Тәуелсiздiк – Мәңгiлiк Елдiң ұлы тарихы Избранное

Пятница, 19 Декабрь 2014 04:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4507 раз

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар елордамыз Астанада әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Астанаға алыс-жақын шетелдерден арнайы келген қонақтар да, еліміздің өңірлерінен қуаныштың ортасында болуды ниет еткендер де Қазақ елі үшін ұлы мереке саналатын айтулы күннің мән-маңызын, дәреже-деңгейін, тарихи-танымын, сән-салтанатын паш ететін іс-шаралардың куәгері болды.

011-936Елордадағы «Астана Опера» театрында өткен салтанатты шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Елбасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны – өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн екенін атап өтті. «Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Тәуелсіз елдердің барлығы бірдей тұрақтылық пен татулыққа ұйып, дамудың даңғылына түсе алған жоқ. Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бү­гінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен ба­балардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауап­кершілік», – деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты жаңа сын-қатерлерге Қазақстанның лайықты жауабы екенін айта келе, оның маңызды бағыттарына жекелей тоқталды. Қазіргі уақыттағы әлемдік саясаттағы дағдарыс пен санкциялар жаһандық экономика үшін тәуекелдерді күшейте түсу мақсатында жүзеге асырылуы тиіс міндеттерді атап көрсетті. Үкімет пен Ұлттық банк алдына экономиканы долларсыздандыру, инфляциялық шектеуге өту сынды екі маңызды міндет қойды. «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық! Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды ету үшін одан да зор қажыр-қайрат керек. Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – ортақ парыз. ХХI ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу – ортақ жауапкершілік», – деді Мемлекет басшысы.

Келер жылдың еншісіндегі шаралардың да маңызы зор. Ұлттық тарихымыз бен мә­дениетіміздегі маңызды датаны – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылын және Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясын бүкіл халық болып қабылдаудың 20 жылдығын атап өтетін боламыз. Ұлы Отан соғы­сын­да фашизмді жеңудің 70 жылдығы да кең көлемде мерекеленеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз сөзінде Мәңгілік Ел – ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенім арттыратын идея, кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы екенін атап өтті.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл біздің ұрпағымыздың көптеген буыны жүру маңдайына жазған миллиондар жолы. Біз белгілеген тарихи датаға дейін 36 жыл бар.
1450129 274006016103064 423625795047270463-12050 жылы 1991 жылы туған Тәуел­сіздіктің құрдастары сол кезде үл­кен өмірге қадам басатын жас қазақ­стан­дықтар үшін аға буын болады. Тәуел­сіз­діктің құрдастары шамамен 60-қа келеді. Олар ақсақалдар буынына айналады. Қазақтарда «Елу жылда – ел жаңа» деген ұғым бар. Бұл сөздер не ғылыми-техникалық прогресс, не инновациялық технологиялар болмаған ерте кезеңде айтылған. Біздің дәуіріміз – жылдамдықтар уа­қыты. ХХІ ғасырда қоғам әрбір бес жыл сайын түбірінен өзгеріп отырады. Сондықтан басты екі қағида халық тағ­дырын айқындайды. Бірінші. Бұл ұрпақтар мен құн­ды­лықтар сабақтастығы. Екінші. Ұлттың серпінділігі, жас­тардың инновациялылығы. Біз өзіміздің тарихымызды батыл жә­не лайықты жүзеге асыруға тиіспіз. Біз егер біртұтас болсақ, күштірек бола түсе­міз. Біздің жалпыұлттық идеямыз – Мәң­гілік Елдің мыңжылдық мәні, міне, осында», - деді Елбасы.
Халқымыздың қастерлі Тәуелсіздігі мен Мәңгілік Еліміздің болашағы өзін үнемі толғандыратынын, Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы қандай болуы қажет деген сауалды өзіне сәт сайын қоятынын айта келе Н.Назарбаев еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарға, бүгінгі буынның ерен істерін лайықты жалғастыратын ертеңгі ұрпаққа арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты ой орамдарын жария етті. Сөзінің соңында Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Салтанатты шара өнер шеберлерінің мерекелік концертіне ұласты. Мерекелік концертті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары да тамашалады.

Еселi еңбекке берiлген мемлекеттiң баға­сы

Тәуел­сіз­дік мере­кесі қарсаңында  Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет­тік марапаттарға ие болған қа­зақ­­стан­дықтардың бір тобы­на наградаларын өз қолы­мен тапсырды. « Сіздер бірлігімізді арттырып, бере­ке­мізді нығайтуға атсалысып келесіздер. Сондықтан бүгін өздеріңізге тапсырылатын мемлекеттік наградалардың маңы­зы өте зор. Бұл марапат сіздердің еселі еңбек­теріңізге берілген мемлекеттің баға­сы іс­петті. Өйткені, сіздер өз сала­ларыңызда, өз ұжым­дарыңызда еңбек ете отырып, ел бай­лығын есе­леуде, атқарып отырған қыз­мет­теріңізде көп нәрсеге қол жеткіз­діңіздер.Шамамен алғанда, еліміз бойынша 1,5 мыңға жуық адам мемлекеттік марапаттарға ие болып отыр. Әрине, олардың бар­лығына бірдей мен өз қолым­мен алған наградаларын тапсыра алмаймын. Сондықтан сіздерге наградаларды тапсыра отырып, өз атымнан оларға да тапсырдым деп есептеймін», – деді Елбасы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.
Бұл күні Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын, «Отан», І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерін, бі­рін­ші, екінші дәрежелі «Даңқ», екінші дәрежелі «Айбын» орден­дерін, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Жауын­герлік ерлігі үшін» медальдарын табыс етті. Сонымен қатар, осы салтанатты шара барысында биылғы жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сый­лығын алған жазушы Қажы­ғали Мұханбетқалиұлына, ақын Гүлнәр Салық­баеваға, әнші Пантелей  Кесоглуге, композитор Балнұр Қыдыр­бекке және Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған тарихи-монументалды саябақ кешені үшін Ас­қар Мырзахметов, Бақытжан Әшір­баев бастаған бес адамнан тұратын авторлар ұжымына алған сыйлықтары табыс етілді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.