КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫ КӨШ БАСТАП ТҰР Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2024 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 317 раз

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары соңына таяп келеді. Еліміздің спортшылары қазақ күресі, аударыспақ, жамбы ату, асық ату, көкпар, powerful nomad бәсекелерінде топ жарып, үздік нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, отандық балуандар қазақ күресінен 15 жүлде жеңіп алды: 12 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жарыстың екінші күні де спортшыларымыз үздік шықты.

kokpar

 

 

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен жарыстың алғашқы күнінде 8 спортышының барлығы өз салмағында алтын алған болатын. Екінші жарыс күнінде ерлер арасында Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) алтын жүлде иеленді. Ерасыл Жанатаев (90 келі) қола жүлде еншіледі. Әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 келі) мен Роза Нысантайқызы (70 келі) алтын жүлде алды. Зәмзәгүл Файзолланова (77 келі) күміс, Альбина Бахиева (+77 келі) қола жүлдеге ие болды.
Этноауылда өткен аударыспақ бәсекесін ұлттық құрама спортшылары бес алтын, бір күміс жүлдемен аяқтады. Жарыстың екінші күнінде Сырым Ізбасаров (100 келі) және Біржан Қосалиев (+100 келі) алтын, Есімхан Рахматіллә (90 келі) күміс жүлдеге ие болды. 100 келіден жоғары салмақта сынға түскен Біржан Қосалиев финалда Қырғызстан спортшысы Күмушбек Қыдырәлиевті жеңді. 90 келіде Есімхан Рахматіллә финалда Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулына есе жіберді.
Асық атудан ұлттық құрама спортшылары оң нәтижелерге қол жеткізді. Асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. «Алау» мұз айдыны кешенінде өткен финалдық ойында отандық асықшылар қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы топтық кезеңде Өзбекстан, Испания, Грузия, Мажарстан және Монғолия құрамаларын 3:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.
Сондай-ақ, бес асықтан Қазақстан қыздар құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарды. Финалдық ойында отандық спортшылар қарсыластарынан 3:0 есебімен басым түсті.
Жамбы ату спортының түрік стилінен Ералхан Айкөз бірінші орынға иелік етті. Екінші орынды түркиялық спортшы Егит Керем еншілесе, қола жүлде отандасымыз Айтбек Сарыбайға бұйырды. Жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы тіркелген болатын.
Білектің күші сыналатын алыптар сайысында да жерлесіміздің бағы жанып, алтын тұғырдан көрінді. Powerful nomad алыптар сайысында Азамат Мақұлбеков алтын жүлдеге ие болды. Абсолют салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшылар бес сайыстан өзара мықтыны анықтады. 100 келі тасты көтеріп, оны 10 метрге жылжыту, 100 келілік қаппен отырып тұру, 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен 10 метр қашықтықта тұрған нысанаға лақтыру, 130 келілік бөренені иығына салып, отырып тұру және салмағы 200 келі арбаны 10 метрге сүйреу сынды күрделі тапсырмалар сайысында Азамат Мақұлбеков өз мықтылығын дәлелдей білді. Алыптар сайысында 16 мемлекеттен жалпы 16 спортшы бақ сынады.
Көшпенділер ойындарындағы ең тартысты бәсекелердің бірі көкпаршылар арасында өткенін айта кеткен жөн. 12 қыркүйек күні финалдық бәсекеде Қазақстан құрамасы Қырғызстан өкілдерін жеңіп, жеңімпаз атанды. Еліміздің көкпаршылары қосымша уақытта жеңісті жұлып алды. Тартысты ойын 5:4 есебімен аяқталды.
Ел спортшылары басқа да бәсекелерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Алау» мұз айдыны сарайында өткен кураш сайыстарын ұлттық құрама 13 жүлдемен (1 алтын, 6 күміс 6 қола) қорытындылады. Арқан тартыстан Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленді. Ел спортшылары жалпыкомандалық есепте алда келеді.
Кеше теңге ілу, дəстүрлі садақ ату, корэш, ашыртмалы аба гюреши, ордо және овари спорт түрлерінен сайыстар өтті. Ұлы дала дүбірі бүгін мәресіне жетеді.

Ә.АЙТӨРЕ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.