«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ»: қол жеткізген табыстар көп»
Пятница, 07 Апрель 2017 05:58Бірлігі жоқ ел тозады,
Бірлігі күшті ел озады
(қазақ нақылы)
Мемлекет тек тыныштықта гүлденеді. Бұл – бұлжымас қағида. «Тату елге тоқшылық нәсіп» деп Күлтегін бабамыз айтқандай, бірлігі бекем елдің ғана әрдайым табысы мол. Елбасы Н. Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – жас, көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте», – деген болатын. Елдің ынтымақ-бірлігін сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелер жауапкершілік мол. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовпен әңгімелесіп, көкейіміздегі сауалдарға жауап алған едік.
– Мұратәлі Оразалыұлы, елдің тұтастығы мен тыныштығы – мемлекеттілікті сақтауда, әрі оны баянды ету жолында ең басты фактор болып табылатыны даусыз. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай? Бұл институт өз жұмысын лайықты деңгейде атқарып отыр ма?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы констиутциялық деңгейде қорғалған, қоғамға қажеттілігін, ел дамуына ауқымды үлес қоса алатынын дәлелдеген әрі дүниежүзінде баламасы жоқ институт. Оны Мемлекет басшысының басқаруы бұл ұйымның мәртебесін тіпті биіктете түседі. Ассамблея 20 жылда өзіне жүктелген міндеттерді жоғары дәрежеде атқарып келеді. Нақты іс-әрекеттермен қоғам тұрақтылығын нығайту жолында жұмыс істеуде. Өркениетті елдер Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасын әлемдік қауымдастық арасында адами тұрғыдан ең ізгі идея екендігін даусыз мойындады. Ассамблеяның түпкі мақсаты – қоғамда келісім орнату. Келісім бар жерде барлық мәселе өмірден сырт қалатынын өмір дәлелдеп келеді және ондай жерде қоғамның әр саласында даму болады. Міне, бұл Елбасының бұған дейін айтқан «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» идеясымен ұштасып жатыр. Білсеңіздер, еліміз егемендігін алған тұста аяқтан тұру оңай болған жоқ. Біз бір мақсат жолында жұдырықтай жұмылып, асуларды еңсере білдік. Бүгінде 100-ден астам этнос өкілдері, яғни тегі әртүрлі, бірақ мақсаттары ортақ қазақстандықтар бір шаңырақ астында еңбек етуде. Бұл халқымыздың ауызбіршілігін көрсетеді. Елбасымыздың Ассамблены құру идеясы, яғни татулықтың «қазақстандық моделі» көптеген елдерге үлгі болып отыр.
– Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа функционалды бағыттар, яғни қайырымдылықты үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін жүргізу міндеттері жүктелді. Бұл бағытта өңіріміздегі жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Осы бертінге дейін Ассамблея өзге ұлттардың адвокаты секілді айтылып келді ғой. Түрлі этностардың тек мерекелерін ғана ұйымдастыратын ұйым ретінде танылды. Дегенмен, уақыт өткен сайын «Қоғамдық келісім» мекемесіне артылған міндет пен сенім жүгі артып келеді. Ассамблеяның басты ұраны – қазақ ұлтының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіру. Қазір жеті бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жоспарымыз да айқын. Атап кетерлік нәрсе, «Қоғамдық келісім» мекемесінің филиалдарын аудандардан ашу алғаш Оңтүстікте қолға алынды. Біздің жұмыс тиімділігімізді ескерген Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы оңтүстікқазақстандық тәжірибені еліміздің басқа аймақтарына енгізе бастады. Іс-шарамызды Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қаласында барып өткіздік. Тәжірибемізді бөлістік. Облыстағы барлық мектептер мен арнайы орта оқу орындарында толеранттылық клубын құруды ұсындық. Қазір өңіріміздегі ЖОО-да, колледждерде «Достық» клубтары ашылуда. Бұл клуб оқу орны – білім бөлімі – әкім – Ассамблея хатшылығы құрылымы негізінде жұмыс істейді. Біз осы арқылы жастардың туындаған мәселелерін құқықтық мәдениет арқылы шешуге мүмкіндік туғызамыз. Келесі бір мәселе, қазір аудан, қалаларда бағыттары әр түрлі кеңестер көп. Жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, осы кеңестердің өкілдері мен қоғам белсенділерінің басын қосып, бейресми кездесулерді жиі ұйымдастыра бастадық. Жұмыс нәтижесіз емес. Онда шалғайдағы болып жатқан оңды өзгерістер, жағымсыз жайттар жан-жақты таразыға салынып, сараланады.
– Қазыналы Оңтүстік – бірлік пен татулықтың ордасына айналған өңір, бүгінде қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері мекен етіп жатыр. Білгіміз келгені, олардың нақты саны қанша? Этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігі қалай?
– Қазіргі таңда өңірімізде үш миллиондай халық болса, оның ішінде 700 мыңға жуығы өзге ұлт өкілдері. Жалпы саны 20 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектебі бар. Өңірде жыл сайын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі, мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтуде. Сонымен қатар, әр салада жетістікке жеткен белсенді этнос өкілдері жыл сайын облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығымен марапатталады. Қайырымдылықты үйлестіруде «Қамқор», «Жүректен жүрекке» акциялары ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ өңір тарихында алғаш рет этномәдени бірлестіктер арасында «Достық сыйы» акциясы бастау алып, «Менің елім – Қазақстан!», «Тәуелсіздік тұғыры – Мәңгілік Ел!», «Қазақ дастарханы», «Играй, гормонь!», «Достық тілегі» сынды бірегей іс-шаралар өтуде. Былтыр облыстық этномәдени бірлестіктер ата-ана қамқорлығынсыз қалған 260 балаға 2,6 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмектер ұсынды. Реті келгесін айтайын, «Қоғамдық келісім» мекемесі өңірдегі науқас 6 баланың Алматы, Астана қалаларында ем алуларына ықпал етіп, Арыс қаласындағы балалар үйінің 9 тәрбиеленушісіне жүйелі түрде демеу көрсетіп келеді. Біреу білер, біреу білмес, былтыр «Сайрам-Өгем» тау жотасы тізбегіндегі шыңға «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы шыңы» атауы берілді. Сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүріне, қонақжайлығына деген құрметті дәріптеу мақсатында еліміз бойынша қазақтың ұлттық тағамын әзірлеуден тұңғыш рет «Ет асу» фестивалі өтті. Міне, өңіріміздегі осындай іс-шаралар барлық этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен, яғни бірлікпен, өзара сеніммен жүзеге асып жатыр.
– Фестиваль деп жатырсыз ғой, бұл шара шынында көпшілікті ынтымақ пен елдікке шақырған сәтті жоба деп ойлаймыз. Осы бастамаға өзіңіз ұйытқы болғаныңызды да жұртшылық біледі. Аталған фестиваль өңіріміздің аудан, қалаларында жалғаса ма?
– Қазір бұл фестивальді облыстық деңгейде қолға алдық. Аудандарда да дәстүрлі түрде өткізуге болар еді. Ортақ іске атсалысатын азаматтар барда бұл да іске асып қалар. Бұл фестиваль – идеологиялық құрал. Кейбіреулер тамақпен таңғалдырмақ па деп түсінбеуі мүмкін. Біз осы арқылы мемлекет құраушы ұлттың мәртебесін, рухын көтеруді дәріптеп отырмыз. Мысалы, италяндықтар өздерінің лапшасымен, пиццасымен, түріктер лавашымен мақтанады. Бізде ұлттық тағамдар көп.
«Ет асу» фестивалі арқылы қазақ дастарханын, оның ұлттық таным-тағылымын насихаттауды мақсат еттік. Былтыр екінші рет өткіздік. Бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бұл дәстүрлі қазақ дастарханы фестиваліне айналды. Бұған тек этнос өкілдері ғана қатысады. Жоба арқылы өзге этностар қазақтың дүниетанымын тереңірек түсінетін болады. Фестивальдің атауын қою да оңай болған жоқ. Мархабат Байғұт ағаларымыз бастаған зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, бірауыздан «Ет асу» деп ұйғардық. Жалпы қазір «бешбармақ» деп білместікпен айтып жүргендер көп. Бұл дұрыс емес. Қазақша ет дейміз ғой. Осы дұрыс.
– Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеген міндеттерінің қатарында медиация желісін дамыту да бар. Өңіріміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауда медиацияның рөлі және оның маңыздылығы қандай?
– Өркениетті елдерде медиация институтына мықтап ден қоюда. Жалпы медиация ұғымы қазаққа жат емес. Дау-дамайды билер соты арқылы ымырамен келісе отырып шешу халқымызда бұрыннан бар. Медиация мақсаты – қоғамдағы даулар мен жанжалдарды сотқа дейінгі тәртіппен шешу, яғни ел бірлігін нығайту. Елімізде қазір «Медиация туралы» заң қабылданды. Біз бұл институтты жаңадан тауып отырған жоқпыз, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатыр. Дәстүрімізде бар. Біраз уақыт үзіліп қалды. Ол билер институты еді. Біз соны қазір жаңғыртып жатырмыз. Мысалы, екі жас АХАТ-қа (ЗАГС) барып ажырасуға арыз берді делік. АХАТ қызметкерлері осы сәтте Қоғамдық келісім кеңесіне арызданғаны жөнінде хат жібереді. Міне, осы аралықта біз жауаптылық танытып татуластыруға кірісеміз. Біз облыс деңгейінде аудандық барлық АХАТ бөлімдерімен меморандумға тұрдық. Қоғамдық келісім кеңесінің
төрағасына сөзі өтімді, абыройлы қарияларды алдық. Оларға «Қоғамдық келісім төрағасы» деген куәлік бергелі жатырмыз. Бұл әрине мемлекеттік деңгейде қолдау деп танылады. Қоғамдық келісім кеңесінде тек дау-дамайды ғана қарайды десек, қателесеміз. Мұнда аты айтып тұрғандай қоғамдағы басқа да мәселелер ортаға салынады. Бұған дейін дін, білім, жастар және жергілікті полиция мәселесін талқыладық. Аудандар да атсалысып жатыр.
Облыстық сотпен, әділет департаментімен, нотариаттық палатамен және адвокаттар алқасымен өзара іс-қимыл жөніндегі меморандум түзілді. Облыстағы медиаторлардың араласуымен былтыр 2317 азаматтық іс қаралып, оның 1226-сы оң шешілді. Бұл жұмыстың қолға алынғанына бір жыл да болған жоқ. Дегенмен, жемісті тірлік бар. Қоғамдық келісім кеңесі бойынша Түркістанда жақсы жұмыс жүріп жатыр. Сайрамда, Төлебиде де нәтижелі. Бұл әлі үлкен институтқа айналады деп ойлаймын. Бұған ел болып көмектесуіміз керек.
– Қоғамды топтастырудың маңызды бір факторы – тіл екендігі анық. Осы орайда, өзге этностардың мемлекеттік тілді білу деңгейі қандай? Олардың ана тілімізді меңгеруіне қаншалықты мән берілуде?
– Өңірімізде қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту – Ассамблеяның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жалпы алғанда, Оңтүстікте этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары деп айта аламын. Бүгінде бізде мемлекеттік органдарда іс-қағаздарды жүргізу 100 пайызға жетіп отыр. Сосын, 20 этномәдени орталықтың 11-нде жексенбілік мектептері бар. Осы 11-нде міндетті түрде қазақ тілі оқытылады. Болашағына мемлекеттік тілдің өте қажет екенін түсініп, өздері келіп оқып жатқандары да аз емес.
Елбасы биылғы Жолдауында: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деп баса айтты. Жақында жоспар жасадық. Енді «Қоғамдық келісім» мекемесінің ішінен жексенбілік мектеп ашып, оған арнайы филолог мамандарды тартып, қазақ тілін үйретуді қолға алмақпыз.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір жиынында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова: «Қазақтың бірлігі мықты болмай, мемлекеттің тұтастығын сақтау мүмкін емес» деген еді. Өңіріміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты қамтамасыз етудің тетігі неде деп ойлайсыз? Жалпы, қазақтың бірлігі қандай болуы керек?
– Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы 6-шы қара сөзінде: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», – дейді. «Ақылға бірлік» идеясының мәні тереңде жатыр. Біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіз Отанымыздың бірлігі. Отанның қадіріне жетпеген, өз қадіріне жетпейді. Кейде біз өзімізді өзіміз кемсітіп жатамыз. Түрлі анекдоттарды ойдан шығарып, қазақты келемеждеп жататындар бар. Елге жанашыр адам олай етпеуі тиіс. Жақында Грузияда болып қайттым. Кез келген тұрғынымен шүйіркелесе қалсаң, отаншылдық сезімі мен өз еліне деген құрметінің керемет екенін аңғарасың. Тарихтан білеміз, қиын-қыстау замандарда қаншама хандарымыз бен сұлтандарымыз бір тудың астынан табылып, еліне қорған болды, осылайша халқымыз бірліктің үлгісін көрсетті. Елбасымыз: «Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет», – деді. Осы сөзден ғибрат ала білсек. Жері кең, ал саны аз қазақ халқына қазір ең басты керегі – ауызбіршілік. Қазақ ынтымақшыл болса, еліміздің алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі жоқ.
– Тәуелсіздік пен тұрақтылық ұғымдары өміршең құндылықтар екені белгілі. Бұл бағытта «Қоғамдық келісім» мекемесінің қазіргі қолға алған жұмыстарына және алдағы жоспарларына тоқтала кетсеңіз...
– «Қазақстан» кинозалының ғимараты бізге беріліп отыр. Жақында ол күрделі жөндеуден өтті. 800 орынға лайықталған бұл ғимаратта тек этномәдени бірлестіктер орналасып қана қоймай, этнос өкілдеріне арналған түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Ғимараттың алдынан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі бой көтерді. Айта кетерлігі, ол этномәдени орталықтардың жеке қаржысына салынды.
Бұл – қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың қазақ еліне деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі. Онда «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС!» деген жазулар бар. Сондай-ақ бізде қазір баспасөз қызметі белсенді жұмыс істеуде. Әлеуметтік желілерде арнайы парақшамыз бар. Былтыр журналистер мен блогерлер клубы ашылды. Клуб мүшелері ай сайын бас қосып, ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын нығайту бастамаларын белгілеп, оны іске асыруда.
Клубтың ұйытқы болуымен «Достық сыйы» акциясы, «Мен қазақстандықпын!», «Достық тілегі» жобалары іске асты. Өңірдегі белсенді этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс!» циклды шағын бейнероликтер түсіруді бастадық. Ол роликтер әлеуметтік желілер арқылы таратылуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК
ҚАЗЫҒҰРТ аңызынан ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін...
Среда, 05 Апрель 2017 04:36Байтақ Қазақ елі үшін Қазығұрт өңірі ыстық мекен. Аңызға тұнып тұрған қасиетті жер. Қасиетті демей не дерсіз, ол туралы аңыз-әпсана, жыр, дастан қаншама. Көнеден жеткен аңыз бойынша, бүкіл әлем су астында қалып, топан су басқанда Қазығұрт тауының жоғарғы шыңына Нұх пайғамбар кемесі келіп тоқтаған деседі. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ескі аңыз осылай дейді. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз: «Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің...» деп жырлаған. Тізе берсек, Қазығұрт туралы маңызды дерек көп.
Адамзаттың қазық жұрты
Халқымызда «Қазығұрттың басында кеме қалған, Болмаса ол әулие неге қалған...» деп келетін жыр бар. Бар қазақ мұны естіп өсті. Ежелгі дәуір әдебиетінің інжу-маржаны саналған «Оғызнамада» және араб тілінде жазылған көптеген шығармаларда Қазығұрт тауының аты ерекше аталады екен. Аңыз түбі ақиқат деген, Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алса керек. Мысалы, онда «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Нұх пайғамбардың мешіті», «Әбрахмат бұлағы», «Ғайып ерен, қырық шілтен», «Ата тас пен Ана тас», «Ақбура ата», «Көзді ата», «Кеме қалған» т.б. әулиелі жерлер, үш жүзден астам бұлақ, бірнеше үңгір бар.
Ғалым Қ.Өмірәлиевтың пікірінше, Қазығұртта осылайша аталатын қала б.д.д. бірінші ғасырда болған. Қазығұртта Кемеқалған аталатын жер бар. Сол маңайдан тастан қаланған қосу белгісі бар үлкен доңғалақ табылған. Бұл таңбаның өркениет әлемінде кең тарағаны белгілі.Оны шумерлер udu «Күн құдайы» («бог солнца») деп оқығанын Олжас Сүлейменов атап көрсеткен.
Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының пікірі мынадай: «Орыс ғалымдары Тәжікстанның теңіз деңгейінен 300 метр биігінен акуланың сүйегін тапты. Яғни, 12 мың 680 жыл бұрын Орта Азия топан су тұтқынында болған делінетін ғылыми дерек Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған деген аңызды тірілте түседі».
Туристер саны көбейген
Қазығұрт ауданындағы туристік нысандар негізінен туризмнің тарихи-діни мінәжат ету және табиғи-экологиялық түрлеріне бейімделген. Халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар Ысмайыл ата, Ысқақ ата, Ақбура әулие кесенелері секілді көпшілік мінәжәт ететін әулиелі жерлер көптеп кездеседі және «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аймақтары бар. Облыстық туристік маршруттар тізіміне «Кеме қалған» монументі – Ақбура әулие кесенесі – «Ысмайыл ата» архитектуралық кешені» маршруты енгізілген.
Ақбура әулие кесенесі Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс баурайындағы бұлақ жағасына орналасқан (Ақбура әулие Қ. А. Ясауидің әрі замандасы, әрі шәкірті болған. Заманында ақ бураға мініп, зікір салып жүретіндіктен, оны ел іші Ақбура әулие атаған). Қазір мұнда кесене және қонақжайлар салынып, зиярат етуге келгендер үшін қосымша құрылыстар жүргізілген. «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі – халық аузындағы аңыз желісін негізге ала отырып, жер бетіне тіршілік нәрін сепкен Нұх пайғамбар кемесін бейнелеуге талпынған. Авторлардың көшпелі халықтың дүниетанымымен санаса отырып жұмыс істегені айқын көрінеді, төрт түлік тегінің өрбуі (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата) туралы аңыздар лебі айқын сезілетін кеме бейнесі ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тамаша үйлескен.
Қазығұртта Сейдалы Дүйсебайұлы деген азамат тұрады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы болып істейтін ол әлеуметтік желілер арқылы жұртшылықпен осы өңірдің туризм саласындағы жедел ақпараттарымен бөлісіп отырады. Өзі нағыз табиғат жанашыры.
– Жоғарыда аталған негізгі үш туристік нысанға 2015 жылдың қорытындысымен сырттан келушілер саны 2572 адамды құрады, – дейді С. Дүйсебайұлы. – Оның қатарында ішкі келушілер саны 26 799 адам (жалпы барлығы 29 371 адам). Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда өсіп отыр. Яғни, сырттан келетін туристер саны жалпы 40 мың адамға жуық болды.
Скайраннинг... Әрі демалыс, әрі спорт
Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының батысында орналасқан жеке дара тау екенін бәрі біледі. Ал енді оның сырт жағында тұрған Қаржан, Өгем таулары бар. Көрген көзге әсемдік сыйлайды. Қарап тұрғанда санаңды сергітетін сұлу сарқырамаларын айтсаңшы. Әсіресе, Қаржан тауының етегіндегі Қырыққыз шатқалының кереметі кім-кімнің де есінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз.
«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем филиалының Өгем шатқалында қонақжай, бақылау бекеттері, демалыс орындары, аңшылар үйі орналасқан. Мақпалкөл – ауданның ғана емес, облыстағы теңіз деңгейінен ең биік нүктеде орналасқан көл, теңіз деңгейінен 2100 м. биікте. Табиғи парктің Өгем бөлімі демалушыларға арналған 2 туристік соқпақ: Мақпалкөл және Сусіңген көлдеріне атпен және жаяу серуендеу машруттары туристерге тұрақты түрде қызмет етіп келеді. Олар: 1) Өгем елді мекенінен Мақпалкөлге 3 күндік атпен саяхат, 45 км., мерзімі маусым-қыркүйек айлары аралығы; 2) Өгем елді мекенінен Сусіңген көліне 3 күндік атпен саяхат, 31 км. Ұлттық парктің территориясында Қырық қыз, Күйеутас секілді табиғи тас мүсіндері, Ордақонған, Ұлыжұрт, Кішіжұрт тарихи қоныстары мен тарихы тас дәуіріне кететін үңгірлер белгілі.
Өгем аңғарының табиғатымен бірге флорасы мен фаунасы да саяхатшылардың назарын өзіне аудармай қоймайды. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем бөлімінің территориясында мекен ететін 7 сүтқоректі, 7 құс және өсімдіктердің 62 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы - С.Рахимов ауыл округінде жалпы құны 200 млн теңгелік «Сауықтыру орталығы және балалар лагері, Демалыс аймағы» жобасын іске асыруда. Қуантатыны, ауданда балалар туризмі де жақсы қалыптасып келеді. Оқушылардың жазғы демалысы кезінде «Атбұлақ» жалпы орта мектебінің интернаты базасында «Шапағат» балалардың жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы оқушылардың жазғы демалысында сауықтыру лагері қызметін атқара бастады. Былтыр «Шапағат» балалар сауықтыру лагерінде 500 бала, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасында 1000 бала демалыпты. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Қазығұрт жоталарында тауға жүгіруден (скайраннинг) жарыстар мен туристік жорықтар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Бүкіл қазақ білетін киелі Қазығұрт тауына саяхат жасайтындар аз емес. Осы таудың ең биік нүктесі 1768 метрге көтеріліп, демалысына демалыс қосып, өз-өзіне адреналин сыйлайтындар да жетерлік. Ол әрі спорт, әрі туған жердің тарихына деген жанашырлық.
«Нұртаудың» шипалы суын ішіңіз!
Дәм бұйырып, жуырда Қазығұрт тауының бауырында жатқан Тұрбат ауылына барудың сәті түсті. Қазығұрт кентінен шығыста 20 км жерде, Қосмола шоқысының етегінде жатқан ауыл қазіргі кезде аумағында үш бірдей ортағасырлық қала орны мен сегіз архитектуралық ескерткіші бар санаулы елдімекендердің бірі. Алдымен Тұрбаттан 8 км қашықтықтағы биікте бой көтерген «Нұртау» демалыс аймағына ат басын бұрдық. Басшысы осы ауылдың азаматы Нұрлан Қадыров деген жеке кәсіпкер. Өз ауылына жанашыр жан екен. Жеке қаржысына үлкен футбол алаңын салып беріпті. Тағы біраз жоспарлары бар көрінеді.
«Нұртау»-дың салтанатты ашылуы биылғы жазда болмақ. Ресми ашылуы өтпесе де, жұртшылық бұл жердің кереметін бір-бірінен естіп, демалуды хош көрген. Былтырғы жаздың өзінде оған 18-ге жуық елден туристер келіп, демалып кетіпті. Келушілерге толық жағдай жасалған. Фин моншасы бар.«Көпшілік жанға жайлы мекенді, табиғат аясында тыныштықта серуен құрғанды ұнатады. Мұнда оған мүмкіндік мол. Тау бөктерінде сарқыраманың суына шомылу ерекше әсер сыйлайды. Доланасы жүрекке ем. Құрт, май, қымыз-шұбат дегеніңіз бәрі табиғи. Ағаш бұтасынан жасалған қарапайым шарбаққа дейін шетелдіктерге қызық», дейді кәсіпкер. Ерекшелігі, бұл жердің суы өте шипалы екен.
Көктерек бұлағының суы көкжөтелге, сүйелге, тіпті бүйрек ауруына да ем көрінеді. Емдік суды іздеп сонау Ташкенттен келеді екен жұрт. Байқағанымыз, демалыс аймағының ауасы өте таза. Жұта бергің келеді.
Бұдан соң «Ысмайыл ата» архитектуралық кешеніне бет түзедік. Ол Тұрбат ауылында орналасқан, ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Бұл кешен: Ысмайыл ата кесенесі, Жәбірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі, шілдехана, қақпа, мешіттен тұрады. 1976 жылдан бастап мемлекет қарауына алынған, 2006 жылы реконструкциялық жұмыстар жүргізілген.
1896 ж. Тұрбат ауылынан бір бетінде ұзын имек тұмсықты құстың басы бейнеленген, біржүзді, сабы бар қола пышақ табылған екен. Б. з. д. VIII–IV ғғ. жататын бұл зат осы тау бөктерін адамдар ерте көшпенділер дәуірінде-ақ игеріп алғанын айғақтайды. Алайда Тұрбат ескерткіштерінің басым бөлігі ортағасырлық кезеңге жатады.
Мұнда әулиелер қатарындағы ортағасырда кеңінен танымал болған шайқылар – Ысмайыл ата мен Ысқақ атаның кесенелері орналасқан діни кешендер тұр. ХIV ғ. өмір сүрген олар Қожа Ахмет Яссауи ілімін ұстанған үлкен сопылық қауымның тәлімгер-шайқылары болған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Ысмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады.
Көктем Оңтүстіктен, Наурыз Қазығұрттан басталады
Қазығұрт Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 км-дей қашықтықта. Қазір салынып жатқан Шымкент-Ташкент тас жолының Қазығұртқа дейінгі тұсы толық аяқталған. Жол тегіс. Туристерге ыңғайлы десе болғандай. Бүгінде үлкен күре жолдың бойындағы Қазығұрт жотасына Нұх пайғамбар кемесінің символдық макеті қойылған. Алыстан көзге шалынады. Бұл әрине, туристерді тартудың, ел азаматтарын рухтандырудың бір тамаша белгісі.
Қазығұрт өңірі құнарлы да шұрайлы өлке. Ауылы берекеге толы, ауасы таза, тұнық өзендерін көру бір бақыт. Қымызы мен шұбаты, құрты мен қазысының дәмі ше, таңдайыңызда жүреді. Бұл дегеніңіз, туристерді тартуға үлкен мүмкіндік. Жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың былай дейтіні бар: «Қазығұрт – тек Қазығұрт ауданы ғана емес. Шымкентіңіз сол таудың баурайында. Сондықтан таяу маңайдағы Төле би, шығыс жақтағы Сайрам, сәл терістік тұсқа таманғы Ордабасы аудандары атыраптарынан әкелінер қымыздың бәрін бір сөзбен Қазығұрттың қымызы деуге әбден болады». Жөн-ақ дерсіз. Былтыр жазда ұзақ қашықтыққа жүгіретін әйгілі желаяқ, американдық Дин Карназес Қазығұртқа келген. Сонда қонақ боп, қазақтың ұлттық ас мәзіріне риза болыпты. «Ұлттық сусындарыңызға ешбір сусын жетпейді» деп сіміре беріпті.
Көктем Оңтүстіктен басталады деп жиі айтылады. Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз Қазығұрттан басталады» депті. Текке айтпаса керек. Осыдан он үш мың жыл бұрын Ұлыстың Ұлы күні Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған тұста мерекеленген деген аңыз бар. Белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалық бұл орайда нақты дәлелдер келтірген.
Қазығұрт өңірі – жаңа өркениеттің, жаңа өмірдің бастауы дейміз. Биыл жазда елімізде ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіні белгілі. Шетелдік туристер үшін Оңтүстік өңірін қамтитын 15 маршрут енген. Оның қатарында Қазығұрттағы «Кемеқалған» монументі және аудандағы бірнеше нысан бар. Еліміз үшін маңызды бұл халықаралық көрме қасиетті Қазығұрт өлкесін әлемге жан-жақты танытуға мол мүмкіндік болып отыр.
Білгенге маржан
Ежелгі жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда «Қазығұрт» атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – «қаңғұқ-урт» болған деседі. Мұндағы «Қаңғұқ» (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі «бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана» дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікір бар. «Қазығұрт» атауы «Қазық» сөзіне «йурт» (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың «Қазық жұрты» дегенді білдіреді.
«Мегаполис мәртебесін көтеру – ортақ мақсатымыз»
Пятница, 10 Февраль 2017 05:30Нұрлан Бекназаров – бұған дейін де өкілетті билікте қызмет етіп, көптеген игі істердің атқарылуына үлес қосқан абыройлы азамат. Осыған дейін Шымкент қалалық мәслихатының үш рет хатшысы болса, екі шақырылымда мәслихатта тексеру комиссиясының төрағасы болған, яғни депутат болып бес рет сайланған. Бүгінгі әңгімемізде Нұрлан Құдиярұлы қаланың қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жаңа міндеттерді баяндап берді.
– Нұрлан Құдиярұлы, жуырда ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы Үндеуі жарияланды. Елбасы Үндеуінің маңызы мен мәні неде?
– Елбасының Үндеуде айтылған бастамалары өте дер кезінде көтеріліп отыр. Бұл – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын жаңа жоспар және келешек ұрпақтың болашағын ойлағаннан жасалған қадам. Үндеудің негізгі мәні – Қазақстан Республикасының Президенті өзінің бірқатар өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке беру. Бұл реформа басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейді. Ұсынылып отырған реформаның ерекшелігі билік өкілеттіліктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда жатыр деп Елбасының өзі де атап өтті. Біріншіден, бұл дегеніміз – Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіліктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Яғни, осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту. Елбасы Үндеуінде айтылғандай, Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауда түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Елбасының мемлекеттік басқаруды жаңғырту туралы бастамасы өте құптарлық. Бұл – жеткен жетістіктерімізді сақтап, одан әрі үздіксіз дамуға бағытталып отыр.
– Қазір жер-жерлерде Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы жан-жақты талқылануда, ел дамуына серпін берген маңызды құжатты түсіндіру шаралары жүргізілуде. Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз? Оның еліміз үшін стратегиялық маңыздылығы қандай?
– Елбасы Жолдауы – еліміздің даму жолын айқындаған өте маңызды құжат. Мемлекет басшысы қай Жолдауында болмасын халықтың жағдайын бір сәтке де ұмытқан емес. Бүгінде межеленген міндеттердің бәрі жыл өткен сайын бірте-бірте орындалып келе жатыр. Әрине, биылғы Жолдаудың маңыздылығын тақырыбынан-ақ аңғаруға болады. Қазір әлем жаңаруға бет бұрды. Президент бұл ретте Жолдауда негізгі бес басымдықты баса айтты. Мәселен, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу мәселесіне ерекше назар аударуы еліміз үшін аса маңызды дер едім. Елбасымыз атап өткендей, елімізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл өз кезегінде экономиканы барынша дамытумен бірге қолданыстағы құрылымдарды жетілдіруге мүмкіндік береді. Отбасылық бизнес, қаржылық сауаттылық, тағы басқа қажетіліктер осыдан бастау алады. Елбасы айтқан тағы бір маңызды басымдық – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету керек делінген. Жалпы алғанда, Елбасы өз Жолдауында Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын айқындап, белгілеп берді. Түптеп келгенде, бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етеді.
– Енді Шымкент қаласының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму бағытына тоқталсақ. Қазіргі таңда қаламызда Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бойынша атқарылған жұмыстар барысы қалай?
– Шымкент – еліміздегі даму көрсеткіші қарқынды, миллионға жуық тұрғыны бар үш мегаполистің бірі. Қаланың әл-ауқаты да жылдан-жылға артып, жақсарып келеді. Тіпті, Шымкентке келген әр сапарында Президент мұндағы оң өзгерістерге ризашылығын білдіреді. Елбасымыз: «Шымкент – шырайлы шаһар. Экономикасы, кәсіпорындары дамыған қонақжай қала» деп жоғары баға берген болатын. Өздеріңізге мәлім, осы аптада қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша және қаланың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары жөнінде тұрғындар алдында есеп берді. Әрине, шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлының тұрақты қадағалауының арқасында қаламызда соңғы кездері шешімін тапқан шаруалар аз емес. Қала жаңарып, игі істер молайып жатыр. Жалпы, Шымкент соңғы бесжылдықта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өрлеу мен жаңғырудың жаңа кезеңін өткеруде. Бұл ретте қаланың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы іске асырылуда. Қала аумағы кеңейіп, шаһарға 40-тан астам елдімекен қосылғалы бері жұмыс ауқымы да айтарлықтай артты. Қазір Бас жоспарға сәйкес, қала шекарасы 3 есеге ұлғайды. Соңғы санақтың қорытындысы бойынша қазір мұнда 910 мыңдай адам тұрады. Биыл бірінші жартыжылдықта халық саны миллионға жетеді деп жоспарланып отыр. Әрине, ең негізгі міндет – қала тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді шешу, инфрақұрылым жұмыстарына басымдық беру. Бұл өз уақытымен орындалуда.
– Тұрғындарды алаңдатқан мәселелер рет-ретімен шешімін табуда дедіңіз. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Бүгінде қалада ең бірінші кезекте инфрақұрылым жұмыстарына ерекше екпін берілуде. Елбасы белгілеген тапсырмаға сәйкес, қаланың көркеюі жолында мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі жұмыстар жүзеге асып жатыр. Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің барлық түрін «бір терезе» жүйесі арқылы атқаратын «Фронт-офис» орталығы ашылды. Сөз реті келгенде айтарым, жуырда қала әкімінің есебінде тұрғындар тарапынан осы орталықтың атауын өзгерту туралы ұсынысқа орай бұдан былай ол «Халық кеңсесі» деп аталатын болды. Көпшілікті мазалаған мәселенің бірі ол – ауызсу. Осы орайда 2016 жылы 98 мың халқы бар 7 елдімекен ауызсумен қамтылып, таза суға қосылған халық саны 83 пайыздан 92 пайызға жетті. Сондай-ақ осы жылы 68 мың халқы бар 6 елдімекен электр желілерімен қамтылып, оның көрсеткіші 84 пайыздан 88 пайызға өсті. Ал көгілдір отынға келсек, 2016 жылы 30 мың халқы бар 4 елдімекен газбен қамтылды. Яғни, қамту деңгейі 82 пайыздан 90 пайызға артып отыр.
– «Қала таза болса, көңіліміз таза болады» деп жиі айтып жатамыз. Шымкенттің тазалығына қаншалықты мән берілуде? Қаланы көріктендіру бойынша жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Қала тазалығы – әкімдіктің басты назарында. Бұл бағытта қала әкімдігі арнайы жоспар бекітіп, сол бойынша жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда қаланың орталық бөлігімен қатар, 4 аудан әкімдігі тарапынан шағынаудандардың ішкі орамдық санитарлық тазалығына мән берілуде. Қомақты қаражат бөлінген. Бөлінген қаржыға шет аймақтардағы елдімекендердің санитарлық тазалығы қадағаланады, бей-берекет қоқыстарды шығару, аулаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі. Білесіздер, Шымкент қаласының әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы бірлесіп, «Таза қала» байқауын ұйымдастырып келеді. Жалпы соңғы жылдары тазалық мәселесіне қолдау жоғары деңгейде деп айтуға болады.
Былтыр қалада 24 мыңнан астам қылқанжапырақты, 50 мыңдай жай жапырақты және 24 мыңнан астам бұтақшалар егілді. Жасыл желектерді суару үшін 3 скважина орнатылды. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, бүгінде облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы қолға алынуда. Бұл бағытта Шымкентте 5 саябақ салыну жоспары іске аса бастады. Бағдарламаның бірінші кезеңінде «Шымсая» саябағына 1718 түп көшет егілсе, «Самал» саябағына 5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады. Тазалық мәселесінде тұрғындар да бейжай қарамаса деймін. Әрбір игі іске қолдау білдіріп, тазалық шарасында белсенділік танытып үлес қосса, міне ол – азаматтық белгісі. Меніңше, әркім өзінің тұрған жерінің патриоты болу керек. Бүгінде аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы облыс орталығы Шымкентті еліміздегі ең үлгілі қалаға айналдыру бағытында жинаған тәжірибесі мен бар күш-жігерін жұмсап, барлық саланың өркендеуіне ерекше көңіл бөлуде.
– Қала әкімі халыққа есеп беру кездесуінде шаһардың қарқынды дамуы үшін қомақты қаражат бөлініп жатқанын айтып өтті. Биылғы жоспар бойынша ол қаржы қай салаларға көбірек бөлінбек? Осы туралы толығырақ айта кетсеңіз.
– Әрине, бөлінген қаражат ел игілігіне жұмсалатыны анық. Ол қаражат ең алдымен қаланың инфрақұрылым жұмыстарын жақсартуға бағытталмақ. Көшелер мен аулаларды жарықтандыру – кезек күттірмейтін мәселелер. Сонымен қатар шалғай елдімекендерде өзекті мәселелер бар. Қазір жаңа мектептердің құрылысы жүруде. Биыл күзде бірнеше білім шаңырағы пайдалануға берілмек. Алдағы екі жылда үш ауысымды мектептер мен ирригациялық жүйелер мәселесі толық шешіледі деп отырмыз. Биыл Шымкенттегі металлургтер стадионы қайта жаңғыртылады. Сосын қалаішілік жолдарға ерекше мән берілуде. Былтыр тек қана аяқжолдарды салуға 1 млрд теңге жуық қаражат бөлінді. Бұған дейін ондай қолдау болған емес. Көшелер мен саябақтарда спорт алаңшалары көбеюде. Аулаларды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Міне, мұның бәрі де тұрғындардың жайлы қалада өмір сүруі жолында атқарылып жатқан игі жұмыстар. Негізгі мақсат – Шымкентті ең қауіпсіз қалаға айналдыру. Биыл көшелер мен аулаларға видеобақылау құрылғылары орнатылады. Бұл әрине, шымкенттіктердің қаланың кез келген жерінде күндіз де, түнде де емін-еркін жүруіне қолайлы жағдай туғызу. Қаланың 2016 жылғы бюджетіне тоқтала кетсек, былтыр 69 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі, қалада инженерлік жүйелер өзекті болғандықтан, осы саланы дамытуға бағытталды. Қуантарлығы сол, биыл бюджет қаржысы еселеніп, ел қазынасынан қаланы дамытуға қосымша 40 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінуде. Қазірдің өзінде бюджет қаржысы 110 млрд теңге деп бекітіп отырмыз. Жыл соңына дейін қаражат мәселесі тағы төрт мәрте қосымша бекітіліп, нәтижесінде бұл қаражат одан да көбейеді деген жоспар бар.
– Қалалық мәслихат құрамының жаңарғанына да көп бола қойған жоқ. Халық сенімін арқалаған депутаттарға сайлаушылар аманаты қандай жауапкершілік жүктейді?
– Қалалық мәслихатқа 29 депутат сайланған. Барлығы да білімді, тәжірибелі азаматтар. Мәслихат депутаттарының негізгі міндеті – халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқару. Бұл міндетімізді мүлтіксіз орындап келеміз деп сеніммен айта аламын. Елімізге белгілі ғалым Мырзатай
Жолдасбеков: «Мемлекетке қызмет ету дегеніміз – Отанға, келешекке қызмет ету» дейді. Бұл орайда халық қалаулылары өздеріне жүктелген депутаттық міндеттерін қал-қадірінше адал атқарып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК
Елдімекендерді еңселендірген істер
Пятница, 20 Январь 2017 09:20Абай ауданында өткен жылы оң шешімін тапқан мәселелер аз емес. Бұл жөнінде аудан әкімі Ахмет Татыбаев Жаңаталап тұрғын алабындағы №81 Т. Тәжібаев атындағы орта мектебінде өткен кезекті есеп беру кездесуінде баяндады. Өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді айқындаған жиынға шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.
Кездесуде алдымен сөз алған аудан басшысы А. Татыбаев жүзеге асқан жобалар мен оң өзгерістерге тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
– Елбасы өз Жолдауында кез келген қиындықтарды шешуде бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруын басты назарда ұстауды тапсырды. Бұл ретте ауданның инфрақұрылымын жақсартуда қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, халықты толғандырған мәселелер рет-ретімен шешіліп жатыр. Қазір аудан аумағында орналасқан 453 көпқабатты тұрғын үй 252 аулаға біріктірілгені белгілі. Бүгінге дейін 176 аулаға ойын алаңшалары орнатылып, 44 спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Биыл 52 ауланы көріктендіру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарлануда, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.
Жиында әкім баяндамасынан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойды, ұсыныс-тілектерін айтты. Көпбалалы ана Жеңіскүл Камалова атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етіп, ел үшін еңбек етіп жатқан азаматтарға аналық алғысын білдірді.
2016 жылы ретсіз сауда бойынша барлығы 1140 хаттама толтырылып, оның 969-не ескерту берілген және 2 млн 396 мың 730 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 млн 187 мың 760 теңге өндірілген.
– Былтыр Жаңаталап тұрғын алабындағы 15 жылдай жөндеу көрмеген басты орталық көше толық асфальтталды. Бұдан басқа 6 көшеге асфасльт төселді. Аулаларда ойын алаңшалары бой көтерді. Әлі де салынып жатыр. Бастысы, елдімекенде қызу жұмыс жүргізілуде. Келесі қуанышты жайт, қаламызда Фронт-офис кеңсесі ашылды. Бұл – тұрғындардың талап-арызын орындауда маңызды рөл атқаруда, – дейді қарт ана. Игілік елдімекенінің тұрғыны Ә. Нұрбеков болса қазір көшелерге жаңа атау беріліп, жедел жәрдем қызметкерлерінің қиындықтардан құтылғанын айтып өтті.
Кездесуде тұрғындар былтырдан бері өзекті мелеге айналған жер мәселесіне қатысты пікір қозғап, өз ойларын ортаға салды. Жергілікті тұрғындар атынан сөз алған Е. Таңатаров Жаңаталап тұрғын алабындағы заңсыз салынған үйлердің болашағы қалай болатынын, сондай-ақ ондағы адамдардың қайда тіркеуге тұратынын сұрады. Бұл сұраққа қала әкімі Ғ. Әбдірахымов тұшымды жауап беріп, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін еске салды.
– Әр түрлі себеппен елдімекенде бірнеше үй заңсыз салынғанын білесіздер. Десе де, тұрғындарға түсіністікпен қарап, біз қазір 200-ге жуық үйді заңдастырып бердік. Облыс прокуратурасы мен қала әкімдігі бұған тыңғылықты қарап, әлі де зерделеу үстінде. Тағы бір айтар мәселе, қазір елімізде азаматтарды тіркеу мәселесіне ерекше мән беріліп жатыр. Бұл тәртіп үшін керек. Бүгінде Шымкентте статистика бойынша 900 мың тұрғын бар. Ал бейресми деректе халық саны 1 млн 200 мыңға жуық. Инфрақұрылым жұмыстары тіркелген халық санына қарай жоспарланады. Сондықтан тіркеу тәртібіне бейжай қарамаңыздар. Жер алу мәселесіне келсек, елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынып жатыр. Осы бағдарлама аясында да игі істер жалғасын табады, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына дәйекті жауап берді. Жазбаша түскен сауалдар да жауапсыз қалмайтынын айтты.
Жиында қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Жаңаталапқа №125 бағытта Газель көлігі мен №80 бағытта шағын автобус жүріп тұр. Десе де, халық саны көп елдімекенде бұл жеткіліксіз. Қала әкімі өз сөзінде қоғамдық көліктердің қатары артатынын, биыл қалаға тағы да 230 жаңа автобус сатып алынатынын жеткізді. Есепті кездесудің соңында алдағы атқарылар жұмыстарға бағыт-бағдар берген қала әкімі Ғ. Әбдірахымов қорытынды сөз сөйледі.
– Әрине, халықты толғандыратыны ауызсу, жол, жарық, газ секілді мәселелер. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Абай ауданында 5 елдімекенге кәріз жүйесін тарттық. Жаңаталапта үшқабатты мектеп бой көтеруде. Білесіздер, Шымкент – Елбасымыздың ерекше назарындағы қала. Қазір елдімекендердің өркендеуі жолында мемлекетіміз тиісті көмегін жасап жатыр. Қала бюджетіне тоқталсам, 2015 жылы 80 млрд теңге, 2016 жылы 110 млрд көрсеткішке жетті. Биылғы меже бойынша жыл соңына дейін 130 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Демек, қаладан шалғай жатқан елдімекендер қолдаусыз қалмайды. Ендігі ретте тұрғындар да өздері тұратын мекеннің дамуына, әсіресе тазалығына өз үлестерін қосуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді қала әкімі.
«Алмас қылыш» – отаншылдық сананы оятатын фильм
Среда, 11 Январь 2017 07:01Бала күнімізде «Қыз Жібек» фильмін қайталап көруден жалықпайтын аға буын өкілдері болушы еді. Әр тамашалаған сайын жаңа көріп отырғандай рахат күй кешетін. Өнерге құрметі ерек сондай ауылдас ағаларымыздың бірі: «Кино деген құдірет қой, бауырым!» дейтін шаттанып. Айтса, айтқандай-ақ, деп ойланып қаласың. Сол кино өнері замана көші жылжыса да қоғамды тәрбиелейтін маңызды рөлін жойған емес. Кино – бүгінде идеологияның басты құралы. Бұл анықтама дәл қазiр күшiне мiнiп тұр. Айтпағымыз, соңғы жылдардың бедерiнде мемлекет тарапынан кино өнерiне ерекше көңіл бөлiне бастады. Мұны қазақ киногерлерiне жасалып жатқан үлкен демеу мен қамқорлық деуiмiзге әбден болады.
Қуанасың. Қазақ киносының қоржыны жуырда тағы бір тарихи фильммен толықты. Көпшілікке «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы» киноэпопеясы, сондай-ақ «Тығырықтан жол тапқан», «Теміртау» атты фильмдерімен киносүйер қауымға кеңінен танылған режиссер Рүстем Әбдіраштың тарихи драмасы «Алмас қылыш» фильмі жұрт назарына ұсынылды. Ол еліміздің барлық кинотеатрларында 5 қаңтардан бастап көрсетілуде. Фильмнің идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырыс бергеннен кейін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «CentaurusRustemAbdrashevproduction» ЖШС жүзеге асырыпты.
Көптен күткен фильмді тамашаламақ ниетпен редакциядағы әріптестермен бірге Шымкенттегі «Мега» сауда үйінің кинозалына біз де бас сұқтық. Тарихи фильмнің тұсаукесеріне келіп жатқан халық көп екен. Жас та, жасамыс та жетерлік. Бұл, бір жағынан, қазақстандық көрерменнің соңғы жылдары қазақ киносына деген қызығушылығының артқандығын көрсетсе керек. Фильмді 2 сағат 20 минут тапжылмай отырып тамашаладық. Көрнекті жазушымыз Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясының желісі бойынша түсірілген бұл туынды 15-ғасырдың орта тұсынан, яғни Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мұрагері болып отырған мемлекеттің дүниеге келген кезеңдерін баяндайды. Сұлтандар Моғолстанның билеуші Есенбұғадан қоныстайтын жер алып, екі жақ мәміле шартқа қол қояды. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз да көшке ілесіп, елдің айырылуына себеп болған оқиғаларды жырына қосады. Фильм соңына таман Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізіп, Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын әйгілейді. Міне, фильмнің қысқаша мазмұны осындай.
«Тарихыңды білмесең, келешегіңді болжай алмайсың» дейді бабаларымыз. Сөз жоқ, «Алмас қылыш» – қазақ киносының алтын парағы. Бұл фильм – сериалдың кинонұсқасы. Яғни, 10 сериядан тұратын телехикаяның сығымдалған нұсқасы. Мемлекет басшысы «Қазақфильмге» жасаған сапарында «Халқымыздың ұлы тұлғалары мен жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтiн киноларды көптеп түсiру қажет», деген едi. Фильм – сол бастаманың жемісі. «Алмас қылышқа» жалпы 500-ден астам адам қатысып, 100-ден аса актер тартылған. Фильмнің бас кейіпкерлерінің рөлін – Керей ханды Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, ал Жәнібекті көпшілікке Бауыржан Момышұлының рөлі арқылы таныс Еркебұлан Дайыров сомдайды. Сондай-ақ Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым) және көрермендерге «Аманат», фильмімен таныс Қарлығаш Мұхамеджанова (Рәбия бегім), Досхан Жолжақсынов, Дінмұхамед Ақымов, Иісбек Әбілмәжінов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Кәмшат Жолдыбаева және т.б. кино және театр актерлері өнер көрсеткен.
Әу баста сериал болып жоспарланған бұл фильмнің сценарийінің бірнеше жобасы да жазылған. Оны шетелдік мамандар емес, өзіміздің жазушы, драматург Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов есімді азамат пен фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш бірлесе жазып шыққан. БАҚ-қа берген сұхбатында фильмнің режиссері кеңестік заманда жазылған шығармаға («Алмас қылыш» романы 1971 жылы жарық көрген) қазіргі заман тұрғысынан қарап, өзгерістер енгізгенін айтады.
– «Алмас қылыш» – Ілияс Есенберлиннің үш томдық трилогиясының бірінші кітабы ғой. Оны негізге алдық. Бірақ, тұтас кітаптағыдай болған жоқ. Себебі, Ілияс ағамыз кітапты жазған кезде көп тарихи деректер жоқтың қасы болатын. Және Кеңес идеологиясына сай көп нәрселер айтылмады. Сондықтан біз қайтадан қалпына келтіруге тырыстық, – дейді Р.Әбдіраш.
Сценарий авторы, белгілі жазушы Смағұл Елубайдың пікірінше, бұл көркем фильм жан-жақты шығармашылық ізденістің жемісі. «Жалпы, «Алмас қылыш» фильмі ұлы тарихқа кіріспе деуге болады. Біз бұл жерде Қасым ханның отыз жылдық соғысына дайындық жасадық. Қасым мен Бұрындықтың арасындағы жағдай, Қасымның Сығанақты алуы, бұларды құрту үшін Әбілқайырдың аттануы секілді тарихтың бәрі алда. Біз соны арман етіп отырмыз», – дейді ұлт жанашыры С. Елубай.
Көрермен ретінде алған әсерімізбен де бөлісе кетсек, артық болмас. «Бәрі де салыстырмалы түрде анықталады» деген тәмсілге салсақ, фильмді қазақ киносының шоқтығы биік туындылардың қатарына жатқызуға әбден болады. Қазір тіпті «Алмас қылыш» алдыңғы «Көшпенділер» фильмінің олқы тұстарын толтырды деген пікірлерді де естіп қалып жатырмыз. Оның да жөні бар. Себебі, декорация, түсіру техникасы, костюмдер, кейбір трюктер мақтаулы Голивудыңыздан еш кем емес. Сарбаздардың қару-жарақтары, сауыт-саймандары мен ат-әбзелдері шеберлікпен жасалғаны көрініп тұр. «Көшпенділер» фильміне 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалса, «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілген екен. Ал «Алмас қылышқа» бөлінген қаржы – 3 миллион доллар шамасында. Дегенмен, соңғы фильмнің қаржылық қуатына қарап, мазмұны алғашқы екеуінен кемшін түсті деуге келмейді. Қайта артық болмаса кем емес, ойлы көрерменді намыс биігіне жетелейтін, толғантатын тұстары баршылық.
Тағы бір көңілге қуаныш сыйлайтыны, фильмді ұлттық режиссер түсіріп, ұлттық мамандар жұмыс істеген, ең бастысы өзіміздің актерлер ойнаған. Бұрын қазақ киносында көріне қоймаған актерлерге де таңдау жасалыпты. Аталған актерлер өз рөлдерін тамаша алып та шыққан. Мысалы, Керей (Қ. Кемалов) көрген-түйгені мол, әр сөзін нықтап, кейде астарлап, дөп сөйлейді. Шалт әрекетке бармайды. Мұны Әбілқайыр ханмен сөз қағыстырғанда байқауға болады. Жәнібек (Е. Дайыров) өзіне сенімді, болашақты бағдарлай білетін, қай-қай тұста да бірлікті биік қойған жас сұлтан. Осы орайда екі актердің тандемі сәтті шыққанын ойлы көрермен аңғарар еді. Екеуі де елдік мәселеде бұра тартпай, халықтың күшіне сүйене отырып, ортақ мақсатқа жұмыла біледі. Десе де, фильмнің аяғына таман бір эпизодта «массовка» жағы аздау көрінгендей болды. Айталық, Керейді биік төбенің басында ақ киізге салып, хан көтерген кездегі «массовканың» кемшіндігін бірден байқар едіңіз. Фильмнің кульминациялық тұстарының бірі ретінде бұл эпизодқа ерекше мән беру керек еді деген ой келді.
Жалпы алғанда, фильмде келісті сөз, ұлттық мінез, тағылымды, толғамды пікір мол, тіпті әдемі юмор да бар. Бойыңызды шымырлатып, көңіліңізді босататын, рухыңызды көтеретін тұстары да аз емес. Ең бастысы, идеологиялық мазмұны жағынан «Алмас қылыштың» қаншама фильмнен көш ілгері тұрғанын баса айтуға тиіспіз.
«Көптің пікірі қандай екен?» деп ғаламтор мен әлеуметтік желіні бір шолып шықтық. Байқағанымыз, сын-пікірлерден гөрі ризалық пейілін білдіргендер басымырақ. Белгілі ақын Иран-Ғайып салиқалы ой қосыпты. «Ел тәуелсіздігіне дейін Керей мен Жәнібек туралы кино түсірілмек түгілі есімдерін атауға қорқатын заман еді. Тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жаңғырып жатса, ол тәуелсіздіктің жемісі. Жаным рахаттанып көрген фильмім осы болды», – дейді белгілі драматург.
Бәрін тәшпіштеп, «қызығын» кетіріп қайтеміз, ағайын! «Алмас қылыш» – терең тарихымыздың алтын діңгегі, ұлт рухының үлкен белесі. Уақыт тауып тамашалаңыздар! Қазақ киносының кереметін сезініп, әдемі әсеріне бөленіңіздер! Өкінбейтіндеріңіз анық.
Сая Қасымбек, драматург:
– Дәл қазір бізге, басқа емес, осындай фильмдер керек. Әсіресе, жастар үшін. Маған Жәнібекті сомдаған Еркебұлан Дайыровтың актерлік шеберлігі ерекше ұнады. Қазақ киносының дара тұлғасы Н. Жантөрин ағамнан соң «қорғасын көзді» актерді көре алмай жүр едім. Құр айқайға салмай, ішкі тебіренісін көзбен жеткізетін актерді көріп, қатты қуандым. Бұл – киноның үлкен жетістігі. Жас ұрпаққа отансүйгiштiктi насихаттаудың ең ұтымды жолы – осындай фильмдер. Буыны ендi бекiп келе жатқан жасөспiрiмдердiң кеудесiне ұлттық намыс пен қазақы рухты «Алмас қылыш» секілді кинолар арқылы дарытатынымызды естен шығармайық.
Ғ. Әбдiрахымов, қала әкiмi: «Ендiгi мақсат – Тұжырымдамадағы жоспарды жүзеге асыру»
Пятница, 26 Февраль 2016 06:42Ауыз судың ауылы алыс емес
Мәжілісте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров баяндама жасады. Оның айтуынша, 2015 жылы қалада инфрақұрылым жұмыстарына жіті көңіл бөлініп, жүйелі істер жүзеге асқан. Мәселен, ауыз су бойынша қалада 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал биыл 7 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
– Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл бюджеттен қаралған 3516,4 млн теңге қаржыға құрылыс жұмыстарын толығымен маусым-шілде айына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда («Нұртас» шағынауданы, Сайрам тұрғын алабы, «Мирас», «Қайтпас-1» шағынауданы (2-ші кезең), «Самал-3» шағынауданы (2-ші кезең), «Ұлағат», «Қызылжар» және «Ынтымақ» шағынауданы). Нәтижесінде, 12 жоба іске қосылып, 57,4 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады, – деп атап өтті М. Әбдінұров.
Электр жарығы бойынша өткен жылы 4 нысанның 3-нің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылған, атап айтсақ, олар – «Сәуле», Қайнар бұлақ саяжайы, С.Рахимов, МПС, Теміржолшы және 167/10 ТБ көшелері. Ендігі ретте биыл электр жарығы бойынша 7 нысанның құрылыс жұмыстары желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға тапсыру жоспарлануда («Қайтпас-2» (2-ші кезең), «Достық-2» (2-ші кезең), «Қайтпас-1» (3-ші кезең), «Ынтымақ», «Ақниет» шағынауданы, Жастар, Еламан, Застенная көшелері, қосалқы стансасы «Бозарық 220/110/10кВ» – құрылыстың құны 9142,4 млн). Нәтижесінде, 10 жоба іске қосылып, 68,3 мың адам сапалы электр желілерімен қамтылмақ.
Абоненттерге жасалған жеңiлдiк
Мәжілісте көтерілген келесі мәселе – қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету болды. Жоспарға сәйкес, бұл бағыттағы түйінді мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатыр. Мәселен, 2015 жылы қаланы газдандыру бойынша Шымкентте 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар – «Самал-3», «Қайтпас-2», «Қазығұрт», «Гидролизный» және «Еламан», «Құрсай» шағынаудандары. Айта кетерлігі, биыл қалған 3 нысанның құрылыс жұмыстары тамыз-қыркүйек айына дейін аяқталып, пайдалануға тапсыру жопарлануда («Самал-2», «Таскен» және «Мирас» шағынауданы). Нәтижесінде, 8 жоба іске қосылып, 65,5 мың. адам газбен қамтылмақ.
М. Әбдінұровтың айтуынша, былтыр Шымкентте 15 мыңнан аса тұрғын үйге арналған газ тарату нысанының құрылысы аяқталған. Алайда газ құбырлары көшелерге дейін жеткізілгенмен 15 мың үйдің жартысы ғана табиғи отынды баспаналарына тартып алған. Ал қалғаны түрлі себептермен газды пайдалана алмай отыр. Осы ретте жиында қала әкімі Ғ. Әбдірахымов сөз алып, аталған мәселеге қатысты пікірін айтты.
– Қазіргі таңда 7,5 жарым мыңға жуық абонентке газ құбырлары тартылып, жұмыстар жүргізілген. Алайда ол тұрғын үйлер газға қосылмай отыр. Себебі, көгілдір отынды үйге кіргізу жұмыстарын кейбір тұрғындардың қалтасы көтермейді. Біз бұл ретте «ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен бірлесіп, жеңілдік қарастырып отырмыз, – деді қала басшысы.
Жиында белгілі болғандай, енді 90 мың теңгеден астам қаражатты тауып бере алмайтын абоненттер белгіленген соманы 1 жыл ішінде бөліп төлеуіне болады.
– Біз өткен жылы бағдарлама бойынша 2,8 млрд теңгеге газ құбырларын жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Ал биыл 3 млрд теңгеге жобалап отырмыз. Осылайша ағымдағы жылы бұл бағдарламаны толықтай бітіреміз, – деді «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ ОҚОФ директоры Нұрдәулет
Үмбетәлиев.
Қала сәулетi – әкiм бақылауында
Қалалық мәжілісте бұдан өзге тұрғын үй сапасы, көше-даңғылдардың келбеті жайлы мәселелер де қаралды. Шымкент қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Тәжібай Егетаев қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының сапасы жөнінде баяндады. Жауапты маманның мәлімдеуінше, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 2015 жылы республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қаржы қаралып, игерілген.
– Аталған қаржыға жалпы 41 тұрғын үйдің (3059 пәтер саны, 167 153 ш.м.) құрылысы жүргізіліп, оның 37 тұрғын үйі (2699 пәтер саны, 147 477 ш.м.) пайдалануға тапсырылды, – деді бөлім басшысының орынбасары.
Мәжілісті қорытындылаған қала әкімі алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып, сын-ескертпелерден оң нәтиже шығаруды тапсырды. Әкім өз сөзінде алдағы жұмыстар қаланың бес жылдық даму жоспарына сәйкес атқарылатынын да атап өтті.
– Шымкент мегаполис атына лайықты болуы керек. 2-3 метрлік жерді алып, көшелерде сауда жасайтындар бар. Оларға тыйым салынады. Біз қала әкімдігі тарапынан оған жол бермейміз. Бұған дейін Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын нақтылап алдық. Ондағы жоспарлар қаңтар айында мәслихатта бекітілді. Енді қаланың әлеуетін арттыруда және сәулеттік келбетін көркейтуде биыл көп жұмыстар атқарылатын болады, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Қала әкімі көтерілген мәселелерге қатысты бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, қаулы қабылдады.
Жас каратэшiлер жарады
Среда, 17 Февраль 2016 06:04Шымкент қаласының №11 шығыс жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі биылғы жылды толағай табыстармен бастауда. Мектеп директоры Данияр Исабаевтың қамқорлығымен спорт мектебінің каратэ бөлімінің шеберлері Бішкек қаласында (Қырғызстан) өткен халықаралық турнирден жүлдемен оралды.
Жарыс 5-7 ақпан аралығында өткен болатын. Мектептің спортшылары өздерінің мықты әрі тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті. Бойларында жеңіске деген құштарлықтары басым спортшылар намысты қолдан бермеу үшін тер төкті.
Атап айтсақ, 54 келіде Әсел Қанай (14-15 жас), 53 келіде Үсенова Гүлмира (16-17 жас), абсолютті салмақта Дина Бауыржанқызы (+18 жас) және 75 келіде Мейрамбек Төлеев (+18 жас) барлық қарсыластарына айқын басымдық танытып, чемпион атанды. 64 келіде бақ сынаған Шыңтас Қалхаман (16-17 жас) мен 75 келідегі Медеу Райымқұлов (+18 жас) та үздіктер қатарынан көрініп, 2 орынды иеленді. Сондай-ақ, 61 келіде ел намысын қорғаған Уәлихан Нұрғанов (16-17 жас) пен абсолютті салмақта өнер көрсеткен Айжан Анарбай (+18 жас) қола медальді қоржындарына салды.
Еске сала кетсек, қырғыз еліне спортшыларды аталмыш мектептің аға жаттықтырушысы Нұржан Мамешов бастап барды.
3 млрд теңгеден астам қаражат өндiрiлдi
Пятница, 05 Февраль 2016 08:38Жиында атап өтілгендей, өткен жылы өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде 9 мыңнан астам азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалған. 5 мыңнан астам кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалса, оның ішінде мыңнан астамы мүмкіндігі шектеулі балалар болған. Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткіші 17% және суицид 20% төмендеген. Бұл орайда облыс әкімі тарапынан облыс прокуратурасының кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау деректерін болдырмауға бағытталған жұмыстары үшін бірыңғай Call-орталығы бар Ахуал орталығын ашылуы қолдау тапты.
Мәліметтерге жүгінсек, бюджетті толықтыру бойынша үш жыл қатарынан мемлекеттік бюджетке 3 млрд теңгеден астам көлемдегі қаржы құйылуына қол жеткізілген. Ал жер қатынастары туралы қадағалау саласында мемлекетке 550 млн теңгені құрайтын 20 мыңнан гектар жер қайтарылды, сонымен қоса бюджетке 230 млн теңгеден астам қаржының өндірілуі қамтамасыз етілді. 308 кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды, олардың құқықтарына қол сұққан 76 лауазым иесі түрлі жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, былтыр шетелдік үлесі бар мекемелерде қазақстандық жұмысшылардың құқықтарының бұзылу деректері анықталған. Алимент өндіру бағытында да бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып, облыс прокуратура органдарымен қолданылған шаралардың нәтижесінде 7,8 млн теңге өндіріліпті.