ТАЗАЛЫҚ – ӨРКЕНИЕТТІЛІГІМІЗДІҢ ӨЛШЕМІ Избранное

Пятница, 23 Август 2024 06:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 450 раз

Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Қоршаған ортаның тазалығы да адам өміріне айтарлықтай әсер етеді. Таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялатады. Сол үшін әрқашан қоршаған ортамызды таза ұстап, табиғаттың сұлулығын көрсетуіміз керек.

Mus

 

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек» деген болатын. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тазалық – өркениеттілігіміздің өлшемі.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы бүгінде бүкіл қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып отыр. Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жас ұрпақтың бойында туған жерге, өзі тұрып жатқан қала мен елді мекенге деген жанашырлық сезімін қалыптастыруға бағытталған бұл бағдарламаны көпшілік ыстық ықыласпен қабылдап жатыр. Мұны тұрғындардың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өтіп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысуынан да байқауға болады.
Қошқар ата өзенінің бойы тазаланды

Осы орайда бүгін Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің бойында «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара өтті. Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері барлығы 400-ге жуық адам қатысты.
Олар өзен бойындағы күл-қоқыстар мен өзен аңғарындағы қураған ағаш-бұталарды тазартып, шөбін орылды.
«Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді», - деген қала тұрғыны Раеев Жүрсін тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.

Өз қаламызға деген жанашырлықтың көрінісі

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Шымсити шағын ауданында «Таза аула» атты тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудан ардагерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар мен тұрғындар, барлығы 150-ден астам адам қатысты.
Іс-шара барысында тұрғын үйлердің аулалары мен жол жиектері, ойын алаңшалары тазаланып, шөбі орылды. Арықтар тазаланып, талдардың түбі әктелді. Аулалар ретке келтіріліп, күл-қоқыс пен қалдықтардан тазаланды.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін айтты. Ол қала тұрғындарын, әсіресе, жастарды экологиялық мәдениетті сақтауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет

Шымкент қаласының тұрғындары Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, Қаратау ауданындағы Қайтпас шағын ауданында өткен «Таза көше» атты іс-шараға жергілікті тұрғындар, белсенді, ерікті жастар, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері және еңбек ардагерлері де белсенді түрде қатысты.
Іс-шараға 120-дан астам аудан тұрғындары, 8 техника жұмылдырылып, 18 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық шарасына қатысушылар Алматы тас жолы мен Қ.Төлеметов көшесінің бойында күл-қоқыстарды тазалап, жол жиектеріндегі қатты қалдықтар мен пласмас қалдықтарды ретке келтіріп шықты.

MusoR


«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындарды, әсіресе, жастарды айналамыздың таза болуын сақтауға өз үлесін қосуға шақырады. Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Шымкент қаласының жастарын осы игілікті шараға үлес қосуға шақырамын», - дейді «Жасыл ел» штабының Қаратау ауданы бойынша үйлестірушісі Нұрлыислам Қуаныш.
Айта кетейік, тазалық шаралары Шымкент қаласының барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстар жиналып, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау ықпал етіп келеді.

Туған қаламыздың тазалығына үлес қосу – азаматтық борышымыз

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданында да жалғасын тауып жатыр. Атап айтқанда, бүгін «Бадам-1» шағын ауданының аумағында «Таза аула» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауданның белсенді жастары, ауыл тұрғындары елді мекен аумағын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, жол жиектеріндегі шөптерді орып, ағаш бұтақтарын тазалады. Аталған іс-шарадан кейін аулалардың өңі өзгеріп, айнала тазарып шыға келді.
«Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзіміздің сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп білемін», - дейді Еңбекші ауданы, Бадам-1 ауылының төбе биі Тулеев Әмірхан ақсақал.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді.

Әрбір азамат жауапкершілікті сезінсе, түпкі мақсатқа жетеріміз анық

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Жайлау шағын ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық іс-шарасы өтті. «Таза көше» деп аталатын іс-шара барысында аудан тұрғындары, белсенді жастар мен «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері шағын аудандағы қараусыз қалған гүлзар мен оған іргелес аумақтарды және көше бойларын ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шарада көше бойлары тазаланып, қоқыстар шығарылды, қураған ағаштар кесіліп, қоршаулар мен орындықтар сырланды.
Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – тұрғындарды қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға ынталандыр және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
«Бүгін сүйікті қаламыз Шымкенттің тазалығын сақтауға азғантай да болса үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Егер әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, жауапкершілікті сезіне білсе, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып, түпкі мақсатына жететініне сенеміз», - дейді қала тұрғыны, әділ билер кеңесінің төрайымы Орынша Тәжібаева.

Жастар белсенділік танытып келеді

Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты №8 шағын ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Таза аула» іс-шарасы ұйымдастырылды. Тазалық шарасына қала тұрғындары, ерікті жастар және «Жасыл ел» жасағының мүшелері қатысты.
Олар А.Асқаров және Мангельдин көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын тазалап, қоқысты шығарып, ауланы ретке келтірді. Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық тұрғындар, 4 арнайы техника жұмылдырылып, 21 тонна қоқыс шығарылды.
Тазалық іс-шарасына қатысушылар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы еліміздің экологиялық мәдениетін көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырады.
«Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасына жастардың белсенді түрде қатысып жатқанын көріп қуанып отырмын», - дейді Шымкент қаласы Тұран ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары бір күнмен шектелмей, бүкіл қаламыз бойынша тұрақты түрде жалғасып келеді.

«Шымкент келбеті» газетінің тілшілер тобы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.