ОРНЫҚТЫ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2024 05:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 25 раз

АЭС құрылысын бастау-бастамау бүгінде Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі болып тұр. Жұрттың басым көпшілігі мемлекет қажеттілігін түсініп референдум өткізуді қолдағанымен, өз уәжімен қарсы шығатындар да бар. Ол үшін ешкімді жазғыруға болмас.

shalatai

 

Олардың үрейленетін кейбір себептері бар. Әлемде ядролық сынақтардың зардабын әбден тартқан екі халық болса, соның бірі – қазақ. Қылышынан қан тамған Кеңес империясы қазақ даласын түрлі қаруларды сынайтын ашық полигонға айналдырып жіберді. Ең ауыр тигені Семейдегі ядролық полигон. Ағзадағы ақ қан талай боздақтарды жұтты. Мыңдаған адам жастайынан мүгедек болып қалды. Әлі де зардабын тартып жатқандар бар.
Бірақ, атом электр станциясын ядролық қаруды сынаумен шатастыруға болмайды. Бүгінгі Қазақстан «бүл болмасаң күл бол» дейтін қанқұйлы Кеңес үкіметі емес. АЭС-ты салуда халықтың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Әлемде төрт жүзден астам атом реакторлы станциялар болса, жаңа технология, ғылым жетістігі оларды барынша қауіпсіз еткен.
Бүгінде әлемде электр қуатына, басқа да баламалы отын көздеріне қажеттілік жыл сайын артып келеді.
Біздің мемлекет бұл мәселені көмір және көгілдір отынмен шешіп келді. Алайда, бұның тығырықтан шығудың амалы еместігін бүгінгі жағдай әбден көрсетіп келеді. Жылу энерго орталықтарының көбі апаттық жағдайда. 60-70 пайызының тозығы жеткен. Екібастұздағы жылу қазандығы қыс ортасында жарылып, мыңдаған адам қақаған қыста жылусыз қалды. Ондаған млрд. қаржы салынған Кентау жылу орталығы да жамау-жасқаумен күн кешіп келеді. Оның үстіне атмосфераға 300 мың тоннадан астам күл шығарылатындықтан экологтар дабыл, қағып отыр. Сондықтан да 2026 жылдан бастап ауаны ластайтын көміртекті отынға айыппұл салу әлемде күн тәртібінде тұр.
Сонау Бейнеуден тартқан «Сарыарқа» газ магистралы өндірістік қажеттілікті ақтай алмайтындығы белгілі болды. Тұрмыстық деңгейінде ғана қауқарлы. Ал, Оңтүстік өңірі Өзбекстан көгілдір отынына тәуелді. Күн, жел жасыл энергиясы табиғатқа әбден қатысты болғандықтан қажеттілікті толық қанағаттандыра алмайды.
Бір жол бар. Сенімді жол. Ол Қазақстанда АЭС-ын салу. Әлемнің озық мемлекеттері халықтың пікірімен санаспай, референдум өткізбей-ақ атом реакторларын салып жатыр.
Ал, біздің Мемлекет басшысы референдум өткізуді ұсынды. Өз басым қазақтың төл перзенті әрі патриоты ретінде АЭС-ын салуды толық қолдаймын. Бұл-болашақтың баяндығына жасалған нық қадам.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
қоғам және мемлекет қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.