ШЫМКЕНТТЕ СУРЕТШІЛЕР МУЗЕЙІ БОЛСА... Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2024 04:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 344 раз

Қазақстан суретшілер одағының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов мегаполистен суретшілердің еңбектеріне арналған музей болу керектігін айтады. Бұрынғы Фосфоршылар сарайы мамандардың сараптамалық қорытындысы бойынша бұзылатын болды. Өнер иесі осы мәдениет сарайының орнына салынатын кешеннің бір бөлігінде шаһар суретшілерінің туындыларына арналған музей болуы тиіс деген идеясын ұсынды. Өйткені, одақтың құрамында бүгінде жиырма шақты бейнелеу өнерінің майталмандары бар болса, олардың суреттері әрқайсысының үйінде сақтаулы. Музей туындылардың қалпын бұзбай ұзақ уақыт сақталуына және ең көркем, бағалы картиналарды ұлт мұрасы ретінде өзімізде қалуына мүмкіндік берер еді.

oner

 

Одақ – ол қоғамдық ұйым. Бұл ретте оның мүшелеріне мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем қарастырылмаған. Себебі, оның құрылымы қоғамдық ұйым болып табылады. Осы орайда одақ төрағасы суретшілерге бұрынғыдай қайтадан мәртебе беру керек деген ой айтады. Егер қылқалам иелеріне қоғамда қайта мәрте берілсе, ертеңгі күні олардың еңбектерін бағалауға, ең талантты суретшілерге түрлі сыйақылар мен жәрдем қаражаттарын тағайындауға мүмкіндіктер ашылар еді.
Ә.Ахметовтің айтуынша шетелден көптеген қонақтар келеді. Олар шаһардың мәдени көрікті орындарын көп аралайды. Сонда суретшілердің музейін іздейді екен. Шымкент республикалық маңызы бар мегаполис. Астана да Алматы да сондай республикалық мәндері ірі қалалар. Бірақ Шымшаһарда өз алдына дербес мұражай жоқ. Жарайды тек суретшілерге арналмай-ақ қойсын, жалпы өлкетану мұражайы-ақ болсын, соның бір бұрышында қаланың суретшілерінің салған туындылары тұрса да жаман болмас дейді одақ төрағасы. Шымкент мегаполис атанғалы бес жылдан асты. Бірақ осы күнге дейін небір тамаша Оқушылар сарайы, Конгрес холл секілді ғимараттар салынса да өлкетану мұражайы әлі бой көтермей келеді. Келешек Фосфоршылар сарайының орнын керемет зәулім музейге айналдыруға әбден болады. Атқарушы билік, содан соң осы нысанды қарамағына алған, құрылысына жауапты компания бұл ұсынысты жақсылап назарында ұстаса екен деген ойын жеткізді суретшілер ұйымының басшысы. Және сол музейде шеберлердің үлкен шеберханасы болса деп армандайды. Үлкен ғимараттың бір бұрышында кілем тоқушылар, басқа жағында мүсіншілер, тағы бір аумағында суретшілер өз еңбектерін жасап жатса, қандай керемет болар еді. Ол болашақта туристерді тартуға да оң ықпалын тигізері хақ. Мегаполистің өнерін, қазақ халқының ұлттық мұрасын тамашалауға келген жұрт бірден шаһардың өлкетану мұражайына тарта берер еді. Жергілікті әкімдік те қолөнерші, суретші, мүсіншілерді жан-жақтан іздемей, бір орталықтың аясынан қиналмай табады. Бұл бар ғұмыры өнермен өрілген Ә.Ахметовтің жанашырлықтан туған кезекті идеясы. Сондай-ақ оның айтуынша қазір қала аумағы үлкейіп келеді. Көптеген мәдени нысандар жаңадан бой көтерген шағынаудандардан салынып жатыр. Бұл жақсы-ақ үрдіс. Алайда музей секілді нағыз мәдениет ошақтарының орталыққа жақын болғаны дұрыс. Себебі шалғайдағы нысанға адамдар көп бара бермейді. Бірен-саран турист келсе, баруы мүмкін. Бірақ қарапайым халық ұзақ жол жүргісі келмейтіні аян. Сондықтан музейдің қаланың орталығына жақын аймақта орналасқаны абзал. Ал мұражай галерея залы мен шеберханадан құралған зәулім ғимарат болса жұртты өзіне тартатын күшті музейге айналар еді дегенді айтты өнер майталманы. Суретшінің пікірінше тіпті болашақ музейдің жанынан Франциядағыдай Лувр дәмханасын жасау керек. Сол жерде өңірдің суретшілері, ақындары, әншілері бар бүкіл өнер иелері жиналып, пікір алмасып, сұхбат құрып нағыз мәдениеттің мәйегін, өнердің қарашаңырағын қалыптастырып, қазақ елінің оңтүстігінде өзінің қайталабас Луврын дүниеге әкеледі.

oner-1


«Қылқалам өнері шеберлерінің суреттері мемлекет тарапынан сатып алынбайтын болған. Сондықтан олар туындыларын базарда, қара нарықта сатып, өз күндерін өздері көруге мәжбүр боп жүр. Суретшілер қазір тек іс-шара өткенде ғана керек боп қалады. Жуырда жоғары жақтан қоңырау шалып Ташкентте өтетін биеналлеге бір суретшіні тезірек жібере қойыңыздар деп өтініш жасады. Табан астында Өзбекстандағы іс-шараға кімді аттандырарымызды білмей кішкене сасыңқырап қалдық. Осындай маңызды оқиғалар болмаса басқа уақытта қолына қылқалам ұстаған өнер саласының өкілдерін аса көп іздей бермейді. Кезінде тоқсаныншы жылдары қиын жағдай болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол кезде жан бағу бірінші орынға шығып, өнер деген тасада қалып кетті. Сондай уақыттарда небір мықты суретшілердің туындыларын шетелдің байлары арзымайтын бағаға сатып алды. Кейін кім білсін арада жүздеген жылдар өткен соң ол картиналар баға жетпес өнер туындысына айналуы да ғажап емес. Бір кездері әлемге аты әйгілі суретші Ван Гогтың да салған еңбектері көзі тірісінде бағаланбай, кейін құны жетпес дүниеге айналған жоқ па. Сол Ван Гог өте қайыршылықпен өмірден өткен адам. Бүгінгі еліміздің суретшілерінің жағдайы сол Ван Гогқа ұқсайды. Сол үшін өнер иесін көзі тірісінде бағалау керек» деді Ә.Ахметов.
Суретшілер одағының төрағасы қала әкіміне бірнеше ұсыныспен шығып хат жолдапты. Хатында Шымкенттің сәулеттік келбетін қазақ халқының ұлттық мәдениетіне сай шығыстық үлгіде дамытайық деген ұсыныстар айтылыпты. Себебі сырттан келген турист Шымқалаға аяқ басқанда қандай шаһарға тап болғанын бірден сезіну керек екен. Өнер иесі Өзбекстанды үлгі етіп, кескін-келбеті нағыз шығыстық мәдениетке сай үйлесім тауып өркендеп жатқан Ташкент қаласын мысалмен келтіріп өтті. Бірақ өкінішке қарай Шымкенттің соңғы жылдары қаланың көркін асырған ескерткіш, мүсіндерінің сапасы мен сыр-сипаты көңіл көншітпейтінін мәлім етті. Нағыз шеберлерге еңбегіне арзитын бағасына жасатпаған соң осындай арзан дүниелер жасалып жатады деді. Мәселен суретші қаланың солтүстік бөлігіндегі айналма жолда тұрған түйелердің мүсінін Ойсылқара төліне емес, басқа жануарға ұқсап кеткенін айтады. Сондай-ақ Ташкент тас жолы бойындағы Алпамыс батырға арналған ескерткіштің жанына екі дәу арыстанды отырғызып қойғаны да сәл ақылға қонымсыз екенін баян етті.
Өнер майталманы сурет салу мен бейнелеу өнерінің табиғи таза сұлулығын сақтап қалу өте маңызды дейді. Себебі қарапайым көріністі, өмірдің таза өрнектерін салудан қашқан еуропалықтар бүгінде портрет, пейзаж деген бейнелерді салудан қалған. Тіпті бұл жағынан таланттары кеміп жатқан ұқсайды. Оның орнына қазір Батыстың сурет өнері әлемінде ешкім түсінбейтін абстрактілі бейнелер басып кеткен. Осы орайда қазақтың қылқалам өнерін сондай абстракционизмнен сақтап, жас суретшілерге өмірдің таза көріністерін бейнелеуді үйрете беру керек деген оймен сөзін қорытындылады.

Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.