Ринат МАДЬЯРОВ: «Жастар Отанға қызмет етудің маңызын ұғынуы тиіс» Избранное

Пятница, 06 Май 2022 04:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1315 раз

Еліміздің айбыны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы отыз жылдың ішінде еліміздің қарулы күштері барлық жағынан күшейіп, маман-кадрлардың біліктілігі артты. Жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру – ұлағатты іс. Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындау қажеттігін түсінуі тиіс. Бүгінде Шымкент қаласында көктемгі әскерге шақыру науқаны жүйелі және қатаң тәртіпте жүргізілуде. Осы орайда Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ринат МАДЬЯРОВПЕН сұхбаттасқан едік.

203

 

– Ринат Жадилұлы, Отан қорғаушылар мерекесінің маңызы мен ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз.

– Отан тірегі Қарулы Күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «мен қазақпын, мен қазақстандықпын» деген әр азаматтың сана-сезімі мен адалдығына сын.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аумақтық әскерлерді қалыптастыру тәсілдері қайта қаралуда. Армия қызметінің барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.

204

 

– Қалада наурыз айының басынан маусым айының соңына дейін көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізіледі. Биылғы жоспар қандай?

– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңына сәйкес, әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы сотталмаған кез келген Қазақстан азаматы мерзімді әскери қызметті (12 ай мерзімге) өткеруге міндетті болып табылады.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуда. Заңға сәйкес, азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері жергілікті атқарушы органдарына жүктелген. Әскерге шақырылушылар да, медициналық комиссия мүшелері де медициналық бетпердемен және антибактериялық құралдармен қамтамасыз етілген. Ал Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерін қорғау және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етеді. Қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқармалар жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар ету және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі, сондай-ақ, жиын пункттерінде қажетті санитарлық жағдайларды қамтамасыз ету жоспары әзірленген. Әскерге шақырылушылардан суық тию ауруларының белгілері анықталған кездегі іс-әрекеттер бойынша алдын алу жұмыстары да қарастырылған.
Бұдан әрі әскерге шақырылушылар қашықтықты сақтай отырып, медициналық куәландырудан өтуге жіберіледі. Біздің қызметкерлер осы талаптардың сақталуын, дәрігерлерге кезектің толып қалмауын бақылайды. Шақыру және жиын пункттерінің барлық қызметтік және қосалқы үй-жайларында, шешінетін орындарды, асханаларды және түнгі демалуға арналған орындарды қоса алғанда, жұмыс күндері заласыздандырады.
Шақыру кезінде қалалық жинақтау пунктінде денсаулық сақтау басқармасының қамтамасыз ету жоспары бойынша ПТР-зерттеу жүргізіледі.
Шақыру кезеңінде медициналық тексеру және жас толықтыруды әлеуметтік-психологиялық зерттеу, зерделеу, анықтау, әңгімелесу, құжаттар дайындау жұмыстары жоспарлы түрде атқарылады. Жеке құрамның және шақырылушы азаматтардың санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтауына бақылау күшейтілген. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы тексеруден өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.
Әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды. Денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады, яғни шақырылушы өзге облысқа аттандырылады.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті тарапынан биылғы науқанда 1500-ге жуық жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасуда. Қазіргі таңда Қарулы Күштердің әскери бөлімдерін жасақтау жүріп жатыр. Осы жылы көктемде қаладан 700-ден астам азаматты әскерге жіберу жоспарланған. Әскерге шақыру жоспарына сәйкес, ҰҚК шекара қызметінің қатарына 150-ге жуық бозбала, Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне 180-ге жуық бозбала, жалпы 330-дан астам азамат борышын өтеуге аттанды.
Әскери қызметке шақыруға жасы 18-ден 27-ге дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, сотталғандығы және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жатады.
Әскерге шақырылушылардың білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдық-психологиялық ерекшеліктері Қарулы Күштердің түрлері мен тектері бойынша, сондай-ақ, басқа да әскери құралымдар бойынша зерделенеді. Бұл ретте спортшыларға артықшылық беріледі. Қазіргі таңда әскерге ІТ-мамандықтары, жүргізушілер, байланысшылар және басқа да көптеген мамандар қажет.

– Әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар баршылық. Ондай жағдайларда қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Әкімшілік ескерту немесе медициналық тексеруден өтуден жалтарғандарға 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы 1-бөлігінің негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Өз денсаулығына зиян келтіру, ауруды симуляциялау, құжаттарды жалған жасау немесе өзге де алдау жағдайында – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Әскерге шақырылушыларды жинау пункттерінен әскери бөлімдерге дейін жеткізу бекітілген тасымалдау жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

– Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыруда қандай жүйелі іс-шаралар бар?

– Қарулы Күштердің беделін арттыру және нығайту, «Жас сарбаз» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылған филиалдары арқылы жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту, жыл сайынғы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу және т.б. патриоттық іс-шаралар қолға алынған. Сондай-ақ, халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ата-аналармен арнайы әңгімелесулер ұйымдастырылып, әскери борышты өтеу және келісімшарт қызметіне, одан әрі оқуға түсу перспективалары туралы айтылады. Біз Отанға қызмет етудің маңыздылығы –қоғам үшін, ел үшін маңызды екенін жеткізгіміз келеді. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, бұл біздің қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындау қажеттігін түсінсе дейміз. Бұл ретте, алған дағдылардың барлығы жастарға азаматтық өмірде қажет болады деп санаймын.
Бұл үшін ел Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің кәсіби дағдыларды алуына қатысты Қарулы Күштерде талап етілетін мамандықтар бойынша оқыту жүргізіледі.

– Әскери сала бүгінде ашық қызмет көрсету форматына көшті. Әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыруға қатысты сұрақтар бойынша кеңес алу үшін қайда хабарласуға болады?

– Әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыру бойынша кеңес алу үшін Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «Жедел желі» (55-81-29, 54-95-88) жұмыс істейді. Онда жауапты лауазымды тұлғалар азаматтарды толғандыратын барлық сұрақтарға жауап береді. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желі бойынша инстаграм парақшасына (ddoshimkent), ҚР Қарулы Күштері серверінде ( Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. ) электронды жәшігіне қандай да бір қызмет көрсету бойынша сұрақтар жолдауға болады.
Сондай-ақ,Қорғаныс министрлігінің басшылығы тарапынан әскери қызметтің қауіпсіздігіне үлкен назар аударылады. Ұдайы негізде әскери прокуратурамен, сондай-ақ, әскери полиция органдарымен бірлесе отырып әскери ұжымда салауатты орта орнатуда жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Бүгінгі таңда 1414 қызметі арқылы SMS-хабарландыру бойынша тиісті әскери міндеттілер мен әскерге шақырушыларды хабардар ету және шақыру жүзеге асырылуда.

–Әңгімеңізге рахмет!

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Ерлігі – ел есінде АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ »