Трансплантациялау бірнеше адамның өмірін құтқарады
Среда, 30 Май 2018 04:13Ағза мүшелерінің трансплантациясы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету аурханасында 2013 жылдан бастап практикаға енгізілген. Бүгінге дейін 100-ге жуық бүйрек, 16 бауыр ауыстыру отасы жергілікті тұрғындармен қатар шетел азаматтарына сәтті жасалды. Еліміздегі орган ауыстыру бойынша үшінші аурухананың жағдайы, бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан едік...
Сұхбатқа келісілген уақыттан ерте келгеніммен, аурухана ішінде дәрігерді біраз іздеуге тура келді. Тіпті, адасып, бір-біріне жақын орналасқан қос ғимараттың ішін екі қайтара шарлап шықтым. Бауыр, бүйрек трансплантологиясы және гепатопанкреатобилиарлық хирургия бөлімшесін әрең таптым. Бөлім меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров жиналыста екен, келген бойда уақытты созбай сұхбатымызды бастап кеттік. Бір байқағаным, кейіпкерім тәжірибелі дәрігер болғанымен қарапайым жан.
Хирургиядағы ең күрделі ота
Адам дене мүшесін бірінен алып, екіншісіне қайта салу күрделі процесс және қымбат ота түріне жататыны белгілі. Ондай ота мемлекет есебінен органға кезекте тұрған ел азаматтарына тегін жасалып келсе, биылдан бастап шетелдіктерге де ақылы операциялар жасалуда. Бүгінге дейін Канада, Германия, Румыния, Израильдан келген 6 науқас ағза трансплантациясы үшін аталған аурухананың дәрігерлерінің көмегіне жүгінген.
– Ол науқастар емнің сапасымен қатар отаның арзан болғаны үшін біздің аурухананы таңдайды. Сайттардағы медициналық туризм жөніндегі мәліметтерге сүйеніп келген. Алдағы уақыттарда ондай операциялар көбейе түспек, – дейді жоғарғы санаттағы хирург Сәбитхан Тұрғанұлы. – Мұндай оталар Еуропа елдерінде 100 мың АҚШ долларының үстінде жасалса, ал біздің аурухана тарифі бірнеше есе төмен. Және оны білікті дәрігерлерден құралған арнайы топ жасайды. Аурухананың бас дәрігері Мәди Бигалиев бастаған хирург-трансплатолог, реаниматологтармен қатар науқастардың жағдайын бақылайтын лаборатория, УДЗ, томография, диагностика саласының дәрігерлері күрделі саналатын оталарды сәтті жасап келеді. Олар – Қазақстан мен алыс-жақын шетелдерде білім алған жоғары санаттағы дәрігерлер. Атап айтсақ, Оңтүстік Корея, Беларуссияда, өзіміздегі Астана, Алматыда оқыған. Сонымен қатар ауруханамыз да науқастарды емдеу үшін жаңа заманауи аппарат, құралдармен жабдықталған.
«Донор тапшылығы қолбайлау болып отыр»
Дәрігердің айтуынша, ағза ауыстыру процесі екі түрде жүзеге асады. Бірі – тірі, екіншісі миы тоқтағаннауқастардың донор есебінде органдарын алу арқылы жасалады. Екі донорға тоқталып өтсек. Біріншісінде науқастың туысы немесе басқа азаматтар өз ағзаларын ұсынады. Ескертетін жәйт, мемлекетімізде азаматтар органын туыстарынан өзгелерге ауыстыруына немесе саудалауға заңмен тыйым салынған. Ал мәйіт донор – бұл миы өлген деген диагноз қойған науқастан туыстарының жазбаша рұқсатымен алынады.
– Әлемнің көп елдерінде тірі донорлар өз ағзаларын басқа адамдарға сатуына рұқсат бар. Бізде ол заңмен шектелген. Ал миы тоқтаған науқастың өмірін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін реанимациялық әр түрлі шаралар қолдану арқылы ұзартуға болады. Жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып, жүрегі де арнайы құрылғының көмегімен соғып тұрады. Егер осы әрекет тоқтатылса, науқас қайтыс болады. Осы диагноз қойылған мәйіт донор болып есептеледі, – дейді дәрігер.
– Жасыратыны жоқ, бізде ондай науқастар кездесіп тұрады. Бірақ оның жақындары көп жағдайда ағзасын өзгелерге беруден қашады. Біреулері дінде жоқ екенін алға тартса, басқалары түрлі себептермен қарсылық білдіреді. Егер мәйіт доноры трансплантациясы дамитын болса, оның өрісі кеңейер еді. Бір миы өлген науқас 7-8 адамға ағзасын беру арқылы олардың өмірін сақтап қала алады. Екі бүйрегі, бауыры, өкпесі, жүрегі сынды дене мүшелері өзгеге өмір сыйлауына мүмкіндік берер еді.
Ақ халат кию – абыройлы һәм адал қызмет
Сұхбат барысында Сәбитхан Тұрғанұлы 1996 жылы Ақтөбе медициналық институтын тәмамдаған кезден бастап осы ауруханада қызмет етіп келе жатқанын, медицина саласына ата-анасының ықпалымен оқуға түсіп, дәрігер атанғанын айтты.
–Біз үшін әке-шешеміздің айтқаны заң еді. Осы саланы оқисың деп жол сілтегенде, бала арманымнан қол үздім. Бірақ осы күнімізге шүкір. 20 жылдан астам уақыт хирург-дәрігермін. Ұзақ жылдар бір салада келе жатқанымның бір себебі – медицинаны құрметтеймін. Естіп, көріп жүрміз – көп адам білім алғанымен басқа салаға кетіп жатады. Соңына дейін шыдамай, кәсіпкерлікті қолға алғандары бар. Жұмысымыз таңертеңгілік реанимациядағы науқастарды бақылаудан басталады. Одан кейін бір күнге жоспар түзіп сол бойынша қызмет етеміз. Біз – адам өміріне жауапты мамандармыз. Қандай дәрігер болмасын, артылар жауапкершілік ауыр. Сондықтан абыройлы қызмет ету – басты мақсатымыз.
IT parkте оқып жүр, дарынды елдің баласы!
Пятница, 25 Май 2018 05:201. Ақпараттық технология – бүгінгі сұраныс
2. Өңірдегі алғашқы «IT park»
3. Жастарға жаңа технологияны меңгерудің тиімділігі
Жуырда облыстық жастар орталығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жас бағдарламашылар мектебі ашылды. «IT park» деп аталатын бұл үйірмеде бүгінде 800-ге жуық жас бекітілген кестеге сәйкес 5 топқа бөлініп, аптасына 2 рет білімін жетілдіруде. Бұл ортада олар нені білмекке ұмтылып жүр? Жалынды жастардың жаңа технологияны меңгеруге құлшынысы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп, үйірме жастарының сабағына қатысып қайттық...
Жастар орталығына айына кемі 2-3 рет бас сұғып тұрамын. Тек іс-шараларда ғана емес, қаланың жас тұрғыны ретінде жиі ұйымдастырылып тұратын пайдалы үйірмелер мен қызықты семинар-тренингтерді мейілінше жібермеймін. Жастар жиі шоғырланатын ғимаратта бұған дейін «Робототехника» үйірмесі болған. Қазір сол орында жаңадан жас программистер мектебі ашылып, шәкірттер тегін білімін шыңдауда. Үйірмеге келушілермен ілесіп, жұма күнгі дәріске барған едім...
VR көзілдіріктің арғы жағындағы «IT park» немесе виртуалды шындық
Бөлме мұнтаздай таза. Жинақы. Артық зат жоқ. 15-20 адамға лайықтап орындықтар орналасқан. Ұл-қызы аралас топтың ортасына сіңісіп кетуге барымды салып, Нұрсұлтан мен Руслан есімді екі жігіттің ортасына жайғастым. Әр қатысушының алдында бір-бірден қойылған ноутбуктердің өзіме тиесілін ашып, жанымдағы отырған қатысушыларды әңгімеге тарттым. Руслан мобильді қосымша жасап жатса, Нұрсұлтан 3D Blender деген бағдарламада бөлменің ішкі бейнесін салып отырды. Екі жігіттің де мамандығы басқа. Бірі инженер болса, бірі - химия саласының маманы.
- Бүгінде әлемнің бірқатар елінде VR технология кеңге қанат жайып келеді. Ал бізде әлі мобильді қосымша жасаудың һас шебері атанған мамандар санаулы. Барымды салып, қолымнан келгенше үйреніп жүрмін. Бұл арнайы көзілдірік арқылы виртуалды кеңістікке енуге мүмкіндік беретін бағдарлама,-дейді жоба қатысушысы. - Түрлі дыбыстар мен бейнелердің көмегі арқылы жасанды әлемеге тап бола аласыз. Тек ойын есебінде емес, сынақ жүргізіп, біраз дүниелер жасауға болады. Қазір адамдар жаңа дүниелерге әуес. Дәл осы технологияның көмегімен туризм дамыған елдерде бір мезгіл демалуға арналған VR орталықтарын ашып үлгерген. Тіпті, алысқа ұзамай-ақ, бүгінде қаламыздағы дүкен сөрелерінен vr көзілдіріктерін таба аласыз. Бұл адамдарды сандық технологиялармен жұмыс істеуге әзір екенін көрсетеді,- дейді Нұрсұлтан.
Ал смартфонның камерасы арқылы қағаз бетінен бейне шығаруға машықтанып жүрген Руслан бұл бағдарламаның құрылыс саласындағы мамандардың жұмысын жеңілдететінін айтады.
- Қазір ұялы телефоны жоқ адамдар сирек кездеседі. Барлығы байланыстың тиімді құралын пайдалануда. Ал сол смартфондардың көмегі арқылы біраз шаруаны жүзеге асыруға болады,-дейді Руслан. – Бір ғана қарапайым мысал, күнделікті достарымызбен хат алмасып игілімізге жаратып отырған WhatsApp мессенджеріне тоқталсақ, ол – әлемнің 121 елінде қолданушылары бар ең ауқымды қосымшалардың бірі. Иесі ашық деректер көзіне сүйене айтсам, 22 миллиард АҚШ доллар пайда тапқан. Біздің де осындай қосымшалар құрастыруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін көп еңбектенуіміз керек. Адамдар бұл жәй ғана қосымша деп қарауы мүмкін, алайда, бір ғана бағдарлама арқылы көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады.
10 шәкірт екі қолға бір күрек ұстапты
Бұл мектептің негізгі мақсаты - жастарды жаңа технология әлеміне дайындау. Ал ол идея «UX group» IT агенттігінің жетекшісі Азиз Есжанов пен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебековке тиесілі. Жоба қаңтар айынан басталды.
- Осы мектептің ашылып жатқанын әлеуметтік желі арқылы хабарладық. 800-ге жуық өтініш келіп түсті. Біз 4 кезең бойынша қатысуға ниетті азаматтарды теңдей етіп топқа бөліп, білгенімізбен бөлісіп келеміз. Қазіргі күні 125 адам толық курсты бітірген болса, 10 шәкіртке жұмыс ұсындық. Бүгінде сол алған білімдері кәдеге жарап, қаржы тауып жатыр,-дейді жоба жетекшісі Азиз Есжанов. – Олар бұл мектепте сайт ашу, мобильді қосымшалар құрастыру, түрлі бағдарламаларда монтаждау жұмыстарын меңгеруде. Қыркүйек-қазан айларына дейін барлық оқушылар толық курсты оқып шығады. Біздің алға қойған мақсатымыздың бірі - 10 жоба әзірлеу. Яғни, Оңтүстік халқына арналған мобильді қосымша, сайт сынды дүниелер жасап шығамыз. Осы мектепте білімін жетілдіріп, алдағы уақыттта коммерциялық жобалар жасайтын жастар табылып жатса, оларға қаржылай да қолдау көрсетуге әзірміз.
IT PARK - келешектің мектебі
Жастарды ақпараттық технологияларға баулып жүрген елімізге белгілі IT-маман, «Timur academy» оқыту орталығының негізін қалаушы, IT-сарапшы, медиа-тренер, блогер Тимур Бектұр өңірге келгенде осы орталықта «Цифрлық Қазақстан цифрлық ойлаудан басталады» тақырыбында шеберлік сағатын өткізген еді. Сонда Тимур жастар мен сандық технология туралы айтып өтті.
- Жас буын әу бастан ізденісте жүреді. Жаңа технологияға да бейімдігі содан болар, бүгінде жастарды IT саласы ерекше қызықтыруда. Оған деген жас өрендердің құлшысыны да жоғары, - дейді IT-маман. – Ал ақпараттық технологиялар саласында жұмыс бастау үшін операциялық шығын немесе шикізат өндірісінің қажеті көп жағдайда шамалы. Алайда уақыт шығыны материалдық қажеттіліктерге қарағанда басымдыққа ие. Яғни, бизнес бастау тек ойдың ғана жемісінен туындайды. Тағы бір айта кететіні, бұл салада масштабтану жеңіл. Егер сіз офлайн-кәсіп ашсаңыз, онда сіздің тұтынушыларыңыз белгілі бір аумақты ғана қамтиды. Ал IT саласында бұл мәселе оңай шешіледі. Сіз жасаған жобаны жандандыру республикалық, әлемдік деңгейде қиынға соқпайды. Бар болғаны бағдарламаны Android пен IOS қолданушыларына қол-жетімді сатылым алаңына жүктейсіз. Немесе ғаламтор желісіне сайт ретінде саласыз. Егер аталған жобаңыз әлемдік тілдерге аударсаңыз, сіздің технологияңыз әп-сәтте әлем халқына жол тартпақ.
Жалпы қазіргі таңда IT парктердің технологиядағы үлесі жоғары. Соңғы кездері Белорусияның Минск қаласындағы «ПВТ» орталығы ауызға көп ілініп жүр. Биыл сол елдің басшысы криптовалютаға рұқсат берді. Және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс жасауға салықта біршама жеңілдіктер ұсынылды. Керек десеңіз шетелден сарапшылар тартуға мүмкіндік беріп отыр. Мұның барлығы осы саланы нарыққа енуге зор ықпалын тигізеді. Біздің елімізге де осындай орталықтың қажет екені анық, дейді Тимұр Бектұр.
Ендеше, облыстық жастар ресурстық орталығындағы жас программистер мектебінің ашылуы Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік деп атауға болады. Мүмкіндікті ары қарай алып кету – жастардың өз қолында.
«Таза қала!» акциясы басталды
Среда, 23 Май 2018 09:37Үшінші мегаполистің ауқымды жобасы – «Таза қала!» акциясы басталды. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Жамалбек Шәріпбек мәлімдеді.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі акция шаһар тазалығына бағытталған. Яғни, қала аумағындағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен көшелер, таза аудандардың арасынан үздігін 13 адамнан құралған комиссия мүшелері анықтайды. Жаз бойы жалғасатын ауқымды жобада тазалықпен қатар әр ауданнан «Ең үздік учаскелік инспектор» жүлдесі сарапқа салынады. Акцияға белсене қатысқан мектеп оқушылары да ескерусіз қалмайды дейді байқауды ұйымдастырушылар.
Байқауға өтінімдерді қаладағы 4 аудан әкімдігінде құрылған жұмысшы топқа 15 маусымға дейін өткізуге болады. Содан 1 қыркүйекке дейін жұмысшы топ әр 15 күн сайын сараптама жасау мақсатында байқауға қытысушы көшелер мен аулаларды аралайды.
Байқау жеңімпаздары қала күні қарсаңында марапатталмақ. Акцияның жалпы жүлде қоры 4 млн теңгені құрайды.
Әскерге аттанды сарбаздар
Среда, 23 Май 2018 09:30Қазақстан қарулы күштерінің сапына биыл Оңтүстіктен 2500 сарбаз қосылды.
Жас ұландарды Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі Шымкенттегі Наурыз алаңында өтті. Салтанатты жиында өңір басшысы Ж.Түймебаев облыстың аумақтық қорғаныс бригадасының әскерлерін марапаттады. Олар Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған жауынгерлік парадта өздерінің жоғары дайындығын көрсете біліп, әскери қызметі және ішкі тәртіпті ұйымдастыру конкурсында І орынға ие болған.
– «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген атам қазақ көкірегінде намысы бар, бойында күш-қуаты бар, Отан үшін отқа түсетін ұрпақ өсірді. Сол ұрпақтың жастарынан Қазақстан әскері жасақталуда. Әр адам Отан сүюді өзінен бастаса ғана нәтиже шығады, яғни ел дамып, жер көркейеді. Міне, сол үшін де әр азамат өз деңгейінде еліміздің өркендеуіне, гүлденуіне, тыныш әрі бейбіт өмір сүруіне үлес қосатынына сенімдімін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров жыл сайын мерзімді әскери қызметке 24 мың азамат шақырылса, оның 4 мыңға жуығы Оңтүстік Қазақстан облысының жастары екенін атап өтті. Әскери шараға, сонымен қатар, әскер қатарына аттанушылардың ата-аналары қатысып, 35-748 әскери бөлімінің жауынгерлері мен Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» мектебі тәрбиеленушілерінің әскери парадын тамашалады. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Еңбегі ерен Нұрбай аға
Пятница, 18 Май 2018 05:25Жыл сайын елімізде сан мың түлек мектеп бітіріп, жоғары оқу орнының студенті атанады. Дегенмен, солардың арасында білімге құштар жандардың болғаны көңілге қуаныш сыйлағанымен, олардың қатарында жұмысшы мамандықты таңдайтындары әлі де болса аз екені жасырын емес.
Осы тұста еңбек мамандығын таңдауда Оңтүстіктегі Мақтаарал ауданының тумасы Нұрбай Өмірбеков ағамыздың ерен еңбегі үлгі болса дейсің. Нұрбай
Қыдырбекұлы жұмысшы маман атанып қана қоймай, жол төсеп, көпір салумен елдің ықласына бөленіп жүрген азаматтардың бірі, ел ағасы. 1978 жылы орта білімін бітіргеннен бастап мақта өсіру бойынша ауыл шаруашылығында, 2002 жылдан бері жол саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. Облыс пен мемлекет басшыларынан алғыс хат алып, 2015 жылы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанған. Бүгінде 4 перзенттің асқар тау әкесі, 12 немеренің сүйенер тіреуі.
– Қазір Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылында 12 адамнан құралған бригадамен 11 шақырым жол салып жатырмыз. Таңғы 6-7-ден бастаған жұмыс қас қарайғанға дейін жалғасады. Кішкентайымнан еңбекқор болып өскеннен болар, балаларым да ата жолын таңдады. Үш ұлым да өзім сияқты механизатор болып жұмыс істейді. Күн ұзақ ерінбей еңбек етіп, соның жемісін көріп жүрміз, – дейді «Шымкентдострой» ЖШС-нің механизаторы.
Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы қоғамды еңбекпен қамту бағытындағы 20 нақты тапсырмасы ел азаматтарын еңбек етуге шақырады. Жұмыстың үлкен-кішісі болмайтыны сияқты аймақтағы қай нәрсенің де өзегі еңбекпен көркейері сөзсіз. Осыған орай Президенттің еңбек туралы пайымдары үлкен-кішінің бәрінің діттеген ойынан шыққан мәселе. «Мен не бітірдім, не істедім?» деп кәдімгідей алаңдаған егде кісілердің дегбірсізденген күйін көргенде, ерекше толқып кетеді екенсің. Олар қиындықты да, жоқшылық пен жалқаулықты да – барлығын тек еңбек майданы жеңерін тілге тиек еткенде, ата-бабаларымыздың кейінгі өсиет етіп қалдырған адал тірлік хақындағы асыл мұралары сананы тағы да отты сәулемен толтырады.
– Қай саланың болмасын өзіндік қиындықтарымен қатар артықшылықтары болады. Жол төсеп, көпір салу – сауапты іс. Кейде қолдан күш кетіп, физикалық тұрғыда шаршасақ та, рухани жағынан жасап жүрген жұмыстарға іштей қуанамыз, – деген ел ағасы еңбегін бағалайтын басшыларға алғыс айтуды ұмытпады.
– Осындай іскерлікті бағалайтын кәсіп орыннан бастап, қала-облыс басшыларына, Елбасымызға мың алғыс айтамын. Елімізде бйбітшілік болғай. Татулықта берекелі тірлік жасап, келер ұрпаққа үлгі-өнеге қалатын адал еңбек етсек деймін. Халқымыз аман болсын! – деп аяқтады сөзін «Еңбек Даңқының» иегері.
Ер есімі - ел есінде
Среда, 16 Май 2018 05:43Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Аманолла Рамазановтың құрметіне Шымкентте ескерткіш тақта ашылды.
Ер есiмiн мәңгi есте қалдыру мақсатында ашылған ескерткiш тақта қайраткердің 1970-1985 жылдары тұрған үйіне қойылды.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы Рүстем Қайдаров Аманолла Рамазановтың кісілік келбеті, басшылық қызметтегі парасаты туралы айтып өтті.
Аманолла Рамазанов 1970-78 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Мемориалдық ескерткiш тақтаның ашылуына қала әкімнің орынбасары Қайрат Нұртай, Астана мен Алматы, Павлодар қалаларынан қызметтес болған азаматтар жиналды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан туған-туыстары мен артында қалған ұл-қыздары мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына Құран бағыштап, дастархан жайды.
Ұлы Жеңіске - 73 жыл
Пятница, 11 Май 2018 04:17Шымкентте Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты салтанатты іс-шара өтті.
Жеңіс күніне арналған іс-шара 3000-ға жуық тұрғын қатысқан «Қаһарман ұлт» шеруімен басталды. Қажымұқан атындағы орталық стадион алдында таңғы сағат 08:00-де сап түзеген шерушілер "Даңқ" мемориалына дейін жүріп өтті.
"Даңқ" мемориалы кешенінде өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев, қала әкімі Н.Сауранбаев пен майдангерлер, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен соғысқа қатысқан азаматтардың ұрпақтары, облыстық мәслихаттың депутаттары, жастар және БАҚ өкілдері – жалпы саны 5000-ға жуық адам қатысты.
Бұдан кейін жұртшылық мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, майданда қаза тапқан ерлерді еске алу митингісі өтті. Мұнан соң Ұлы Отан соғысы мен тыл еңбеккерлеріне әскери өмірден театрландырылған көріністер қойылып, ардагерлерге арнап дала ботқасы әзірленді.
Бұған қоса Шымкент аумағында бірқатар мерекелік шаралар өтті. Тоғыз елді байланыстыратын «Шекарасыз жеңіс» халықаралық авто-мото шеруі аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының концерт залында мәскеулік өнерпаздар қатысқан реквием-концерті жұрт назарына ұсынылды. Душанбе қаласында бастау алған бұл шеру неміс-фашист басқыншыларына алғаш соққы берген Брест қаласында 22 маусым күні аяқталмақ. Ал кешкілік Тәуелсіздік саябағында қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай мерекелік гала-концерт өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындары мерекелік отшашуды тамашалады.
Киелі қара шаңыраққа – 100 жыл
Пятница, 20 Апрель 2018 04:28Шырайлы шаһардың төрінде орналасқан Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейі кезінде өңіріміздегі қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп болған. Биыл осы киелі қара шаңырақта қос қуаныш қатар келіп отыр. 1918 жылы құрылған білім ордасы мен Қарсыбай Спатаевтың туғанына 100 жыл толады. Ғасырлық тарихы бар мектеп мерейлі мерекені ерекше атап өтудің қамына кіріскен...
Сырдария губерниясына мәшһүр мектеп
Бұл мектеп 1918 жылы ашылғанда жалғыз ұстаз болды. Ол кезде мектепте небәрі 22 оқушы дәріс оқитын. Тарих-шежіренің мәліметтеріне үңілсек, сол кездері Сырдария губерниясындағы бірден-бір, аты атырапқа тараған мәшһүр мектеп болған. Ал Сырдария губерниясы үлкен аумақты алып жатты. Оңтүстік Қазақстан облысымен қатар қазіргі Қызылорда, Жамбыл облыстарына тиесілі жерлер осы губернияға қараған. Қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектепке бүкіл Оңтүстік өңірінің түпкір-түпкірінен ат сабылтып шәкірттер білім алу жолына түсіп жатты.
Коммунадан – Спатаевқа дейін
Білім ұясына 1921 жылдан бастап №1 Коммуна мектебі деген ат беріледі. Бұл кездері бастауыш мектепте 89 оқушыға 3 ұстаз дәріс берді. Ал 1925 жылы Түркістан өлкесінде Кеңес үкіметін белсенді ұйымдастырушылардың бірі Сұлтанбек Қожановтың есімі берілді. Бұл жолы шәкірттердің саны 104-ке жеткен еді. Олардың ішінде білімге бетбұрыс жасаған 3 қыз болатын. 1926 жылдан бастап мектепті Тәңірберген Отарбаев басқарды. Осы тұста мектепте есімдері күллі Қазақ еліне тараған, Кеңес Одағының батыры атағын алған қайсар ер, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлы мен қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, халқының біртуар азаматы Әбілда Тәжібаев сынды шәкірттер оқыған. Батыр Бауыржан Момышұлы өзінің шығармалары мен естеліктерінде Тәңірберген Отарбаевты тебірене еске алған. Мәдени революция жылдары мектепке Мұсай Әйкенов басшылық жасады. Мектеп ұжымының дамуы мен басқарудың іскерлігі нәтижесінде 1936 жылы 17 адамнан құралған үрмелі аспаптар оркестрі еліміздің сол жылдардағы астанасы Алматы қаласында өнер көрсетіп, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1 хатшысы Мирзоянның қолынан арнайы сыйлық алады. Бұл мектептің елелулі оқиғаларының бірі еді...
...Одан кейін Ұлы Отан соғысы басталады. Қан майданда ерлік көрсеткендердің арасында Шаян елдімекенінің тумасы Қарсыбай Спатаев та бар еді. Жауынгер 1942 жылы соғыста қаза тауып, 1943 жылы Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Осы тұста мектеп ұжымдары Үкіметке өтініш жасап, білім ошағына Қ.Спатаевтың атын беруді сұрайды.
1943 жылы 17 сәуірде мектепке батыр есімі беріліп, майдангердің ерлігін паш ететін мұражай ашылады. Ал 1982 жылы мектептегі ер балалар хоры батыр ерлігін көрсеткен өлкеге барып, батырдың қабіріне туған елдің топырағын салып келді. Кейін Қарсыбай Спатаевқа арнап, көркем фильм де шығарылды.
1963 жылы мектеп қазіргі Республика даңғылы бойындағы 4 қабатты ғимаратқа көшірілді.
Үлгілі ұстаз бен өнегелі шәкірттер мекені
Мектеп тарихында есімдері мәңгі ұмытылмайтын ұстаздар қауымы бар. Атап айтар болсақ, бұл күндері марқұм болған Мәкен Хамитова, Садық Сарбасов, Қатира Тұрғанбаева, Казақ КСР-на еңбегі сіңген ұстаз Т. Қуанышова.
1970-80 жылдары мектеп кабинеттік жүйеге көшірілді. Бұл кезеңде шәкірттерінен күш-жігерін аямаған ұстаздар қатарынан орыс тілі пәнінен Клара Абдуллаевна, есеп-қисапқа баулыған математика пәнінен Мария Қожагельдиева, Ұлбосын Темирова, Ұлмекен Серханова, тарих-география пәнінен Камила Пірімбетова, Жамила Құрмашеваларды ерекше атауға болады.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, осы жылдарда мектеп бітірген шәкірттер ғылым көкжиегінен көрініп, ерен еңбек жеңімпаздары бола білді. Математика ғылымының докторы, академик Өмірбек Жолдасбеков, медицина ғылымының докторы Иманәлі Байдәулетов, Социалистік еңбек ері, ұшқыш Асылбек Жасымбеков, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артист Ақсақал Қалмырзаев, ауыл шаруашылығы министрінің қызметін атқарған Асылжан Мамытбеков сынды түлектер мектеп мақтанышына айналған. Қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Ақжол Мейірбеков, Бауыржан Исаев және енді танылып жүрген дарынды бұлбұл дауысы бар Мөлдір Бақытжанқызы да мектептен шыққан талантты шәкірттер қатарынан көрінді.
43 жыл мектеппен бірге
Қазір мектепті «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Білікті басшы», «Ұлағатты ұстаз» төсбелгілерінің игері Орынкүл Алшынбекова 2006 жылдың қараша айынан бастап басқарып келеді.
– Алғашқыда ұстаздар аз еді. Мектеп ұжымы педагогикалық институтпен тығыз қарым-қатынаста болған. Ондағы студенттер мен мектептегі шәкірттердің аз болуынан бір мұғалім екі жақта сабақ беретін. Біздің өңірдегі ең алғашқы оқу-ағарту саласындағы кісілердің біразы бізде дәріс оқыды. Ал өзіме келсем, 1975 жылы институтқа оқуға қабылдандым. Сол жылдан бастап осы мектеппен біргемін. 16 жыл оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істедім. 12 жылдан астам уақыттан бері мектеп директорымын, – дейді ұлағатты ұстаз.
Орынкүл Жұмабайқызынан мектептегі ерекше есте қалған оқиғаны баяндап беруін сұрадық:
– 1978 жылы біз IV курста оқып жүргенде ең бір елеулі оқиға – мектептің 60 жылдық мерейтойы өтті. Сол кезде мектеп шәкірттері Бауыржан Момышұлы мен Әбілда Тәжібаев ағаларымыз келді. Бәрі қонақ келді деп мәре-сәре болып жатты. Сонда менің есімде сақталғаны – мектептің табалдырығын аттаған Бауыржан ағамыз табалдырықта тұрып, иіліп сәлем берді. «Бұл мектептің үлкені де, кішісі де менің ұстаздарым, себебі, мен осында білім алдым» деп батыр аталарымыз ризашылығын білдірген болатын. Сондай тұлғалардың көзін көру мен үшін үлкен мәртебе еді. Сол кісілердің өмір жолынан өзімізге өнеге ала бастадық, – деп өткенді еске алып, мамандық таңдауда адаспағанын ұқтырғандай болды.
Айта кетейік, тарихы тереңде, шәкірттері күллі Қазақ даласына әйгілі білім мекенінде бүгінде 2400-дей оқушыға 200-ге жуық мұғалім білім нәрін себеді. Мектеп Шымкенттегі үздік ондықтың қатарында. Елбасының биылғы Жолдауында орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталғаны айтылған. Біздің мектеп те сол жаңалыққа ілесіп, білім көкжиегіне ұмтылуда.