбек Тыныбеков секілді елге танымал суретші болуды армандады. Осы ойдың жетегімен 1977 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1981 жылы үздік тәмамдады. Кейіннен 1996 жылы Ленинабад мемлекеттік университетін бітірді. Ашхабад қаласындағы (1985 ж.) Бүкілодақтық, Ташкент қаласындағы (1986 ж.) республика аралық көрмелердің лауреаты және жеңімпазы атанды. Оның жұмыстары республикалық, бүкілодақтық, шетелдік журналдарда жарық көрді. Еңбектері Мәскеу қаласындағы Шығыс мұражайының, Ашхабад қаласындағы Түркіменстан бейнелеу өнері мұражайының, ҚР Мәдениет министрлігінің Көркемсурет көрмелер дирекциясының, ТМД және шетелдердің галереяларының меншігінде сақтаулы. Құттыбек Тыныбекұлының 26 жасында, яғни КСРО Суретшілер одағының Қазақстандағы ең жас мүшесі болғанын замандастары әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.
Шебердің айтуынша, ол 1990 жылдардағы еліміздегі тоқырау жылдарында күнкөріс қамымен басқа салада еңбек етіп көріпті. Дегенмен, «Ат айналып қазығын табар» дегендей, өзінің сүйікті өнеріне қайта оралып, кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат еткен. Он саусағынан өнері тамған шебер туралы оның әріптестері мен ұстаздары әрдайым әсерлі әңгіменің тиегін ағытады. Белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Насыр Рүстемов былай дейді:
IMG 2826-1– Құттыбек туып-өскен Төле би ауданының табиғаты әсем, керемет мекен. Оның жұмыстары – осы тамаша өлкенің сұлулығын қамтыған ғажап гобелендері. Құттыбектің өзі де әрбір туындысында тұмса табиғатпен біте қайнасады. Ол – өнерде өзінің қайталанбас ізін қалдырған біздің замандасымыз. Құттыбекті өнердің жілігін шағып, майын ішкен мамандар – КСРО-ның халық суретшісі, Мәскеу академиясының өнертанушы докторы В. Макаров және Өзбекстанның халық суретшісі, өнертанушы докторы, академик, миниатюрист Чингиз Акмаровтың мойындап, талантына тәнті болуы да тегін емес.
Зерделеп қарасақ, шынында, Құттыбек Тыныбекұлының жасаған әр туындысында терең философиялық пайымдар, нәзік иірімдер үндестігі, тебіреніске толы ойлар, ең бастысы қазақи болмыс көрініс тапқан. Осының бәрі де көзге ерекше эстетикалық ләззат береді. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амандос Ақанаев жоғарыдағы ойымызды қуаттай түседі.
– Құттыбек – ұлттық құндылықтарға жастайынан сусындап өскен. Ол шежірелерді, аңыздар мен ертегілерді, өсиет әңгімелерді терең білетіндігімен ерекшеленеді. Сондықтан болар, оның шығармалары нағыз құндылықтарға, Отанына, халқына және оның мәдениетіне деген шынайы махаббатпен астасып жатыр, – дейді белгілі суретші А. Ақанаев.
Шымкенттік шебердің қазіргі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін таяуда шеберханасына барғанбыз. Шағын ғана бөлменің іші көздің жауын алған картиналар мен гобелендерге толы екен. Тапсырысқа сай қызметкерлердің қызу жұмыс жүргізіп жатқанына да куә болдық.
– Ата-бабаларымыздың тұрмыста кең қолданған бұйымының бірі – текемет. Әсіресе, көшпенділер өмірінде текеметтің алатын орны өзгеше болған. Ол қазақтың дәстүрлі баспанасы – киіз үй ішіне жылылықпен қатар, әсемдігімен де ерекшеленіп тұрған. Сонымен қатар, шаңырақ ішіндегі адамдарды астынан өтетін сыздан қорғаса, бір жағынан түрлі аурудың алдын алу рөлін де атқарып отырған. Менің арманым, халқымыздың ертедегі мәдениеті мен дүниетанымынан хабар беретін осы текеметтер кескіндеме өнерімен бірдей төрде ілініп, жарқырап тұрса деймін. Осы бағытта жұмыстарымды жандандырып, жобаларымды жасап жүрмін, – дейді шебер.
Құттыбек Жақыповтың айтуынша, қолөнер бұйымдарына еліміздің әр өңірінен қызығушылық танытып, тапсырыс беретіндер де бар көрінеді. Туындылар көлеміне қарай әр түрлі бағаланады. Сатып алушылардың ішінде ұлт руханиятына үлес қосуды көздеген меценат азаматтар да, іргелі мекемелер де жетерлік. Мәселен, жуырда шебердің «Мәңгілік ел» туындысы 7 мың АҚШ долларына бағаланып, оны бір мекеменің басшысы аттай қалап сатып алыпты.
– Шүкір, мемлекет тарапынан еңбегіміз де лайықты бағаланып жатыр. Былтыр жыл соңында «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Жалпы, суретшілердің жеке шығармашылық көрмесін өткізуге облыстық Мәдениет басқармасы да қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ, – дейді Қ. Жақыпов.

Елімізде Үкімет тарапынан ірі мегаполистерде азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында маңызды жобалар қолға алынған. Осы жоспар негізінде бүгінгі таңда Шымкент қаласы әуежайының маңында сауда-логистикалық орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның тиімділігі қандай болмақ? Аталған орталықтың құрылыс жұмыстары қалай жүруде? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында тиісті мамандарға арнайы жолыққан болатынбыз.

sauda logical3Әлемдегі ірі мегаполистердің тыныс-тіршілігіне қарасақ, алып шаһарлардың жан-жағындағы елді мекендер қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрады. Бұл ретте өнім беруші мен тұтынушы арасындағы жүйелі байланысты реттеуде сауда-логистикалық орталықтарының маңыздылығы ерекше. Қазіргі таңда өңірімізде экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндi­рiледi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, сауда және көлiк-логистикалық кешенінiң дамымауы – бiздiң тауарлардың сыртқы нарыққа үлкен ауқымда шығуына қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Шымкентте аумағы 92 гектар жерге әлемдік стандартқа сай «А» санатты заманауи сауда-логистика орталығы салынуда.
Жаңадан бой көтеріп жатқан сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі, ол – тоғыз жолдың торабында орналасқандығы. Географиялық тұрғыдан алғанда, бұл аумақ өте ыңғайлы. Яғни, әуежайдан 3 шақырым, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік  автомагистралынан 4 шақырым жерде орын тепкен. Сонымен қатар, темір жол желісінен 500 метр жерде орналасқандығы да сауда-логистикалық орталығының болашағына зор серпін беретіні анық.
Қазіргі кезде сауда-логистикалық орталығына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгенің инфрақұрылым құрылыстары жүргізіліп, барлық коммуникациялық жүйелер жеткізілген. ОҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Рая Кохаеваның айтуынша, бүгінде мұнда 5 жоба, атап айтқанда, «Kazakhstan Logistics group», «Зерде ҒӨБ» және «Арман Юг Групп» компанияларының жобалары іске асырылып жатыр. Ал, «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-і қоймасының еден құю жұмыстары толық аяқталып, стеллаждарды орнату бойынша дайындық жұмыстары басталған. Сондай-ақ, «Eurotransit Terminal» ЖШС және «Бипэк авто» ЖШС қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттамаларын дайындауда және аталған компаниялардың қоймаларының құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
– Мұндай ірі жоба еліміз бойынша осы Оңтүстік Қазақстан облысында ғана жүзеге асуда, – дейді Рая Нақыпбекқызы. – Құрылыс жұмыстары былтыр көктемде басталды. Сауда-логистика орталығы әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға сай жасақталып отыр. Мұнда азық-түліктің барлық түрі сақталатын болады. Аталмыш орталықтың жұмысы екі бағытта, біріншісі – логистиканы дамыту, екіншісі азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру бойынша жүзеге асырылады. Қойманың жалпы ауданы 230 мың шаршы метрге арналған. Жоспарға сәйкес, 2015 жылдың мамыр айында нысанның І кезеңі өз жұмысын бастайды. Биыл жыл соңына дейін 160 мың шаршы метрлік 11 қойма пайдалануға берілмек. Ал, ІІ кезең жұмыстары 2016 жылдың (70 мың шаршы метр) соңына таман аяқталады. Жалпы алғанда, 2016 жылғы сауда-логистикалық орталықта 8 жоба толықтай іске қосылады, оған жалпы 24 млрд. теңге инвестиция тартылмақ.

 sauda logical  sauda logical1

«Шымкент» ӘКК» ҰК» Басқарма төрағасының орынбасары Бекжан Толыбайдың айтуына қарағанда, сауда-логистика орталығы көршілес облыстардың (Жамбыл, Қызылорда және Алматы) да тауар өндірушілері мен өңдеу саласының дамуына оң ықпалын тигізеді.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен салынып жатқан бұл орталықтың стратегиялық маңызы өте зор.  Мұнда отандық тауар өндірушілерінің ішкі-сыртқы нарыққа өнімдерін өткізудің оңтайлы жүйесі жасалмақ. Орталық біздің әлемдік нарыққа шығуымызға үлкен мүмкіндік береді. Себебі, біздің облыс ауыл шаруашылығы саласына бағдарланған аймақ. Бұл орайда  осы маңайда 800-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қазір Шымкент қаласының да халқы өсіп жатыр, таяу жылдарда миллионды қалаға айналатынымыз анық. Осы орайда қала тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуде орталықтың тигізер пайдасы көп, – дейді Басқарма төрағасының орынбасары. Бір атап өтерлігі, сауда-логистика орталығының аумағында әкімшілік, кеңсе, кедендік ғимараттар, қонақүй, зертханалар, оның ішінде, кедендік зертханалар, кедендік рәсімдеудің барлық процедураларын жүргізетін пунктер салынуда.
Қысқасы, керегесі кеңге жайылып, қарышты қарқынмен дамып келе жатқан Шымкент қаласының еліміздегі ірі сауда-логистикалық орталығы болатын күні алыс емес. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда өңірімізде өндірілген сан түрлі азық-түлік өнімдері мен шикізаттар еш кедергісіз тиісті бағытқа жол тартатыны сөзсіз.

Страница 18 из 22