«Қазына» Шымкентті әлемге танытып жүр
Пятница, 07 Июнь 2024 06:48Қазақ жұрты сахна өнері, оның ішінде би өнерін бұрыннан ерекше қошеметпен бағалаған. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса эстетикалық сезім сыйлайды. Осы орайда қазақ ұлттық би өнерін дәріптеп жүрген, қазақтың биін шет елге танытып жүрген «Қазына» халық би ансамблінің жыл басынан бері жеткен жетістіктері көп.
Биыл Өзбекстанда, Хиуа қаласында әлемнің 33 елінен 200-ден астам дарынды бишілер жиналған II Халықаралық «Лязги» байқау-фестивалі өтті. Осы фестивальде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік ететін «Қазына» халық би ансамблі 1-орынға ие болды.
Лязги – Әмудария өзенінің төменгі жағалауында тұратын хорезмдіктер жасаған көне би (ол «күн биі» деп аталады) және ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.
«Қазына» халық би ансамблі Астана қаласында өткен «Наурыз-2024» ұлттық сыйлығының «Үздік ұлттық би ансамблі» марапатына ие болған. Түркіменстан Республикасының астанасы Ашхабадта өткен «Анев-2024 – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына қатысты. Ресей мемлекетіндегі Пенза қаласында 5-9 сәуір аралығында ансамбльдің солистері Владислав Мельников, Тахмина Исаева және Аделина Тұнғышбаева VIII халықаралық «Өз жұлдызыңды жандыр» хореографиялық өнер байқау-фестивалінің Гран-при иегері атанды. Сондай ақ, Швейцария мемлекетінің Женева қаласында ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының ұйымдастыруымен өткен Түркі апталығына қатысты.
«Қазына» би ансамблі 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының өнерпаз студенттерінен құрылған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова, ал көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері марқұм Мұса Жарқынбеков болған. Қазіргі таңда ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауре Бекембайқызы. Үздік би ансамблі республикалық, шетелдік талай додаларды бағындырып, әлемге еліміздің атын паш етіп жүр.
– Мерейтойды республика көлемінде және шетелдерде де өткізу жоспарымызда бар. «Қазына» би ансамблін қалыптастырудағы мамандардың үздік іс-тәжірибесімен бөлісу, жергілікті қолөнер мен ұлттық киім тігу шеберлерінің еңбегін көпшілік назарына ұсыну – біздің басты мақсатымыз, – дейді Зәуре Бекембайқызы.
Ансамбльде бүгінде 23 әртіс жұмыс істейді. «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында ұжымның шығармашылық дамуын, би қойылымдарында тақырыпты ашу, сахналық бейнені қалыптастыруда кәсіби біліктіліктерін арттыру, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін би өнері арқылы қайта түлетуді көздей отырып, штат санын 40-қа жеткізу жоспарда бар. Осыған орай 13-14 маусымда кастинг өтеді. Жергілікті бюджет есебінен өнер ұжымына жаңа костюмдер үшін 54 млн. теңге бөлінбекші. Қазіргі уақытта ансамбль репертуарында 80-нен астам би қойылымдары бар.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
Құрылыс базарлары қала сыртына көшірілуде
Пятница, 07 Июнь 2024 06:46Абай ауданы аумағында орналасқан құрылыс заттары сатылатын базарларды қала сыртына көшіру жұмыстары басталды.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан қала сыртынан ұсынылған Бадам бағыты бойындағы 75 га жер телімінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл жерге құм, шағал-тас, өзге де құрылыс заттары сатылатын базарлар көше бастады. Аталған жұмыстар барысымен Абай ауданының әкімі Б.Парманов танысып, тиісті сала мамандарына жұмыстарды уақтылы орындауды тапсырды.
Ал, Сырым батыр көшесінде орналасқан ағаш базары аумағында 10-нан астам сауда нүктесі бар. 2-3 гектар аумақта 5 кәсіпкер ағаш сатумен айналысады.
Қазіргі таңда аталған ағаш базарын Бозарық шағынауданында орналасқан 5,3 гектар аумаққа орналасқан жаңа базарға көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Үздік жобалар анықталды
Пятница, 07 Июнь 2024 06:41Шымкентте бұрынғы балалар темір жолының бойы жаңа серуен алаңына айналады. Осыған орай қала әкімдігі балалар темір жолының 2-станциясы болған аумақтан кофехана ашылатынын айтып, кәсіпкерлер арасында байқау жариялаған еді. Байқауға 17 үміткер кофехана қатысты.
Арнайы құрылған 9 мүшеден тұратын комиссияның отырысында ұсынылған концепциялар егжей-тегжейлі қаралып, дауысқа салынды. Дауыс беру байқаудың негізгі шарттарына негізделді. Нәтижесінде байқау арасында көп дауыс жинаған екі үздік жоба анықталды.
Біріншісі – А.Асқаров атындағы Дендросаябақ маңындағы бұрынғы балалар темір жолының станциясы аумағы бойынша «S.V.U. group» ЖШС-нің концепциясы. Жоба 7 дауыс жинады.
Екіншісі – Қажымұқан атындағы стадион маңындағы бұрынғы балалар темір жолының станциясы аумағы бойынша «Milita group» ЖШС-нің концепциясы. Жоба 6 дауыс жинады.
Жеңімпаз атанған жобалардың артықшылығына тоқталар болсақ. «S.V.U. group» ЖШС-нің концепциясында Темір жол станциясының бастапқы кейіпі сақтала отырып, Дендросаябақта спортпен айналысатын қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы киім ауыстыру орны қаралған. Оған қоса, локомотиві бар (паровоз) пойызға ұқсатылған әр түрлі тематикадағы тамақтану орындары қарастырылған.
Ал, екінші жобада «Milita group» ЖШС ескі вокзалды тематикалық жаңашылдық бағытында құрумен қоса балалар пойызының вагондарын қайта қалпына келтіріп, ішін кафетерий ретінде пайдалануды ұсыған.
Айта кетейік, жеңімпаз атанған қатысушылардың қоғамдық тамақтандыру саласындағы 15 жылдан аса тәжірибесі де ескерілген. Бүгінгі таңда жоғарыдағы аталған нысандарды сенімгерлік басқаруға беру бойынша тиісті құжаттар рәсімделуде.
Күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік беруде
Пятница, 07 Июнь 2024 06:31Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қабылдауға алдын-ала жазылған азаматтармен кездесіп, өтініштері мен ұсыныстарын қарастырды. Тұрғындар баспана алу, жұмысқа орналасу, жер телімдерін беру және заңдастыру, инфрақұрылым мен жолдардың сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді көтерді. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірді.
Әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 170 тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Азаматтарды қабылдау мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік беруде.
Қосымша уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды.
Әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізген Ғ.Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
МӘМС: 4 айда 400 науқасқа күрделі ота жасалды
Пятница, 07 Июнь 2024 06:21
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімдігін әлі күнге дейін халық біле бермейді. Дегенмен, МӘМС арқылы көп жағдайда тегін ем алуға мүмкіндік бар. Осы саладағы оң жетістіктер мен тұрғындарды сақтандыру жүйесімен қамту мәселелері туралы қор филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК айтып берді.
– Жекеменшік медициналық ұйымдар МӘМС шеңберінде халыққа қандай қызмет көрсетеді?
– МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і – мемлекеттік, 156-сы – жекеменшік медициналық ұйымдар. Ең бастысы халықтың таңдау құқығы бар. Жекеменшік медициналық ұйымдардың ішінде 89 стоматологиялық мекеме МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуде. Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы. Ал, шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетеді.
Филиал тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Өйткені, халықты сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамту, қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыру – МӘМС жүйесінде медициналық қызмет берушілерге қойылатын негізгі талаптар. Былтыр, мәселен, емханалар тарапынан уақтылы медициналық қызмет көрсетілмеуіне байланысты 500-ге жуық шағым тіркелген. Азаматтардан түскен 65 шағым бойынша жоспардан тыс мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 22-нің негізділігі анықталған.
– МӘМС инсульт алған науқастарға қалыпты өмірге оралуға қандай мүмкіндіктер беруде?
– Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде инсульт алған 700-ден астам адам медициналық оңалту шараларымен қамтылды. Науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге қайта оралулары үшін МӘМС есебінен оңалту көмегін көрсетуге 168 млн 387 мың теңге қаржы жұмсалған. Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да асқынған ауруларда отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралуы оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға ерекше көңіл бөлінген.
Шымкентте жалпы МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артты. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульмонологиялық бағыттар бойынша 72 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Оңалту шараларының арқасында өздері жүретін жағдайға, қалыпты өмірге оралған азаматтар қаншама. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен.
– Халықтың басым көпшілігі әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігін біле бермейді. Осы мәселені тереңірек түсіндіріңізші.
– Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Бүгінгі таңда 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны – 220 731. Қордың басты мақсаты халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамту. Дегенмен, бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайы ерекше назарда. Шымкент қаласы бойынша жағдайы өте мүшкіл Е санатындағы 9555 адам тіркелген. Жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарды медициналық көмекпен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда барлық жауапты басқармалар тарапынан әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қайтарымсыз грант және кәсіптік оқыту арқылы жұмыссыз адамдарды қамту және денсаулығына байланысты жұмысқа қабілетсіз, бірақ мүгедектік тағайындалмаған азаматтарды емдеу мекемелері медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссия қарауымен қамтамасыз ету көзделген.
– Жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылды?
– Шымкентте биыл 4 айда МӘМС қаражатының есебінен 400-ден астам науқасқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Атап айтқанда, аруханаларда ми-қан тамырларының күрделі бұзылыстары, жүрек аурулары және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да аурулар бойынша қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалған. МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен. Азаматтар осылайша ай сайынғы жарна есебінен медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуда. Мәселен, соңғы 4 жылда 13 науқасқа құны 77 миллион теңге тұратын жасанды жүрек отасы жасалған. Жалпы, биыл 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған.
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
Ұранды елдің – ұрпағы қайсар
Пятница, 07 Июнь 2024 05:55Еліміздің батысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілері мен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Шымкентке оралды.
Антқа адалдығы үшін алғыс айтты
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 300 әскери қызметшісі мен 17 техникасы бар әскери эшелон Бадам ауылына оралды. Жеке құрамды теміржол станциясында бригада командирі полковник Әмірқожа Айтқожин қарсы алды.
Әскери қызметшілерді әріптестері, ата-аналары мен отбасы мүшелері қошеметпен қарсы алды.
Саптық алаңда біріккен жасақтың командирі подполковник Айбар Абайұлы бөлім командиріне 55 күндік іссапардың қорытындысы туралы баяндады.
Бөлімше Махамбет ауданының орталығы мен Есбол, Еңбекшіл, Ақжайық, Ақтоғай, Талдыкөл және Жалғантай ауылдарын тасқын судан қорғауға қатысты. Осы уақыт ішінде механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері ұзындығы 90 шақырымдық жағалауды нығайтатын құрылыстар салып, құм салынған миллионнан астам қап дайындап, төседі.
Полковник Әмірқожа Айтқожин әрбір әскери қызметшіге жанқиярлық еңбегі, ерлігі және антқа адалдығы үшін алғысын білдірді.
– Апат аймағында жұмыс істеу сіздерден күш-қуат, төзімділік қана емес, жоғары жауапкершілікті де талап етті. Ауылдарды тасқын судан қорғауға және одан келетін шығынды азайтуға тырысып, сіздер ерекше батылдық пен табандылық таныттыңыздар, – деп атап өтті командир.
Іс-шара соңында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер төсбелгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Олар батыста ерліктің үлгісін көрсетті
Атырау облысына су тасқынын жоюға аттанған шымкенттік құтқарушылар да өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап, үйлеріне оралды. Оларды әріптестері мен туыстары салтанатпен күтіп алды.
Салатанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы генерал-майор Қ.Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.
Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Атырау облысындағы су тасқынына қарыс іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 13 сәуірден бастап Атырау облысының Құлсары қаласы, Алмалы, Ақжар, Индербор, Махамбет аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 60 мың қап төседі, сондай-ақ 323 236 текше метр су сорды. Тұрғындарының атынан шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс айтылып, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Еске сала кетейік, Атырау облысына Шымкент қаласы ТЖД 47 жеке құрам, 6 техника, 15 мотопомпа, 2 қайық жіберілген болатын.
«ШК» – ақпарат
Ата заң алғаш рет Брайль әліпбиінде жарық көрді
Пятница, 07 Июнь 2024 05:54Қазақстанның Конституциясы алғаш рет Брайль әліпбиінде жарық көрді. Бұл туралы ҚР Конституциялық Сотының баспасөз қызметі мәлім етті.
Бүгін Конституциялық Сот алғаш рет Брайль шрифтімен мемлекеттік және орыс тілдерінде басылып шыққан Қазақстан Республикасының Конституциясының тұсаукесерін өткізді.
«Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Қазақстанның Ата заңының мәтінін көру қабілеті нашар немесе зағип азаматтар үшін Брайль шрифтіне (бедерлі-нүктелі тактильді шрифт) аудару жобасын ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрді», - делінген хабарламада.
kaz.inform.kz
«Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы»
Среда, 05 Июнь 2024 05:43Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Президент Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт берді. Содан кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.