12 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды
Среда, 15 Май 2019 04:25Шымкентте көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекке 12 мың адам қол жеткізді.
Ал мамыр айының 15-іне дейін құжат тапсырған отбасылардың тағы 9 мыңға жуығы көмек алады. Мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған бірқатар аналар өз кәсіптерін ашуды қолға алған.
Жалпы бұл бағдарлама бойынша сәуір айынан бастап 21 мың тұрғыннан өтініш қабылданған. 39 мыңнан астам халыққа әлеуметтік көмекті алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, қалада бүгінгі таңда көпбалалы аналар саны 31 мыңнан асады. 3200 отбасының күнкөріс деңгейі төмен. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар саны 36 мыңға жуықтайды. Әлеуметтік көмек алатын азаматтарға қаланың 4 ауданынан құжат рәсімдейтін «Аналар орталығы» да ашылған болатын. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.
Сарапшылар бас қосты
Среда, 15 Май 2019 04:11Шымкентте ҚР Президенті сайлауына қатысты сарапшылар жиыны өтті.
Алқалы жиынға Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев, Шымкент қалалық Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жұмағали Білісбеков, Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, ОҚМПУ проректоры Баршагүл Исабек, журналист, блогер Сырым Иткулов, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мүшелері мен зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
«Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр жүргізген жиында «Шымкент қаласы Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков 9 маусымда өтетін Президент сайлауы бірінші кезекте еліміздің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
– Шымкент қаласы бойынша «Аманат» азаматтық платформасының эксперттік талқылауы еліміздегі елеулі саяси оқиға – ҚР Президентін кезектен тыс сайлау науқаны қарсаңында өтуде. Аты айтып тұрғандай, аманатқа қиянат жасамауға тиіспіз. Елдің жарқын жолда дамуы үшін сайлау науқанында сергектік танытуымыз қажет.
Шымкентте қазіргі таңда 45 ҮЕҰ жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым өкілдері сайлаудың әділ өтуіне атсалысып, бақылау жасауға ниет білдіруде. Бұл науқан еліміздегі демократиялық құндылықтарға сай, дамудың алғышарты бола отырып қазіргі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетін ортақ арнаға тоғыстырады, - деді Ж. Білісбеков.
Нұрғазы Бұқарбаев Шымкентте жұмысын бастаған «Аманат» азаматтық алаңының маңыздылығына назар аударды.
– Алдымызда Президент сайлауы тұр. Таяуда Шымкентте «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Бұл – әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық қоғам белсенділері кірді.
Бұл - еркін пікір алаңы. Осы жерде сайлауға қатысты мониторинг жүргізіліп, тұшымды ақпарат берілетін болады. Аталған тұғырнаманың белсенді жұмыс істеуіне Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытып отыр, - деді Н. Бұхарбаев.
Басқосуда Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова сөз алып, алдағы сайлауда ел ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір адамның дауыс беріп, таңдау жасауы азаматтық парызы екенін атап өтті.
– Шымкенттіктер барлық сайлауда белсенділік танытып келеді. Бұл жолы да халықтың белсенділігі жоғары деп айта аламын. Әлеуметтік желілерден байқағанымыздай, жастардың да қызығушылығы, қолдау білдіруі, азаматтық ұстанымы айрықша екенін аңғаруға болады. Биылғы сайлауға Шымкентте 122 мың жас қатыспақ.
Жалпы 9 маусымда өтетін Президент сайлауында Шымкент қаласында 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шымкентте және қалаға қосылған елдімекендерде сайлау кезінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ. Әр сайлаушының дауысы елдің тағдырын шешеді. Сондықтан белсенді азаматтық ұстаным танытып, ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісім үшін дауыс беруге тиіспіз, - деді Айгүл Қапбарова.
Сарапшылар атап өткендей, демократиялық сайлау және дауыс беру құқығы – демократияға қажет элементтер, қазақстандық мемлекеттіліктің басты қағидасы. Жиынға қатысушылар әрбір қазақстандық елдегі жоспарланған саяси оқиғалардың мәнін және оның Отанымыздың одан әрі өркендеуі үшін маңызын түсінуі керек екеніне тоқталды.
«АМАНАТ» сайлауға бақылау жасайды
Среда, 08 Май 2019 03:57Биылғы 9 маусымда елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні белгілі. Қоғам сайлаудың әділ өтуін қалайды.
Қазақстан Республикасының қоғам белсенділері осыны ескеріп, «Аманат» азаматтық платформасын құрды. Оның алғашқы отырысы Нұр-Сұлтан қаласында 22 сәуір күні өтті.
Аталған тұғырнаманың белсенді жұмыс істеуіне Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытып отыр. «Аманат» азаматтық тұғырнамасының Шымкент қаласындағы штабының жетекшісі Ербол Дайрашұлы штаб мүшелерін таныстырып, алдағы жұмыс барысын пысықтады. Жиынға «Шымкент қаласы Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков қатысты.
– Азаматтық алаңның мақсаты - алдағы өткелі жатқан сайлау үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу. «Аманат» азаматтық алаңы - бұл әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық қоғам белсенділері кірді, - деді штаб жетекшісі.
Бұдан соң штабтың аудандағы өкілдеріне сайлау барысында мониторинг жасаудың тәртібі түсіндірілді.
Сайлау үшін қажетті жағдай жасаудың 5 негізгі бағытын қамтитын тұжырымдама әзірленген. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 45 ҮЕҰ бар. Жалпы 9 маусым күні Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Шағынауданда – жаңа үй
Среда, 08 Май 2019 03:53Шымкенттегі «Шығыс» шағынауданында сегіз қабатты үй салынуда. Осылайша «Shymkent» ӘКК инвесторлармен бірге «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй салуды жалғастыруда.
Сегіз қабатты «Күншығыс» монолитті кешені 56 пәтерден тұрады: бір бөлмелі - 24, екі бөлмелі – 16 және үш бөлмелі 16 пәтер. Құрылыс 2019 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.
Мердігер – «А-Спецстрой» құрылыс компаниясы. Баспананың бір шаршы метрінің бағасы 210-220 мың теңге болады.
Айта кетсек, жуырда ӘКК-да Бірыңғай сату орталығы ашылады.
Жол құрылысы – әкімнің бақылауында
Среда, 08 Май 2019 03:52Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Байтұрсынов көшесіндегі құрылыс барысымен танысты. Қала әкімі бұл туралы Instagram әлеуметтік желісінде жазды.
«Байтұрсынов көшесі бойында атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап шықтым. Күн райы жылынғаннан бері жұмыс қызу жүргізілуде, биылғы күзде қаламыздағы жаяу жүргіншілер, велосипед және көлік жүргізушілері үшін ең ыңғайлы әрі үлгілі көшелердің біріне айналмақ. Ең бастысы, осы көше бойындағы жасыл желек пен ағаштарды сақтап қалуды ойластырудамыз», - деп жазды әкім.
Еске салсақ, Байтұрсынов көшесіндегі жұмыс ең алдымен Түркістан көшесімен қиылысқан тұсында басталған еді. Мердігерлер жаяу жүргінші жолдарын реттеп, жол жиегіндегі ирригациялық жүйелерді алмастыруда. Құрылыс барысында жаяу жүргінші жолы жасалып, көшеге асфальт төселеді. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сай веложол да салынады.
Шымкентте күзде 1260 пәтер беріледі
Пятница, 03 Май 2019 04:10Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша қараша айында 1260 пәтер беріледі. Бұл туралы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру бойынша өткен Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.
Кеңес төрағасы Дәурен Ахметов жүргізген кеңесте қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстар туралы тиісті сала өкілдері баяндады. Бүгінде бес бастама аясында Шымкент қаласы бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілген.
Үндеудің бірінші бастамасы – әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру.
Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, қазіргі таңда Шымкентте 132 үй салынуда (6513 пәтер, 578,2 мың ш.м.).
Оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен – 75, жеке салушылар есебінен – 49, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 8 үй салынуда.
Сала жетекшісі өз сөзінде күні кеше «Шымкент-Сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 арендалық коммуналдық үйдегі пәтер кілттері табысталғанын, оның ішінде 177 пәтер көпбалалы отбасыларға берілгенін атап өтті.
– Жалпы қала бойынша тұрғын үй кезегінде 37 мың 925 азамат тұр. Тиісінше, шаһарда тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Елбасы тапсырмасы аясында «7-20-25» бағдарламасын іске асыру және жандандыру бойынша іс-шара жоспары дайындалып, Шымкент қаласы тұрғындарына аталған бағдарлама аясында тұрғын үй алу талаптарын, тетіктерін түсіндіру мақсатында қаладағы ірі мекемелерде кездесулер, жиындар өтуде.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан кредиттік 246 пәтерлік 5 үйді осы бағдарлама бойынша сату жоспарлануда, - деді Мәлік Әбдінұров.
«Баспана ИҰ» АҚ аймақтық директоры Қасымбек Мәліков Шымкент қаласы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында 4,5 млрд теңгеге 450 өтінім қабылданып, 2,4 млрд теңгеге 239 өтінім мақұлданғанын айтты.
– Шымкенттегі Халықтық кеңседегі ақпараттандыру орталығында «7-20-25» бағдарламасы түсіндірілуде. Десе де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек.
Бұл бағдарлама – халықты баспанамен қамтудағы Елбасының тікелей тапсырмасы. Бағдарламаның орындалуы бойынша Шымкент қазір 8-орында тұр. Кідіруіне басты себеп – дайын үйлердің аздығы. Дегенмен, «Баспана ИҰ» АҚ еліміз бойынша 150 млрд теңге бағыттаған болатын.
Осы қаржының 10 млрд теңгесін Шымкент қаласына бөлді. Қала әкімдігі бұл қаржыны «Шымкент» ӘКК бағыттап, қазір қалада «7-20-25» бағдарламасы бойынша 24 үй салынуда. Осы күзде, яғни қараша айының басында ол үйлер (1260 пәтер) беріле бастайды, - деді «Баспана ИҰ» АҚ аймақтық директоры Қасымбек Мәліков.
Екінші бастамаға тоқталсақ, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бағытында ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз немесе 63 125 теңгеден төмен жалақы алатындарға қолданады. Бұл өз кезегінде 26 868 қала тұрғындарының отбасылық әлеуметтік жағдайына қолайлы әсер етеді. Айта кету қажет, 2019 жылы қала бюджетіне жеке табыс салығынан шамамен 415,3 млн.теңге кем түседі.
Үшінші бастама – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Қазіргі таңда қалада 10 жоғарғы оқу орны мен 29 колледжде 106 636 студент білім алуда. Оның ішінде 6 614 студент жатақханамен қамтылса, 8 050 орынға қажеттілік туындап отыр (ЖОО – 6 400 орын, ТжКБ – 1 650 орын).
Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасын Шымкент қаласында іске асыру, яғни студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мақсатында келесі шаралар қабылдануда.
Біріншісі - 2018 жылы жеке кәсіпкерлер мен «Қаржы орталығы» акционерік қоғамы арасында 350 және 200 орынды жатақхана құрылысын салу бойынша келісім-шарттар түзіліп, биыл сәуір айында құны 1 млрд 5 млн теңге болатын, 3 қабатты, 350 орынға арналған жатақхана құрылысы жеке кәсіпкер Қайыпованың есебінен салынып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді.
Ал құны 700 млн теңгені құрайтын, 7 қабатты, 200 орынға арналған жатақхана құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады.
Екінші - Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының өз қаржысы есебінен қолданыстағы оқу ғимаратын 450 орындық жатақхана етіп қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға тапсыру 2019 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Үшінші - «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының инвестициясы есебінен 2 500 орынға арналған 8 жатақхана салу үшін әкімдік тарапынан «Шымкент-Сити» шағынауданынан 2,5 га жер учаскесі белгіленіп, құрылыстың жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Одан бөлек жекеменшік инвестиция есебінен жатақхана салу мақсатында Тұран шағынауданынан 4 га жер учаскесі белгіленді.
Төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту бағытында да Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты екінші бағыты шеңберінде Шымкент қаласына 618,1 млн теңге қарастырылып, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен Шымкент қаласының әкімдігінің арасында үш жақты келісім-шартқа қол қойылды.
Елбасының бесінші бастамасы – елдімекендерді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Шымкентте табиғи газ жүйесімен қала тұрғындарының 91,6 пайызы қамтылған. Қалған 8,4 пайызына газ жүйелерін жүргізуді қажет етеді. 2019 жылы 2 жобаның құрылысы жоспарлануда.
SHYMKENT: 2020 жылғы мәдени астананың дайындығы қандай?
Пятница, 26 Апрель 2019 04:26Шымкент – бұрыннан мәдениет пен руханияттың, ынтымақ пен бірліктің ордасы. Еліміздегі ең шуақты шаһар. Қонақжай қала. Естеріңізде болса, 2017 жылы 11 қазанда Сочиде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Қазақстанның Шымкент қаласы 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) мәдени астанасы болып жарияланған еді. «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы аясында 2018 жылы Арменияның Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтің Брест қаласы таңдалған.
Шымкентте туризмді дамытудың мүмкіндігі жоғары
Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып бекер таңдалған жоқ. Мәдени астана мәртебесі қаланың одан әрі дамуына серпін берері анық. Шаһарда қазір 1 миллионнан астам адам тұрады. Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис саналады.
Еліміздегі әрбір төртінші сәби осы өңірде дүние есігін ашады. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті де еселене түсті. Шымкенттің дәл осылай қарқынды дамуы мәдени астана мәртебесін алуға сеп болғаны сөзсіз.
Бұл әрі шаһарға жүктелген үлкен жауапкершілік. Осы арқылы салт-дәстүрімізбен мәдениетімізді халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға мүмкіндік туындап отыр.
Былтыр Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Шымкентке арнайы іс-сапармен келіп, бірқатар нысандарды аралағаны есімізде.
Сол сапарында Елбасы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие шаһардың ендігі даму бағыты қалай боларын, нені алға шығарып, қандай көрсеткіштерді жақсарту керегі жөнінде міндеттер жүктеді.
– Шымкентте болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет.
Болашақ – ірі қалаларда. Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент өзінің даму моделін өзгертуге тиіс, – деген еді сонда Елбасы.
Сондай-ақ миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең бірінші, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.
– Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, заманауи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс, - деді Елбасы. – Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес.
Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек.
Н.Назарбаев бұған қоса мегаполистің сəулеттік келбеті туралы да айтып өткен еді.
– Шымкенттің өзіндік қайталанбас сəулеттік стилі болуы керек, - деді Тұнғыш Президент. – Елорданың стилін көшірудің қажеті жоқ. Өздеріңіздің мəдени ерекшеліктеріңіз бар.
Ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу керек. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламамыз бар. Ретсіз сауда орындарынан арылу керек. Шымкент ақылды қала болуы тиіс. Сонымен қатар қала аумағының кеңеюі емес, тығыз орналасуы өзекті.
«Шымкент Сити» қалашығында Конгресс орталығы ашылады
2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанын айттық. Осыған орай, әрі 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына байланысты Шымкентте бірнеше ірі жобалар басталды.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебінде осы жобаларды атап өткен болатын.
Нақты айтқанда «SСAT» әуе компаниясы әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастады, желтоқсан айынан бастап Шымкент – Дубай бағытында тікелей әуе рейсі ашылды.
Келесі әуе рейсі Шымкент – Қазан бағытында ашылады; теміржол вокзалы қайта құрылады және 20 мың орындық Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта құру жұмыстары басталмақ.
Сонымен қатар биыл «Қырғы базар» шығыс стилінде жаңғыртылмақ.
Қазіргі таңда «Шымкент Сити» аумағында Конгресс орталығы салынуда. «Bi group» компаниясы осы қалашықтағы 2300 орынға арналған сəулетті орталықтың құрылысын қызу жүргізуде.
Нысанның жалпы ауданы – 14550 шаршы метр, 2 қабатты болмақ. Жалпы құны 10,2 млрд теңгелік жобаға «Шымкент» ƏКК АҚ тапсырыс берген. Конгресс орталығы келесі жылы наурызда, яғни Шымкент 2020 жылғы ТМД елдерінің мəдени астанасы атанатын жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
2020 жылға қарай Шымкент жасыл оазиске айналғалы отыр. Соңғы жылдары қала аумағында 5 бірдей саябақ ашылды. Шаһардың жасыл белдеуіне негізінен арша, мәжнүн тал, емен, шаған, қарағай және калифорниялық терек егілді.
Осылайша Шымкент бүгінде атына сай желегі жайқалған жасыл қалаға айналып келеді.
Цитадель:«Ескі қалашықтың» жаңа келбеті
Бүгінде «Ескі қалашық» – «Цитадельді» қалпына келтіру және Қошқар ата өзені жағалауын көріктендіру жұмыстары қарқын алды. Қырғы базарды заманауи талапқа сай қайта құру мақсатында жаңа жоба әзірленуде.
Биылғы Наурыз мерекесінен соң үшінші мегаполиске іс-сапармен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, жаңа «Shymkent city» ауданының жобасы мен әуежайдың жаңа терминалын көрді.
Ескі қалашық, Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру және Тұран шағынауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жобаларымен танысты.
– Үшінші мегаполистің жаңа шағынауданы – «Shymkent city» жобасы аясында 1,5 млн шаршы метр үй салу, ал Қошқар ата өзені аумағында көпқабатты 32 тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған, - деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Айта кетсек, «Ескі қалашықта», тарихи деректерге сәйкес, ХIII ғасырда салынған цитадель бар. Мұндағы мәселелер қазір шешіліп, Қошқар ата өзені маңы абаттандырылған. Бірқатар балаларға арналған ойын алаңшалары ашылып, ауқымы кеңейген.
Демек, «Ескі қалашық» келесі жылғы мерейлі мереке қарсаңында Шымкенттің тарихи бөлігіне айналып, аумағы жаңарып, жаңаша түлемек. Осылайша ашық аспан астындағы мұражай ретінде көпшілікке ұсынылады.
Жаңа мәдени нысандар – Шымкенттің мақтанышы
Жалпы алғанда, Шымкенттің мәдени астана атануы мақсатында соңғы 5 жылдан бері жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Шымкенттің өзінде соңғы жылдары 50-ге жуық мәдени нысандар ашылды.
Қазірдің өзінде Шымкент шаһарының сауда-өнеркәсіптік, мәдени-әлеуметтік жағынан алғанда үлкен орталыққа айналғаны ақиқат. 10-нан аса іргелі жоғары оқу орны бар.
Шымкент бүгінде халқының көптігі, аумағының үлкендігімен ғана ерекшеленбесе керек. Тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген шаһар мәдениет пен руханияттың да ордасы.
Қазақ, орыс драма театрларын қоспағанда кейінгі жылдары опера және балет, әзіл-сықақ пен сатира театрлары шымылдығын түрді. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қарағандыдан кейінгі цирк ғимараты бар еліміздегі төртінші қалаға айналды.
Шымкенттің шырайын Ордабасы алаңындағы «Жер-Ана» монументі арттыра түскен. Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Монументке Елбасының сөзі латын тілінде қайта жазылды.
Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады. Қаланың бір белгісіне айналған Қошқар ата бұлағының жағалауы да бүгінде адам танымастай өзгерді.
100 жылдан кейін қайта жаңғырған «Қошқар ата сейілі» фестивалі осы өзеннің бойында өткізілуде. 4 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан фестиваль келесі жылы Шымкентке келетін туристердің қатарын көбейтпек.
Бұдан бөлек, «Наурыз» алаңы, Абай атындағы саябақта «Даңқ» мемориалы, «Хакім Абай музейі» пайда болды. Жаңадан бой көтерген Арбат пен қайта жаңартылған Дендросаябақ, «Шәмші әлемі» гүлзары – Шымкенттің шынайы мақтанышы.
Рас, Шымкенттің шырайлы, жағымды жақтары жеткілікті. Өркенді, өрісті істері аз емес. Шуақты шаһардың жетістіктерін ешкім жоққа шығармас.
Елбасы былтыр күзде келген сапарында «Шымкентте басқа қалалармен салыстырғанда ауа райының қолайлығы бар. Жыл он екі ай құрылыс жүргізуге болады. Сондықтан мен бәрін тез өркендетуге, өсіруге болады деп санаймын.
Шымкент елорда мен Алматы сияқты халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, спорт сайыстары мен концерттер, жиындар өткізетін алаңға айналуы керек» деген еді.
Таяуда Шымкент қаласының бюджеті нақтыланды. Республикалық маңызы бар қала атануына орай енді стратегиялық маңызы бар ірі құрылыс жұмыстары қарқын алары сөзсіз. Көптеген тұрғын үйлер салынады.
Ірі жолдар түсіп, жаңа нысандар бой көтереді. Жолдың екі шеті біркелкі əдемі аяқжолдармен толығып, велосипед мінгендерге қосымша жолақ салынады. Ал ағаштар қырқылмайды, түбіне таудың тасы төселеді. Сонда көше шаң-тозаңнан таза болмақ.
Әлеуметтік бағытқа – жаңа автобустар
Пятница, 19 Апрель 2019 04:19Шымкентте №150 бағытта жаңа автобустар қатынай бастады. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев Instagram парақшасында жазды.
«Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгін әлеуметтік маңызы бар 150 автобус бағыты жұмысын бастады. Аталған бағыттың соңғы аялдамалары ТЖВ- Достық шағынауданы болып белгіленген.
Ал қатынайтын көшелері – Анар, Төлеби, Адырбеков, Жібек жолы, Сасбұқаев, Жандосов, Ерімбетов, Арғынбеков, Шаяхметов, Назарбаев, Бәйтереков, Төлеметов, Бәйдібек би, Асар ш.а., Алматы айналма жолы, Достық ш.а.», - деп жазады басқарма басшысы.
№150 автобус бағытының жұмыс кестесі сағат 07:00 ден сағат 21:00-ге дейін, қозғалыс интервалы – 20-25 минут.