ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ Избранное

Пятница, 16 Август 2024 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 882 раз

ұлттық спорт пен мәдениетімізді әлемге паш ететін шараға айналмақ

Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек» деп атап өткен болатын.

koshpendi-2

 

Сонымен биыл 8-13 қыркүйек күндері Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық шарасының басталуына да бірнеше апта ғана уақыт қалды. Осы орайда біз оқырман қауымды аталған байрақты бәсекеге дайындық барысы жөнінде хабардар еткенді жөн санап отырмыз.

Балуандарымыз бабында

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, өзге ұлттық құрамалар сияқты қазақ күресінің балуандары да Көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде. Жыл басынан бері ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен 4 оқу-жаттығу жиыны өтті. Атап айтқанда, балуандар Алматы қаласында екі мәрте, Грузия елінде және Қырғызстанда дайындықтарын жүргізді.

koshpendi-1


Кезекті оқу-жаттығу жиыны 1-14 тамыз аралығында Ақмола облысындағы Щучье қаласында өтті. Бұл жиын барысында балуандарымыздың арасында қорытынды белдесулер өткізіліп, әр салмақтың үздігі анықталды. Ал соңғы қорытынды оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткізу жоспарланған.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресі бойынша жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 8-10 қыркүйек күндері өтеді.

Бәйгеге қатысатын аттар белгілі болды

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда бәйгеден қала кубогі өтіп, ат жарыс аясында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеудің екінші кезеңі болды.
«Осы ат жарыс аясында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы – Кұнан бәйге, Топ бәйге, Жорға жарыс және Аламан бәйгеге үздік жылқыларды іріктеп алдық», - деді республикалық «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен.
Құнан бәйге бойынша І орынды Сұңқар атты тұлпар, шабандозы Абзал Тұрғанбек иеленді. II келген Бақторы, шабандоз – Ділнұр Нұрмұқаш. Сениорита есімді жылқы үшінші келді. Шабандозы – Абзал Тұрмыс.
Топ бәйгеде топ жарған жылқы Зымыран,шабандоз Арнат Мұратхан. II орында Маймақ, шабандоз – Абзал Тұрмыс. Үшінші орын – Ертұран, шабандоз – Исламнұр Еркөс.
Жорға жарыс қорытындысы бойынша I орынды Аквамарин, шабандоз – Евгений Чибисов. II орын – Триумф, шабандоз – Әлия Тоқтасынова. III орын Профессор, шабандоз – Ерұлан Тілеуғалиұлы.
Ал, Аламан бәйгені алған Виза есімді жүйрік, шабандоз – Алихан Бақытханұлы. Екінші келген Күрең ат, шабандоз - Арнат Мұратхан. Үшінші орын – Әлқисса атты тұлпар, шабандоз – Мәди Жолшыбек.
Еске сала кетейік, республикалық бәйге федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар.

Аударыспақ – адуынды азаматтарға тән спорт

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы ең қызықты спорт түрінің бірі аударыспақ екені талассыз. Бұл — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал, дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, +90 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі.
Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, аударыспақтан ұлттық құрамамыз Алатау бөктерінде орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында дайындалып жатыр. 29 шілдеде басталған оқу-жаттығу жиыны 11 тамызға дейін созылды. Еліміздің түкпір-түкіпірінен, ең үздік деп танылған 12 аударыспақшы жоспар бойынша дайындалды. Оның ішінен 6 іріктеліп, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын болып таңдалды.
– 29 шілде басталған оқу-жаттығу жиынымыз жоспар бойынша өтті. Күнде белгілі бір графикпен жұмыс жасадық. Бірінші физикалық жаттығу, түстен кейін атпен дайындалдық. Бұл оқу-жаттығу жиынында жігіттердің қаншалықты дайын екенін көріп, бағамдап алдық. 12 спортшы ішінен 6 мықтыны іріктеп алдық, – дейді аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев.

koshpendi


Еске сала кетейік, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында ұлттық құрамамыз қорытынды оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өткізеді.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында аударыспақ спорты бойынша жарыстар 8-10 қыркүйек күндері Этноауылда өтеді деп жоспарланған.

Көкпаршылар қызу дайындық үстінде

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, көкпардан Қазақстан Ұлттық құрама командасы Алматы облысы, Жанашар ауылында орналасқан Олимпиадалық дайындық орталығында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтарын пысықтап алды.
22 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 6 тамызға дейін жалғасты. Еліміздің түкпір-түкіпірінен келген 29 көкпаршының арасынан ең үздік 12 спортшы көкпар ойынына, 12-сі көкбөрі спортына іріктеліп алынды.
«Бұл оқу-жаттығу жиыны жігіттерге оңай болған жоқ. Себебі, бұл жай ғана жаттығу емес, іріктеу де болып есептелді. Еліміздің әр аймағынан келген спортшылардың арасынан 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын сәтті қорғау үшін ең үздіктерін таңдауға бар күшімізді салдық», – дейді көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Айта кетейік, Ұлттық құрама 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынын Астана қаласында өткізеді.

Байрақты бәсекенің билеттері сатылып жатыр

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен аптада 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарыстарына билеттер сатылымы басталды.
Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін болады.
Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды.
Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында болады.
«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.
Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ.
Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін болады.
Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 6 00 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады.
Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.
Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.
Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.

Дайындаған А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.