Шағын көшелер жарықтандырылды
Среда, 13 Январь 2016 06:12Өткен жылдың соңында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қалаға қосылған елді мекендердің мәселелерімен танысу үшін Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездескен болатын. Сонда тұрғындар Терешкова-Быковский көшесі бойын жарықтандыру мәселесін айтқан-ды.
Осыған орай шаҺар басшысы тез арада осы көше бойына электр жарығын тарту туралы тапсырма берген еді. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде аталған көшелерге жарық берілді.
Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркеповтың айтуынша, аталған көшедегі жарықтандыру жұмыстарына 9 665,2 мың теңге қаржы қаралған. Ұзындығы – 1,968 метр. Жарық шам көзі – 68 дананы құраған.
Еске сала кетсек, 2015 жылы Шымкент қаласы бойынша 21 орталық көшелерге түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылып, пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 32,8 шақырымды құраған жарықтандыру жұмысына 165 051,8 мың теңге қаржы қаралған. Жарық шам көзі – 1119 дана.
Шағын көшелердің бойы жарықпен қамтамасыз етілді
Понедельник, 11 Январь 2016 08:56Өткен жылдың соңында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қалаға қосылған елді мекендердің мәселелерімен танысу үшін Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездескен болатын. Сонда тұрғындар Терешкова-Быковский көшесі бойын жарықтандыру мәселесін айтқан-ды.
Осыған орай шаҺар басшысы тез арада осы көше бойына электр жарығын тарту туралы тапсырма берген еді. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде аталған көшелерге жарық берілді. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркеповтың айтуынша, аталған көшедегі жарықтандыру жұмыстарына 9 665,2 мың теңге қаржы қаралған.
Ұзындығы - 1,968 метр. Жарық шам көзі - 68 дананы құраған. Еске сала кетсек, 2015 жылы Шымкент қаласы бойынша 21 орталық көшелерге түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылып, пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 32,8 шақырымды құраған жарықтандыру жұмысына 165 051,8 мың теңге қаржы қаралған. Жарық шам көзі - 1119 дана.
Шымкент аялдамалары жаңа жүйеге көшiрiледi
Пятница, 08 Январь 2016 04:53Ежелгі ғұлама ғалымдардың бірі «Мен қоғамды түсіну үшін жолдағы жағдайға қарасам жеткілікті» депті. Орынды айтылған. Бұл ретте Шымкент секілді ірі мегаполистің тұрғындары үшін заманауи стандартқа лайықталған жол-көлік инфрақұрылымының болуы қажет.
Таяуда қала басшылығы Шымкенттегі қоғамдық көліктердің ин-фрақұрылымын дамытуда тағы бір жүйелі жұмысты қолға алды. Енді биылдан бастап қаладағы аялдамаларда арнайы сандық таблолар орнатылмақ. Ол арқылы жолаушылар қажетті бағыттағы автобустарының жүру кестесімен танысатын болады. Сонымен қатар онда жолаушылардың дегбірін алмай, күткен автобустың нақты қай мекен-жайда келе жатқаны да көрсетіліп тұрады. Жоба бойынша аялдамаға орнатылатын әрбір қондырғының құны – 500 мың теңге. Айта кетерлігі, бұл жоба Шымкентте алғаш рет жүзеге аспақ.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, әзірге таблоны тәжірибе ретінде қаладағы бір аялдамаға орнату жоспарлануда. Егер ол тиімділігін байқатып, тұрғындардың көңілінен шығып жатса, жоба одан әрі жалғасын таппақ.
– Шымкенттегі жолаушылар тасымалын жаңа стандарттар бойынша жұмыс істеуге көшіріп жатырмыз. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша осы бағытта жұмыстар атқарудамыз. Табло орнату бойынша қазір «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-нің қызметкерлері зерттеу жүргізуде, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев.
Жас спортшыларға жiгер сыйлады
Вторник, 05 Январь 2016 04:36Жаңа жыл – шаттықтың, қуаныштың мерекесі. Осы мереке қарсаңында Шымкент қаласындағы №11 шығыс жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде спортшылардың құрметіне арнап жаңа жылдық мерекелік шыршатой өтті.
Мерекеге 250-ге жуық жас спортшылар, еліміздің болашақ жарқын жұлдыздары қатысты. Думанды кештің жоғары деңгейде өтуіне аталған спорт мектебінің директоры Данияр Исабаев бастаған ұжым жұдырықтай жұмыла атсалысып, мерекенің сәнін келтірді.
Шарада еліміздің даңқты спортшылары, оған қоса Қазақстанның эстрада жұлдыздары мектеп спортшылары мен ұжымына арнаған жаңа жылдық құттықтаулары үлкен экраннан көрсетілді. Сондай-ақ Ж.Шанин атындағы драма театрының актерлары ел спортының ертеңіне баланатын кішкентай бүлдіршіндердің көңілін аулап, жүздеріне күлкі, жүректеріне шуақ сыйлады. Спорттық сахналық көріністер ұсынылып, дәмді тағам, сусындармен мерекелік дастархан жайылды. Көңілді мерекеде спорт мектебінің үздік спортшылары мен қызметкерлері, жаттықтырушылары арнайы номиниациялармен марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталды.
Жас спортшылардың қуанышына арнайы қонақ ретінде Еңбекші ауданының әкімі Ғ. Ильясов, «Нұр Отан» партиясы басшысының орынбасары Б. Сыздықов, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Н. Әбдіқұлов және ОҚО каратэ федерациясының президенті Н. Мелдеханов сынды спортқа жанашыр азаматтар қатысып, жиналғандарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Оңтүстік спорты: елеулі жетістіктермен ерекшеленді
Среда, 30 Декабрь 2015 06:21Маңызды спорт нысандары ашылды
Келер жылдан да үмітсіз емеспіз. Сәтін салса, келесі жылға дейін Олимпиада жолдамасының санын 20-дан асыру көзделіп отыр. Біз бүгін оқырмандарымыздың назарына Оңтүстік спортшыларының осы жылы қандай ірі додаларға қатысып, қандай көрсеткіштерге қол жеткізгені туралы баяндауды жөн көрдік.
Оңтүстіктің намысты спортшылары биылғы жарыстарда барын да салды, жанын да салды. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері біздің сайыпқырандар Қазақстан чемпионаттарынан 396 алтын, 377 күміс және 340 қола медаль олжаласа, Азия чемпионаттарынан 56 алтын, 34 күміс және 41 қола медальды қоржынға салды. Ал әлем чемпионаттары мен кубоктерінен 44 алтын, 21 күміс және 20 қола жүлде жеңіп алыппыз. Бағалағанға бұл да аз табыс емес қой. Бапкер мен спортшының үйдің бетін көрмей жүріп, тынымсыз еңбектенгенінің арқасында келген табыстар бұл. Бұл ретте аймақ спортының ыстығы мен суығына көндігіп жүрген билік басындағы азаматтардың да еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Тағы да деректер мен цифрларға сөз берейікші. Биыл Қазақстан Республикасының құрамаларына облысымыздан 391 спортшы қабылданды. Бұл да ақжолай жаңалық. Өңірімізде спорт нысандарының саны өткен жылмен салыстырғанда 92-ге артып, 5042-ге жетті. Шымкентте халықаралық талапқа сай көркем гимнастика спорт кешені мен «Бадам» су қоймасында ескекшілердің базасы ашылды. Тассай елдi мекенiндегi «БИIК» спорт кешенiнде пайдалануға берілген «Оңтүстiк» футбол академиясының да маңызы бөлек. Мұнда қазір Испаниядан 5 бапкер шақыртылып, олар әйгілі «Барселона» клубының жүйесiмен 70-ке жуық шәкірттің шеберлігін шыңдап жатыр.
Сөз реті келгесін айта кетсек, бүгінде Оңтүстікте чемпион болам деп мақсат қойған спортшыларға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бес сайыс дейсіз бе, жоқ әлде он сайыс па, бәрі бар. Қысқы, жазғы спорт түрлеріне арналған су спорт кешендері де жеткілікті. Атқан оғын жүзіктің көзінен өткізген садақшы, мергендер мен ат құлағында ойнап өскен кешегі қайран бабалардың бүгінгі ұрпағы Олимпиадада олжа салуы үшін де арнайы ғимарат пен заманауи ипподром есігін айқара ашқан. Әйгілі «Шымбұлақ» секілді «Қасқасу» тау шаңғысы базасында да («Тау самалы» базасынан бөлек) бүгінде қызу жұмыс жүруде. Бұған қуанасыз ба, қуанбайсыз ба? Әрине, мерейіңіз артып, ризалық кейіпте болатыныңыз сөзсіз.
Олимпиадада кiмнен үмiт күтемiз?
Енді спортшылардың жетістігін саралап өтсек. Биылғы бәсекелерде озық өнерімен көпшілікті тәнті еткендердің бірі – шойынжұдырық боксшымыз, әлем чемпионы Біржан Жақып. Ол AIBA Pro Boxing жобасының лицензиялық екінші маусымында мықтылығын байқатып, Олимпиада жолдамасын иеленді. Біржанның бұған дейінгі Бейжің, Лондон Олимпиадаларында төрешілердің әділетсіздігінен жүлдеге жақын қалғанда сүрінгені есімізде. Оның бағындырмаған бір белесі бар екенін білеміз. Демек, бұл бәсеке шымкенттік боксшы үшін «не бел, не белбеу кетеді» дейтін нағыз тартысты дода болары анық. Мамандар «жолы ауыр боксшы» деп жатады. Дегенмен Біржан қазір бабында. Ірі әлемдік жарыстардың барлық медалін мойнына таққан оған енді тек Олимпиаданың медалі ғана жетпей тұр. Ендеше, осы олқылықтың орны бүтінделіп, бағы жанса екен деп тілейміз.
Қой жылын той жылына айналдырып, жеңіске деген жігерлілігімен жұртшылықтың ілтипатына бөленген спортшының бірі, таэквондошы – Нұрсұлтан Мамаев. Лондон Олимпиасында бақ сынаған Нұрсұлтан биыл Оңтүстік Кореяның Кванжу қаласында өткен жазғы Универсиадада 58 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыластарын ұтып, чемпион атанды. Қазіргі таңда ол Олимпиадаға ұпай үлестіретін жарыстарға қызу дайындық жүргізуде.
Оңтүстіктің ғана емес, күллі Қазақ елінің намысын абыроймен қорғап жүрген дарынды спортшымыз, Олимпиада ойындарына үкілеген үмітіміз – Жазира Жаппарқұл. Күні кеше облыс бойынша «Жылдың үздік спортшысы» номинациясын жеңіп алған Шымкенттің шымыр қызы ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш жүлдегер әрі екі дүркін әлемнің күмісін олжалаған. Арыстың асау толқынындай мінез көрсете білетін Жазира биылғы қоңыр күзде АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы әлем чемпионатында екiншi жыл қатарынан күмiс жүлдеге қол жеткiздi. 69 келi салмақ дәрежесiнде сайысқа түскен намысқой қыз қоссайыс қорытындысында 256 келi (116+140) салмақты көтеріп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама алды. Кім біледі, Жазира қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болып жатса, Алты Алаштың абыройы асқақтары анық.
«Ордабасы» Еуропаға барады
Олимпиада демекші, келесі жылғы Риодағы бәсекеде облыс намысын қорғайтын өзге де спортшыларымыз жөнінде айта кеткеніміз жөн болар. Биылғы лицензиялық турнирлерде бірнеше спорт түрлерінен сайысқа түскен жерлестеріміз жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. Әсіресе, мергендеріміз алғашқылардың бірі болып үш бірдей (Р.Юнусметов, Е.Король және Ю. Юрков) жолдаманы иеленді. Сосын байдарка мен каноэде ескек есушілер Азия чемпионатында рекорд орнатып, үш бірдей жолдаманы қанжығасына байлады. Айта кетерлігі, бұған дейінгі өзге сынақта А.Емельянов пен Д. Сұлтанбеков те жолдама жеңіп алған болатын. Нәтижесінде аймақ спортшыларының қоржынында ескекшілердің төрт лицензиясы бар. Ел тарихында алғаш рет Оңтүстіктің ескекшілері осыншама жолдамаға қол жеткізіп отыр. Бұдан бөлек, садақ атудың шебері шымкенттік Л.Сайдиева Бангкокта өткен Азия чемпионатының аясында арнайы сынақта көптен күткен жолдаманы қалтаға басты. Әрине, Олимпиадаға жолдама алудың өзі оңайлықпен келмейді. Ол сындардан сүрінбей өткеннің өзі ерлікпен пара-пар.
Командалық спорт түрлерінде де биыл Оңтүстік спортшылары намысты қолдан бермеді. Бокстан «ҚР Бокс федерациясы кубогiн» сарапқа салған додада ОҚО боксшылары финалда Астана командасын тас-талқан етіп, Оңтүстiк бокс мектебінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Балуандарымыз да қарап қалмады. Грек-рим күресінен Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының кубогi жолындағы сайыста «классиктеріміз» қарсылас шыдатпай, чемпиондық тұғырға көтерілді. Айтпақшы, биыл «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан біріншілігінде 4-орынға тұрақтап, Еуропа Лигасының келесі маусымына жолдама алды. Бұл да елеулі табыс.
Міне, қой жылындағы Оңтүстіктің мерейін үстем еткен негізгі жарыстардың нәтижесі осындай болды. Әрине, үлкенді-кішілі қай жарыс болсын, ондағы жүлделерді бөле-жармаймыз. Бастысы әрбір жетістіктің маңдай тердің өтеуімен келгені айқын. Жаңа жылда Оңтүстік спортшыларының табыстары мол болғай!
Үздiк суретшi
Среда, 30 Декабрь 2015 05:37Батухан Байменнің шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінде көрнекті орын алатын графикалық туындылардан құралады. Батухан Баймен шығармашылық жұмыстармен қатар облыс, қала, аудан көлеміндегі көптеген қоғамдық жұмыстар атқарған маман. Ол жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жыл үздігі» номинациясы бойынша «Жылдың үздік суретшісі» атанды.
1985 жылы КСРО Жас суретшілер одағының мүшесіне өткен, 1989 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесіне қабылданған. 2004 жылы Берлинде, 2005 жылы Стамбул қаласында жеке көрмелері болған. 2014 жылы Алматы қаласы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында Батухан Байменнің «Тұңғиық» атты жеке шығармашылық көрмесі болды. Көрме Республика көлемінде үлкен оқиға ретінде аталынып өтілді. Суретшінің танымал еңбектері Қырғызстан, Қазақстан өнер мұражайларында сақталған.
2015 жылы қыркүйек айында Шымкент қаласы өнер мұражайында, желтоқсанда Түркістан қаласындағы Қолөнер орталығындағы көрме залында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Батухан Байменнің жеке шығармашылық көрмесі болды. 2011 жылы ҚР «Мәдениет Қайраткері», 2015 жылы ҚР Суретшілер одағының Ә. Қастеев атындағы «Үздік шығармашылығы үшін» алтын медалімен марапатталған.
1994 жылы «Абай: өмір, уақыт, өнер» атты ЮНЕСКО көмегі арқылы баспадан басылып шыққан альбомда Батухан Байменнің «Абай өлеңдеріне» арналған графикалық топтамалары жарық көрді. 2013 жылы Мәскеу қаласындағы «Галарт» баспаханасынан шыққан КСРО Суретшілер одағы халықаралық конфедерациясы атқару комитеті шығарған «Қазақстан бейнелеу өнері» альбомына және «Елнұр» media орталығында Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдығына арналған 5 томдық «Қазақ өнері» атты альбомында Батухан Байменнің графикалық туындылары басылған.
Өнер шебері Батухан Байменнің шығармаларының тұрғылықты тақырыбы - қазақ елінің өткені, бүгіні мен болашағы. Суретшінің «Ауылым алтын бесігім» атты топтамасы «Кешкі Көкбұлақ», «Басталар күннің шуағы», «Қонақ келді», «Еске алатын күн», «Бұлақ», «Ерте көктем», «Мереке бастауы», «Оралу» графикаларында ауыл өмірі, табиғат, салт-дәстүр және жастық шақ өмірінен алынған шағын сахналы көріністерді композиция талабына сай шеберлікпен үйлестіре білген.
«Дағдарыстың бәрi де өткiншi...»
Среда, 30 Декабрь 2015 04:22Қазақ елі талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген. Заманның әр кезеңінде тағдырдың керзі етігі аямай жаныштаса да, халқымыз қай-қай қиындықты да сабырмен қарсы алып, бірлігімен, татулығымен еңсесін тіктеген. Қазіргідей бүкіл әлемді шарпыған саяси-экономикалық дағдарыс жағдайында да еліміз белді бекем буып, биік белестерге көз тігуде. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер» екенін айтқан болатын.
Сынақ пен сын ширатады
Қазір қоғамда әлемдік дағдарыстан туындаған еліміздегі экономикалық және қаржылық дағдарыс төңірегінде айқыш-ұйқыш, артық-кем пікірлер айтылып жүр. Десе де, ол ойларды сараптан өткізе отырып айтар болсақ, дағдарыс қиындығымен қатар, үлкен мүмкіндіктердің кілті екенін де жадымыздан шығармауымыз керек.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналған. Тарихқа көз салсақ, іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған. Бұл жөнінде Елбасы халыққа арнаған Жолдауында нақтылап, сараптап айтып берді.
– Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік, – деп атап өтті Елбасы.
Рас, қазіргі дағдарыстың әсері барлық салада байқалуда. Дегенмен, барша қиындықтарға қарамастан, елімізде әлеуметтік саладағы қойылған міндеттер толықтай орындалып келеді. Мысалы, 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орта есеппен 30 пайызға дейін өспек. Бұл дегеніміз – еліміздегі дағдарысқа қарсы бағытталған стратегиялық міндеттердің сәтті жүзеге асуы деп бағалауға болады.
Өнiмдер бәсекеге лайық па?
Таяуда Шымкент қаласында «Дағдарыс – мүмкiндiктер ретiнде» атты тақырыпта бизнес-конференция өттi. ОҚО әкiмдiгi, «ҚАЗКА» Қазақстан кәсiпкерлерi ассоциациясы және өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының қолдауымен өткен аталмыш жиын пәтуалы пікірлердің алаңына айналған келелі кездесу болды. Жиында еліміздің әр өңірінен келген экономист-ғалымдар дағдарыстың әсерi, қазақстандық бизнестiң қиын жағдайға қарамастан даму қажеттiгi жайында ойларын ортаға салды. Конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қазіргідей дағдарыс жағдайындағы Оңтүстіктің экономикалық ахуалын тілге тиек ете келе, мұндай сәтте дағдарыс деп абдырап қалмауға, қолда барды барынша еселеп жұмыс істеуге үндеді.
– Бизнес қауымы дағдарыс кезiнде ақшаларын үйде сақтамай, инвестицияға жұмсағаны жөн, – дейді Сапарбек Тұяқбаев. – Соңғы жылдары бiз импорт алмастыру бағытында жұмыс жүргiздiк. Соның нәтижесiнде Оңтүстiкте өндiрiлген тауарлардың 80 пайызы шетелдiк өнiмдермен бәсекелесе алды. Тауар арзан болуы үшiн өзiмiздiң шикiзаттан жасалуы керек. Бүгiнде кәсiпкерлiктi дамытуға барлық жағдай жасалған. Мәселен, индустриялды аймақтарда өндiрiс орындарын салуға жер тегiн берiледi. Қажеттi инфрақұрылым мемлекет қазынасы есебiнен тегiн тартылады. Керектi құжаттар «бiр терезе» қағидасы бойынша аз мерзiм iшiнде дайындалады. Биыл «қазақ-түрiк индустриялды аймағының» құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Әкім орынбасарының айтуынша, келесi жылдан бастап Оңтүстiкте өндiрiлген мақтаны толық өзiмiзде өңдеудi қолға алынбақ. Сонымен бірге, мақта өндiрiсiне де iрi көлемде инвестиция салу көзделіп отыр.
Сарапшы мамандар не дейдi?
Дағдарыс дегенде, бүгінгі таңда ұлттық валюта мәселесін де айналып өте алмаймыз. Мамандардың мәлімдеуінше, елімізде екiншi деңгейлi банктерге салынған депозиттiк салымдардың 80 пайызға жуығы доллар күйiнде сақталған. Банктер де шетелдiк iрi қаржы ұйымдарынан несиенi доллармен алып жатыр. Сондықтан қаржы нарығында төл валютамыздың тапшылығы байқалуда. Қаржыгерлердің айтуынша, долларсыздандыру саясатын iске асыру үшiн алдымен депозиттердегi ақшаны теңгеге алмастыру қажет.
Жоғарыда Шымкентте дағдарыс тақырыбында бизнес-конференция өткенін баяндадық. Осы жиынға қатысқан мамандардың пікірі көп ретте бір арнада тоғысып жатты. Ондағы толғамды ойлардың ортақ түйіні – дағдарыстың үлкен мүмкіндіктерге жетелейтіндігі. Бұл орайда бизнестің даму тетіктері төңірегінде тұшымды пікірін білдірген «Асадель Капитал» хедж-қорының басқарушы серiктесi М.Сейсембаев дағдарыстың кәсiпкерлер үшiн халық алдында үлкен жауапкершiлiк жүктейтiнiн, бұл ретте бизнес өкiлдерiне iскерлiк қарым-қатынасты күшейте отырып инвесторларды сенiмдi серiктес болуға шақыру керектігін айтады.
– Қаржылық, экономикалық қиындықтар негiзiнен табысы мұнай шикiзатынан құралған мемлекеттерге әсерiн тигiзуде. Сондықтан шикiзат бағасына тәуелдiлiктен құтылу үшiн бүгiнгi таңда елiмiзде жүргiзiлiп жатқан экономиканы әртараптандыру саясатын жалғастыра беруiмiз керек. Сонымен қатар, дағдарыс кезiнде өндiрiстiк тауарлар өндiрiсi азайып, бар кәсiпкер ауыл шаруашылығы саласына ден қоятыны белгiлi. Себебi, қандай жағдайда да халықтың ең басты тұтынатыны азық-түлiк болғандықтан оған деген сұраныс ешқашан жоғалмайды. Мәселен, бүгiнгi дағдарысқа қарамастан ауыл шаруашылығы саласындағы негiзгi көрсеткiштер республика бойынша 3 пайызға жоғарылаған. Сол үшiн елiмiздiң ауыл шаруашылығын жүргiзуге қолайлы климаттық, географиялық артықшылықтарын пайдалана бiлуiмiз керек, – дейді М.Сейсембаев.
Елімізге белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатыбалдин республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның жағдайын жан-жақты таразылай келе, еліміз бұл қиындықты да артқа тастап, жарқын болашаққа тақай түсетінімізді көрсетіпті.
– Дүниежүзілік тауар биржаларында металдар мен минералдардың, көмірсутектерінің бағасы күрт төмендеуге «бетбұрыс» жасағанда теңгеміз құнсыздануға көшті. Жалпы, теңгені еркін айналымға жіберуге жақтас ғалыммын. Егер біздің индустриямыз экспорттық қабілеті жоғары дайын тауарлы қосымша құны мол өндірістің үлесін ең болмағанда 20 пайызын құраса, теңге соншалықты құнсызданбас еді. Әрине, Президентіміз Ұлттық қордағы валютамыздың күшімен теңге бағасын жоғары деңгейде ұстап тұруды қаламағаны дұрыс болды. Не бар, не жоғы көрінді. Десек те, «2050 стратегиясы» мен «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы «шашылып қалуымызды» болдырмай тастады. Бұл үшін де осы бағдарламаларды дер кезінде жасаттырып, өндіріске енгізген Көшбасшымыздың көрегендігіне алғыс айтуға тиіспіз, – дейді сарапшы.
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисiн...
Дағдарыстың салқыны сезілген шақта Елбасы Н. Назарбаев елдегі атымтай жомарттарға салмақ сала сөйлеп, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын айтты.
– Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды, – деді Елбасымыз.
Түйін сөз
«Дағдарыстардың бәрі де өткінші, өтеді де кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұрасы, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады». Осылай деген Елбасы халыққа арнаған сөзінде бұл дағдарыстан да жеңімпаз болып шығатынымызға үлкен сенім білдірді. Қазақта «Бұдан да жаман кезімізде тойға барғанбыз» деген жақсы сөз бар. Бәлкім, бізді дағдарыс кезеңінде де елеулі табыстар күтіп тұрған шығар.
Акцияға қолдау бiлдiруде
Пятница, 25 Декабрь 2015 07:55«Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүзеге асқан «Мейірімді жүрекпен» қоғамдық қозғалысы аясында елімізде қайырымдылық көмек орталықтары ашылған болатын. Қоғамдық қозғалыстың мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, мүгедек жандарға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жәрдем жасау.
Акцияға қолдау білдірген ізгі шараның бірі – Шымкенттегі «Айна» базары аумағында өтті. Акция барысында шымкенттік белгілі кәсіпкер Қайрат Балабиев қаладағы тұрмысы төмен 10 отбасыға көмек көрсетіп, қамкөңіл жандарға қуаныш сыйлады. Кәсіпкер өз сөзінде қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда ОҚО-да игілікті бастамаға кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар қызу қолдау көрсеткендердің қатары артуда. Көмек беру орталықтары Шымкенттегі «Рахима плаза» сауда, ойын-сауық орталығында, «Айна» базарында ашылған. Онда азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника және басқа да заттар қабылданып, мұқтаж жандарға таратылады. Орталықтар күнделікті сағат 10.00-15.00 аралығында жұмыс істейді.