ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚОРЖЫНЫ ҚОС КҮМІСПЕН ТОЛЫҚТЫ Избранное

Пятница, 09 Август 2024 05:57 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1269 раз

Бұл жолы бұйырғаны – 1 күміс пен 1 қола. Қазақ елі боксшылары Париж олимпиадасын осындай нәтижемен аяқтады. Әлем чемпионы Нұрбек Оралбай финалда украиналық қарсыласына есе жіберді. Былтыр әлем чемпионатында топ жарған отандасымыз Олимпиада ойындарының финалына дейін жетті. Ал 50 келіде сынға түскен Назым Қызайбай бұл жолы қола жүлде жеңіп алды. Осылайша, қос боксшы өзі қатысқан алғашқы Олимпиадасында үздіктер қатарына еніп отыр.

olimP

 

Ерлер арасында 80 келі салмақта финалда жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай украиналық Александр Хижняктың осал тұсын таба алмады. Екі боксшы да аянып қалған жоқ. Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Хижняк тартысты бәсекеде 3:2 есебімен басым түсті.
Екі дүркін әлем чемпионы
Назым Қызайбай жартылай финалда әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юден жеңілді. Әйелдер боксында бұған дейін Марина Вольнова, Дариға Шәкімованың жеңісті жолын жалғастырып, осылайша Қызайбай Олимпиада медаліне қол жеткізді.
Париж бозкілемінде грек-рим күресі бәсекелері аяқталды. Бұл сында ұлттық құрама сапынан Демеу Жадыраев финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге иелік етті. 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Демеу финалда жапондық Нао Кусакаға есе жіберді. Арада ұзақ жылдық үзілістен кейін грек-рим күресінің шеберлері финалда күресіп, жанкүйерлерді бір қуантты.
Жадыраев ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовты (Қырғызстан), жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановты жеңген болатын. Кеше еркін күрестен бәсекелер басталды. Ол сында Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев және Мейрамбек Қартбайға үміт артамыз.
Таеквондодан Қазақстан командасының мүшесі, жерлесіміз Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте жеңіліс тапты. Ерлер арасында 58 келі салмақта сынға түскен ол алғашқы айналымда Олимпиада чемпионы, италиялық Вито Дел'Акилаға қарсы шыққан болатын. Алғашқы кезеңде 12:6 есебімен басымдық танытқан Самирхон соңғы екі кезеңде қарсыласқа есе жіберіп алды.
Әзірге, ел спортшыларының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар. Отандастарымыз алда көркем гимнастика, байдарка және каноэде есу, таэквондо, еркін күрес және тағы басқа спорт түрлерінен сайысқа түседі. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан командасы әзірге 28-шi орында келеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.