Бұл жолы «қоржында» 50 кг ұн, 2 литр пісте май, күріш пен макарон өнімдері бар.
– Көзді ашып-жұмғанша қасиетті Рамазан айының 11 күні өтіпті. Осы аралықта 15 мыңға жуық жанға азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Бүгінде қала әкімдігі мен орталық мешітіміздің бастамасымен кәсіпкерлерді қайырымдылық шараларына тарту нәтижесінде 800 отбасыға «Рамазан қоржыны» таратылды. Бұған себепкер болған Интизамов Ильяр бауырымызға алғыс білдіреміз. Бұл қайырымдылық акциясын Рамазан айының соңына дейін жалғастырамыз деген ниеттеміз, – деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.
Азық-түлік себетін алушылардың қатарында II топтағы мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 34 жасар Айгүл Нұржанова да бар.
– Шымкент қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ресми емес ұйымының атынан келдік. Менің қасымда тағы 27 ана бар. Өз басым мұндай себетті биыл бірінші рет алып отырмын. Осындай қайырымды іске себепкер болған адамдарға алғысымды айтамын,- деді бес бала тәрбиелеп отырған Айгүл Нұржанова.
Шара соңында Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Беруші қол алушы қолдан жақсырақ» деген сөзін еске салып, көмек алған жандардың ұрпақтарынан бай-қуатты азаматтар шығуын тіледі.
Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ