Тәртіп бұзғанға талап қатаң
Пятница, 30 Январь 2015 06:10Шымкентте қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі БАҚ өкілдерімен қоғамдық көліктерге кешкілік тексеру жүргізді. Рейдтік іс-шара кезінде қоғамдық көліктердің кестемен жүру бағыттары бақыланып, тәртіп бұзғандарға хаттама толтырылды.
Рейдте анықталғандай, бірқатар шағынаудандарға қатынайтын қоғамдық көліктер жолаушыларды сағаттап күттірсе, енді бірі кестеден ерте өз жұмыстарын тоқтатып отырған. Мәселен, №20, 42 бағыттағы автобустардың қызмет сапасы белгіленген кестеге сай болмай шықты. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, бүгінге дейін қоғамдық көлікке қатысты жұмыс сапасы төмен 14 бағыттағы автобустардың ісі сотқа тапсырылған. Сондай-ақ қызмет көрсету бағытындағы келісім-шарттарын тоқтатқан.
– Қар жауып, күн суытқанда кейбір қоғамдық көліктер себепсіз өз жұмыстарын тоқтатып қояды. Рейдтің мақсаты – сол кемшіліктерге жол бермеу. Алдағы уақытта сапасы нашар, кестеге бағынбайтын қоғамдық көліктердің бағытына заман талабына сай соңғы үлгідегі автобустар қойылып, олардың саны артпақ. Жолаушылардың наразылығын тудырып, арыз-шағым көп келіп түсетін автобустардың ісін сотқа жіберетін боламыз, – деді Ж. Байдуллаев.
Осы күні «Қырғы базар» аялдамасында да қоғамдық көліктерге тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 15.00 мен 18.00 аралығында 25 жолаушылар тасымалына хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Он оқтың жетеуі қорғасын зауытында шығарылды
Пятница, 30 Январь 2015 05:101941-45 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстандағы тыл еңбеккерлері жеңісті жақындатуға орасан үлес қосты. Одақтас республикалардың ішінде еліміздегі ірі өндіріс орындары, іргелі зауыт-фабрикалардың бәрі де жеңіс туының желбіреуі үшін бар күш-жігерін бір арнада тоғыстырды. Басқасын былай қойғанда, отқа оранған майдан даласында жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақ-станда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ал, сол он оқтың жетеуі Шымкент қаласында орналасқан қорғасын зауытында дайындалып, вагондармен жан-жаққа тасымалданған.
Одақта көш бастаған
Соғысқа дейінгі кезеңде Шымкент қорғасын зауытының даңқы шартарапқа жайылып, өндірілген өнім көрсеткіші бойынша Одақта көш бастап тұрды. 1929 жылы іргетасы қаланып, 1932 жылы өз жұмысын бастаған қорғасын зауыты 1934 жылдың 20 қаңтарында алғашқы өнімін шығарды. Арада 3 жыл өткенде Кеңес Одағы бойынша өндіріліп-балқытылған қорғасынның 75,3 пайызы осы зауытқа тиесілі болды.
1941 жылы КСРО сынды алып империяның басына қара бұлт үйіріліп, соғыс өрті тұтанған шақта Шымкент қорғасын зауытына жүктелген міндет өте ауқымды еді. Сол себепті мұндағы жұмысты жандандырып, ортақ мақсатта күш біріктіру үшін Шымкентке Ресей мен Украинадан білікті мамандар шақырылды. Әсіресе, Мәскеу, Харьков, Воронежден зауытқа инженерлер, жобалаушылар және бас технологтар жедел түрде жеткізілді.
Деректерге жүгінсек, Шымкент қорғасын зауытына өзге өңірлерден жалпы 2 эшалон жұмысшы тобы, яғни 1500-ге жуық маман жіберілген. Оларға арнайы баспана салынды. Зауыттың күшімен бой көтерген сол үйлер қазіргі таңда қаламыздағы Чехов, Московская, Чапаев, Шкалов, Парижская коммуна, Добролюбов көшелерінде әлі де бар.
Жұмысшылардың көпшілігі әйелдер болды
Шымкент қорғасын зауытында 1953-1984 жылдар аралығында жұмыс істеген шымкенттік еңбек ардагері Тұрдалы Усманов таяуда редакциямызға келді. Көргені көп, түйгені мол 81 жастағы қариямен 2 сағатқа жуық әңгіме-дүкен құрдық, жадында қалған естеліктерін мұқият тыңдадық.
– Әрине, соғысты ұмытуға болмайды, оны үнемі еске алып отыру керек, сонда ғана мына мамыражай тыныштықтың қадірін терең сезінеміз, – дейді Тұрдалы Усманов. – Қазір, шыны керек, соғыс кезінде қорғасын зауытында істеген ешкім қалмады. Көпшілігі о дүниелік болды. Дегенмен, сұрапыл соғыс кезіндегі көп оқиғалар, үлкендерден естіген әңгімелер санамда әлі күнге дейін сайрап тұр. Жалпы, қорғасын зауытында соғыс кезінде 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істеді. Олардың көбі 18-ден 40-қа дейінгі әйелдер. Жұмысшылардың қатарында 13-16 жас аралығындағы бойжеткен қыздар да бар еді. Соғыстың зардабы ғой, әйелдер қауымы зауытта белі қайыса жүріп ауыр жүк көтерді, темір мен кірпіш тасыды, нәзіктігіне, жаратылысына мүлде қарама-қайшы қара жұмыстарды істеуге мәжбүр болды. Ол кездері зауытта ер азаматтар өте аз-тұғын.
Ақсақалдың айтуынша, соғыс кезінде қорғасын зауытында қатаң тәртіп болған. Әсіресе, мұнда күнделікті рудалар әкелінген кезде арнайы тағайындалған қызметкерлер мылтық кезеніп, жұмысшылардың әрбір қадамын бақылап отырған. Режимнің қатаңдығы сондай, жұмысшыларды бірнеше айлап зауыттың аумағынан еш жерге шығармаған. «Зауыт туралы ақпараттар да өте құпия ұсталды. Күзет қызметі өте сақ болатын. Тіпті 1943 жылы мұнда зауытқа жақын маңдағы мазарға түн ортасында жасырынып, ғимараттағы қызу жұмысты суретке түсірген неміс жансызын КГБ қызметкерлері қолға түсірген. Дегенмен, сондай темірдей тәртіптің арқасында жоспарланған жұмыстар жоғары деңгейде атқарылып, Ұлы Жеңіс күнінің жақындауына үлкен септігін тигізді», – дейді Т. Усманов.
400 жауынгер майданға аттанды
Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауытында негізінен Калашников автоматы мен «Русская винтовка» қаруына оқ дайындалды. Сондай-ақ, зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектері де шығарылды. Зауытқа қажетті қорытпалар Бәйдібектегі Байжансай мен Кентаудағы Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінен жеткізілген. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, алыстағы майдандарға жіберіп тұрған.
– Зауыттағы жұмысшылардың басым бөлігі қазақтар, одан кейін – өзбектер мен татарлар болды. Жұмысшылар 400 рубль жалақы алатын. Бұл ол кездегі ең жоғары айлық еді. Тіпті цех басшылары 120 рубль, инженерлер 90-120 рубль алатын. Бірақ, онда жұмыс істеу оңай болған жоқ. Себебі, 1800 градуста қайнап жатқан қорғасынды тиісті жерге жеткізу, бет шыдатпас ыстықта оны ары-бері қозғау өте қиын. Содан болар, соғыс кезінде еңбек еткен жұмысшылардың көбі 50 жасында зейнетке шыққан, – дейді Тұрдалы ақсақал.
Айтпақшы, соғыс жылдары қорғасын зауытының 400-ге жуық жұмысшысы қолына қару алып, өз еріктерімен соғысқа аттанды. Кейіннен, жаппай демобилизациядан соң, майдан даласында ұрысқа қатысқан жауынгерлер зауытқа оралып, жұмыстарын қайтадан жалғастырды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Хасан Мамытов, сондай-ақ зауытта құрмет биігіне көтерілген Л.М. Онуфриев, А. Абдиев, Н.В. Бовута, А.И. Андреев, П.А. Лалетина, С. Нурметов, В.С. Елманов, Л.Н. Николотов, У. Умаров, Е. Тұрғымбаев, Н.Л. Голдобин, Г.А. Валитов, Г.Д. Георгиев, С.Д. Митрянин, А. Әліқұлов, И.Д. Иванов сынды еңбек ардагерлері болды.
Сталиннің алғысы
Зауыт жұмысшыларының еңбегі өз кезегінде ескерусіз қалған жоқ, олар әр түрлі орден-медальдармен құрметтеліп, басшылық тарапынан зор алғысқа бөленді. Атап айтар болсақ, «Ленин» орденімен – 15, «Қызыл Ту» орденімен – 52, «Құрмет белгісі» орденімен – 32, І және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – 17 адам марапатталды. Соғыс аяқталған соң барша жұмысшыларға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Ерекше атап өтерлігі, 1943 жылы Бүкілодақтық коммунистік партиясының бас хатшысы
И.Сталин зауыт басшылығына жеделхат жолдап, өз ризашылығын жеткізген. Онда: «Қазақ-стан металлургы» танк колоннасының құрылысына 700 мың рубль жинап берген Шымкент қорғасын зауытының жұмысшыларына, инженерлер мен техникалық қызметкерлеріне қызыл әскер атынан алғысымды білдіремін» делінген. Ал, КСРО-ның түсті металлургия министрі болған Петр Ломако болса өзінің «ҰОС жылдарындағы түсті металлургия» атты кітабында: «Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауыты негізгі өнімнен бөлек, зеңбірек оқтарын шығаруды ұйымдастырып, тау-кен өндірісіне арналған машиналарының қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын жасады» деп жылы пікір қалдырыпты.
Жоғарыдағы пікірден ұғатынымыз, соғыс кезеңінде Шымкент қорғасын зауытының Отан алдындағы қызметі орасан зор болғаны анық. Бір өкініштісі, зауыт жанындағы мұражай бүгінде өз жұмысын тоқтатыпты.
– 1960 жылдары қорғасын зауытының жанында арнайы мұражай ашылды. Осы мұражайда жұмысшылардың алған медальдары, олардың туған-туыстарынан келген хаттар, тіпті шай ішкен кеселеріне дейін тұрды. Ғимарат жеке меншікке өткендіктен бе, әйтеуір, 2007 жылы осы мұражай жабылып қалды. Кейін естідім, сол құнды хаттар, тарихи жәдігерлер жертөледе жатыпты. Қазір оның өзі жоғалып кетті-ау, – дейді Тұрдалы ата қынжылып.
Десек те, қазіргі уақытта Шымкент қорғасын зауытының кіреберісінде атағы әлемге жайылған әйгілі зауытта еңбек еткендер мен майдан даласында соғысқандарға арнап ескерткіш-тақта орнатылған. Онда 117 жауынгердің аты жазылған. Олардың ерен еңбегі ұрпақ жадында мәңгілікке қалатынына сеніміміз мол.
Жерасты өткелі ашылды
Пятница, 16 Январь 2015 04:16Шымкент шаһарының ең көрікті мекендерінің бірі – дендросаябақ маңында жаңа жерасты өткелі ашылды. Енді аталмыш өткел арқылы қала тұрғындары мен қонақтары дендросаябаққа қауіпсіз түрде қатынай алады.
Жерасты өткелі Бәйдібек би даңғылында бой көтерген. Қаланың ажарын ашып, шырайын келтірген жаңа өткелдің құрылысына облыс бюджетінен 66 миллион теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілген. Нысанның құрылысын «Текспром» ЖШС-і жүргізген. Жерасты өткелі сәулет өнерінің бірегей нышандарымен безендіріліп, оған заманауи құрылыс материалдары пайдаланылған.
Еске сала кетейік, еліміз бойынша екі дендросаябақтың бірі саналатын (екіншісі Алматыда) бұл демалыс аумағында жер шарының түпкір-түпкірінен жинақталған көптеген ағаштар бар. Мұнда 584 түрлі өсімдіктер өсіріледі. Сондай-ақ, дендросаябақта 20 тиін, 4 елік пен теңбіл бұғы, 10 тауыс құсы және аумағы өңдеуден өткен көлде аққу, қаз, үйрек сияқты құстардың 22 данасы мен 20 мың дәумаңдай балық мекен етеді.
Ғасырлар күресiнiң жемiсi
Пятница, 19 Декабрь 2014 04:23Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік – ғасырлар күресінің жемісі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Тәуелсіздігімізді ұлықтаған жиынға депутаттар, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, қала, аудандардан келген делегаттар, оқу орындарының басшылары мен ұстаздары, этно-мәдени бірлестіктер мен азаматтық ұйымдардың өкілдері, жастар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Конференция жұмысы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалидің алғысөзімен басталды.
– Біздің тәуелсіздігіміз шын мәнінде ғасырлар күресінің жемісі. Сонау түркі мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі – Күлтегін, одан бері қазақ хандығының туын тіктеген Керей мен Жәнібек әрқайсысы өз заманында елдің келешегін, береке-бірлігін үнемі еске алып, кемел келешегі үшін күрескен, – деді Б. Құрманғали.
Қазақ мемлекетінің қалыптасу жүйесі мен оның даму заңдылықтарын, мемлекеттіктің негізінде ұлттық сананың өрістеуі үрдісін белгілейтінін айтқан Б. Құрманғали Қазақстан Президенті кәсіби тарихшыларға қазақтың өзін-өзі тануы туралы идеяны ұсынғанын, 2004 жылдан бастап Елбасының тікелей көмегімен қазақ тарихы туралы мәліметтер мен басқа мемлекеттерде сақталған тарихи жәдігерлер, деректер жиналып, ғылыми айналымға қосылғанын атап өтті.
Қоғам өмірінен тыс қалған емес
Пятница, 19 Декабрь 2014 03:57«Сәуле» шағынауданындағы облыстық қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 167/11 тергеу изоляторында Тәуелсіздік мерекесі тойланды. Облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерлан Айтбаев бастаған жастар өкілдері аталмыш түзеу мекемесіне барып, жазасын өтеушілерді мемлекеттік мерекемен құттықтады.
Шымкенттегі бұл түзеу мекемесінде бүгінде 600-ге жуық адам бар. Мұндағы 51 азамат жазасын шаруашылық жұмыстары арқылы өтейді. Сондай-ақ, олар мекеме асханасында, шеберхана мен тігін және аяқ киім цехтарының шаруаларын атқарады. Мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Кенжебек Нұрымбетовтің айтуынша, сотталғандар әр түрлі іс-шараларға белсенді қатысып тұрады.
– Қылмыстық жазасын өтеп жатқандар темір тордың ішінде болғанмен олардың өз құқықтарын сақтауына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Олар мұнда 3 мезгіл тамақтанады. Жұмыстан тыс кезде уақыттарын кітапханада өткізеді. Басшылықтың ережесіне сәйкес, жазасын өтеушілер айына бір рет туған-туыстарымен 2 сағатқа жуық кездесіп, әңгімелесуге мүмкіндік қарастырылған, – дейді К. Нұрымбетов. Сонымен қатар, сотталғандардың атқарған жұмыстарына сай айына 25 мың теңге жалақы төленеді. Олар қаржыны жақындарына, отбасына жіберіп отырады, өздеріне керек заттарын да алдыртады.
Мереке қарсаңында мекеменің мәжіліс залында «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ашық есік күніне орай өткен шарада сотталғандардың ата-аналары, туған-туыстары келді. Жаймашуақ жайдары кеште жазасын өтеушілердің бірі әуелете ән шырқап, екіншісі домбырамен күй тартса, енді бірі жүрегінен шыққан жыр-шумақтарын жатқа оқып, мерекені айрықша атап өтті.
Концерт барысында мекеме басшысы, әділет майоры Пархат Исақбаев шаруашылық жұмыстарына белсене атсалысқан бірнеше жазасын өтеушіні Алғыс хатпен марапаттады.
Халықтың бірлігі басты жетістігіміз
Пятница, 19 Декабрь 2014 03:30Кеше Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ақпараттық топ Шымкент қаласында бірнеше кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге келген топ құрамында Парламент депутаттары және мемлекеттік органдардың басшылары бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков бастаған ақпараттық топ мүшелері М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде болып, облыс активімен кездесті.
Жиынды облыс әкімі А.Мырзахметов жүргізіп отырды. Негізгі баяндаманы жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Жолдаудағы негізгі міндеттерге тоқталып, бұл салаға жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін атап өтті. Агроөнеркәсіп кешені саласы алдында үлкен міндеттер тұрғандығын айтып, бірге жұмылып жұмыс жасауға шақырды.
Сондай-ақ, бұл күні Республикалық ақпараттық топтың мүшелері Жаңаталап елдімекенінде орналасқан Т. Тәжібаев атындағы №81 орта мектебінің мәжіліс залында «Шымкент құс» ЖШС-нің қызметкерлерімен және қала тұрғындарымен кездесті. Елбасы Жолдауын түсіндіру және насихаттау мақсатында өткен жиынды Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев жүргізіп отырды. Басқосу барысында Елбасының Жолдауы мен алдағы тұрған міндеттер бойынша ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметтерді стандарттау департаментінің директоры Марат Шоранов баяндама жасады.
– Елімізде жаңа экономикалық саясатты іске асыруға қажетті жағдайлар жасалды. Президентіміз: «Енді білек сыбанып, іске кірісу керек», – деп атап көрсетті. Қазір бәріміздің беріктігіміз, салмақты шешім қабылдау қабілетіміз сыналатын кез. Демек, бәріміз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешуге өзіміздің барлық күш-жігерімізді, біліміміз бен тәжірибемізді жұмсауға тиіспіз, – деді М. Шоранов.
Сондай-ақ, жиында ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Экономика салаларын дамыту департаментінің директоры Н. Байбазаров пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмурадов Елбасы Жолдауын қолдайтындықтарын айтып, жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды бірлесе орындауға шақырды.
– Оңтүстік жұрты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын әрдайым қуанышпен қабылдап, әрі олардан қуат алып, қолдау білдіруде. Облыс халқы маңызды құжатта айқындалған ел алдындағы міндеттерді орындауда әрқашан абырой биігінен көрініп келеді. Елбасы кезекті Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында 2017 жылға дейін Ұлттық қордан жыл сайын 3 млрд. доллар бөлінетінін айтты. Бұл қаражаттың бәрі халықтың әлеуетін арттыруға бағытталып отыр. Енді халқымыз ынтымақ-бірлігінен ажырамай, әркім өз саласында адалдық танытып, еңбегін еселей түссе, Елбасы Жолдауына үлкен серпін берген болар еді, – деді Р. Халмурадов.
Жиында Жаңаталап елдімекені Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоғанас Жақыпов, зейнеткер Қолдас Әкімқұлов Жолдау бойынша өз пікірлерін білдіріп, ынтымақ пен бірліктің арқасында мол жетістіктерге жетеміз деген тілектерін жеткізді.
Жаңа пәтерге 270 отбасы қоныстанды
Пятница, 12 Декабрь 2014 11:29Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шымкентте 9 қабатты төрт тұрғын үй пайдалануға беріліп, 270 отбасы баспаналы болды. «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан бұл үйлердегі пәтер кілттерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов пен қала әкімі Дархан Сатыбалды салтанатты түрде табыстап, баспана иелерін қоныс тойымен құттықтады.
болғандардың ішінде 12 Ұлы Отан соғысының ардагері, 132 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 126 «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» арқылы несие алып отырған жас отбасылар бар.
– Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында сіздер баспаналы болып отырсыздар. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын! Бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға мұқтаждар тізімінде 19 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Дегенмен, олардың барлығы алдағы төрт жыл ішінде «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде баспаналы болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына сәйкес Шымкент қаласында 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр, – деді Берік Оспанов.
Жауапты мамандардың айтуынша, жыл
соңына дейін Шымкентте тағы да 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Елбасы еңбегi – жастарға үлгі
Пятница, 05 Декабрь 2014 04:21ОҚМПИ-де Тұңғыш Президент күні кеңінен атап өтілді
Жаңашылдық пен рухани жанашырлықтың жаршысына айналған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты биылғы Тұңғыш Президент күнін есте қаларлықтай ерекше етіп өткізді. Атаулы күнге орай институт басшылығы жеті байқау ұйымдастырды.
«Елбасымен біргемін!» атты ашық ақындар мүшайрасына жиырмаға жуық облысымыздағы іргелі оқу орындары студенттері, облыс орталығы мен Астана қаласынан келген жас ақындар қатысты. Жыр додасына Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Бақытжан Алдияр, облыстық мұрағат басшысы Қабылбек Төретай және «ОҚМПИ Хабаршысы» журналының жауапты хатшысы Ақлима Байғұт қазылық етті. Бұған дейін баспасөз бетінде жарияланған ережеге сәйкес, талапкерлердің негізгі өлеңі Елбасыға арналса, екінші жыры еркін тақырыпта болуы тиіс-ті. Нәтижесінде «Қазақ шығар...» деген өлеңі үздік деп танылған М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті Әлішер Әлімжан Бас жүлдені иеленді.
Бірінші орын «Томирис» және «Кактуспен әңгіме» атты өлеңдерімен тыңдармандарын таңғалдырған ОҚМПИ студенті Сарманова Лаураға бұйырды. Екінші орынды М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті Кенжетайұлы Мұқағали мен Шымкент қаласының тұрғыны, ақын Айманбетов Дәурен бөлісті. Дәуреннің «Елбасымен біргемін» атты өлеңіндегі:
– Мақтауды мен сүймейтін
жан едім бір,
Даттаудан да құрдым еді
әлемім-дүр.
Тәубе деймін оқ, оттың
жоқтығына,
Елін сүйген Елбасың – хан
ерің бұл!..
...Бойындағы жайғанды кеңге
асылын,
Алшысынан түсірді пенде асығын.
Ең бірінші ел болмақ Қазақ елі,
Саясатын ұстансақ Елбасының! – деген жыр жолдары көпшілікке ерекше әсер етіп, жиналғандардың рухын көтерді.
Үшінші орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты «Азаттық», «Рухқа оралу» атты өлеңін оқыған Еркін Исахан мен «Елбасымен біргеміз немесе қадіріне жетсек деп осы күннің...», «Бейкүнә қыз» өлеңдерімен көпшіліктің көңілінен шыққан Тұрысбеков Тағайбекке бұйырды.
Келесі күні инстиуттың акт залында өткен студенттер арасындағы республикалық ақындар айтысында ине шаншыр бос орын болмады. Студенттер де, оқытушылар да, тіпті жан-жақтан ағылған қала тұрғындары мен қонақтардың айтыс өнерін сағынып-ақ қалғаны байқалып тұрды.
«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты республикалық студенттер айтысына қатысуға ниет білдіргендер арасында бес жұп таңдап алынған. Айтысты қазылар алқасының төрайымы «Парасат» орденінің иегері, Халық ақыны Әселхан Қалыбекова, мүшелері Б.Өтеп атындағы облыстық өнер мектебінің директоры, белгілі айтыскер ақын Маржан Есжанова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Бақытжан Алдияр, жас айтыскер ақын Қажымұқан Абзал, ОҚМПИ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынғали Әбубәкіров бағалады. Студенттер айтысын танымал айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізіп отырды.
Алғашқы боп сахнаға Астанадағы «Өнер» университетінің «Айтыс» мамандығының студенті Дәурен Ысқақ пен ОҚМПИ-дің Филология ғылыми мектебінің студенті Серік Жұмәділ шықты. Уытты қалжыңдарымен орынды айтысқан қос ақынның айтары да, ұпайлары да аз болған жоқ. Екінші жұпта Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенті Шұғайып Сезімхан мен Жамбыл облысының ақыны Қанат Мырзахан айтысты. Екі ақын студенттерге қатысты ортақ тақырыппен бірге Елбасының елге сіңірген қызметін жырлады. Қанат ақын:
– Ел болып Елбасыны қолдамасаң,
Ту түгіл, туырлығың тілінеді, – деп көпшілікті бірлікке шақырды.
Бұдан соң сахнаға М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының студенті Абылай Құлтай мен Қызылордадан келген Сырым Әділбек шықты. «Қауынның сабағындай қаулаған, соғыспай-ақ жер бетін жаулаған» шымкенттіктермен амандасып, «тәуекелдің тасын жұтқан» Сырым Абылайдың «Сыр еліндегі бір штук қара маржанбысың?» деген сұрағына «Абылай, сен құсап, Сыр елі ақындарын штуктап санамайды» деп, өңірдегі жақсы-жайсаңдарға төгілтіп жыр арнады.
Айтысқа жиналған көрерменнің көзайымына айналған бесінші жұп – Б.Өтеп атындағы облыстық өнер мектебінің 9-сынып оқушысы Аян Ниязбек пен Павлодардан келген Рауан Қайдардың айтысы болды. Жөн білетін аға мен еркелеген інінің айтысындай жылы, жағымды бағытта өрбіген екі жұптың айтысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Іріктеу сайысында ұпай сандары жоғары болған төрт айтыскер финалда бақ сынады. Қанат пен Серік те, Дәурен Ақсақалов пен Аян Ниязбек те бірдей ең жоғары ұпай алды. Қазылар алқасының шешімін жариялауға шыққан Әселхан Қалыбекова былай деді:
– Республикалық дәрежедегі айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Айтысқа арқау болған тақырыпты жан-жақты ашып, бар өнерін салған оңтүстік ақындары, Серік пен Дәурен болды. Сонымен бірге, бұл айтыстың жаңалығы – Маржан, Бекмұрат, Анарлар баптаған Аян баламызды ерекше атап өткен жөн. Ол шын мәнінде бүгінгі айтыстың көрігін қыздырды. Ал енді түркістандық Шұғайып деген ақын мықты, терең, бұрынғыдан өскені байқалады. Осындай жоғары дәрежедегі айтысты ұйымдастырған ОҚМПИ-ге, басшысы Оңалбай Аяшевқа көп рақмет! Айтысты қолдағаны – елді, бүкіл Алашты, барлық қазақты қолдағаны.
Айтысқа қатысқан бес ақынға 30 000 теңге көлемінде, ал өзінің салиқалы айтысымен көзге түсіп, парасатты, мәдениетті ақын ретінде көрерменнің есінде қалған керекулік Рауан Қайдар ОҚМПИ ректоры О.Аяшевтің арнайы жүлдесі – 50 000 теңгені иеленді. 3-орын иегері Аян Ниязбекке 70 000, 2-орын иесі Қанат Мырзахановқа 100 000, 1-орын алған Серік Жұмәділге 150 000, Бас жүлдеге лайық деп танылған Дәурен Ақсақаловқа 200 000 теңге тапсырылды.
Бұдан соң «Елбасы – мәңгілік тақырып: қылқалам шеберлері Президент әлемін бейнелейді» атты суретшілер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болды. Бұл ретте ОҚМПИ-нің 3-курс студенті Бекмырза Қалмырзаев бас жүлдені иемденіп, оған 40 мың теңге сыйақы табысталды. Сондай-ақ, «Елбасы бізге өнеге: спорт – жан сұлулығы» атты спорттық сайыстар мерекенің ажарын аша түсті. Айта кету керек, шахмат, баскетбол, волейбол бәсекелерінде ОҚМПИ ұжымы 1-орыннан көрініп, өз мықтылықтарын байқатты. Ал, үстел теннисі сайысында Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университетінің командасы үздік шықты. Жеңіс тұғырынан көрінген студенттерге ақшалай және бағалы сыйлықтар тарту етілді.
– Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңірген еңбегі өте мол. Мұны әлем мойындайды. Елбасының ерекше бір қасиеті, қат-қабат шаруаларына қарамастан спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Біз оны үлгі етіп, жастарды отансүйгіштікке, елге қызмет етуге шақырып, тәрбиелеп жатырмыз, – деді ОҚМПИ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев.
Жеті мерекелік байқаудың соңы ОҚМПИ студенттері мен қызметкерлері дайындаған гала-концертіне ұласты.