ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІП ЖАТЫР

Пятница, 09 Август 2024 05:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 708 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізді. Шаһар басшысымен кездесуге жиналған азаматтар мегаполистің дамуына қатысты ұсынысы мен толғандырған мәселелерін ортаға салды.

 

Атап айтар болсақ, кездесу барысында Тассай, Сайрам және Қызыл су шағын аудандарының халқы жолға асфальт төсеу және кеңейту, көшеге атау беру, қоғамдық көлік, жер қатынастары, балалар алаңын салу және бейнебақылау камераларын орнату сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Қала әкімі барлық көкейкесті сауалға тиісті басқарма басшыларымен бірге жан-жақты жауап берді. Азаматтар тарапынан көтерілген кейбір прблемалар кездесу үстінде бірден шешімін тауып жатты.
Ғ.Сыздықбеков көшпелі жиын аясында Ю.Сареми көшесіндегі жол құрылысымен де танысты. Шаһар басшысы мердігер компания өкілдеріне сапаға баса назар аударып, құрылысты мерзімінде аяқтау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, қала әкімі Сайрам тұрғын алабындағы ішкі орам көшелерінің жай-күйімен танысып, салалық басқарма басшыларына орталық көшелерге асфальт төсеу және жергілікті көшелерді анықтап, келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізу бойынша тапсырма берді.
Ғабит Әбдімәжитұлы Таскен шағын ауданы тұрғындарының өтінішін де назардан тыс қалдырмады. Аталған шағын ауданның тұрғындарымен кездесу барысында көшелерді абаттандыру мен жарықтандыру, кәріз жүйесі мен қоғамдық көлік бағытын ұзарту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, осы күні қала әкімі «Көл» аймағы және Ордабасы алаңы, Орталық саябақ, Шәмші Қалдаяқов аллеясы және Тәуелсіздік саябақтары, Қазыбек би көшесі, Тәуке хан даңғылы және А.Байтұрсынов көшелерінің санитарлық жағдайын тексерді.
Кездесу және аралау қорытындысы бойынша жауапты мамандар мен салалық басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, осы аптада қала әкімі Шымкент қаласындағы барлық аудандардың тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізеді деп жоспарланған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.