Шымкент – гүл қала

Пятница, 15 Май 2015 02:33

Көктем келісімен Шымкент гүлге оранады. Қаланың саябақтары жасыл желекпен көмкеріледі. Қызылды-жасылды алуан өсімдік шаһардың ажарын аша түседі. Жайнап тұрған гүлдердi көргенде ерекше сезiмге бөленесiң. Гүлмен әшекейленген көшелердің ішінде ең әдемісі ретінде көпшілік Қонаев гүлзары мен Қызғалдақ су бұрқағының маңын айтады.


ortalyk-phontanҚаланы гүлмен көмкерудiң де өзiндiк себебi бар. Біріншіден, шаһар экологиялық жағынан таза болады. Көлiктен шығатын газдардан, улы заттардан тал егiп, гүл отырғызып арылуға болады.

Жоспар бойынша биыл 16 мың 465 шаршы метрге гүл егу межеленген. Қала көшелері мен гүлзарларды  абаттандыру жұмыстары «ЛТД-Тұрмыс», «Бәйтерек ЛБ» және «Жасыл қала» ЖШС мергідер компанияларына жүктелген. Олар күзге дейін тынбай еңбек етеді. Әзірге жауапты серіктестіктердің қарқыны жаман емес. «Шымкент Жасыл қала» ЖШС-імен 6 саябақ, 29 гүлзар абаттандырылды.

Бүгінде қалаға  алуан гүлдер көрік беріп тұр. Әсіресе, голландиялық петуньяларға көргендер көз салмай өтпейді. Мамандар гүл тамырының қуатты, жазда ыстыққа, қыста суыққа төзімді екенін айтады. Сондай-ақ, цинерария деп аталатын гүл көп күтіп-баптағанды қажет етпейді. Содан болар,   қар түскенше өңін бермейді. Сарғылт түсті гүл күн көзін жақсы көреді.

Қазір АҚШ-тың петуньясы шымкенттіктерге таңсық емес. Бұл гүл қаладағы жылыжайларда егіле бастады. Өткен жылмен салыстырғанда гүл өсіретіндердің қатары көбейген. Қала тұрғыны Талғат Дауылов бес жылдан бері гүл өсірумен айналысып келеді. Оның жылыжайында петунья гүлінің 10 түрі бар.

DSC 0286– Шымкент – жасыл желекке бай өлке. Сондықтан қаламыз атына лайықты болуы керек. Гүл арқылы қала тұрғындарының жүрегіне жылулық сыйлағым келеді.  Гүл тұқымдарын жылыжайда егемін. Биыл 20 түрін 30 сотық жерге өсірдік. Туған қаламның көркеюіне үлес қосқаныма қуаныштымын, – дейді ол. Т. Дауыловтың еңбегі  шымшаһардың гүл қала атына лайық екенiн дәлелдегендей. Флористке тапсырыс көрші облыстардан жиі түседі.

Қаланы көркейтуде «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің еңбегін де атап өтуге болады. Мердігер компанияның көгалдандыру бөлімінде 150-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың жартысы гүл ексе, қалғаны күтіп-баптаумен айналысады. Мамандардың  негізгі егу жұмыстары көктем мен күзде болатынына қарамастан демалуға уақыттары жоқ. Тынымсыз еңбекті қажет ететін өсімдіктерге күнделікті күтім керек. Оның үстіне, өсімдіктердің жаңа түрлері баптауды сүйеді. Сондықтан қала көшелері мен алаңдарды бірыңғай гүлдермен әсемдеу талғаммен бірге үлкен қажырлықты да талап етеді.  Көгалдандыру бөлімінің басшысы Сұлтан Ахметовтің айтуынша, қала көшелері мен жол жиектеріне биыл  320 мың гүл егілген. Мәселен, Қонаев гүлзарын абаттандыру үшін 25-27 мың,  Бейбітшілік пен Желтоқсан көшелерінің қиылысына 9860,  Желтоқсан көшесі мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысын безендіру үшін 9 мың гүл көшеті отырғызылған. Сондай-ақ, жаңа облыстық әкімшілік-іскерлік орталығы, Шымкент қалалық әкімдігі мен әуежай, «Бекжан» базары маңына орта есеппен 5000 дана раушан гүлі егіліпті.

Мұнымен қоса, Ипподром маңы да абаттандырылды. Бұрын топырағы бос жататын маңай қазір алуан гүлмен көмкерілді. Ал, қаланың сән-салтанатын асырған «Қызғалдақ» су бұрқағының маңы гүлге малынып тұр. Көктемде голландиялық қызғалдақтар егіліп, оны мыңдаған адам тамашалаған болатын. Қызғалдақтың отаны Қазақстан болғандықтан ба, алқызыл гүл Шымкенттің топырағын өгейсінген жоқ. Қалалық флористердің арқасында Шымкент күн санап көркейіп келеді.  

«Әлия» ерекше әсер қалдырды

Пятница, 08 Май 2015 05:40

Шымкентте көрермен назарына  жаңа қойылым ұсынылды. Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жазушы Әкім Таразидің «Әлия» трагедиясын сахналады.

alia 1Оқиға мектеп қабырғасынан өмір айдынына енді ғана бет алған жас қыздың арманы жайында өрбиді.
– Соғыс туралы орыс драматургтерінің шығармалары көп. Бірақ мен Әлияны таңдадым. Әлия бұдан 35 жыл бұрын театрда қойылған еді. Бұл спектакль  соғыс, Әлияның ерлігі туралы емес. Шығарма  арқылы қыз баласы мен соғыстың бір-біріне қатысы жоқ екенін айтқым келді. Сол себепті басты кейіпкерді батыр етіп көрсетпедім. Мұнда қазақтың қайсар қызының соғыс туралы ойлаған сюжеттері баяндалады. Соғысқа дейін Әлия қандай еді? Майданға қалай келді? Соны қамтып өттік, – дейді қоюшы режиссер Иманәлі Сапаров.  
Басты рөлге бекітілген  Жәудір Сарыпбекова мерген қызды ойнаудың оңай болмағанын айтады. Алғашқыда  халықтың жүрегіндегі қаһарманның бейнесін бере аламын ба деп жүрексініпті.
– Мойныма артылған жүктің салмағын жақсы сезіндім. Қойылым барысында Әлияның шынайы шығуы үшін көп жұмыс істедім. Бұл бір жағынан режиссердің үлкен еңбегі болды, – дейді
Ж. Сарыпбекова.  

 alia 2 alia 3 

 

Ал, әртістер қауымы   шығарманы сахнаға алып шығу үшін ұзақ уақыт дайындалып, спектакльде өздерін жаңа қырларынан ашуға тырысқанын айтады. Үлкен дайындықпен, еңбекпен сахналанған туынды көрерменге жылы әсер қалдырғандай. Премьераға келген көрермендердің бірі мұрағатшы Мира Дүйсенбаева «Әлияның Ерланға сезімін көңіл толқынымен, үнсіздігімен ұштастырған сәттері ұтымды болды. Көпшіліктің көкейіне ой салатын дүние. Актерлер де рөлдерін жақсы алып шықты», – деп  қойылымнан алған әсерімен бөлісті.
«Әлия» трагедиясының 5 премьерасы 7 мамыр күні сағат 19.00-де қойылады.

Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша  жаумен арпалысып, болашақ ұрпақтың бейбітшілігі үшін жан қиған жандар қаншама?! Қиян-кескі шайқастан аман оралған майдангерлер елге қалтқысыз қызмет етті. Сондай жандардың бірі – Аман Бейімбетов еді.


kutiОның қасіретті қырғыннан елге сау қайтамын деген сенімі алдамады. Бораған оқ пен қиян-кескі шайқаста жүріп, солдат қана емес, батальон парторгы болды. Польшаның Бельск қаласы маңында алға ұмтылған бірінші батальон қоршаудан шығуға жанталасқан жауды әлденеше рет тойтарып тастады. Сол күні фашистердің толассыз шабуылынан солдаттардың беті қайтқан жоқ. Аман Бейімбетов бірімен әзілдесіп, бірінің рухын көтерді. Оның батальонында 20 ұлттың өкілі болды.
 Шайқастан қалжыраған жігіттерге:
– Біз бәріміз бір отбасынанбыз. Бәріміздің анамыз біреу. Ол – Отан. Ол болмаса біз де жоқпыз. Сол Отан ана үшін соғысамыз, жеңіп шығамыз! – деп жалынды сөздерімен жауынгерлердің жігерін оятты. Бірақ алтыншы рет ұрыстан кейін солдаттар қатты шаршады. Жерді астаң-кестең еткен бомба, атылған оқ, аптап ыстық, азапты сағаттар ерлерді есеңгіретіп жіберді. Ысқырған снарядтардан  құлақ тұнады. Барлық  соғыс техникаларын жұмылдырған, соғыстың  әдіс-тәсілін жақсы білетін неміс әскерлері «өлгенше шегінбейміз» деп серттескен екен. Ұрыс алаңында Аман Бейімбетов ауыр жарақат алды. Санбатта оның аяғын жарамсыз деп, кеспекші де болды. Бірақ, ол келіспеді. Ерен еңбегі ескеріліп, оған аты аңызға айналған «Кіші жерде» «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылды. Ол соғыстан кейінгі жылдары да оқ-дәрі сіңген шинелін тастамай, еңбек етті. Еңбек ұжымдары мен жұмысшыларға өзінің жан жылуын бере білді. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, үлкен ұжымның – Шәуілдір совхозының парторгі, Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары  болды. 1964-1966 жылдары Бөген ауданында Уәлиханов, Тәжібаев атындағы мектептерде директор қызметін абыройлы атқарды. Зайыбы Өтеш Бәймішева да 30 жылға жуық өмірін партия жұмысына арнады. Облыстық өлкетану мұражайын басқарды. Ұл-қыздары да ата-ана жолын жалғастырып, еселі еңбек етіп жүр. Бүгінде марқұм қариялардың есімін ел есінен шығарған жоқ. Соғыс ардагерінің Ұлы Отан соғысындағы ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Мың тағзым саған, майдангер!

Пятница, 08 Май 2015 04:37

Облыс әкімі 12 ардагерге пәтер кiлтiн тапсырды

Жеңіс күні қарсаңында облыс, қала аумағында игі бастамалар жүзеге асырылуда. Соғыс және тыл ардагерлеріне жыл басынан бері сый-құрмет көрсетілуде.  

19-1Жеңіс күніне арналған шара облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен соғыс ардагерлерінің Кеңес Одағының Батырлары, қазақтың біртуар қаһарман ұлдары Бауыржан Момышұлы мен Сабыр Рақымовтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуімен басталды. Бұдан кейін қонақтар «Жеңіс» саябағы алаңында ОҚО тарихи-өлкетану мұражайының қорынан жасақталған «Оңтүстік өлкесі қаһарлы жылдарда», «Соғыстың қатыгез бейнесі», «Азат етуші майдангерлер» атты үш бөлімнен тұратын көрмемен танысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтап, болашақ ұрпаққа сыйлаған бейбіт заман, ерен ерліктері үшін алғысын білдірді.
– Қадірлі соғыс және тыл ардагерлері! Жеңістің 70 жылдық мерейлі мерекесі  еліміздің тарихынан ерекше орын алады. Біз алдыңғы толқын ардагер ағаларымыздың, батыр жауынгерлеріміздің ерліктеріне әрқашан бас иіп, тағзым етеміз. Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! – деді облыс басшысы.
Мұнан соң, А. Мырзахметов 28 ардагерді мемлекеттік наградалармен марапаттап, 12 ардагерге пәтер кілтін табыс етті.
Мерекелік шарада облыстық қазақ драма театрының, әзіл-сықақ және сатира, опера және балет театры актерлерінің қатысуымен «Соғыс оты тұтанды», «Әскерге алыну», «Баласын күткен аналар», «Майдан даласы» атты далалық қойылым көрсетілді. Бір сәт шығарма арқылы  майдангерлер  өткен күннің өшпес іздерін еске алды.

Соғыс жылдарындағы Оңтүстік

Пятница, 08 Май 2015 04:11

Ұлы Отан соғысы барлық халыққа қайғы-қасіретті аз әкелген жоқ. Қолына қару алуға жарайтын ер-азаматтар майданға аттанғанда өндіріс пен елдегі жұмыс қарттар мен әйелдердің, жас балалардың мойнына түсті. Әсіресе, Оңтүстіктің әйел-аналары ауыртпалықты нәзік иығымен көтере білді.  Соғыс жылдары олардың бір тобы зауыттарда токарь, станок, балташы, тас қалаушы мамандықтарын игерді. Мыңдаған әйел мен қыз-келіншек Ащысай, Ленгір шахтасында еңбек етті.


1402651936 0 5e97a 1154169f origОблыстық мұрағаттың деректеріне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы соғыс басталған сәттен бастап, барлық қалалар мен селоларда, кәсіп-орындар мен зауыттарда митинглер өткен. Олар Отан қорғаушылардың жанынан табылуға, жауды жеңу үшін бірауыздан шешім қабылдады. Мұндай митингі қорғасын, химфарм, кірпіш зауыттарында, Түркістан қаласында, Белые Воды, Сайрам селоларында, Ащысай кенішінде, Ленгір шахтасында өтті. Барлығы майдан үшін, Жеңіс үшін жұмыс істеді. Алғашқы күннің өзінде әскери комиссариаттарға жұмысшылар мен студент жастардан «Қызыл әскер қатарында болғым келеді, жауға тойтарыс беру үшін майданға жолдауыңызды өтінемін» деген өтініштер көп болды.
Ерлер майданға аттанып, өндіріс орындары бос қалды. Сол сәттен бастап, олардың орнына әйелдерден кадрлар дайындалды. Патриотшыл әйелдер Отан алдындағы  борышына белсенділікпен кірісті. Бойындағы ерекше құлшынысты, сарқылмас қажыр-қайратты ауыр еңбек арқылы көрсетті.  Өндірістік кәсіпті игерді.  Еліміздің тарихында бірінші рет әйелдер Ащысай, Ленгір шахтасына түсті. Мақтаарал кеңшарынан 100-ден астам әйел тракторға отырды. Әйелдердің бір тобы электровоздың машинисі, электр слесары, от жағушы, оталдырғыш болды. Ащысай комбинатында 793 әйел жұмыс істеді. Ауылшаруашылығында да әйелдер мен жас балалар жегілді. Әсіресе, балалық шағы сұрапыл жылдармен тұспа тұс келген балаларға оңай болмады. Таңның атысы, күннің батысы үлкендерден қалыспай тер төкті. Соғыс жүріп жатқандықтан барлығына тәртіп қатты, талап күшті болды.  Техника болмағандықтан  бар жұмыс қолмен атқарылды. Тыл далаларында әйелдер өз қолымен  50 мың гектар егін жинады. Мәселен, Келес ауданынан Оразкүл Бектұрғанова 1942 жылы мақтаның әр гектарынан 20 центнерден өнім алса, шардаралық Рыскүл Махатова 1944 жылы мақтаның әр гектарынан 98 центнерден өнім алды. Ал, сарыағаштық Қарақыз Монтаева қаракөлден 148-160 қозы алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сөйтіп, ОҚО еңбекшілері егін және мемлекеттік астық жинаудан республика бойынша алдыңғы қатарлы болып орындады.
Бүкіл республика халқы сияқты облыс еңбекшілері де Қызыл Армияға көмек қолын созып жатты. “Артық астықты мемлекетке сату – әрбір колхозшының патриоттық борышы” ұраны да сол жылдары өмірге келді. Майданға 1941 жылдың желтоқсанында халық тарапынан 14207 дана жылы киім, 834 келі жүн, 59 келі мақта, 157 метр мануфактура, 70 келі киіз өткізілген. Бұдан бөлек, ОҚО еңбеккерлері 1941 жылдың қазанында майдангерлер үшін ет, құрғақ  жеміс, азық-түлік өнімдерін жөнелткен. Киров ауданындағы Молотов ұжымдарында тұрғындар жеке қорынан 30 мың пұт астық жинаған. Сондай-ақ, соғыстың алғашқы екі жылында Ильичев ауданының еңбекшілері Қызыл Армияның жауынгерлері мен офицерлеріне 13 884 дана жылы киім, оның ішінде 513 тон, 710 жұп қолғап, 2066 фуфайка жинап берген. Ержүрек жауынгерлер ильичевтіктерден 1320-дан астам азық-түлік, май, жеміс-жидек алды.  1941 жылдың қараша айында химфарм зауыты 2 вагон бинт шығарып, майданға жөнелтті.
Шымкент – еліміздегі майдан шебіндегі ірі өнеркәсіп ошағы болды. Ресейден, Харьковтан шұлық, айна фабрикалары, әйнек зауыты сынды 26 кәсіпорын көшірілді.
Шымкент теміржол желісінің жастары «Қазақстан комсомолы» атты танк бөлімшесін құру жөніндегі ұсынысы өз жемісін берді. Олардың бастамасын тек облыс емес, республика жұртшылығы да қолдады. Бұл мақсатқа 3 млн. 436 мың сом жиналған.
– Күрес шебері Қажымұқан Мұңайтпасов ұшақ құрастыруға 100 мың сомын аударған. Ал жұмысшылар жұмыс нормасын 200 пайыз артық орындады. Қорғасын зауытында, сондай-ақ комсомол бригадалары екі ауысымда отандық тапсырманы екі күнде орындағаны жөнінде деректер сақталған. Осының бәрінде оңтүстікқазақстандық қыз-келіншектердің ерен еңбегі мен маңдай тері жатыр. Тыл тауқыметіне шыдай жүріп, шиеттей балаларын өсіріп, ер-азаматтарға рух берген әйел-аналардың ерлігін ұмытпау да керек, ұлықтау да керек. Әйел-аналар құрметке әбден лайық, – дейді облыстық мұрағаттың директоры
Қабылбек Төретай.
Иә, өндірістер мен тылда абзал аналардың төккен маңдай тері, жанқиярлық еңбегі еленбей қалған жоқ. Озат жұмысшылардың кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» орден-медальдар тағылды. Тыл және еңбек ардагерлері «Біз үшін ең басты марапат орден емес, Ұлы Жеңіс еді», – дейді.

P.S. Майданға 1941 жылдың желтоқсанында халық тарапынан 14207 дана жылы киім, 834 келі жүн, 59 келі мақта, 157 метр мануфактура, 70 келі киіз өткізілген. Бұдан бөлек, ОҚО еңбеккерлері 1941 жылдың қазанында майдангерлер үшін ет, құрғақ  жеміс, азық-түлік  өнімдерін жөнелткен.

Көшпелі жәшіктер жеткізілді

Четверг, 30 Апрель 2015 05:21

№109 сайлау учаскесінде дауыс беруге құқығы бар 1717 сайлаушы өз таңдауларын жасады. Ал, денсаулығына байланысты 9 адамға көшпелі жәшік жеткізілді. Учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Гүлмира Мырзабекованың мәлімдеуінше, сайлаушылардың 98 пайызы дауыс берді.

20120117201347Шымкенттегі Д. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейдегі №109 сайлау учаскесі жұмысын таңғы жетіден бастады. Мемлекеттің тағдыры шешілер тұста әрбір қала тұрғыны маңызды оқиғаға тікелей атсалысуы қажет. Осыны жете түсінген  шымкенттіктер үлкен ұйымшылдық көрсетті. Еліміздегі саяси оқиғаларға қатысуда үнемі тыс қалмайтын еңбек ардегері Қалтай Рысбекұлы учаске ашылғаннан кейін, бірінші болып дауыс берді.
– Ел болашағы үшін үміткерге дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Ал, дауыс беру әрбір  қазақстандықтың парызы деп есептеймін, – дейді ардагер ұстаз. Түстен соң, мүмкіндігі шектеулі жандарға көшпелі жәшіктер жеткізілді. Денсаулығына байланысты сайлауға бара алмаған қарт кісілер мен мүгедек жандар дауыс берді.

 

Су қауіпіне салғырттық себеп

Четверг, 30 Апрель 2015 04:55

Демалыс күндері толассыз жауған жауын қала тұрғындарын әбігерге салды. Жаңбыр суынан қаланың жеке тұрғын үй секторлары зардап шекті. Сондай-ақ, күшті желдің салдарынан «Самал» шағынауданының тұрғындары жарықсыз қалды.

vlcsnap-2015-04-28-17h36m44s27-640x360Осыған орай, шаһардың ирригациялық жүйелерінің жұмыстары және су тасқынының себебі туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Жанбосынов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Оның мәліметінше әсіресе, «Самал-3» шағынауданындағы Өтегенов, Арғынбеков, Жаңақұрылыс көшелеріндегі үйлердің аулаларын, 3 автомобиль туннелін, 7 жол қиылысын, 2 көпқабатты үйдің жертөлесін, 89 үйдің ауласын  су шайып кеткен.
– 44 миллиметрге дейін жеткен жауыннан 31 су алу оқиғалары тіркелді. Су басу қаупін сейілту үшін 170 адам, 29 техника,10 жүк көлігі, 3 экскаватор мен 4 су сорғыш, 2 трактор тіркемесімен жұмылдырылды. Қошқар ата өзенінің 22 белдеуі бар. Су тасқынынан апатты үйлер тіркелген жоқ. Біз қауіпті сейілту жұмыстары кезінде тұрғындардың қауіпсіздікті ескермегенін байқадық. Кейбір аулалар мен көшелерде ирригация жүйелері жоқ. Бетонмен жауып тастаған. Сондықтан бұл апатты жағдайға жатпайды. Зардап шеккендерге өтемақы төленбейді. Су қаупінің орын алуына тұрғындардың салғырттығы себеп, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Қазір шағынаудандар мен көшелер және электр бағаналары қалпына келтірілуде. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 70 адам, 9 техника, 10 мотопомпа тартылды. Қарасу және Қошқарата өзенінің белдеулері 2350 құм қаптарымен бекітілді.

Қазақ баласынан кем емес

Пятница, 24 Апрель 2015 05:51

Шымкентте мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері көп. Соның бірі – Александр Есиков. Ол М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназияның 10 сыныбында оқиды. Александрдың қазақ тілге жүйріктігі кез келген қазақ баласынан кем түспейді. Мемлекеттік тілді жетік біледі.

015Содан болар, орыс баласы қазаққа тән болмысымен дараланады. Сынып жетекшісі Динара Қарабаева оның ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігін жоғары бағалайды.
Анасы Татьяна Владимирқызы қазақ елінде тұрып, осы елдің азаматы болған соң, мемлекеттік тілді білу қажет екенін түсінсе керек. Ол баласының болашағына ерекше көңіл бөліп, 3 жасынан бастап, қазақ балабақшасына береді. Александр қазақ балаларымен күнделікті сөйлесіп, бірге ойнап жүргендіктен бе, ана тілімізді қиындықсыз үйреніп алады. Ата-анасы оның орысшадан гөрі, қазақ тіліне жетіктігін байқап, балабақшадан соң, қазақ мектебіне береді. Тіл білгенінің арқасында оған жергілікті халықпен тіл табысу, түсінісу оңай болды. Ал, орыс баласының қазақ тіліне жетіктігін көрген қазақтар да Александрға дән риза.
«Мені қазақ мектебіне берген ата-анама алғыс айтамын. Өйткені, тілдік қорымды дамытып қана қоймай, қазақы тәрбие алдым. Әке-шешем мені «Ел мен жер – қазақтардікі. Олар бізге құшағын ашып қана қоймай, бүгінге дейін бізді бауырындай көріп келеді. Сондықтан соған лайықты болуың керек» деп тәрбиеледі, – дейді ол.
Александрды достары Саша деп атайды. Сыныптастары Абылай Кеңесбеков, Дина Бекмұратова, Қыранбек Қабыл оны мақтан тұтады.
Александр Отанды сүю, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, Ата Заңды ардақтау, қазақ тілін терең меңгеру – барша ұлттың міндеті деп түсінеді. Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі Қазақстанда тұратын барша халықтың тіл табысып, тату-тәтті тұрмыс кешуінің бас­ты тетігі болуы тиіс деп есептейді.

Страница 42 из 47