«Мемлекет адал, таза кәсіпкерлікті қолдайды» Избранное

Среда, 13 Март 2024 05:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 235 раз

«Өздеріңіз жақсы білетіндей, экономиканың дамуы инвестициялық белсенділікке байланысты. Қалада әр салада инвестицялық тартымдылық артып келеді. Соңғы бес жылда 2,2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 3,7 есеге артып отыр. Ендігі ретте белсенділігімізді төмендетпей, инвестиция тартуды әрі қарай жалғастыруымыз керек». Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуде осылай деді. Ірі, шағын және орта кәсіпорын басшылары қатысқан жиында саладағы бірқатар мәселе талқыланды.

AkimAm

 

Атап айтқанда, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары, инвестиция тарту, салық түсімдерін арттыру, көлеңкелі экономикадан шығу, жұмыскерлердің жалақысын көтеру, әлеуметтік жобаларды дамыту және тағы басқа мәселелер талқыға түсіп, бірқатар ұсыныс айтылды. Қала қарқындап дамып жатыр. Оған жергілікті кәсіпкерлердің қосқан үлесі, қолдаулары орасан зор.
Қала әкімі мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жүргізілетінін атап өтті.
– Инвестиция тарту жұмыстарын арттыру мақсатында жаңадан «Шымкент инвест» фронт-офисін ашуды қолға алып жатырмыз. Онда жобаны басынан аяғына дейін өткізу, құжаттарды рәсімдеу, тағы басқа қолдаулар көрсетіледі. Жергілікті инвесторларды қолдауға басымдық береміз. Қандай да бір жобаларыңыз болса, мемлекет тарапынан қолдау, тиісті шаралар жүргізіледі. Индустриялық аймақтар жұмыс істеп жатыр. Биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарын толық іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда, біріншіден, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері, қызметі қолданылады. Құрылыс материалдары, жиһаз өндіруші компания өкілдерін барынша тартуды қолға аламыз, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, әр түрлі бағытта берілетін жеңілдетілген несиелермен қатар, креативті индустрияны дамыту, стартап жобаларды қолдау бағыттарында жұмыстар күшейтіледі.
Қала әкімі мемлекеттік қолдау шаралары тиімді іске асырылып жатқанын айта келе, салықты уақтылы және толық төлеу қажеттігін ескертті. Көлеңкелі экономикамен күресті күшейту қажеттігін, бизнес қауымдастықты заңға сәйкес, жұмыс істеуге, жауапкершілікті сезінуге шақырды.
– Мемлекет адал, таза кәсіпкерлікті қолдайды. Мемлекет алдындағы міндеттемелеріңізді орындасаңыздар, біз де өз тарапымыздан қажетті барлық жағдайды жасаймыз. Салықты толық, уақтылы төлеп тұру қажет. Жалпы, ниеті таза, қаламызға, халқымызға жанашыр кәсіпкерлермен біз қашан да жұмыс істеуге дайынбыз. Сіздердің әлеуеттеріңіз өскен сайын салық та көбейеді. Жалпы динамика жақсы. Біз өз тарапымыздан жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлерді анықтап, өткен жылы 15 мың қызметкерге жергілікті бюджеттен 22 мың теңге қосымша үстемеақы тағайындадық. Биыл үстемеақы мөлшерін 50 мың теңгеге дейін ұлғайтып, ең төменгі жалақы көлемін 140 мың теңгеге жеткіздік. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Құрметті кәсіпкерлер! Бұл бастамаға қолдау көрсетіп, халықтың әл-ауқатын көтеруге сіздер де үлес қосады деген сенімдемін, – деді қала әкімі.
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бейбіт
Қарымсақов атқарылған жұмыстар, жалпы салық түсімдері бойынша мәліметтер берді.
– Шымкент мегаполис мәртебесіне ие болғалы салық түсімдері жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда қалада 138 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Оның 26 мыңы – заңды тұлға, 112 мыңы – жеке кәсіпкерлер. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ірі кәсіпкерлік субьектілерінен түскен салық мөлшері 48 пайызды құрады. Ал орта және шағын бизнестің үлесі – 35 пайыз. Ірі кәсіпкерлерден түсетін сома өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға азайып, керісінше орта, шағын бизнестің үлес салмағы 3 пайызға өсті. Бұл оң динамика. Салықтың барлық салаларына егжей-тегжейлі талдау жүргіземіз. Талдау нәтижесі бойынша тау-кен өнеркәсібі, ақпарат, байланыс, көлік салаларындағы салық түсімдері басқа салаларға қарағанда төмен. Қазіргі уақытта 2000 мекеменің есеп-қисабын талдап жатырмыз. Жалпы айтқанда, кәсіпкерлерді таза, заңды жұмыс істеп, соған атсалысуға шақырамын. Салық төлеушілер жағынан жіберілген кемшіліктер де азайып, салық мәдениеті де қалыптасып келеді, – деді Бейбіт Еркінбайұлы.
Қаланың Бас жоспары қабылданды. Ғабит Әбдімәжитұлы енді жұмыс та соған сай жүруі керектігін айтты. Қазіргі уақытта 15 базар модернизациядан өтіп, сәйкестендірілді. Қалған
4 базарды биыл жыл соңына дейін жаңғырту назарда тұр.
Шаһар басшысы ретсіз сауда орындарын тәртіпке келтіру бойынша шаралар қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Қаладағы ретсіз сауда орындарының бәрін бір жерге ыңғайластыру, жеке инвесторлар есебінен заңсыз сауда орындарын заңдастыру жұмыстары атқарылады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік корпоративтік қорының жұмыс істеу форматы түбегейлі өзгеріп отыр. Қорға ребрендинг жасалды. Әлеуметтік қордың жаңа логотипі әзірленіп, сайты іске қосылуда.
Жиында қордың жаңа басшысы Айжани Адайқызы кәсіпкерлерден қайырымдылық мақсатта жиналған қаражаттарды дұрыс үйлестіру, қор арқылы жүзеге асатын жұмыстардың бағыттарын атап өтіп, жұмыс жоспарларын таныстырды. Қорға сеніп тапсырылған қаржы заңға сай, ашық түрде халықтың игілігіне жұмсалмақ.
Жиын соңында жергілікті кәсіпкерлер бірқатар ұсыныстарын, талап-тілектерін жеткізді. Қала әкімі кәсіпкерлермен жиі кездесіп, мәселелерді талқылауға дайын екенін айтты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.