Ескерткiш тақта орнатылды
Вторник, 02 Декабрь 2014 02:36Оңтүстік Қазақстан облысының және Шымкент қаласының Құрметті азаматы, белгілі еңбек ардагері Дүйсенкүл Бопованың құрметіне арнап, өзі тұрған Шымкенттегі Тыныбаев (№30/9) көшесіне ескерткіш тақта орнатылды. Игілікті іс-шараға облыс, қала әкімдігінің басшылары, бірге еңбек еткен қызметтес әріптестері, туған-туыстары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр елге еңбегі сіңген ардагер қайраткердің атқарған еңбегіне тоқталды.
– Дүйсенкүл Бопықызының есімі мен оның жарқын бейнесі жүрегімізден терең орын алады. Ол ұзақ жылдар бойы өңіріміздің оқу-ағарту саласында, басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етіп, елдің құрметіне бөленді. Бар қажыр-қайратын елдің дамуына жұмсаған ардагердің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа зор үлгі болып қала береді, – деді Е. Садыр.
Көпшілік алдында Дүйсенкүл Бопықызы туралы жүрекжарды ойларын білдірген белгілі ақын, ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры Ханбибі Есенқарақызы ардагер қайраткерді әділдіктің, шындықтың символы болған еді деп өз бағасын берді. «Ол кісі көзден кетсе де, көңілден кетпейтін адам. Дүйсенкүл апамыз соңынан ерген бір топ қазақ қыздарына шамшырақ болып, тәрбиесін берді», – деді ақын.
Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Өмірәлиев, профессор, ғалым Әмір Мұсақұлов ардагер қайраткердің адамгершілігі мен кісілік келбеті туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, Д. Бопықызының туған-туыстары атынан сөз сөйлеген Айтжан Бекназаров шараға қатысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, елдігіміз бен бейбітшілігіміз мәңгілік болсын деп тілек қосты.
Жаңа партиялық куәлiктер табысталды
Пятница, 21 Ноябрь 2014 04:11Шымкентте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалының қызметкерлері Елбасының халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына қолдау білдіріп, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ОҚӨФ «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Момынжан Бердіқұлов қатысушылардың назарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауының мәтінін жеткізіп, ондағы мәселелерге өз көзқарасын білдірді.
– Елбасы атап өткендей, әлемдік дағдарыстан тек бірлігі жарасқан мемлекеттер ғана абыроймен өте алады. Президент өз баяндамасында таяудағы жылдарда жаһандық сынақтардың уақыты болатынын айтып, бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады деді. Біз Елбасының бұл саясатына қолдау білдіріп, өз жұмыстарымызды жоғары деңгейде атқара білуіміз қажет, – деді М. Бердіқұлов.
Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-да 852 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 450 азамат «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Еске сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Мөлдір Жұматаеваның айтуынша, бүгінде қаламызда билік партиясының 15 мыңға жуық мүшесі бар.
Жиын кезінде «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының «ҚазТрансГаз Аймақ» Бастауыш партиялық тобының мүшелеріне жаңа үлгідегі партиялық куәліктер табысталды.
Жолдау жауапкершiлiк жүктейдi
Пятница, 21 Ноябрь 2014 03:43Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы бойынша қала активінің кездесуі өтті. Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды шаһар басшысының орынбасары Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды.
Кездесуде қала әкімінің орынбасары Елбасының Жолдауы мен алдағы міндеттер бойынша баяндама жасады.
– Даму жоспарымызды айқындап берген Елбасының бұл Жолдауы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталды. Шын мәнінде, елдің өркендеуі жолындағы барлық саланы түгел қамтыған Жолдау болды. Ерекше атап кетерлік жайт, Елбасымыз айтып өткендей, алдағы уақытта елімізде тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұл үлкен жетістік, халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді, – деді Б. Нарымбетов.
Сондай-ақ жиында облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтті.
– Елбасының «Нұрлы Жол» атты жаңа Жолдауы біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің бағдары болмақ. Өздеріңіз байқағандай, Жолдауда әлеуметтік мәселелерге көп назар аударылды. Әсіресе, халықтың арзан баспанаға қол жеткізуге мол мүмкіндіктер жасалатыны айтылды. Бұл мәселе шынында өте өзекті. Қазіргі таңда қаламызда 13 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Жолдауда айтылғандай, еліміз бойынша тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамытуға алдағы екі жылда 180 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Бұл көп мәселені шешеді деп ойлаймын, – деді Ө. Мелдеханов.
Жиында Президент Жолдауы бойынша өз пікірлерін білдірген «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы Марина Лимаренко, Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Икрам Хашымжанов, Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының мұғалімі Назгүл Ізбасарова Елбасының саясатын қолдайтындықтарын айтып, жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды бірлесе орындауға шақырды.
Кездесуге қалалық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдері, құқық қорғау және білім беру саласының басшылары, ардагерлер, жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жасөспiрiмдер қылмысы: кiнәлi кiм, қайтсек азаяды?
Пятница, 14 Ноябрь 2014 06:03Қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалар. Елдің болашағы бүгінгі жастар екенін ескерсек, балалар арасындағы қылмыстың көбеюі мемлекетіміз үшін, ұлтымыз үшін өте алаңдатарлық жағдай. Бұл қауіпті кеселмен күрес жүйелі түрде жүруі тиіс. Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласының аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты 161 қылмыс тіркелген.
Ең көп қылмыс түрі – ұрлық-қарлық
«Бес саусақ бірдей емес» дегендей, мінез-құлқы әр түрлі, білім деңгейі әрқалай қаншама балалар бар. Олардың ішінде өкінішке қарай, әлдекімге соқтықпаса ішкен асы бойына сіңбейтін желіккен жасөспірімдер жетерлік. Соның кесірінен жас жеткіншектер арасында суық қару қолдану, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық жасау, маскүнемдік тағы басқа заңға қайшы әрекеттер орын алуда. Шыны керек, ол қылмыстардың бірі ашылса, екіншісі жабулы қазан күйінде тасада қалып жататыны рас. Кей жағдайларда жәбірленушілер тарапы «басымыз аман болса болды» деп полицияға шағымдана бермейтіні де жасырын емес.
Осы тұста қаламызда
«Жасөспірімдер арасында ең көп орын алатын қылмыс түрі қайсы?» деген заңды сұрақтың ұшы қылтияды. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының деректеріне назар аударсақ, кәмелетке толмағандармен орын алатын қала аумағындағы қылмыстардың басым көпшілігі ұрлық-қарлық екен. Мәселен, 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласында орын алған қылмыстардың 65-і қылмыс ұрлық әрекеттері болған.
Статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылы Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 261 (2012 жылы – 342) қылмыс орын алған. Ал, 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласының аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты 161 қылмыс тіркеліп отыр. Оның ішінде, Абай ауданында – 86 (2013 жылы – 86), Әл-Фараби ауданында – 31 (2013 жылы – 53), Еңбекші ауданында – 44 (2013 жылы – 80).
Қауіптің бір ошағы – атыс-шабысқа толы фильмдер
Мамандардың айтуынша, қылмыстардың көпшілігі түнгі мезгілдерде орын алады. Түн ортасында көше-көшені кезіп, қарақшылық жасап, адамдарды торуылдап жүретін жеткіншектің көп қатерге ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Жасөспірімдер арасындағы көңілге кірбің түсіретін қылмыстық оқиғаларды қайтсек азайтамыз? Қауіпті дертпен қалай күресеміз? Осы мәселе бойынша бірнеше маманның пікірін білген едік. Ұлағатты ұстаз, ақын, аудармашы Айбек Қабылша балалардың тәртібі мен мәдениетіне немқұрайды қарамау керектігін айтады.
– Қазіргі жасөспірімдердің барлығы бұзақы, оңбаған деп ойламаймын. Мен керісінше, Мағжан болмасам да, осылардан үлкен үміт күтемін. Мен жастарға сенемін! Дегенмен, балалардың тәртібін түзейміз десек, ең алдымен, теледидардағы мултфильмдер мен киноны реттеу керек. Ол туралы айтудың өзі күлкілі. Оларға күнде бұзақылық пен айуандықты насихаттап отырып, жастарды қалай бұзақылық пен айуандықтан тыймақпыз. Бар кілтипан осы атыс-шабысы тыйылмайтын шетелдік фильмдерден келіп жатыр. Жаман қылықтарды көріп өскен балалар бұзылмағанда қайтеді? Ондай безбүйрек бала еліне қорған, отбасына пана болып жарыта ма? – дейді педагог.
Айтса, айтқандай-ақ, қазіргі теледүниенің талай жасөсіпірімнің «ақылшысына», «дос-сырласына» айналғанын аңғару қиын емес. АҚШ-тың Стендфорд университетінің ғалымы Альберт Бандураның жүргізген зерттеуіне үңілсек, агрессиялық әрекеттері бар кинофильм көрсетілгеннен кейін жасөспірімдердің 90%-ға жуығы сол әрекеттерді қайталайтынын дәлелдеп берген. Демек,
жасөспірімдер арасындағы қылмыстың зауалы «көк жәшіктен» келіп жатқанын бір фактор деп қарастыруымыз керек. Шымкенттегі Жаңа технологиялар колледжінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Жасұлан Ілиясов қоғамды алаңдатқан жасөсіпірімдер тәрбиесі төңірегінде төмендегідей пікірін білдірді.
– Біз жасөспірімдердің өтпелі кезең жасындағы мінез-құлқына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені, бұл ауыспалы кезеңде бой жетіп немесе ер жеткен жасөспірімдердің өмірге деген көзқарасы да өзгеріске ұшырап жатады. Соның әсерінен жеткіншектер қылмыстық әрекеттерге немесе теріс діни ағымдардың жетегіне ілесуі ғажап емес. Біздің колледже жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды алдын алып, олардың тәртібін қадағалау мақсатында «Бәйтерек» клубы жұмыс істейді. Клуб мамандарының ұйымдастыруымен колледжімізде құқық саласының мамандары, заңгерлер, ата-аналар, теологтармен бірігіп тұрақты жиындар өткізіп тұрады. Мұндай іс-шаралардың пайдасы өте мол. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бізде биыл жасөсіпірімдер арасында ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ, – дейді Ж. Ілиясов.
Бейнекамералар қылмысты азайтты
Шымкент қалалық білім бөлімі, Жалпы орта білім беру және тәрбие жұмысын дамыту секторының бас маманы Сәуле Сапарбекованың айтуынша, бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда қала мектептерінде нақты іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Әсіресе, білім шаңырақтарына орнатылған бейнекамералардың тиімділігі өз нәтижесін беруде.
– Қылмыстың санын азайтуда мектептердегі бейнекамералар үлкен көмегін тигізіп отыр. Қазір қаладағы 102 мектепте 6-дан 14-ке дейін бейнекамералар орнатылған. Ол камералар оқушылар жиі шоғырланатын жерге, кіребестерге қойылған. Бейнебақылауды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен инспектор арнайы бақылап отырады. Бұл қондырғылар орнатылғалы бері қылмыс саны азайып, тиісінше тәртіп бұзу оқиғалары төмендеді, – дейді С. Сапарбекова.
Білім бөлімі өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірігіп, түнгі уақытта қаланы аралап тұрақты рейдке шығады. Нәтижесінде көшеде жүрген жеткіншектерден жауап алынады, ата-аналарын да шақыртады. «Біз бұл орайда орын алған кемшіліктер бойынша педкеңесте талқылап, жедел шаралар қабылдаймыз. Жалпы, жас жеткіншектердің тәрбиесіне ата-ана мен мектеп мұғалімдері ғана жауапты емес. Бұған қоғам болып атсалысуымыз қажет», – дейді маман.
Ал, әлеуметтанушы Жаннұр Әлібекқызы қоғамдық дертке айналып отырған бұл кеселдің тамыры қайдан шығып жатқанына назар аударып, заң шеңберінде талапты күшейту керектігін айтады.
– «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл мәселеде талқыланатын тақырыптар көп. Себебі, бесіктен белі енді шыққан кейбір бозбалалар жауыздықтың неше түрін меңгеріп жатыр, адамды қой құрлы көрмей ата салатын жеткіншектер де солардың ішінен шығуда. Кім кінәлі? Бұл сұраққа жауап іздесек әйтеуір кінәлінің табылары анық. Үйдегі ата-ана мектептегі ұстаздарды, ал мұғалім үй ішіндегі жағдайды немесе баланың өзін кінәлай салады. Ал шындығында қоғамдық дертке айналып отырған мәселенің тамыры қайдан шығып жатқанына, балалардың не себепті қылмыс жасағанына бас қатырып жатпайтын секілді, – дейді әлеуметтанушы.
Қайдасың, қазақы тәрбие?!
Қалай десек те, жасөсіпірімдер арасындағы бұл түйткіл қоғамымызда өте өзекті мәселе болып отырғаны анық. Жергілікті атқарушы билік пен ішкі істер органдарының біріккен алдын алу шараларының арқасында қазіргі таңда бұл қауіпке тосқауыл қойылуда. Жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, облыстық ішкі істер департаменті және оның қала, аудандардағы құрылымдарымен мақсатты 8 жедел-профилактикалық іс-шарасы, сонымен қатар «ПАЗ» автобусы негізінде жасақталған жылжымалы полиция пункттерін қолдана отырып 57 рейдтік іс-шара өткізілген. Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласында жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 19,7 пайызға (178-ден 143-ке), сонымен қатар, мектеп оқушыларының қылмысқа қатысулары 48,8 пайызға (82-ден 42-ге) төмендеген. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сапар Ботабековтің айтуынша, жыл басынан бері Шымкент қаласының мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік жасау және ақша жинау фактілері орын алмаған.
Рас, тәрбиесіз, талғаусыз берілген білім мен рухани қуаты жоқ дүниенің болашағы қашанда бұлыңғыр. «Баланы жастан...» деген тағылымды сөз қалдырған ата-бабаларымыз бұрын иманнан безген, өз ортасында бүлік шығарғандарды бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатып, тентегін тезге салып отырған. Сол қазақы тәрбиенің тізгінін босатпау – бүгінгі әрбір ата-анаға, әрбір отбасыға үлкен сын. Жас ұрпақ тәрбиесіне сергек көңілмен, биік талғаммен қарасақ қана, көңілімізді қауіп билемесі анық.
Болашаққа сенiмдi нықтай түстi
Пятница, 14 Ноябрь 2014 05:47Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы Оңтүстік өңірінде де қызу талқылануда. Кеше Шымкентте Жолдау бойынша аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің облыс активімен кездесу жиыны өтті.
Кездесуде облыс әкімі кезекті Жолдаудың еліміздің дамуы жолындағы зор маңызы бар екенін айтып, мақсат-міндетіміз бен бағыт-бағдарымызды айқындаған Елбасы Жолдауына кеңінен тоқталды.
– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар, темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен, өзара тығыз байланысуы керек» деп атап өтті. Бұл орайда біз облыс аумағынан өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің жарқын болашағын айта аламыз. Ғасыр жобасы аталған бұл транзиттік магистральдің 448 шақырымнан астамы біздің өңір аумағынан өтеді. Облысымыздағы бұл күре жолдың бойында бірқатар жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік нысандары пайда болатыны сөзсіз. Өңірімізде «Шымкент-Ташкент» учаскесінің құрылысы да басталды. Аталған құрылысты 2015 жылдың соңында аяқтау жоспарланған, – деді облыс әкімі.
Асқар Исабекұлының айтуынша, Жолдауда айтылған Елбасы тапсырмаларының қатарында, кәсіпкерлікті дамыту бойынша біздің облыста атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Әкім өз баяндамасында Жолдауда айтылған өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту екендігін ерекше атап өтті. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, биылғы қарашаның басына дейін облысымызда «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасымен нақты 42 мың адам қамтылған. Бұл орайда келесі жылы 46 мың адам аталған бағдарламаға қатысады деп күтілуде.
Басқосу барысында Елбасы Жолдауының басым бағыттары мен міндеттер, атқарылатын жұмыстар төңірегінде бірнеше азаматтар өз ойларымен бөлісті. Бұл ретте «Сайрам сүт» ЖШС-нің директоры Ж. Уәлихан, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Южный Казахстан» газетінің директор-бас редакторы М. Лимаренко, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 3-курс студенті Е. Қазыбекұлы ел экономикасының қарқынды әрі тұрақты дамып келе жатқандығын айтып, Елбасы саясатына қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Асқар Исабекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы халқының Жолдауда айтылған міндеттерді толық орындауға мүмкіндігі жеткілікті екендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, жерлестеріміздің қоғамның кез келген саласында қажырлы еңбек етіп жатқанын айтты.
– Облыста тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің саны мен сапасын арттыра түсу, шағын және орта бизнесті дамыту ісі одан әрі жалғаса беретін болады. «Қазақстан-2050» Стратегиясылық бағдарламасы жүктейтін міндеттерді орындауда оңтүстікқазақстандықтар бір кісідей жұмылып отыр. Жаңа Жолдау сол мақсаттарымызды одан әрі айқындай түскені сөзсіз. Бұл құжат жарқын болашағымыздың іргесін нықтай түсуге міндеттейді, – деді облыс әкімі.
«Жастар практикасы» - мол мүмкiндiк ұсынады
Пятница, 07 Ноябрь 2014 03:56Жұмысқа деген ынта болса, жұмыс та, ырыс та алдыңнан шығатыны белгілі. «Жас келсе іске» деген. Жастарға жалындаған жараспаушы ма еді?! Ел аумағындағы жүзеге асып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы жастарды жұмыспен қамтып, бағыт-бағдар сілтеуді мұрат тұтқан. Тек ынта-ықыласыңыз болсын.
Қаржы да, қызығушылар да жетерлiк
Бүгінде бағдарламаның игілігін де көре бастадық. Бөлінген қаржы да көп, жастардың талабы да артқан. «Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айша Қамбарбекова бағдарламаның орындалу барысы туралы түсіндірді.
– Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 197,9 млн. теңге бөлінген. Біз өзімізге жүктелген міндетті асыра орындап отырмыз. Қазірдің өзінде қаржының 80 пайызы межелі жерге жұмсалды. Қалған жиырма пайызы жыл соңына дейін игеріледі, – дейді ол.
Әуелгі жоспар бойынша биыл жоғары және орта арнаулы оқу орындарының мың түлегін түрлі мекемелерге жолдау көзделіпті. Ал он айдың қорытындысы бойынша 1941 түлек жолданып, қаладағы 175 мекемеде сынақтан өткен. Бұл – 194 пайыз, асыра орындалған нәтиже. Оның бірден-бір себебі – бағдарламаға қатысушы азаматтардың алты ай мерзімі аяқталмай жатып, тұрақты жұмысқа қалып қоюында..
Айша Нұржанқызының айтуынша, 1941 азаматтың 1116-ы бағдарламаны аяқтаса, оның ішінде 886-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни, сексен пайызға жуығы жұмыспен қамтылып отыр. Орталық түлектерді кәсіп-орындарға жолдап ғана қоймай, алты ай мерзімде тұрақты жұмысқа қалмағандарды еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына қайта ұсынады екен. Яғни, бағдарламаға үмітін арқалап келген азаматтардың барлығы түпкілікті қамтылады деген сөз. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отырғаннан кейін оның мақсатты жұмсалуына көбірек көңіл бөлінеді.
Медицина саласы озық тұр
Енді «Жастар практикасы» арқасында жұмыспен қамтылғандардың контингентін айтайық. Жастардың көбісі мемлекеттік мекемелерді таңдап, әрі сонда қалып жатыр. Әсіресе, көбісінің таңдауы медицина саласы. Тоқсан пайызға жуығы осы саланы құп көрген. Яғни, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бағдарламаға мейлінше үлес қосатын мекеме. Сонымен қатар, білім саласының да үлесі бар. Әлеуметтік саладан бөлек, облыстық сот, прокуратураның да сұранысы ұлғайып келеді.
«Жұмыс бар, бiзге келсiн»
Жалпы, бұл нені білдіреді? Өзінің кәсібін жақсы меңгерген, кеудесінде саңылауы, бойында буырқанған күші бар азаматқа жұмыс әрқашан да табылады. Бастысы, жастар өзінің іс-әрекетімен көзге түсуі тиіс. Жақсы маман жұмыссыз қалмайтыны бесенеден белгілі.
Айша Нұржанқызы орталықтың мамандары, бөлім басшылары қаладағы 22 жоғары оқу орнына, колледжге барып, үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізетінін айтады. Жыл да солай. Жастар практикасының тиімділігін дәріптейтін бейнероликтер де дайындалған. Үкімет биыл 197,9 млн. теңге бөлсе, келесі жылы бұдан екі есеге жуық қаржы қаралмақ. Бұның бәрі де ел азаматтарының келешегі үшін жасалған қамқорлық.
Айтар уәжiңiз болса..
Рас, қызығушылық артқан сайын талап-тілек те, ұсыныс та көбейеді. Шетін мәселелерді шешу, бағдарламаның тынысын кеңейту үшін де Үкімет қаулысы жыл сайын өзгеріп отыр. Қазіргі уақытта оқуды бітіргеніне бір жылдан аспаған түлектер бағдарламаға қатысса, келесі жылы бұл мерзім үш жылға дейін созылуы мүмкін. Ең керегі, жастар өз мамандығы бойынша үш жылдың ішінде еш жерде жұмыс істемеген болуы тиіс.
Орталық та жастар тарапынан айтылған уәждерді дер кезінде тиісті орындарға жеткізеді. Үкімет оңтайлы шешім қабылдайды. Яғни, жұмысын бастағанына үш жылдан енді асқан бағдарламаға жылына кем дегенде бір рет өзгеріс енеді екен.
Бағдарламаның берері көп. Облыста екі мың жас түлек жастар практикасының игілігін көрсе, 50 пайызы Шымкент қаласының жастары. Бағдарлама ақпан айынан басталып, желтоқсанға дейін созылады. Сондықтан, үміт еткен түлектің қатысуға мүмкіндігі бар.
Самат ЕШЕНҚҰЛОВ, «Жер кадастры - ғылыми-өндірістік
орталығы» РМКК ОҚОФ-ның маманы:
– Осы бағдарлама арқылы тұрақты жұмыс істеп жатқаныма алты ай болды. Сынақ мерзімі наурыз айында басталып, екі жарым айдан кейін толық штатқа ауыстырды. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Уақыты келе үйренесің. Өзім М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Замандастарымның «Жастар практикасымен» жұмысқа тұруға толық мүмкіндігі бар. Жалпы, мемлекет бізге барлық жағдайды жасап отыр. Тек алғырлық танытып, білім-біліктілігіңізді дәлелдесеңіз болғаны.
120 бизнес жобаға қолдау көрсетiлмек
Пятница, 07 Ноябрь 2014 03:51Облыс аумағында таяу болашақта жаңа өндіріс ошақтары – зауыттар мен фабрикалардың көкжиегі кеңеймек. Бұл туралы Шымкентте өткен кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдары және қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен өткен жиында мәлім болды.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасы қызметтерінің бірі – аймақтағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Жиында өңірдегі бизнесті дамыту мақсатында Кәсіпкерлер палатасында 2015-2017 жылдарда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың таныстыру рәсімі банктер мен қаржы институттарына ұсынылды.
– Бизнес жобаларына қатысты құжаттар мен ұсыныстарымызды банк өкілдеріне таныстырдым, – дейді кәсіпкер Адырбек Мұсабай. – Дегенмен, бизнесті бастамас бұрын кепілдікке қойылатын мүлік мәселесі туындайды. Мысалы, бой көтеретін зауыттың өзі 3 миллион еуро болса, оған тиесілі кепілдік құны 4 млн. еуроны құрайды. Мұндай қаражатты табуға шындығында қарапайым кәсіпкердің мүмкіндігі жоқ.
Жиында белгілі болғандай, аталған рәсімде Кәсіпкерлер палатасының ұсынған жобаларын жергілікті атқарушы органдар мен қаржы институттары арасында қаржымен қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты талқыланды. Банктер бұл орайда кәсіпкерлердің жобаларын бағалап, олар үшін 7 жылға дейін 1 миллиард теңге (жылына 14%) қаржы беруге ықылас танытып отыр.
– Бұған дейін біздің облыста екінші деңгейлі банктердің қызметі ұсынылған жоқ. Енді бұл жобамыз тұрақты түрде назарға алынып, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатпақпыз, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрлан Қабыштаев.
Еске сала кетейік, алдағы кезеңде өңірімізде жалпы 120 бизнес жобаға қолдау көрсетілмек, Оған 60 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалу жоспарланып отыр.