«ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН» Избранное

Среда, 14 Август 2024 06:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 888 раз

немесе

белсенді әскери резерв еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтады

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығы мен қорғаныс қабілеті – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі. Әлемдегі геосаяси жағдай бүгінгідей барынша күрделі болып отырған кезеңде бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті бола түскені белгілі. Мұндай аласапыран кезеңде тек өз еліміздің саяси-дипломатиялық потенциалы мен әскери күш-қуатына арқа сүйемесек, екіталай күн туғанда бізді сырттан келіп ешкімнің қорғамайтыны айдан анық.

OtaN

 

Осы орайда алыс-жақыннан төнген қауіп-қатерлерді ескерген Қазақстан билігі еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған реформаларды қолға алуда. Оның ең маңызды бағыты – аумақтық қорғаныс жүйесін қалыптастыру. Яғни елімізде әскери резерв қызметі жасақталмақ.

Биыл қаңтар айында Мәжілістің қарауына ҚР Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары келіп түскен болатын. Жоспарға сәйкес бұл заң күз айларында қабылданып, келесі жылдан бастап елімізде резерв қызметі құрыла бастайды.
Сонымен әскери резерв дегеніміз не және оның қорғаныс жүйесіндегі маңызы қандай? Бұл жөнінде белгілі заңгер әрі әскери сарапшы, запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков Ютуб желісі Barys media арнасындағы бағдарламалардың бірінде кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, қорғаныс саласы – отандық экономикаға ең ауыр салмақ түсіретін саланың бірі.
– Қуатты, жауынгерлік дайындығы жоғары деңгейдегі армияны ұстап отыру кез келген елдің экономикасы үшін оңай міндет емес. Сол себепті Қазақстан секілді дамушы экономикасы бар елдер шағын, есесіне, кәсіби деңгейі жоғары, ұшқыр армия құруға басымдық береді, – дейді Д.Жұмабеков.
Оның айтуынша, Қазақстанның мерзімді әскермен қатар, келісімшарт негізіндегі кәсіби армия құруының астарында осы экономикалық себеп жатыр. Бірақ, кәсіби деңгейі мен жауынгерлік даярлығы қаншалықты жоғары болғанымен, нақты әскери агрессиямен бетпе-бет келіп, басқыншылар соғыс ашқан кезде шағын армия бүкіл елді қорғай алмауы мүмкін. Оның үстіне Қазақстан бүкіл Еуразия құрлығының 5 пайызынан астамын алып жатқан ұлан-ғайыр территориясы бар ел екенін ескерсек, саны жағынан шағын армиямен оны қорғау қиынға соқпақ. Міне, осы тұста, резерв шешуші факторға айналады.
Әскери резервтің саны жөніндегі мәлімет әскери құпиялардың қатарына жатады. Дегенмен, ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде 18 бен 60 жас аралығында 5,2 миллион ер адам бар. Әскери сарапшылар бұл көрсеткіштен мүгедектер мен денсаулығы жарамсыздарды шығарып тастаған күннің өзінде резервте 4 миллион адам бар деген болжамды айтып отыр. Бірақ, мұның бәрін потенциалды сарбаздар деп қарастыру асығыстық болар еді.
– Мемлекеттің әскери резервін екіге бөліп қарауға болады: Біріншісі, мобилизациялық резерв. Бұл – 18 бен 60 жас аралығындағы әскерге жарамды ер азаматтардың барлығын қамтитын резерв. Бірақ, әскери жағдай орнаған кезде бұл резервтегі азаматтарды әскер қатарына қосып, майдан даласына аттандыру өте күрделі әрі ұзақ процеске айналады. Біріншіден, есепте тұратындарды түгелдеп, оларға шақыру жіберу керек. Ондаған мың адамның байланыс мәліметін, тұрғылықты мекен-жайын анықтап, барлығын тауып, аумақтық қорғаныс департаменттеріне жинау деген оңай шаруа емес. Оның бәрін медициналық тексеруден өткізіп, ішінен әскерге жарамдыларын бөліп алу керек. Екіншіден, арасында ешқандай әскери тәжірибесі жоқ, сапта жүруді, қару ұстауды білмейтіндер көп. Оларды қысқа мерзімді дайындықтан өткізіп, әскери формамен, қару-жарақпен жабдықтау жағы тағы бар. Тек содан кейін ғана оларды әскери құрылымдарға бөліп немесе олардан жаңа бөлімдер құрып барып майданға аттандырасыз. Мұның бәрін ұйымдастыру бірнеше апта, тіпті, кейде бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал, жау біздің дайындалып алуымызға мұрсат беріп, қарап отырмайтыны анық, – дейді
Д.Жұмабеков.
Әскери сарапшы, міне, осы тұста әскери резервтің екінші түрі – белсенді резервтің үлкен маңызға ие болатынын айтады. Расында, бағамдап қарасақ, 4 миллион адам деген ересен күш. Әлемнің ешбір елінде дайын тұрған 4 миллион сарбазы бар армия жоқ. Демек, мәселе елдегі ер адамдардың санында емес, соның қанша бөлігін шұғыл түрде майданға аттандыра алатынымызда екен.
Қазір біздің елімізде белсенді резерв дегенде бұрын әскери қызметте болғандар мен әскери кафедраларды тәмамдағандар ғана ойға оралады. Бірақ, олардың өзі көп жағдайда әскерден ұзақ жылдар бойы алыстап кеткен адамдар. Міне, осы жағдайдың барлығын ескере отырып, еліміз белсенді әскери резерв құруды жоспарлап отыр.
Жоғарыда аталған заң жобалары қабылданып, күшіне енген кезде азаматтар резервте әскери қызмет атқару мүмкіндігіне ие болады. Яғни, 2025 жылдан бастап заңда белгіленген талаптарға сай келетін кез келген азамат аумақтық қорғаныс департаментіне жүгініп, денсаулығы жарамды болса, резервтегі қызметке кірісуіне болады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, ол үшін келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Яғни, резервке қызметке қабылданған сарбаз айына 4-5 күн өзі тұратын аймақтағы әскери бөлімдерге барып, әскери сабақтар алып, жауынгерлік дайындықтан өтеді. Әскери қызметті аптаның демалыс күндері атқарғандықтан ол негізгі жұмысынан қол үзбейді.
Оған қоса резервтегі әскери қызметшілер жылына бір рет 30 күндік жауынгерлік даярлық жиындарына шақырылады. Заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес жұмыс берушінің меншік нысанына қарамастан, әскери жиынға кеткен қызметшінің жұмыс орны да, жалақысы да сақталады. Әрі бұл жағдай қызметшінің жыл сайын алатын кезекті ақылы еңбек демалысына әсер етпейді.
Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді. Офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін 18-ден 50 жасқа дейінгі аралық қарастырылған. Резервшілерге қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді.
Бір жақсысы, резервтегі әскери қызметшілерге ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде жалақы төленеді. Ал, жауынгерлік жиынға аттанған айында республикадағы орташа жалақы көлемінде еңбекақы төленеді. Әскери резервтегі қызметшілерге төленетін жалақы, олардың әскери формасы, тамағы, оларды әскери техника және қару-жарақпен қамтудың барлығы республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі.
– Белсенді резервтің артықшылығы өте көп. Біріншіден, бұл елде әскери тәжірибесі мен машығы бар адамдардың көбеюіне әсер етеді. Екіншіден, әскери уақыт орнаған кезде резервтегі адамдар аумақтық қорғаныс департаментіне бармай-ақ, тікелей өзі қызмет ететін әскери бөлімге бара береді. Ол өзінің қайда баратынын, командирі кім екенін, қару-жарақты қайдан алатынын, офицерлер болса, қорғаныс шебін қай жерден құруды, ол үшін қандай ресурстар керектігін біліп отырады. Үшіншіден, үш жыл бойына тұрақты түрде әскери білім алып, даярлықтан өткен адам тек қатардағы жауынгер болумен шектелмей, белгілі бір әскери мамандықты да иеленіп шығады. Әрі бұл сарбаз саны көп тұрақты армияны ұстап тұруға қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімді болады, – дейді Д.Жұмабеков.
Халқымыз «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөзді текке айтпаған. Әрине, әскери сарапшылар белсенді резервті қалыптастыру жұмысы еліміз тәуелсіздік ала салысымен басталуы тиіс еді деп есептейді. Десе де, ештен кеш жақсы деген бар. Егер заң қабылданып, алдағы онжылдықта әскер жасындағы ер азаматтардың кем дегенде 5-6 пайызын белсенді резервке қоса алсақ, бұл Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыру жолындағы зор жетістік болмақ. Бұл да әскери мамандардың тұжырымы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.