Тойдың төресі – Шымкентте
Пятница, 29 Январь 2016 06:01Қазақтың тойсыз күні жоқ. Белгілі қаламгер, публицист Мархабат Байғұт айтпақшы, «қазекең той жасамай тұра алмайды. Дүйсенбі мен жексенбінің, қаңтар мен желтоқсанның арасында да той қызып жатады». Шымкент те мұндай қызықты думаннан кенде емес. Десе де, замана көші алға жылжыған сайын тойдың дәстүрі де өзгеріске ұшырай бастады. Мұндайда қайтсек, парасат биігінен көрінеміз? Неге біз тойға кешігеміз? Тойдың тәлім-тағылымы қай деңгейде? Олқылықтарды қайтіп түзетеміз? Міне, осы сауалдар төңірегінде ой бөліскенді жөн көрдік.
Әдет-ғұрпымыз ұмытылмасын
«Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» дейді сыншыл қазақ. Былтыр Шымкентте той өткізудің өзіндік талғамы, әдеп-жоралғысы туралы қалалық Ардагерлер кеңесі зиялы қауыммен бірге дөңгелек үстелде бас қосып, келелі мәселелерді ортаға салған-тұғын. Бәрекелді деп риза болғанбыз. Жиынға қатысушылар сонда ұсыныстар мен сын-ескертпелерді жинақтап, өңір тұрғындарына Үндеу жариялағаны есімізде. «Дөңгелек үстелде» облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов той мәдениетіне қатысты көшелі пікірін айтқан.
– Қазір бесік, тұсаукесер, сүндет, ұзату, үйлену, туған күн секілді атап өтілетін тойлардың барлығы да бір сарынға түсіп кеткені байқалады. Әр атаудың қадір қасиеті, жоба-жоралғысы болады емес пе? Бізде оның өзіндік қадір-қасиеті әлі күнге ескерілмей келеді. Бұл мәселеде ұлттық ғұрпымыз аяқ асты тапталып жатқан жоқ па? Осыған мән беруіміз керек. Тойдың жаңашылдығын, кемшілігін облыстық деңгейде БАҚ беттерінде көрсете отырып, көпшілікті ұлттық құндылықтарды қастерлеп сақтауға үндегелі жатырмыз, – деген еді сонда Ж.Мәуленқұлов.
Айтса, айтқандай-ақ, қазіргі тойларда өзгешелік көп. Басқасын былай қойғанда жұртшылық тойға бірнеше сағаттап кешігіп келуді әдетке айналдырды. Тілек айтам деп, сағыздай созылып тұрып алатындар да жоқ емес. Сонымен қоса, асабалардың анайылығы, жұртты қинап шапалақ ұрғызуы, кейбір ағайынның әдептен аттап, көзді ала бере ас-тағамды пакетке салып жіберуі – бүгінгі тойлардағы көңілге қаяу түсіретін көріністер. Байыптай қарасақ, Өзбекстан, Тәжікстан сынды көршілес елдерде той салтына қатысты бүгінде арнайы Жарлық бекітілген екен. Онда ысырапшылыққа жол бермеу, тойды өз уақытымен бастап, аяқтауға дейін мұқият қадағаланатын көрінеді. Бізге де осындай механизм керек секілді.
Тойға неге кешігеміз?
Тойға кешігу – шынында бүгінде «бас ауруға» айналды. Қай тойға барсаң да, уақытымен басталып жатқаны сирек. Жасыратыны жоқ, мұны бәріміз де байқап жүрміз. Ендеше осы кешігу дейтін олқылықтан қалай арылуға болады? Бұл жөнінде облысымызға белгілі жазушы-журналист, той туралы БАҚ бетінде ашынып та, батырып та айтып жүрген Мархабат Байғұт былай дейді:
– Біз өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Жұртты кешікпеуге үйрету керек. Жетісай жақта, осыдан жиырма жылдай уақыт бұрынырақта бір оқиға болған. Тойдың кешігіп басталуы жаман әдетке айнала бастаған кезең көрінеді. Күндердің күнінде бұрын облыстық соттың мүшесі, ауданда прокурор болған Роман Зұлпықаров деген кісі кең, мол ауласында үлкен той жасайды. Кешкі сағат сегізге деп шақыру билетін таратады. Тұп-тура сегізде қақпасын жабады-дағы, тойды бастап жібереді. Аудан әкімі, облысыңыздың басынан барған біраз кісілер кешіккендіктен, кіре алмай қалады. Араға адам салып, кешірім өтініп, әзер қатысады әлгілеріңіз. Міне, Роман көкеміздің сол тәртібінен кейін тойлар дәл уақытында басталатынға айналған. Көпке дейін. Әр ауданнан, әр қаладан сол Рекең секілді ағаларымыз мінез көрсетсе, жағдай түзелер ме еді дейміз де.
Мархабат аға өте дұрыс айтады. Қазіргі тойларда қонақтармен қатар, той иелері құда мен құдағилар да кешігіп келетінді шығарды. Әй деп жатқан әже жоқ. Бұған да тоқтам болу керек емес пе?
Жуырда Астанадағы тойларда асабалық етіп жүрген той басқарушымен пікірлескенбіз. Ол өзі басқаратын барлық тойды дәл уақытында бастайтынын айтып қалды.
– Айтылған уақытта тойды бастаймын. Бұл – менің басты қағидам. Өткенде бір тойда солай еткем, үй иесі «анау сыйлы қонағымды күтпесек болмайды» деп өкпесін білдірді. Мен басқа асаба жалдаңыз дедім. Амалсыз келісті. Айтыңызшы, ол жерде келген қонақтар неге бір адам үшін сағаттап күтіп отыруы керек? Отағасы реніш білдірсе де, мен сондағы қонақтарға ой салып кеттім. Бұл еріккеннен емес, жұрттың кешікпеуі үшін жасаған амалым, – дейді әлгі асаба.
Әрине, осылайша жеке адамды, шағын топты тәрбиелеу арқылы да тойға кешікпеу керектігін еске салып, қоғамды тәрбиелеуге болады. Қоғам түзелсе, ұлт та түзелетінін ескерсек, қадірлі оқырман, сіз де осы кезден алдымен өзіңізді, содан кейін айналаңыздыды кешікпеуге үйретіңіз.
Құдаларға қой дейтін кім бар...
Сөз жоқ, той өткізуде өзге аймақтардың ішінде Шымкентпен бәсекеге түсетіндер аз. Хан сарайынан кем емес тойханалар, дастарханға қойылатын тағамның түр-түрі, тойдың ерекше сценарийі бәрі-бәрі Шымқалаңыздан табылады. Тек қалтаңызға қарай көсілсеңіз болғаны. Шымкентте бүгінде 400-ге жуық тойхана, 70 продюсерлік орталық бар екен. «Көркем», «Гранд холидей», «Алтын сарай» сынды сәулеті келіскен, беделді мейрамханаларда күн құрғатпай тойлар өтіп жатады.
Жақында сол тойхананың бірінде танысымыз дүркіретіп үйлену тойын жасады. Шақыру қағазында көрсетілген мерзімде барғанбыз. Әттеген-айы, келген қонақтардың қатары тіптен көрінер емес. Рас келдім бе, жоқ қателесіп қалдым ба деп, шақыру қағазына қайта-қайта үңіліп қоямыз. Басталуы 19-00-де деп көрсетілген екен. Сағат тілі 21-00-ді көрсетіп тұр. Халық жиналып үлгергенмен, той басталмайды.
– Бәрі жиналды. Бастай бермей ме? – дейді жанымдағы алыстан келген қонақтың бірі.
– Жастар «гулянкада» жүр екен, – деп жауап беріп жатыр келесі бір мейман.
Осы екі ортада келген меймандар дүркін-дүркін тысқа шығып, жүйкесі жұқарғандары темекі тартып, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, уақыт өткізді. Осылай жұрттың тағаты таусылып отырғанда жас жұбайлар да келіп жетті-ау. Енді басталатын шығар деп, асаба жаққа мойнымызды бұра бастағанбыз. Бірақ той басталмады. Сөйтсек, бас құдалар кешігіп жатыр екен. Қойшы әйтеуір, кешкі 19-00-де делінген той ырғалып-жырғалып жүріп, 22-00-ге таман басталды. Бәрі демей-ақ қоялық, көптеген тойлар осы «сценарийде» өрбіп жатқаны өтірік емес.
Тағы бір тойда болдық. Әлгі тойдың ерекшелігі, онда дөрекі әзілдер жиі айтылып, ақ жаулықты аналарымыз бен қариялар ұяттан беті қызарып отырды. Ішімдіксіз өткен келесі бір тойда шәйнекке арақ құйылып, қызара бөртіп отырғандарды да көзіміз көрді...
Тойдың бәрі нашар емес, мәселе ұйымдастыруында деп ойлаймыз. Келесі бір тойда көңілімізді көтерген жайт болды. Асаба да сөзге шешен, ағып тұрған жігіт екен. «Биыл тарихымызды ұлықтап жатқан жыл. «Өткенді ұмытқан өшкендіктің белгісі» деген, осы орайда сіздерге ел тарихынан бірнеше сауал қоям. Дұрыс тапқанға сыйлығым бар» деп һакім Абайдың бірнеше томдығын, сонымен бірге тарихи кітаптарды ұсынды. Міне, бұл да елді бірлікке, тарихқа құрмет көрсетуге шақырған ізгі шара. Біле-білгенге, тойдың тағылымы да осындайда көрінеді.
Тойдың көркі – ұлттық нақыш
Шымкентте той көп. Белгілі эстрада жұлдызы Төреғали Төреәлінің сөзінше айтсақ, «Шымкент – нағыз тойдың Отаны». Құдай тойдан айырмасын дейміз. Дегенмен, кейбір тойлардың дарақылыққа ұласып, дәстүрімізден алыстап жатқаны да жасырын емес.
Қазіргі тойларда қалыңдықтың гүл шоғын лақтыруы, торттың бетіндегі шырақтарды үрлеуі сияқты өзге жұрттың салттары еніп кетті. Халқымыз әдет-ғұрыпқа бай халық. Әсіресе тойға байланысты салт-ырымдар аз емес.
Үйлену тойын ұлттық нақышта өткізген елімізге танымал спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров БАҚ-қа берген сұхбатында халқымыздың әрбір дәстүр жоралғысы тәрбиелік мәні жоғары екенін айта келе, оларды әрбір тойымызда дәріптей жүрейік деп ой қосыпты.
– Тойдың қарсаңында самаурын алып шығып, үлкен кісілерге шай ішкізсек, олардың батасын алсақ деген ой келгені. Сөйтіп, дәл той қызған уақытта ортаға самаурын әкелініп, қариялар жағы жұбайым Маржанның қолынан шай ішті, – деп еске алады спортшы.
Қазір той-думанды арақ-шарапсыз өткізу үрдіске айналып келе жатыр. Өзге аймақты қайдам, біздің Оңтүстікте оған деген оң өзгеріс қалыптасып келеді. Жиі болмаса да жиын тойдың ішімдіксіз өтіп жүргенін көріп жүрміз. Неге мұны қолдамасқа!
Ендігі бір айта кетер нәрсе – асабалардың той жүргізу әдебі. Кейбір асабалар елді күлдірем деп, бүлдіріп жүр. Жаттап алған бір-екі ауыз сөзін кеңірдегі қызарғанша күшеніп айтатындары да жетіп артылады. Анайы анекдот айтып жатқанда, күлкі былай тұрсын, жылағың келеді. Үлкен отыр, кіші отыр демейді. Жалпы, тойда асабаларға жүктелер жауапкершілік жоғары. Өңірімізге белгілі тарихшы, өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы асабалардың біліктілігіне қатысты былайша пікір білдірді.
– Асабаларды арнайы оқытып, серификат-лиценциясыз той басқартпаудың амалын жасайтын кез жетті. Ниет болса, ол шаруа қиын емес! Талай тойға барып жүрміз. Кейбірінде асабалардың өре-танымы өте төмен екендігі байқалып қалады. Әр айтқан сөзіне қинап шапалақ ұрғызып, елдің есін алады. Сөзінің құнары, іліп алар дәмі болса, келген қонақтар өздері-ақ қошемет көрсетіп отырады емес пе, – дейді ол.
Ойды ой қозғайды. Былтыр Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігі «Үздік той тілегі» атты байқау ұйымдастырды. Ондағы түпкі ниет, тойдағы келеңсіздіктердің алдын алып, той мәдениетін жетілдіру. Оңды бастама нәтижесіз болған жоқ. Байқауда сүзгіден өткен үздік сценарийлер көптің алғысына бөленді.
– Біздің басты мақсатымыз – халқымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын насихаттап, той өткізу мәдениетін жетілдіру, асыл мұраларымызды қайта жаңғырту, – дейді «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлбосын Какимова. Айта кетерлігі, аталған қоғамдық бірлестіктің ұйытқы болуымен қала бойынша осыған дейін «Үйлену тойлар» байқауы, «Үздік той сценариі» және «Үздік той тілегі» байқаулары да өткізілген болатын.
Әрине, қойнауы қазынаға толы Оңтүстікте нешеме тойлар өтіп жатыр. Бәріне мін тағып, сын айтып, сапыра сөйлеуден аулақпыз. Оған халықтың өзі таразы. Айтпағымыз, әрбір тойды тәрбие құралына айналдыра білсек деген ниет. «Ұлтты жою үшін оның салт-дәстүрін жою керек» депті қытай ойшылы Конфузы. Осы тұрғыдан алғанда, той – тек тамаша ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың да кеңінен насихатталатын алаңы болуы керек.
Сіз не дейсіз?
Мархабат Байғұт, жазушы, публицист:
– Мен кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне “Элита қайда, ел қайда?” деп мақала жазғанмын. Жалпы, элитаныкі ме, елдікі ме – тойдың бәрін дәл уақытында бастап, жұртты жалықтырмай, жарасымды аяқтауға батыл бетбұрыс керек. Мүмкіндігінше ішкілік жағын азайту, бірте-бірте ішкіліксіз тойларға көшу – орындалмайтын мақсат емес, қазекемнің қымыз-қымыраны барда. Асабаларда да терең білім көрініп тұрғаны абзал. Көпшілікті баурай білмек қабілет, туабітті бейімділік, суырыпсалмалық қасиет өз алдына, бұлармен бірге ол ұлтыңыздың ғана емес, әлем халықтарының құндылықтарынан, әдет-ғұрыптарынан, арғы-бергі тарихынан, салт-дәстүрлерінен жан-жақты хабардар, туған тіліне шебер, көркем әдебиеті мен мәдениетінен терең білімді, білікті болмағы шарт. Солай болып жатса, ол той мәнді де, сәнді өтері анық.
Еркеғали Балажан, «Үйлену тойлар» байқауының жүлдегері:
– Менің ойымша, той иесі алдын ала қонақтарға кешікпеуін ескерту керек. Мәселен, жуырда өзімнің үйлену тойымда отбасымызбен ақылдаса келе шақыру қағазына "кешікпей келіп, асықпай кетуіңізді сұраймыз" деп арнайы жаздық. Осы әсер етті ме, той дәл уақытында басталды. Бізде мынадай түсінік қалыптасқан: «Ерте барғанда не істейміз, бәрі кешігіп келеді ғой» деген. Бұл дұрыс емес! Ең алдымен той иесін сыйлау керек. Шақырған уақытта бару – бұл үлкен жауапкершіліктің белгісі. Сонда той да қызықты болып, адамдар да көңілді отырар еді.
Майя Алибжанова, іс-шара жүргізуші:
– Шымкенттегі бірнеше тойға қатысып жүрмін. Көпшілігі кешігіп басталатыны жасырын емес. Уақытымен өтетіні некен-саяқ. Жуырда прокуратурада қызмет істейтін азамат той жасады. Қонақтар дәл уақытында келді. Кейін білсек, той иесі қонақтардың әрқайсысына тойдан кешікпеуді мұқият айтқан екен. Меніңше, тойдың уақытында басталуы шаңырақ иесіне байланысты. Жалпы тойға кешігіп келу – мәдениетсіздік, өзіңді де, жұртты да сыйламаудың көрінісі деп есептеймін.
Нәтижелі жұмыс жетістікке бастайды
Пятница, 29 Январь 2016 05:43
Мәжілісте қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Рахымберді Мулкеманов қаланың 2015 жылға арналған бюджетінің атқарылу қорытындысы туралы баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, 2015 жылы қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерде өсім бар. Атап өтетін болсақ, халық саны 884,1 мың адамды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға, ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 289,1 млрд теңгені құрап, 3,7 пайызға артқан. Шаһар аумағында іске қосылған тұрғын үй көлемі 217,4 мың шаршы метрді құрап, 3,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 74,7 млрд теңгені құрап, 0,6 пайызға өскен. Алайда 2015 жылы бөлшек сауда көлемі 248,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 9,0 пайызға төмендеген.
Келесі кезекте басқосуда Шымкент қаласының қылмыстық хал-ахуалы сөз болды. Құқық қорғау саласы өкілдерінің сөзіне сүйенсек, қазір қалада қылмыс саны азаймай тұр. Статистика бойынша қалада қылмыс саны өсіп, 28,7 пайызды көрсеткен.
Жиында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы жол ережесін өрескел бұзып, көше-көшелерді жауып, кептеліс тудыратын той кортеждеріне қатысты да сын айтты. Осы мәселелер бойынша қала басшысы қалалық ішкі істер басқармасына шаһардағы түрлі қылмыстық себептерден болатын өлім-жітім санын азайтуға, заң талаптарына сай түнгі белгіленген уақыттарда алкогольді ішімдік сатпауға тиісті шара қолдануға тапсырма берді.
Қаланың экономикалық дамуын сөз етсек, бұл бағытта 2015 жылы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қалада «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы 2020», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту – 2020», «Балапан», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылды. Бағдарламада жоспарланған жұмыстар толығымен орындалды. Сонымен қатар, жергілікті деңгейдегі «Шымкент қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы» іске асты. Тарқатып айтсақ, бұл бағдарламада 2015 жылға жоспарланған 41 индикатордың 36-ы орындалды, 2 индикатордың статистикалық қорытындысы шықпаған, 3 индикатор орындалмады. Олар: бөлшек сауданың нақты көлем индексі, жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар санын төмендету, құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің индексі.
Баяндаманы тыңдаған соң жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов тиісті бөлімдерге бірқатар міндеттер жүктеп, кемшіліктерден оң нәтиже шығаруды тапсырды.
3200-ге жуық жоба жүзеге асады
Пятница, 29 Январь 2016 05:05Еске сала кетсек, өткен жылы орталық арқылы өңірде құны 8,9 млрд теңге болатын 2245 жобаға қаражат бөлінген болатын. Былтыр инвесторлықтың ауыл шаруашылығына бағытталған жобасы есебінен 4,3 мың тонна ет пен 2 мың тоннадан астам сүт өндірілген. Орталық мамандарының мәлімдеуінше, биыл бұл көрсеткішті одан да жоғарылату көзделіп отыр. Негізінен орталықтың қаржысы ауылдық жердегі отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталмақ. Сонымен қатар бөлінген қаржы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобаларына да жұмсалады.
Облыста 2014-2016 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Осы бағдарлама жүзеге асқалы бері 11 мың адам жұмыс тапқан. Айта кетерлігі, бұл бағдарламаны қаржыландырып отырған аймақтық инвестициялық орталық пайызы төмен несие береді. Орталықтың басқарма төрағасы Ерлан Ешназаровтың айтуынша, ол несиені алу үшін үлкен кепілдің керегі жоқ. Мал бордақылау алаңын немесе тұрып жатқан үйін және жерін компанияға кепілге қоюына болады.
Жалпы, «Максимум» АИО алдағы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 5 млрд теңге бөлуді жоспарлауда. Сонымен қатар, 2015-2017 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамытуға 200 млн теңге қаралып отыр. Нәтижесінде, 5 аудан мен Шымкент және Түркістан қалаларынан 3 балық шаруашылығын құру жоспарланған.
Мемлекеттік айып тұрағы ашылады
Пятница, 29 Январь 2016 04:53Мәжіліс барысында белгілі болғандай, бүгінгі таңда Шымкент қаласында автокөліктердің саны бұрынғыға қарағанда артып, 190 мыңға жеткен. Қаладағы жол-көлік қозғалысында ережелердің жиі сақталмайтынын тілге тиек еткен қала басшысы әсіресе, қаланың орталық көшелерінде той кортеждерінің жиі кептеліс тудыратынын, тәртіпсіз жүргізушілердің кесірінен қалада оқыс оқиғалардың көбейгенін еске салды.
– Жұмыстан тыс кезде қала көшелерін аралап тұрамын. Сондайда бір-бірімен жарысып, тәртіп бұзып жатқан жүргізушілер кездеседі. Той кортеждері де көпшілікке кедергісін келтіріп отыр. Оларға қатаң тыйым болу керек. Алдағы уақытта Шымкентте мемлекеттік айып тұрағын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – заңға бағынбағандарды жазасыз қалдырмай, қаладағы тәртіпті реттеуге септігін тигізеді, – деді қала әкімі.
Қала басшысы Ғ.Әбдірахымов полицейлерге жоғарыдағыдай келеңсіздіктерді жоюға, тәртіпсіздікпен күресте күш біріктіре отырып, нәтижелі жұмыс жасау маңызды екенін жеткізді.
Облыста 1074 учаскелік сайлау комиссиясы тiркелген
Вторник, 26 Январь 2016 04:32Сайлау шеңберіндегі шараларға оңтүстікқазақстандықтар да азаматтық қолдау көрсетіп, белсенділік танытуда. Бүгінде облыс аумағындағы сайлау учаскелері кезектен тыс сайлауға дайын. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді.
Қаулыға сәйкес, Парламент пен мәслихат депутаттарын сайлау бойынша оған тиісті қадағалау жүргізу міндеті облыстық сайлау комиссияларына жүктеліп отыр. Төрағаның айтуынша, облыс бойынша 1074 сайлау комиссиясы тіркелген. Ал облыс бойынша 50 сайлау округі болса, Шымкентте қала аумағының кеңеюіне байланысты округ саны 14-ке жетіп отыр. Қазір өңіріміздегі дауыс беру орындарында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Комиссия төрағасы өз сөзінде кейбір елді мекендердің облыс орталығының аумағына енуіне байланысты өзгерістер болатынын да жеткізді.
С. ТАСТАНБЕК
Тұрғындардың талап-тiлегi ескерiледi
Пятница, 22 Январь 2016 06:41Жұртшылықты толғандырған сауалдар аудан әкімі Ахмет Татыбаевтың тұрғындармен есеп беру кездесуінде жан-жақты талқыға салынды. «Құрсай» шағынауданындағы №49 мектепте өткен жиында алдымен Абай ауданының әкімі 2015 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Есеп беру жиынына қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып отырды.
А. Татыбаев өз баяндамасында аудандағы оңды істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Әкімнің айтуынша, аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында және жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау үшін 2011-2015 жылдар аралығында 293 электр бағаналары орнатылып, аудандағы жалпы 206 ауланың 105-і жарықтандырылған. Оның ішінде 2015 жылы 20 аулаға 57 бағана орнатылып, аулалар жарықпен қамтамасыз етілген. Осы орайда 2016 жылы балалар ойын алаңшалары және спорт алаңшалары орнатылған 60 ауланы жарықтандыруға және ол аулаларға 50 бейнекамера орнату жоспарлануда.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң жергілікті тұрғындар жарыссөзге шығып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Сауалдардың басым көпшілігі жол, жарық, ауызсу, үйдің құжатын заңдастыру секілді мәселелерге бағытталды. Жарыссөзде сөз алған «Құрсай» шағынауданының тұрғыны Ш. Аббасов: «Біздің елді мекенде жаңа мектеп, жаңа балабақша, жаңа мешіт бой көтерді. Бұл үшін қала, аудан басшылығына алғысымыз зор. Ендігі ретте бір мәселе бар. Жаңа елді мекенде басында баспанасы бар, бірақ қолында құжаты жоқ көптеген үйлер бар. Солардың құжатын заңдастырып беруге көмек берсеңіздер» деп бұйымтайын айтты. Аталған ауданның тұрғыны С. Ордабаев болса, №60 бағыттағы автобустардың жүру арақашықтығы жарты сағатқа дейін созылатынын, осы бағытта қоғамдық көлік санын көбейтуді сұрады. Есептік жиында аудан әкімі А. Татыбаев залдан қойылған сауалдардың әрқайсысына арнайы жауап беріп, халықтың талап-тілегі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Жалпы, жарыссөзде сөз сөйлеген тұрғындар аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын берді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай қаламызда Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асып жатқанын қысқаша баяндап өтті. Әкім орынбасары жұртшылықты алдағы кезеңдерде де оңды істердің жолында бірлесе қызмет атқаруға шақырып, әкімдіктің тиісті сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.
Шағынаудандардың инфрақұрылым жүйесі нәтижелi жүргізілуде
Среда, 20 Январь 2016 07:10Аудан әкімі А. Татыбаев өз есебінде 2015 жылдағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осындай кездесулерде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтынын айтқан аудан басшысы, өткен жылғы сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасалғанын да тілге тиек етті. Әкімнің айтуынша, 2015 жылы аудан бойынша 9510 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ауыз су бойынша «Самал-3» шағынауданындағы 4133 үйге (18600 адам) су өткізгіш жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте аталған шағынауданды электр жарығы бойынша 1 кезеңде 1380 тұрғын үй жарықпен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар, былтыр аудан бойынша жаңа типтегі 59 қоқыс алаңшалары ауыстырылып, 20 аулаға 57 бағана орнатылып, аулалар жарықтандырылған.
Жол құрылысы саласында да ауқымды жоба-жоспарлар жүзеге асқан. Мәселен, аудандағы Ақжар тұрғын алабындағы Ынтымақ көшесіне, К.Маркс елді мекеніндегі Құрылыс көшесіне, «Қорғасын» шағынауданындағы Байтөреев пен Елқоныс көшелеріне және
«Қатынкөпір» шағынауданындағы І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Кеңес Одағының батыры Молдабаев көшелеріне асфальт жол салынған. Сонымен қатар, Конституция көшесі мен «Қатынкөпір» шағынауданындағы Е.Өмешұлы көшесінің бойына аяқжолдар төселген.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында орналасқан ретсіз сауданы жою жұмыстарын жүргізу мақсатында құзырлы органдармен бірлесе отырып, 135-тен аса рейдтік тексерулер өткен. Оның ішінде 207 ретсіз сауда орындары анықталып, 237 жарнама бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Заңсыз сауда бойынша барлығы 1234 хаттама толтырылған, 2 621 196 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 283 345 теңге өндірілген.
Әрине, есеп беру кездесуінде өзекті мәселелер де
назардан тыс қалған жоқ. Әкім баяндамасынан кейін жарыссөзге кезек беріліп, тұрғындар өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойды. Айта кетерлігі, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым көпшілігінде жер учаскелерінің шешімі, қоғамдық көліктердің бағытын реттеу, жол жиегіне аяқжолдар мен бағдаршам орнату мәселелері сөз болды.
Мәселен, Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны Қолдас Әлімқұлов аталған елдімекенде 7 мың халық тұратынын, мектепке барар жолда оқушылардың жиі апатқа ұшырайтынын айта келе жол жиегіне аяқжол салып берсеңіздер
деген өтінішін жеткізді. Осы ретте Қызылжар елді мекенінің имамы Ынтымақ Омаров та В. Терешкова атындағы мектептің алдына бағдаршам керектігін айтты. Себебі, мұнда балалардың мектепке барып-келуі қиындық тудырып отырған көрінеді. Жаңаталап елді мекеніндегі жол құрылысына байланысты үйлері бұзылмақ болған 10-ға жуық отбасыға арнайы жер телімдері берілетіні де осы жиында айтылды.
Жалпы жарыссөзге шыққан азаматтар аудан әкімінің есебін оң бағалап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан әкімі қорытынды сөзінде тұрғындар талабын назарда ұстайтынын және көтерілген мәселелер бойынша нақты әрі нәтижелі шешімдер болатынын мәлімдеді. Кездесу соңында жазбаша берілген сұрақтар мен ұсыныстар да ескеріліп, оған арнайы жауап берілетіні хабарланды. Еске сала кетейік, аудан әкімінің биылғы алғашқы есеп беру кездесуі «Қатынкөпір» шағын-ауданындағы №52 орта мектепте өткен болатын.
Жертөленi қонақүй етіп...
Пятница, 15 Январь 2016 04:54Шымкентте Жангелдин деген шағын көше бар. Білесіз, бе, білмейсіз бе, осы көшенің бойынан өте қалсаңыз алдыңыздан алыстағы туысыңыздай арсалаңдап шығатын пәтерін жалға берушілерді кезіктіресіз. «Квартира бар, квартира» деп алдыңызды кес-кестейді әлгілеріңіз. Осы кәсібі арқылы бизнесін дөңгелетіп отырғандардың ішінде тұрғындарға кедергісін келтіріп жатқандар да жоқ емес.
Жангелдин көшесіндегі нөмірі 16-шы көпқабатты үйдің тұрғындары осы аптада жергілікті полицияға арызданып, пәтерін сағаттап жалға берушілерге қандай да бір шара қолдану жөнінде шағым түсіріпті. Осы мақсатта мән-жайды көзбен көру үшін Әл-Фараби аудандық әкімдігі құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге арнайы рейд ұйымдастырды.
«Бақсақ бақа екен» демекші аталған бесқабатты үйдің 22 пәтері түгелдей табыс ошағына айналып кетіпті. Бір қызығы, әлгі пәтерлердің барлығы да бір адамға тиесілі екен.
Рейд барысында қызықтың «көкесін» көрдік. Әлгі пәтер иесі тұрғын үйдің жертөлесін де қонақүйге айналдырып, бірнеше бөлмелерге бөліп тастаған. Осылай жұмысын жандандырып отыр. Полиция өкілдері барған сәтте жертөленің қызметкерлері де, қараңғы бөлменің «тұрғындары» да жан-жаққа қаша жөнелді. Бір сағатқа жуық уақыт дегенде пәтер иесі де келді. Келе сала тұрғындарға дүрсе қоя берді. Қысқасы, ол тұрғын үй жертөлесін заңсыз қонақүй есебінде пайдаланып, табысын еселеп отырған екен. Онымен қоса тұрғын үй ауласындағы қоршалған жер де заңсыз болып шықты.
Рейдтік шараның нәтижесінде тексеруге барған комиссия мүшелері хаттама толтырып, бұл заңсыздықтың қатаң бақылауда болатынын айтты. Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрмановтың сөзіне сүйенсек, олқылықтармен күрес тұрақты түрде жүргізіле бермек.
– Пәтерін сағаттап жалға беретіндерге тосқауыл қоймай болмайды. Біз өз тарапымыздан рейдтер ұйымдастырып жатырмыз. Есік алды аулаларына заңсыз құрылыс жүргізгендерге де аяушылық болып жатқан жоқ. Жалпы осы өзекті мәселеде учаскелік полицейлер өз міндетіне жауаппен қарау керек. Тұрғындардың тыныштығын бақылау – тәртіп сақшыларының тікелей міндеті, – дейді аудан әкімінің орынбасары.