Оңтүстікке ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев іссапармен келді. Сапар барысында ведомство басшысы мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  Шымкент  мұнай өңдеу зауытына барып, мұндағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

bozymbaev 29

Бүгінде еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімі 2018 жылдың бірінші жартжылдығына жоспарланған. 

«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның басшылығы министрге жобаның бірінші кезеңі бойынша атқарылған механикалық жұмыстардың аяқталып, екінші кезең нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесі туралы баяндады. Бүгінде «ПетроҚазақстан» мұнай өңдеу зауытындағы құрылыс жұмыстарына 4 мыңға жуық маман тартылған. Оның 1 мыңға жуығы қазақстандық мамандар. 

– Жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталса, еліміздегі бензин сапасы жақсарып, дизель және керосин өнімдерінің бағасы тұрақтанатын болады. Ең бастысы, 2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылып, еуразиялық одақтың талаптарына сай өнім өндіре бастаймыз, – деді Қ. Бозымбаев. 

Еске сала кетсек, биыл екінші жартыжылдықта Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталған соң елімізде Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сай жанармай мен дизель отыны шығарыла бастайды.

Министр бастаған жұмысшы топ бұдан кейін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы пайдалануға берілген Шымкенттегі 160 гкал/сағ. болатын қазандықты аралап көрді. Қазандық бүгінде әкімшілік іскерлік орталығындағы 38 көпқабатты тұрғын үйді және 6 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Шырайлы шаһар ШЫМКЕНТ

Среда, 12 Апрель 2017 06:08

2020 ЖЫЛЫ ТМД ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ БОЛМАҚ

Үш жылдан соң, яғни 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленбек. Бұл туралы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен достастық елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Жиында ТМД елдерінің «Мәдени астанасы» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

IMG 7251

11 мемлекет қатысқан алқалы жиында 15 мәселе қаралды. Басқосуда Сыртқы істер министрлері кеңесінің былтыр атқарған жұмыстары мен биылғы жұмыс жоспары пысықталды. Терроризмге қарсы бірлесіп күресу, Ислам, Христиан және өзге де діни конфессия өкілдерінің арасындағы кемсітушілікке жол бермеу, ТМД елдері арасындағы экономикалық байланысты одан ары нығайту жайы сөз болды. Басқосуда қаралған осы және өзге де мәселелер енді ТМД үкімет басшыларының Кеңесіне ұсынылмақ.

Құқық қорғау саласындағы әріптестік пен жымысқы жолмен жиналған табыстарды жария ету, қаржылық алаяқтық және жаппай қырып жоятын қаруларды таратпауға қатысты бірлескен іс-қимыл туралы келісілді. Бұдан өзге кеңесте сыртқы саяси ведомство басшылары Ресейдің Ішкі істер министрлігіне қарасты Нижегородск қаласындағы академияны ортақ қаржы құрылымдарына қажетті мамандар дайындайтын орталыққа айналдыруды ұсынды. 

Сонымен қатар, басқосуда ТМД елдерінің мәдени астанасы бағдарламасы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес 2018 жылы Арменияның Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтың Бресті, ал 2020 жылы Шымкент шаһары достастық елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болмақ. Кездесу барысында Орталық Азияның 5 мемлекетінің өкілдері өзара ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. ТМД саммиті қарсаңында Мәскеу қаласында кеңестің келесі отырысы өтеді деп жоспарланды.

Өзбекстан астанасы Ташкентте және облыс орталығы Шымкент қаласында фармацевтика компанияларының өнімдері сатылатын сауда үйі ашылмақ. Бұл келісімге Астана қаласында өткен қазақ-өзбек бизнес форумынан кейін қол жеткізілді.

Өзбекстанда ашылатын сауда үйінде ОҚО фармацевтика компанияларының өнімдері сатылса, Шымкент қаласында ашылатын сауда үйінде өзбекстандық фарм өнімдері саудаланады.

Бүгінде Оңтүстікте фармацевтика кластері дамып келеді. Республикадағы өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы Оңтүстіктің үлесінде екені белгілі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтың Қазақстанға мемлекеттік сапары шеңберінде Астанада қазақ-өзбек бизнес форумы өткен болатын. Онда В2В форматында келіссөздер жүргізіліп, оңтүстікқазақстандық делегаттар фарм өнімдері нарығының өрісін кеңейтуді талқылаған еді.

Шымкенттен – Астанаға

Понедельник, 27 Март 2017 04:34

Qazaq Air әуе компаниясы көктемгі-жазғы ұшу кестесін жаңартты. Нәтижесінде, 2017 жылдың 26 наурызынан бастап Шымкент – Астана – Шымкент бағыттары бойынша тұрақты рейс жолға қойылды.

qazaqair

Аталған әуе компаниясы облыс тұрғындарын аптасына екі рет, заманауи Bombardier Q400NextGen ұшақтарымен Астанаға тікелей жеткізетінін мәлімдейді.

Шымкенттен бас қалаға бағыт алған жолаушылар билетті 11 557 теңгеден бастап сатып алып (әуежай алымдарымен қоса есептегенде бір бағытты билет құны), Астанаға небәрі 1 сағат 55 минутта жете алады. QAZAQ AIR басқарма төрағасы Б. Поллок баспасөзге берген мәлімдемесінде Шымкенттің халқы тығыз орналасқанын, сондай-ақ экономикалық жағынан жоғары дамыған өңірлердің бірі екенін атап өткен.

– QAZAQ AIR әуекомпаниясы 2015 жылы құрылып, аталмыш орталықты Алматы, Ақтөбе, Атырау қалаларымен байланыстырып үлгерді. Ал енді Оңтүстік Қазақстан өңірінен Астанаға тікелей баруға болатынын, Шымкент отандық хабтардың біріне айнала бастағанын жеткізгіміз келеді, – дейді әуе компаниясының өкілі.

Айта кетерлігі, Q400NextGen ұшағы – заманауи әрі ел аумағындағы қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына сай, ыңғайлылық пен жолаушылардың қолайлылығын қамтамасыз ететін жылдамдығы ең жоғары ұшақ. Ол аса ыстық климатта да, ең төмен температура кезінде де ұшуға ыңғайлы.

Облыс делегациясы Өзбекстанда болды

Понедельник, 27 Март 2017 04:22

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған, құрамында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, сонымен қатар, индустрия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты өкілдері бар жұмыс тобы Өзбекстанға іссапармен барды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

uzbeks

Оңтүстікқазақстандық делегация мүшелері алдымен Ташкенттің сәулеттік сәнімен танысты. Бауырлас елдің мәдени-рухани байланысы бойынша бірқатар кездесулер өтті. Аймақ басшысы Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесті. 

– Оңтүстік Қазақстан облысын Өзбекстанда жақсы дамыған жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер қызықтырады. Аталған салаларда тәжірибе алмасып, бірігіп еңбек етсек, қос мемлекетке де тиімді жобалар жүзеге асады деген сенімдемін. Мәселен, Сіздерде шығарылатын ауыл шаруашылығы тракторларын сатып алып, Өзбекстанның сауда үйін ұйымдастыруымызға болады. Немесе арнайы жұмысшы тобын құрып, шекаралық аймақтағы кейбір мәселелерді реттеуге атсалыссақ деген ұсынысым бар. Өйткені, Қазақстан Сіздер үшін өзге мемлекеттерге шығатын қақпа іспеттес. Мәселен, өткен жылдың өзінде, 9 млн 400 адам қазақ-өзбек кеден бекетінен өтіп, өзге елдерге бет алыпты. Сондықтан, Оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасы барлық салада мүмкіндіктерін біріктіруі керек деп есептеймін, – деді облыс әкімі. 

Өзбекстанға сапары кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласының әкімі Рахманбек Усмановпен кездесті. Көрші ел астанасы әкімімен болған әңгімеде Ташкенттің сәулеттік сәні де сөз болды. Бұл бойынша қазақстандық тарап бірлескен жобаларды қолға алуға болатынын айтты. Көрші елдің сан саладағы үздіктерін облыс басшысы өңірге арнайы шақырды. Сәуір айының соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыру бойынша келісімге келді.

Сапар барысында оңтүстікқазақстандық делегация трактор шығаратын зауыт пен жеміс-жидектерден құрғақ өнім дайындайтын өндіріс орындарын, табиғи тас алатын карьерді аралады. Туысқан елдегі Жоғарғы Шыршық ауданы мен Алмалық қаласында болды. Ондағы қандастарымыздың наурыз дастарханынан дәм татты.

Страница 12 из 12